Мағжан Жұмабаев педагогика


Баланың есту әсерленулері



бет17/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   50
Байланысты:
М.Жұмабаев Педагогика

Баланың есту әсерленулері. Бастапқы кезде бала тіпті естімейді десе болады. Мысалы, жаңа туған баланың бесігі жанында айғай салып сөйлескенде, оянбайды. Баланың есту сезімі екінші, үшінші жетіде біліне бастайды. Төртінші жетід е бала күшті дыбысқа селт етпесе, оның мылқау бол ған дығы. Үшінші, төртінші айда балаға бесік жыры әжеп тәуір әсер береді. Бұл уақытта бала дыбыстың жұмсақ, қо ңырын, қатты, тынышсызын айыратын болады. 4–5 айда бала дыбыстың қайдан шыққанын біліп, дыбыс шыққан жаққа бұрылатын болады. Алты айда дыбысты өзі тілеп тыңдайды. Бір жылдың аяғында дыбыстарды түгел айырып, сөздерді ұғып, хатта сөйлеудің тонын, ыңғайын да (ашулы сөз, жылы сөз) байқай алады. Екінші жасқа қарағанда бала сөз дыбыстарын өзі айта алатын болады.
Есту сезімін тәрбие қылу. Баланың есту сезімін тәрбие қылу – алдымен оның құлағын түрлі зияннан сақтау деген сөз. Мысалы, баланы қисық яки еңкейтіп ұстау жарамайды. Себебі, басқа шапшыған қан құлаққа зиян келтіреді. Қатты дыбыс, құлаққа суық тигізу, шомылдырғанда су жіберу жарамайды. Құлық ағып, яки басқа түрлі баланың құлағы ауыра бастаса, тез докторға емдету керек. Надан алдауыш дәрігерге емес, ғылым иесі докторға. Әсіресе қызылшадан соң баланың құлағы ауырымпаз болады. Қысқасы, ауру білінсе‑ақ, емдету керек.
Баланың құлағын зияннан сақтаумен бірге баланың сақ құлақ болуына да көмек көрсету керек. Құлақтың сақ, естімпаз болуы үшін баланың түрлі дыбысты ести беруі шарт. Сондықтан ана баланың жанында ешбір уақыт үндемей отырмауы керек. Дұрыс, ол анасының сөзін ұқпайды. Әйткенде де әдеттене берсін. Біз айтпай‑ақ, баласы еш нәрсені ұқпаса да, баласын шын сүйген ана өзі‑ақ айналып‑толғанып жатады ғой.
Қысқасы, балаға қандайда болса дыбыс естіртпей қою дұрыс емес. Бала жансыз заттардан шығатын шуды, судың сылдырын, жібектің судырын, шөптің сыбдырын, темірдің қаңғырын, һәм жанды заттардан шығатын дыбыстарды, жылқының кісінеуін, қойдың маңырауын, мысықтың мияуын, құстың шырылын ести берсін. Бала малдың дыбысына еліктегіш болады. Бала қошақанша маңыраймын деп әуре болып жатады.
Баланың есту сезімін ілгерілету үшін біраздан балаға түрлі музыка құралдарының үнін естірте беру керек. Домбыраға түрлі күй тартып отырсаң, алдыңда отырған бала тырп етпей, шын ынтасымен тыңдап отырмай ма? Баланың есту сезіміне аса көп әсер беретін – бесік жыры. Баланы қолына алған, баланың бесігі жанына келген ана аузына тас салғандай үндемей отырмасын. Жырлай берсін. Бала сөзін ұқпаса да күйінен әсерленеді. Жас балаға қазақтың «Әлди‑әлди, ақ бөпем» деп басталатын ескі бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті. Біраз есейген балаға жырлау үшін қазақ әйелі төмендегі бесік жырымен таныс болса игі болар еді.


Бесік жыры

Күнім, айым,


Еркетайым,
Бөлейін енді.
Тыста дауыл,
Жатқан ауыл,
Ұйқың да келді.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
Ұйқта, жұм көзің.
Кұлыншақтар,
Қозы, лақтар,
Бәрі‑ақ ұйқыда.
Сен жұлдызым,
Сен көз нұрым,
Кір тәтті ұйқыға.
Сая жаным,
Балапаным,
Соқсын дауыл, жел.
Болма алаң,
Сүйген анаң Сақтар, анық біл!
Бәу‑бәу, бөпем,
Бәу‑бәу, бөпем,
Әлди‑әлди‑ай.

Сәулем, еркем,


Күні ертең
Толарсың сен‑ай.
Пісіп алмам,
Толып бағлан,
Жүгіріп жүрерсің.
Сұлу сүйрік,
Жорға жүйрік,
Тайға мінерсің.
Қара жарғақ,
Түлкі тымақ,
Шақтап киерсің.
Қуанып, қалқам,
Ерке марқам,
Қысып сүйермін.
Мініп тұлпар,
Алып сұңқар,
Тауға кетерсің.
Сен боп сөзім,
Жасты көзім,
Сағынып күтермін.
Қуып бақыт,
Тілеп тақыт,
Жолдар шегерсің.
Жүрек жара,
Мен бейшара,
Жастар төгермін…
Қайнап қаның,
Батыр жаның
Ерікке ұмтылар.
Сен еріме,
Жас бөріме
Қарсы кім тұрар?
Алмас қылыш
Найза құрыш
Белге буарсың.
Сен сырттаным,
Арыстаным,
Жауды қуарсың.
Туған жерден,
Өскен елден
Ерге не қымбат?!
Жас жолбарыс,
Жаумен алыс,
Шаңға, қанға бат!
Айбатыңды,
Қайратыңды
Көріп қарт анаң,
Төгіп жасын,
Жайып шашын,
Тілер: «Бол аман!»
Күтем, күйем,
Көрсет, ием,
Сол алтын күнін!..
Ұйқың қатты,
Ұйқың тәтті,
Қозым, құлыным.
Жаным да сен,
Тәнім де сен.
Қарашығым‑ай!
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
Әлди‑әлди‑ай…




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет