(9 ақпан 1931, Алматы облысы, Райымбек ауданы Қарасаз - 27 наурыз 1976, Алматы) шын аты Мұхаммедқали – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Өмірбаяны
Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».
Азан шақырып қойылған аты - Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері - Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады("Неңді сенің аңсаймын,бала шағым?"). Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.
Хронология
1948 - 49 ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті;
1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады;
1949 - "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады;
1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;
1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
1963-1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Алматы қаласында дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды (“Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің”). Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.
Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.