Мағжан Жұмабаев педагогика



бет2/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан? Міне, педагогика тарихы – осыларды баяндайды.


Педагогика бөлімдері

Педагогика пәні беске бөлінеді:


1) Ж а л п ы п е д а г о г и к а. Адамның дене һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.
2) Д и д а к т и к а. Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді. 3) М е т о д и к а. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп, белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән «қазақ тілінің методикасы» деп аталады.
4) М е к т е п т і б а с қ а р у. Бұл пән мектеп қалай салыну ға, қалай ұсталуға тиісті, кластарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне, осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.
5) П е д а г о г и к а т а р и х ы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.


Жалпы педагогика

Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1) дене тәрбиесі, 2) жан тәрбиесі жайынан.




Дене тәрбиесі

Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата‑ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене – жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене – жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі – шын дұрыс мәтел.


Жаңа туған баланы тәрбие қылуға кіріскенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге һәм істеуге тиіс.
Ө л ш е у. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, аурулы бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10–11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2–4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан 1/2 –3/4 қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте‑бірте салмағы арта бастайды. 7–10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғыңда туғандағы салмағынан 1/3 артады. Мұнан соң салмақ арту шабаңдай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының 1/5, үшінші жыл бойына 1/10, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4–5 қадақтан артып отырады.
Бала сау болып туды ма, аурулы болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма – осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі‑үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл.
«Баламды безбенге сал» деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма? Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл ұрсып, сөгіп тастар. Әйткенм ен, амал қанша, көтереміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ырши‑ырши, бізді ұрса‑ұрса, айтқанымызды істесе екен. Қайткенменде біреу болмаса біреу, жүзден біреу болмаса мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз. Біз өзімізді ақынның:

Сөзімді біреу алмас, біреу алар,


Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар,–

деген сөзімен жұбатамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет