I тарау: Тарихи шындық және көркемдік шешім Мағжан Жұмабаев қолына алғаш қалам алғаннан бастап, шығармашылық күш-қуатынаумақты да биік әлеуметтік мәселелерге арнады. Халықтың өткендегісін ой елегінен өткізе отырып, бүгінгі хал-ахуалын таразылады. Оның жылт етер жарамдысына ағынан жарыла қуанса, келіссіз, қара-қоңырына күйзелді. Тар заманның аранын ашқан қатерінен жасқанып, бой тасалаған жоқ, арашаға ұмтылды.
Патша саясатының момын да қонақжай халқымызды қатал қыспаққа алып, оны ата-бабасының жер-суынан ығыстыру әрекетінің барғансайын күшейе түсуі, ол аздай дінінен, тілінен,ділінен қол үздіруге бағыталған қос қыртыс қитұрқы саясатқа түбегейлі ден қоюы Мағжан сыны өрен ойшыл түгілі кеудесінде саңылау барлардың бәрін қасіретке батырды. Әлгілерге қоса 1916 жылдың трагедиясы, онан соң кешікпей басталып талай уақытқа созылған тынымсыз жортуыл, атыс-шабыс, Кеңес өкіметінің алғашқы тұсындағы әр түрлі жағдайлардан туындаған күштеу, қорқыту, әкімшілдік, қақтығыс-қарбаластар асау мен жуасын, білімді мен сауатсызды бір тал тарының қауызына тықты. Әуел бастан бұлтарақ пен бұлтарыс табиғатына дарымаған: Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар сияқты аз ғана қазақты бөліп-жарымай, бәрін бірдей жақсы көрген Мағжан кедейдің ғана жоғын жоқтаған жоқ.
Жаңа қоғамның бойы бекіп, бұғанасы қата қоймаған кезі... Екі сөзімнің бірі ұран. Жалаң үгіт-насихатқа бой алдырып, белсенділіктің буына шарпылғандардың талайы ақынның да ет пен сүйектен тұратынын, оның да өмірінің сан-алуан әуені мен өрнегіне орай қуанатын не қайғыратын туыстары болуы мүмкін екенін ескермей, өздерінше тікелей тартты. Шыққан тегінің әулеттілігі, дәулеттіліг, ескі мектептерден дәріс алғаны, алашордашылардың тобында болғаны шотқа қағылды. Шығармаларында орысқа қарсы әуен бар, демек, олар идеялық жағынан теріс деп аттай желді. Ол дүниелердің қашан және қандай себептерге байланысты жазылғанын ескерген жоқ. «Ақынды сынау-мінеу 1923 ж Ташкентте шыққан үшінші жинағынан кейін тіпті күшие түсті, науқанға айналды»,- дейді З.Т. Жұмағалиев «Шындық және көркем әдебиет» атты еңбегінде [2, 50 бет].
Осындай алып қашпа жағдайдың да әсері болса керек, Мағжан оқырмандармен кең көлемде сырласуды жөн көріп, кең құлашты бірнеше поэмалар жазды. Ақын бұл сипатты туындыларында көне тарихтың қойнауын аралап, кейінгі ұрпаққа есімі көмескілене бастаған кейбір хандардың, батырлардың, өнер иелерінің өмірінің қайсыбір белестерін қағаз бетіне түсірді. Замана туралы жекелеген қайраткерлер туралы ой – толғаныстарын ортаға салды.
Мағжан поэмаларына келер болсақ, оның нәзік сыршыл, мұңшыл жұмбақ жаны, сұңғыла көрегендігі поэмаларынан анық байқалады. Ақын сезімі ғасыр басындағы қоғам, дүние дүмпуімен арпалысқа түскен ақын ойы тығырыққа тірелген тұста дүниеге келген "Батыр Баян" поэмасында Мағжан рухани әлеміндегі ширыққан жан күйзелісін, ақындық ақтық сөзін сюжетті оқиға желісін бастамас бұрын ақтарып салады.
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға [1, 20 бет].
Бұл – поэмадағы ақындық кредо да, ақындық абыз түйін де...
Ашынған ақынның ішкі монологынан басталатын поэма бірден кесек-кесек ой ағытады. Бәріне кінәлі – заманы. Өткенге ой жіберіп отырған ақын сонау "абақтысыз" ерлік күреске толы Абылай заманын еске алу арқылы да, тек ақындық ащы зарын ғана емес, абақтылы XIX бен XX ғасырда өмір сүріп отырғанын естен шығармай "абақты" сөзін әрі образды, әрі тура мағынасында қолдана отырып, ақындық мүшкіл халін рухани ойсыраған жайын ақырмай санасына өз аузымен сарқа айтып кетеді.
Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын
Күрсініп көзіне жас алады да,
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын төгер қаламына [1, 29 бет].
Қолы көзірлі, аяғы кісендеулі ақынның "сырын төгер" жалғыз серігі – қаламы. Көзіне жас алып күңіренген, Күрсінген ақын көңіл-күйін, ой-тұжырымын нақты көрсетіп, шын кескінін бейнелейді.
Мағжан өзі жырлағалы отырған оқиғаға кіріспес бұрын, осылайша өзінің сезім-сырын, жүрегінен шыққан мұңлы зарын толғап келіп ойын ағытады. Ол ойы – ақындық сырлы сұлу толғанысынан туған "Сырлы дария, қиыры жоқ Сарыарқаны, Арқа аралы, жер еркесі" Бурабай қамыс еткен Абылай заманының оқиғасы.
Творчество баспалдағы /"тіл кісендеулі"/, экология /Көкше табиғатының танылуы/, елдің ерлік тарихы /"Ақтабан"/, қазақтың екі империя қыспағындағы халі /"екі оттың орыс қытай арасына"/ туралы ащы да шыншыл ойларын алдымызға жайып салады.
Ақын жүрегінің жарасы һәм ел-жұрттың жарасы поэмада табиғаттың тұлдыр тартқан жетім кейпі арқылы өте дәл көрінеді:
Айырылып асау ерке аңдарынан
Көкшенің тас жүрегі жаралы да [1, 29 бет].
Абылай заманындағы батыр билерден, асыл ерлерден айырылған Көкшенің өзі өмір сүрген ендігі халінен де хабар бергендей, әрі сол ерлерді аңсаған ақын көңілінің сағынышы екені даусыз. Ақынның осы ойы поэманың екінші бөлімінде нақтылана түседі:
Айырылып от екпінде ерлерінен
Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой
Сонау дерт түгелімен ауып маған
Дариға жүрегімді өртеді ғой.... [1, 42 бет].
Ақын көңіліндегі, көірегіндегі айықпас дертті ақиқатын осылайша кесіп айтады. Жатырқау көңіліне медет, жаралы жанына дәт іздеген автордың баяғыға үңіліп, баяндап тұрған оқиғаға үнемі араласып, өз жүрегімен үндесіп, жан дүниесінің талқысынан өтіп, ақындық ниетін айқын аңғартып отыруы заңды.
Алыстан орыс-қытай ауыр салмақ
Жақыннан тынышытпайды қалың қалмақ
Артында ор, алдында көл, жан-жағы жау,
Дағдарған алаш енді қайда бармақ [1, 30 бет].
Қайран қазағымның бір уақыттары көршілестерінің сан алуан барымтасынан әбден қажып, қайда барарын, қайда паналарын білмей тұйыққа тірелгенде ел ағаларының – хандар мен басшылардың қаумалаған қауымның мүддесі үшін тыным-тыныштықтан қалып, күні-түні ат үстінде шаң жұтып, қан түкіруден бой тартпағанын ризашылық сезіммен еске алады.
Бұл сауал тек Абылай заманына ғана емес, ақынның өзі өмір сүрген кезеңге де дәл келеді. Бірақ поэмада ақын бұл сауалды Абылай заманына әкеп тірейді де, осындай қиын-қыстау тығырықтан алып шыққан кемеңгер Абылай мен оның батырларының, қос батыр баланың іс-әрекетін баяндайды. Оқиғаның баяндау барысында ақын жаны қаншалықты жүдеу болса да, өзіне тән асқақ та ер тұлғасын, берік сақтап отырады.
Ақырында ақын:
Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой
Ерлері ертегінің өрт еді ғой,- деген тұжырымға тіреледі [1, 42 бет].
Енді Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасын жан-жақты талдамас бұрын, осы "поэманың сюжеттік желісін ақын қайдан алды?," деген сұраққа жауап ізделік.
Мағжан поэмаларын дерекнамалық тұрғыдан жан-жақты зерттеген М.Мұсағитов: "Тарихи шындыққа, нақтылық пен дәлдікке классик ақынның қаламынан туған "Батыр Баян", "Қойлыбайдың қобызы" дастандары мен тағы басқа шығармаларындағы бұлтартпас айға Ш.Уәлиханов еңбектерімен жете танысудың арқасында келген" екенін ескертеді [1, 192 бет]. Нақтылай айтсақ, "Батыр Баянда" суреттелінетін Абылай жорығы Ш. Уәлихановтың "XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи мағлұматтар" атты еңбегінде кездеседі. Мұнда да Баянның біраз күттіріп барып 540 сарбазымен сапқа қосылғаны, содан кейін Абылайдың сырнайлатып, қалмақтармен соғысқа аттанғаны айтылады. Ш.Уәлихановтың мақаласында батырдың неліктен кешіккені туралы еш мәлімет жоқ. Баянның, Ноянның, тұтқын қыздың араларындағы драма және оның нәтижесі Ш.Уәлиханов мақаласында кездеспейді. Ал, жорық кезінде қалмақтардың ұрысқа тәуекелі жетпей, Уса, Серен Бастаған жеті кісіні келісім жасауға жібергені, олардың көршілікті, ағайындықты көлденеңдетіп, сый-сияпатын татуласпақ болғаны екі авторда да бар. Және Абылайдың сыйлық береміз деп сауға сұраған қалмақтардың сыйлығын алып алайық та, содан соң соғысайық деген шешіміне Баянның қарсы шыққаны,қалмақтар бізді алдап соғайын деген ниетте дегеніне Абылайдың құлақ аспауы , айтқандарын екеуінің екі рет қайталағаны, ақыры Баянның айтқаны келіп, қалмақтардың алдап қытай асып кеткені екі авторда да бар. Тек Ш. Уәлиханов мақаласында Баянның жауды мың адам жауды қолмен қуып кеткені, қайтар жолда ауыз судан ұшынып, қайтыс болғаны айтылса, Мағжан Жұмабаев поэмасында Баян өлімі басқаша көрсетіледі.
Мағжан "Батыр Баян" дастанынан Бурабай даласының тамаша сұлу табиғатын суреттеумен бастап келе жатады да, кенеттен тұңғйық тылсым дүниеге кездескендей баяулайды. Бірнеше күннен бергі ханның қалың әскері өздерінің қанды жорыққа қашан аттанатынын білмей, Абылайдың бұйрығын тосып, дәл-сол болуда. Осы дағдарыстың сырын ашу үшін батырлар Қанай биді Абылайға жібереді:
Жиналған өңшең бөрі Бурабайға
Алаштың кебісіндей ізгі жайға
Батырлар бұғаудағы арыстандай,
Абылай тұңғиық бір терең ойда
Бәрі де ел қорғаны батыр билер,
Аттанбай тек жатудан таппай пайда:
"Жүрелік жау басынар деген сөзбен,
Салады Қанай биді Абылайға
Би Қанай "Бұл қалай?" деп бастағанда
Абылай сұрайды одан: "Баян қайда?!"
Бірнеше күннен бері "бұғаудағы арыстандай батырларды" Абылайдың жіпсіз байлап, жорыққа бастамай жатқан себебі – Батыр Баянның келмей жатқандығы. Дастанда Абылайдың Баянды іздеуімен сюжеттің негізі қаланады. Жорыққа сансыз көп халық жиналғанына қарамастан, Абылай Баянды күтеді: Бұл оқиға Ш. Уәлиханов мақаласында: "Ақырында 540 адамымен келді де, хан алдына тұра қалып: "Қайда, небұйырасын, мен орындаймын", - деді: Хан халыққа қарата: "Міне, мен неге сонша ұзақ күттім Баянды", - деді [4,225 бет].
Ханның күту себебі дәлелденбесе де, деректерде бар. Міне, осы "кешігу" оқиғасын Мағжан поэмасына шебер пайдаланған, тіпті оны махаббат трагедиясымен байланыстырған. Сюжетте Баянның: "қайда жұмсасаңыз да мен дайын", - деген жауабына Абылай ханның риза болғандығы айтылса, Мағжан ханның баянды күту себебін былай түсіндіреді:
... Баянның аруақты құр атынан,
Кеп қалмақ болмаушы ма еді қорқақ қоян?
Нар кескен, өрттей өшкен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ Батыр Баян! [1, 31 бет].
Сюжеттегі хан сөзіне қарағанда Абылайдың Баянды іздеу себебі әлде қайда қуаттырақ шыққан.
Абылай қолына келгеннен кейін батыр Баян:
"Тілегім-енді жауға аттаналық,
Қан көрсе, қас қыранда шер тұрама?!" [1, 43 бет].
-деп жауға аттануға тілек білдіреді. Одан әрі Мағжан:
Алдына отырғызып күміс кернеу
Керсеннен көкжалына берді сарқыт, - [1, 43 бет].деп ежелден бері бірлікті қасиеттеуді шарт етіп қойған халқымыздың бұзылмас салтын алға тартады. Ертеде батырлар жорыққа шығар алдында қандай таршылық, қиыншылық болмасын серттен таймаймыз десіп, бір ыдыстан ас-су ішкен. Жауласқандар бір ыдыстан сусын ішіп, бір қоржыннан ас татысып елдескен.
Абылай батырларын ертіп қалмақтарға қарсы жорыққа шыққанда, ол жолы қалмақтардың ұрысқа тәуекелі жетпей Уса, Серен бастаған жеті кісісі келісім жасауға жібергені, ағайындықты көлденеңдетіп, сый алпатпен татуласпақ болғаны екі авторларда да бар екенін жоғарыда айтқанбыз. Бұл жерде Шоқан: "Алла жар болса, Уса мен Серен хан сый жіберіпті Мағжан: қалмақ- қазақ бауырлас, бұдан былай да бейбіт - өмір сүрейік, ақ киіз үйді қабыл алыңдар!" "Кешіріңдер!" – деп хан, батырларын жинап, кеңес қылды, "ақ үйді алып, көңілдерін орнықтырайық, сосын шабайық" десті.
Баян: "Жоқ! Ақ шаңырақты алмаңыз, алдаймыз демеңіз: Уса мен Серен Ор қытай мен Ой қытайды да алдаған, сені де алдап отыр," – деп жауап қайырады. Хан өз айтқанын екі рет қайталады, ол да екі рет солай жауап қатты, Хан өз дегенінде қалды. [4, 226 бет].
Ал енді Мағжан бұл оқиғаны:
Қаратал, Аягөзбен - екі көзі,
Ернесі – Іле өзені ұзын аққан, - деп оқиғаны Іле өзені жағасында өткеніне хабардар ете отырып:
Кеңесті қос қонтайшы: "Уса, Серен.
Жіберді кенесті де жеті қалмақ, - дейді. Дастанда да Шоқан жазған жеті қалмақ келеді.
Елшілер әкелегн өтініш поэмада:
Ағаттық бізде болды, кешсін Абылай
Ақ-отау, айдаған мал – бәрін берем.
Тағы да ер басына бір ару мен
Қара нар – айыбымыз,қалың кілем, - деген жолдармен берілген.
Қу қалмақ кеше ғана алдамап па еді;
Шоқитып Ор қытай мен Ой қытайды...
Хан да екі, Баян да екі қайтарысты
Алмастан бір-біріне тіккен көзін [1, 45 бет].
Ақын Шоқан Уәлиханов еңбегіндегі тарихи шындықтан алысқа ұзамайды.
Шоқан жазбаларындағы Абылай хандық кезеңдегі батырлар мен билер есімдер беріліп, олардың ұрыстағы, өмірдегі қимыл-істеріне баға беріледі.
Кейбір батырларды суреттеуде Мағжан Шоқан жазып кеткен кейіп те алады. Шоқанда: "Балталы Оразымбет асқан шапшаң қимылымен даңқты", - дей келіп, бағаналы Баянбай әңгімесінен мысал келтіреді, "Бір жолы Баянбай мен Оразымбет басшылар сегіз киіз үйден тұратын қалмақтардың ауылын шабады. Айтушыға қарағанда, ол екі үйдегі қалмақтарды жайлап бітіргенше, Оразымбет батыр қалған алты үйді шауып алыпты". "[4, 223 бет].
Мағжанда осы шапшандық: "Балталы, екпінді оттан Оразымбет" [1, 30 бет]. – деп дәлме-дәл суреттеледі.
Сіргелі Елшібек батыр туралы Шоқан да былай баяндалады: бір жорықта үңгірге тығылып, қолына орама мылтық ұстаған қалмақ мергені жақындағандардың бәрін көздеп атып, ешкімді алға бастырмай қояды. Батырлардың жүректері қайтып, не қыларға амал таппай тұрғанда, Елшібек батыр бүкіл желіспен қалмақ мергені жатқан жерге тартады. Шоқан бұл оқиғаны: "Елшібек осындай жолмен өте жақын келіп, кенеттен қатты ұмтылып, қалмақ пілтесін қайыра жығам дегенше, батыр шауып та тастаған"[4, 224 бет].- деп жазған.
Ал Мағжан "Сіргелі, шапшаң оқтан, ер Елшібек",[1, 30 бет]. – деп мақаладағы батырдың жылдам қимылын, нақты оқиғаны суретті құбылысқа айналдырады.Шақшақұлы ер Жәнібек хақында Шоқан оны тәкаппар, азулы батыр деп жазғаны белгілі. Жәнібек батырдың да тәкаппар, паң мінезін мағжан:
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін,
Тәкаппар Қошқарұлы ер Жәнібек, [1, 31бет]. – деп сырт пішінін ерлігіне сай алады.
Тұтқында бірге болған Жәнібек (жапаң) батыр жайында Шоқан: "Қалмақтар оны аңшылықта жүргенде тұтқиылдан басып қалып, бірнеше би, атақты Құдайберді батырмен қоса ..... Жәнібекті Қолданға алып келеді".[4, 222 бет] деп береді.
Осы оқиғаны Мағжан:
Қолданға ханмен бірге тұтқын болған,
Жолдасы Абылайдың батыр Жәнібек, [1, 31бет]. Деп солқалпында береді.
Мағжан Жұмабаев "Батыр Баян" поэмасында осы аталғандармен қоса, "Ащы жауған қардай, шөккен нардай" қарт Бөгенбайды, "Аузынан жалын шашқан" жас Жаңатайды, "Найзасын нажағайдай ойнататын"Бәсен... Сарымалайды, "ойы ұдай, тілі шаян" Қарауылдың қара сөзге дес бермейтін шешені Қанай биді сипаттап өтеді.
Б. Қанабаева "Жырымен жұртын оятқан" монографиясында: "Мағжан Ш. Уәлиханов жазбаларымен жақсылап танысып, ондағы аңыздарды сұрыптаған. Одан Баян мен Абылайға байланысты нағыз халықтың бағаға ие болғандарын ғана алған. Эпизодтардың поэманың сюжетіне сәйкестендіріліп құрылғаны сондықта",- [5, 160 бет]. Деген пікір айтылады. Шоқан Уәлихановтың "XVIII ғасырдағы батырлар жайлы тарихи аңыздар" атты мақаласы мен "Батыр Баян" поэмасының сюжет желісін салыстыра отырып, Б. Қанарбаеваның бұл пікірімен келісеміз. Мағжанның бұл поэманы жазуына Шоқан мықтап әсер еткен деп жорамалдауға әбден болады. Бірақ бұдан Мағжан Шоқан уәлиханов мақаласын көшіріп алды деген ой тумаса керек. Ақын Шоқан мақаласындағы тарихи деректі негізге ала отырып, бұл дерекке жауапкершілік мәдениетін сездіреді."
Дастанда Баянның туған інісі ретінде алынған Ноян кім? Баянның махаббат үшін оны атып өлтіруі рас па? Енід осы жайларға келейік. Қанарбаева өз еңбегінде "Возвышен ауданының "Писеровка" кеншарының, Ленин бөлімшесінде тұратын 80 жастағы ақсақал Қажымұрат Айтмағамбетов қазіргі Булаев ауданының, Полуден кеншарына жақын жердегі обалардың бірінде, "Ноли мен Ақшамаңдайдың мәйіті жерленгені [5, 161 бет] деген мәлімет келтірсе, Е. Асқаров 1989 жылғы "жұлдыз" журналының №8 санында жариялаған мақаласында: Мағжанның Ноян деп алғаны – Баянның шөберелес ағасы Сары батырдың баласы Қыстаубай. Ел есінде қалған әңгімеге қарағанда, Қыстаубай расында да ауылдағы қалмақтың Лағда деген қызын алып қашса керек. Баласының қылығына сары батыр қатты долданады. "Сары батыр долданса екі көзін қан жауып кетеді екен. Қашан оншақты дұшпаны түйреп тастағанша көзі ашылмайды. Оған дейін шылбыры Баянның тақымында жүреді екен", - деп әжелеріміз әкелерінен естігенін айтып отырушы еді. Сол Сары: "Қыстаубайды қуып жетіп өлтір, киімі мен қару-жарағын көзінше көм!", - деп Баянды жұмсайды. Баян Қыстаубайды қуып жетіп, бір қабат киімін алып, "қозының қанына малып, Сарыға алып келеді. Қыстаубайлардың нағашылары кіші жүзден екен. Сол жаққа бар деп кеңес береді. Кейін алты алаш дүр көтерілген бір соғыста кіші жүз әскерімен келген ұлын көріп, Сары батыр жібудің орнына Баян батырға қатты ренжіпті деседі", [6, 125бет] – дегендерек келтіреді.Ал Шоқанның айтуынша, Батыр Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған. "Ол өзінің ағасы Сары батырмен бірге уақ-керей руларының жасақтарын бастап қалмақтарға қарсы соғысқан және жорықтарға қатысып отырған. Осындай бір жорықтарда Сары мен Баян қаза болған. Халық аузында қос батырдың аттары біріктірііп Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді", - деп жазады Шоқан.
Ақын – жазушылар қайсыбір аңыздардың үзінділерін, фактілерін, болмаса оқиғаның шағын эпизодтарын пайдаланады. Ол артынан шығарманың құрылысын дамытушы дәнге айналады. Біздің ойымызша М. Жұмабаев бұл аңызды шығарманың қуатын арттыру үшін, сюжет желісін ширықтыру үшін, Баянның ұлы тұлғасын сомдау үшін пайдаланған. Бұл тосын эпизод арқылы поэмаға жаңа драмалық тартыс, жаңа кейіпкер енгізген. Фольклорлық мұраның әдебиетке түсіп, қайтадан фольклорға ауысуын жолдыөзектегі обалардың бірінде, Ноян мен қалмақ қызының мәйіті жатыр деп жұртшылықтың, күні бүгінге дейін қол жайып құран оқитындығынан байқаймыз.
Жоғарыдағы әртүрлі пікірлерді саралай келіп, Баянның "Ноян" деген інісі болмаған деген тоқтамға келеміз. Поэмадағы маңызды композициялық рөл атқарып отырған – Баян образын айқындауда, Ноян мен қалмақ қызы поэма сюжетін дамытушы көмекші құрал. Баян – Қыз – Ноян арасындағы махаббат өрісі сюжеттің желі болып тартылғанмен "ғашық жар" аясында қалмай, үлкен ел сүйгіштік идеяға мегзейтін азаматтық үні айқын шығарма. От – жалынға толы Мағжан жырларының бар сапасын арттыратын биік белеске көтеріп, ақындық қуатын танытатын бұл дастан – батырлық пен ерлік, өлім мен махаббат, ел тағдыры, сонымен қоса адамның ішкі сезімінің жан күйзелісінің бір сәттік пенделік қалпын да аңғартатын шығарма.
Енді ақын Мағжан Жұмабаев жоғарыда аталған аңызды өз шығармасында қалай қолданды, қандай дәрежеде көрсете білді соған тоқталайық.
Баянның ағасы Сары екеуі талай ұрыстарда тізе қосып, қазақ елінің тағдыры сыңға түскенде ерлік пен жанпидалыққа барған:
Баянның ерағасы батыр Сары,
Қос қыран тізе қосып жаушы қуған [1, 32бет].
Мағжанның "Батыр Баян" поэмасы - әдеби көркем шығарма. Баян – тұлғасы кесек, жаны нәзік, ішкі адами сезіммен, бір сәттік пенделік сипатымен қайшылықта суреттелген кейіпкер ретінде көрінеді:
Жауының бір жорықта бір сұлуын
Ер баян алып қайтқан алдына сап.
Баянның алып қайтқан сол сұлуы –
Балдырған бөбек дерлік, он төрт жаста-ақ.
Міне, осы тұс, батырдың тағдырына кері әсер етеді.Баянныі ішкі жан-дүниесі арпалысқа түседі, яғни Баянның қалмақ қызы ғашық болуы. Ал – аңызда бұлай емемс. Демек, ақын аңыз желісін толық сақтаулы алдына міндет етіп қоймаған. Баянның інісі бар он бес жаста
Бөрінің бөлтірігі – Бала Ноян [1, 33 бет] деп, ақын аңыздағы Қыстаубайды "Ноян" бейнесінде алып, оны Баянның туған інісі ретінде суреттейді: Ноян мен қалмақ қызының арасындағы қарым-қатынасты Мағжан жеріне жеткізе суреттейді. Аңғал жастық сезімін, сұм сұлу қыздың арбауына түскен сәтін: Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,
Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті,
Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып
Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті, [1, 35 бет] - деп келтіреді. Дегеніне жеткен қалмақ қызы жас бала Ноянды ертіп, екеуі еліне қашады. Сол сәттегі Батыр Баян жайын ақыл: "Жаралы жолбарыстай күңіренді", - дейді Мағжан:
Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді:
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян
Боз үйден оқ жыландай шыға келді, -[1, 37 бет] деп Баян кейіпкерін, елбоздағын, елім деп күңіренген батырының дұшпанның билігіндегі кейпін осылай сипаттайды. Осы ашумен Баян туған інісі Ноян мен қалмақ қызын өз қолымен өлтіреді.
Екі жас аттарынан ұшып түсті
Түскенде бірін-бірі құшып түсті [1, 38бет] ....
Бұдан ақын қиялында батыс еуропаның романтикалық шығармаларымен шығыс әдебиетінің аталары Фирдоуси, Низами мен Навойдың да әсері болғандығы байқалады. Өйткені Низамидың "Құсырау мен Шырын" дастанында, Навойдың "Фархад-Шырын" дастандарының сюжетінде армандарына жете алмаған ғашықтар өлген бір-бірлерін құша құлайды.
Ия, сонымен Ноян мен "Сұм сұлу" оққа ұшты. Осыдан кейінгі сәттегі Баянның ішкі қиналысы, өкініші шексіз. Батырдың көз жасы көлдария болып, зарланып, белі бүгіліп түседі. Ер бауырын қимайды. Өз ісіне опық жейді. Батырдың бір қасқағым сәттегі іс-амалынан жүрегін қанжұтады:
Сындырдым аз ғана уақ – елім болып
Елімнен кетіп, елді қайдан табам [1, 39 бет]. Ой- миын жаулап алған сан түрлі сұрақтар батырдың монологы арқылы өрбиді: өз-өзімен арпалысқан батырдың жан күйзелісін ақын монологқа құрған. Мұнда батырдың жүрек түбіндегі жатқан қиналыс пен ел алдындағы жауапкершілігі, ел тағдыры, намысы деген отаншылдық рухының жеке бастан, туыстық мүддеден жоғары тұрғандығын сезінесіз.
Жоқ, әлде, жоқ,жоқ...Әлде... өлтірдің бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?? [1, 40бет]
Халық тағдыры сынға түскенде, жекенің мақсат-мүддесі, сезімі қараң қала ма? Кей тұстарда Баян батыр тағдырына көз салсаң, өзін ұмытып, барлығын тәрк етіп, адам бір күнәлі кейіпке түскеніне таң қаласың... Ішкі адамы болымшы қалыпты ұстау қиын. Ашу мен ақыл қайшылығы туыстасқан кезінде батырды аяғынан шалған, "ашу -шайтан" ақыры дегенін істеп тынды.
Енді "Поэмада ерекше шабытпен жырланған эпизод" сөз жоқ, Баянның қалмақтармен соңғы айқасы [2, 66 бет] деп З.Т. Жұмағалиев атаған баянның жоңғарларымен айқасына келейік. Баянның соңғы айқасы туралы "Расында, өмірлік дерек бойынша батыр өлімі басқаша жағдайда болғанын білеміз. Ақын биік көркемдік жинақтау мақсатымен Баянның соңғы ұрысын Жанатай ердің шайқасымен алмастырғандай", - деген ой айтады Б. Майтанов. "Мағжан Жұмабаевтың тактикасы" еңбегінде [7, 34 бет].
Осы пікірді басшылыққа ала отырып, Шоқан Уәлихановтың "XVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы аңыздар" атты мақаласында Жанатайдың шайқасы туралы мынадай дерекке кезіктік: "Осы уақытта алдыңғы лекте қарауылда тұрған Жанатай батыр ағасы арқандардың өлімі үшін 500 жасағымен 10 мың қалмақ қолына қарсы аттанып, ұрыста мерт болады". Ары қарай қияңкескі ұрысты Шоқан: "Жанатай батыр сүйікті туған ағасының өлімін естігенде, қанішер жаудан кек алуға ант береді. "Не өлемін, не қандарыңды ішемін!" "Атын әкелтіп, 500 адамдық жасақпен қалмақ ордасына қойып кетеді. Олар 10 мың жаудың ішіне батып кетеді. Жанкешті ұрыс еді. Қазақтар өлімге бас тігіп, Үйсінбай қақ жарылған қарнын, шопанымен шұбалған шегін жинай соғысты және Жанатай батыр: "Жарық қарынмен де өмір сүруге де бола ма? ," – деп сұрады. Бәрі де мерт болып, Жанатай ұлы Төкішпен сегіз-ақ адам қалды. Жанатай атынан түсіп, шалбарын ұлының қолына беріп: "Бұзып –жарып елге жет, болмаса менің кегімді қайтарар адам қалмайды" – дейді. Өзі шейіт кетеді. Жанатай өлімін естігенде Абылай: "Қара болатымның жүзі майырылды!",- деп егіледі" [4, 226 бет].
Осы ойды Мүсілім Мұсағитов толықтыра түседі: "Сірә, Мағжан Баянның кешігуін ел аузындағы аңыздан алып, өлімін жанатай ұрысынан алса керек. Бұл екеуінің ортасында байланыс бар. Біріншісі, екі кейпкер де ажалға туыстарының өлімі үшін бас байласа, екіншісі, ақын Баян мен Жанатай батырды бір майданда қаза тапқызады", [3,198 бет] – деген тұжырым жасайды.
Енді Жанатай шайқасы мен Баян батырдың жоңғарлармен шайқасын салыстырып көрейік. "Жанатай шайқасында" : жанатай сүйікті туған ағасының өлімін естігенде, қан ішер жаудан кек алуға ант береді.
"Не өлемін, не қандарыңды ішемін". [4,226 бет]. Ал "Батыр Баян" поэмасында, Баян інісі Ноян мен қалмақ қызын өлтіргеннен кейін:
"Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым аттанамын, жауына өлем!", - [1,41 бет] деп жылайды.
Шоқан Жанатайдың қалмақтармен ұрысын: "Атын әкелтіп, 500 адамдық жасақпен қалмақ ордасына қойып кетеді. Жанкешті ұрыс еді",- [д4,226 бет] деп берсе, Мағжан Баянның қалмақтармен шайқасын:
Жүз қыран мың сан қолға араласты,
Орғыған асқар таудан судай тасты.
Шыдамай жүз екі күнге шулай беріп,
Қалмақты ә дегенде қара басты, - [1, 47 бет] – деп көркемдеуіш құралдарды пайдалана отырып, керемет суреттеп береді.
Шоқан Жанатайдың сол шайқаста қаза тапқанын айтса, Мағжан:
Жанында жалғыз жолдас- жас Жанатай
Қансырап зорға ғана кірпік қаққан, -деп Жанатай халін суретейді де, Баян жайында: Алайда уақыт өтті, құлап түсті,
Құшақтап Жанатайдай жан жолдасын, [1,48 бет]- деп Жанатай мен батыр Баянды бір шайқаста қаза тапқызады. Осы ұқсастықтарға қарап, біз де ақын Баянның қалмақтармен соңғы шайқасын Жанатай ұрысынан алды дегенге тоқталамыз. Бірақ, Мағжан бұл деректі толықтай сақтауды міндет санамаған. Балтоғаева жайлы Елепқызы "мағжан поэмаларының жанрлық –көркемдік ерекшеліктері" атты кандидаттық диссертациясында, мағжан поэмаларын үш топқа бөледі: "Тарихи сюжеттер, аңыз сюжеттер және әдеби сюжеттер" [8,35 бет] -деп, сөйтіп "Батыр Баян " поэмасын тарихи сюжетке жатқызады.
Қиын күн туған алаш баласына,
...Кез болған жаудан үркіп, "Ақтабанға",
Дұшпанның қалғандай боп табасына,
...Күндерде сонау қара, тапсырған ел
Тағдырын Абылайдай данасына.
Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында - өр, алдында – көр, жан-жағы жау,
...Көп жаудың бірін шаңып, бірін арбап,
...Күндердің бір күнінде хан Абылай
Қалмаққа ойына алды ойран салмақ. [1,30 бет].
Мағжанның осы жолдары Мұхтар Әуезовтың мына пікірімен дәлме-дәл: "Орысқа бағыну елдің алдына ұсынған сыбағалы табақтай болып, еріксіз бой ұсындыруға айналды. Ел өмірі мен әдебиеті тарихында осы дәуірден қалған белгілер көп. Әдебиетте қалың елдің бұл қайғысы Абылай айналасынан шығады. Абылай маңына жиналады. Ал сол аласапыран дәуірде қалған елдің "қайрандап жон қала ма" деген Қазқұрттай үміті жалғыз ғана Абылай басында болған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін,тең көтеріп бір араға жиған Абылай болатын. Бұлай болса, кейінгі заманда туатын үлкен тарихи оқиғалар мен тарихи жырлар түгілімен Абылай заманынан суат алады [9,142 бет].
Мағжанның "Батыр Баянына" "тарихи өлең" деп қарамасақ та, поэманың тарихилығы мен тарихи шындыққа негізелгендігі ақиқат. Тарихтың өз дертіне тоқталар болсақ та, жыр жолдарынан алшақтығы жоқ екендігін көреміз.
Абылайдың да, Баянның да тарихта бар, болған тұлғалар екендігін жоғарыда айтқанбыз. Абылайдың Баян сүйікті батыры болғандығын Шоқан жазбалары дәлелдейді. Сонымен қатар,Абылай хан мен батыр Баян жайында ел арасында аңыз көп тараған. Соның бірін батырдың жиені Қайыргелді Баймұратов айтады: "Қалың әскер кезеті бір жорыққа шыққалы дайындалып жатқанда Абылай хан қасына жақындаған Баянға: "Міне, батыр, қағып ал!", - деп жүзі қылпылдаған қылышын Баян жалаңаш қолмен ұстауға жасқанады деп ойласа керек.
Бірақ батыр сыр бермей, өзіне қарай жарқылдап келе жатқан қылышты жерге түсірмей, жүзінен тап беріп ұстап алғанында, алақанынан қан сау ете түссе керек. Сонда да қабағынан кірбің байқатпаған батырға риза болған хан, өзінің сынайын деген ойын жасырып: "Енді құлаштап өлше",- депті. Баян қылышты жеті рет құлаштапты да; енді сізменің қылышымды өлшеңіз" деп қылышын қынабынан суырып алып, Абылай ханға тура әлгіндей етіп лақтырыпты. Хан да қағып алып, төрт рет құлаштайды да: "Батырым төрт атаңа дейін белгілі боласын, одан кейін ұрпағың атыңды ұмытады",- депті. Сонда Баян қамығып тұрып: "Сіздің есіміңіз жеті атадан да асады" деп қылышын ханға қайтарған екен.
Сол Абылай хан бабамыздың айтқаны келді-ау деймін. Себебі 1990 ж бұрынғы Аралағаш, кейінгі "Қарағанды" совхозының атын Баян батырға берейін деп сұрағанда жергілікті халық ондай батырды білмейміз, тарихта болмаған деп, совхозға көзі тірі Миллердің атын берген [10,4бет].
Батыр кеудесін найза ұшына төлегенде, тек қазақтардың ғана намысын қорғаған жоқ, күллі алаш жерінің азаттығы үшін күресті емес пе?!
Осыны білген мағжан қазақ халқының тәуелсіздігі, бірлігі, бостандығы үшін күрескен батыр Баян есімін тарихта өр тұлғасымен қалдыру мақсатында "Батыр Баян" поэмасын жазған.