Ойлаудың жан тұрмысы үшін керектігі һәм оны өрк ендетудің тиістілігі. Ойлау адам өмірінде аса қымбат орын алады. Ойлау болмаса, адам басқа жануар сықылды заттарды, көріністерді құр жадына, есіне ғана алып, жат бір көрініс ұшыраса, оны шеше алмайтын, оған түсіне алмайтын бір жан иесі ғана болар еді. Келешекте не болатынын, тұрмысы қалай өзгеретінін білмейтін бір саңылаусыз соқыр болар еді. Адам ойлау арқасында ғана заттардың, көріністердің араларындағы байламды белгілеп, оларды бар қылған себептерді табады. Келешекте оларға ие болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам – шын мағынасымен адам.
Ойлау осындай қымбат көрініс болса, әрине, оны өркендету керек. Әсіресе тәрбиеші баланың дұрыс ойлап үйренуіне көп күш жұмсау керек. Тәрбиеші баланың ойын жетектемесе, бала ұғымды, хұкімді теріс жасауға, қате ой шығаруға үйреніп кетеді. Мұндай бала тар ойлы, соқыр сенгіш, ырымшыл адам болып шығады.
Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде сақтықпен басқыштап іс істеу керек. Өркендету жолдары мыналар:
1) Баланың жанында дұрыс әсерленулер һәм ашық су реттеулердің көп болуына ықтиһат қылу керек. Әсерленулер, суреттеулер өздері аз болып және дұрыс һәм ашық болмаса, баланың ұғым, хұкім жасауы һәм ой шығаруы қате болады. Ойдың өзінің терең болуы үшін әсерлену һәм суреттеулердің көп һәм ашық болуы керек. Қанша дегенмен адам суреттеулер бойынша ойлайды. Сондықтан балаға бір пікірді ұқтырмақшы болсақ, жалаңаш пікірді айтуда қасиет жоқ, бала пікірді суреттеудің өзінен шығарып алсын.
2) Бала заттарды, көріністерді ұқсас сындары бойынша тап‑тапқа бөліп үйренсін. Мысалы, дыбыстарды, харіптерді бөлу, өсімдікті, жануарды тап‑тапқа бөлу сықылды. Бірақ баланы заттарды, көріністерді тап‑тапқа бөлгізіп үйреткенде, жеңілден ауырға көшуді естен шығармауға керек.
3) Бала көріністердің, ойлардың араларындағы байламды һәм олардың қайсысы қайсысына себеп екенін тауып үйренсін. Бұл балаға мысалдардан ереже – заң шығартқызып үйрету сықылды істермен болады.