Майлықожа шығармаларының стилдік және көркемдік сипаты



Дата27.04.2023
өлшемі59,15 Kb.
#87437
Байланысты:
М




2.3 Майлықожа шығармаларының стилдік және көркемдік сипаты


Өлең сөздің құдіреті, қадір-қасиеті турасында ғалымдарымыз зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Халықтың асыл арманы мен биік мұратын бейнелер озық ой, көркем сөз өлмейді. Асыл сөз азбайды, ескірмейді, не ықылым замандарды көктей өтіп, әрдайым келешек күндермен табысып отырады.
Ә.Оспанұлы: «Майлықожа әрине, Абайға ұқсап «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген асқақ талап қоя алмады. Бірақ тыңдаушысының өз сөзіне бей-жай, самарқау қарамауын көксейді, шамасы келіп, шарқы жеткенше арттағыға ғибратты сөз қалдыру қамын қарастырады» [11, 45-б.], - деп Абаймен замандас Майлықожаның да өз әлінше ұлы Абай айтқан талап- тілектерді, өлеңге қойылатын шарттарды орындауға талпынғандығын көрсетеді.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы шығармаларының тілдік, көркемдік кестесі де әлсіз емес. Ол өз туындыларын, ауызша да, жазбаша да шығарған ақын. Майлықожа қоғамда орын алған келеңсіздіктерді айтса да, табиғат құбылыстарын сөз етсе де, жақсы жар мен жаман әйелдің айырмасын немесе адамдардың бойындағы түрлі мінез-құлықтарды суреттесе де өлеңге қойылатын талаптардан аттап өткен емес. Профессор Х.Сүйіншәлиев: «Майлы шығармалары - өлеңге қойылатын биік талаптарға жауап беретіндей әрі мәнді, әрі сәнді жырлар» [17, 667-б.], - деп жайдан-жай айтпағаны анық.
Академик З.Қабдолов: «Сөздің реңін, әдеби тілмен ажарлау жайын әңгіме еткен жағдайда айқындау мен теңеуге арнайы тоқтау қажет» дейді. Ол «Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау киын»,- дей отырып, эпитеттің өлең сөзде айрықша рөл атқаратындығын дәлелдейді [65, 214 б.]. Сүйінбай мұрасын зерттеуші ғалымдардың бірі М.Үмбетаев: «Өлең сөздің ішкі мүмкіндігін жарқырата ашып, оның сәні мен әрі болатын суретті сөздің бірі - эпитет» деп көрсетеді [134, 118-б.].
Майлықожа өзінің өлеңдерінде, термелерінде, арнау өлеңдерінде де өмірдің өтпелілігін, дүниенің тұрлаусыздығын дәлдікпен беру мақсатында көркемдеу құралдарының бірі эпитетті орынымен қолдана білген.
Сұм дүние, не ерлерді жазым еткен,
Заманның қысы қалып, жазы кеткен [31, 108-б.].
Жоғарыда келтірілген үзіндіден ақынның тек айқындауды дәлдікпен қолданғандығын ғана емес, сонымен бірге алапат өзгерістерді бастан кешкен замананың да қатал қыс секілді қаһарлана, суына түскендігін көреміз. Ақын өлеңдерінде «дүние» сөзімен келетін айқындау өте көп қолданылады. «Жорға дүние тоқталмас, / Жол тартқандай селкілдер» [ 31, 46-б.], «…Опасыз бұл дүние зуел бастан, / Өтеді пәни жалған кәрі-жастан» [31, 510 б.], «…Баяны жоқ дүние- ай, / Бітсейші дәулет талапқа! [31, 78-б.], «…Жанашыр дос деп біз жүрміз, / Алдамшы дүние құзғынды [31, 79-б.], «…Жарық дүние, аман бол, / Тең-құрбы, өскен қатарым» [31, 516-б.], «…Уәйім, қайғы түсті тамам биге, / Көзіне тар көрініп кең дүние [ 31, 540-б.].
Ғалым С.Негимов: «Халық жырларында адам өмірі соншалықты күрделі, шырғалаңы, бұралаңы мол, қиыншылықтар қисапсыз, оқыста омақаса құлататын себептер шаш етектен екендігі жарқын түрде сипатталады. Бұған «дүние - бір қисық жол бұраңдаған», «дүние - ойлап тұрсаң, бір сергелдең», «дүние - қызыл түлкі бұлаңдаған» сияқты сөйлемдер айғақ. Сондай-ақ дүниенің ажарлы, базарлы, көрікті екендігі айтылады» [18, 56-б.], - деп тұжырымдағанындай, Майлықожа өлеңдерінде де «жалған дүние», «алдамшы дүние», «жорға дүние», «ку дүние», «сұм дүние» сияқты дүниенің қыр-сырын танытарлық айқындауыш сөздер жиі кездеседі. Біздің «дүние» сөзіне байланысты алған мысалдарымыздың бәрі де өзге ақындар шығармашылығында жиі ұшырасатын, қолданыстағы эпитеттер, осылардың ішіндегі «жорға дүние» сөзі Майлықожа стиліне тән жаңа үлгідегі сөз.
Ақынның өлеңдері мен терме-толғауларында түр түсті бідіретін «ақ», «кызыл» «сары», «сұр», «көк», «қара» сөзімен жасалынған тұрақты эпитеттер де жиі қолданылады. Біз солардың бір-екеуін ғана мысалға алып көрсек: «Аяғын сөздің қырқайық, / Ақ сөзді қылма жұрт айып» [31, 72-б], / «…Алты қанат үй тігіп, / Ақ киізбен жабады» [31, 232-б], «Аузыңа ақ сүт емізген, Шайнап тамақ жегізген» [31, 87-б.], «Қызыл тиын таба алмай, / Кедейлер жағы сандалар» [31, 42-б.], «Асыңды халықтан қызғансаң, / Қызыл итке жем болар» 31, 43-б.], «Қызыл тілім зарласа, / Азырақ мен де желейін» [31, 58-б. Дуниенің сонда кірер ажар-көркі, / Көрінер секілденіп қызыл түлкі» [31, 501- 6б.]. «Сары жұлдыз туған соң, / Басқаны зиян ұйқының» [31, 35-б.], «Сары алтынның нарқын бер, / Саудаға салсам жезіме!» [31, 35-б.], «Ықыласың сүйген көніліңмен, Сұр жүзіңді қызартқан» [31, 90-б.], «Киік атар сұр мерген, / Дүние әтпес кімдерден?» [31, 153-б.], «Көлге біткен көк жекен, / Жел соққанда желкілдер» [31, 46-б.], «Көк найзалар қайрылды, / Көлденең соққан қылтықтай» 31, 104-б.], «Аузы аңқиған қара жер, Бәріңді бір күн жасырар» [31, 24-б. «Тұйғын қара сұңқардың, Тұғырда қара бауы бар» [31, 83-б.], «Қара бұлт қамалса, / Қаптай да жаңбыр төгілер» [31, 83-б.].
Майлықожа елдің әкімдері мен болыстарына жалтақтамай сөз айта білген. Мұны ақынның Тұрлыбек датқаға, Қанай датқаға, Шерім болысқа шығарған арнау өлеңдерінен, сықақтарынан байқаймыз. Бірде Тұрлыбек датқа шалқып- тасып отырып, Майлықожаға «мені жамандаңызшы» дейді. Қасында Шолақ молда, Сағат соқыр деген атарман - шабармандары қатар отырады. Сонда Майлықожа Тұрлыбек датқаны да, қасындағы атқамінерлерін де былайша сыбайды:
Ақ шеңгел, қара шеңгел, жиде тікен,
Ана тілін алмаған өңкей тіркіс.
Қасқырдай мейірімің жоқ сұр жігітсің
Бет-аузың қабаған ит секілденіп. [31,564-б.].
Ақын ел тізгінін ұстаған шынжыр балақ шұбар төстердің көркем бейнесін жасайды. Оған біз жоғарыда келтірген «Тұрлыбекке» деген арнау өлеңі айғақ бола алады. Тұрлыбектің сорақы істерін бетіне басып, «қасқырдың ұяластары секілді жыртқыштар» деп ашық айтады. Тұрлыбекті ақын тек жыртқыштық іс- әрекетімен ғана бейнелеп қоймайды. Соған қоса оның тұлға бітімі, жүріс- тұрысы, бет әлібі бірге суреттеліп, жұғымсыз портреті жасалады. Ақын Тұрлыбекті көз алдына отырғызып, алдынан да, қырынан да, ту сыртынан да сипаттайды:
Ту сыртынан қарасам,
Жайылған тырна сырттанған.
Қарсы алдыңнан қарасам,
Жан екенсің сұрттанған.
Бір қырыңнан қарасам,
Қырыққан серке бұттанған.
Қасқырдан туған қасқырсың,
Залымдықпенен жұртты алған.
Момын елді қорқытып,
Аттана шаптың шыққаннан [31, 566-б.].
Әрине, бұл жай портрет ғана емес, шындық тұлға, көркем образ, ақынның удкен тебіренісі үстінде туған жүрек сыры, төгілген жыр кестесі; батыр да, батыл ақынның өктем сөзі, Махамбет сияқты «өзекті жанға бір өлім» деп, басын өлімге байлай отырып, өші кеткен елінің кегін алу үшін айтылған өзекті өртер жалынды сөздер» [17, 656-б.].
Майлықожа мен Шерім болыстың арасындағы айтыстың туу тарихына алдыңғы тарауда талдау жасағанбыз. Біздің айтпағымыз, Майлықожа осы айтыста да көріктегіш құрал эпитетті шеберлікпен пайдалана білген. Ол уәдесінен тайқып шыққан арсыз болысқа төмендегідей кестелі де ұтқыр сөзді айтады.
Түгелдеп бар болысты санағыш па ең,
Ойласам ақ тұйғын деп, қара құс па ең,
Болар деп Қасымбектей жүруші едім,
Қарабала секілді қара күш пе ең? [31, 174-б.].
Жүйрік ақын, жыр алыбы Жамбыл пір тұтқан, «айтыстың алымды ақыны» (Ә.Оспанұлы) Майлықожаның өлеңдері кестеленген асыл сөзге, көркем суреттерге толы. Ақын туған халықының мұңы мен мұқтажын жырласа да, махаббат тақырыбын сөз етсе де, табиғаттың тамаша құбылыстарына тоқталса да бедерлі де бейнелі өлең жолдарын асқан шеберлікпен қиыстыра білді. Майлықожа шығармаларында «жақсы» мен «жаман» сөзінен жасалған айқындауыштар да өзіндік ерекшелікпен шығарма шырайын кіргізеді. Ақын әсіресе жақсы әйел мен жаман әйелдің бейнесін керемет көркем суреттеген. Қазақ халқы әуелден-ақ әйел баласына шаңырақтың шегесі, берекесі, құты деп қараған. Ер жігіттің бақытты, бақытсыз болуын да көп ретте әйелдің жақсы, жаман болуымен байланыстырады. Ақынның «Жақсы болсын жұбайың» деген термесінен жақсы әйелдің қандай болатындығын, жаман әйелдің қандай болатындығын анық көре аламыз.
Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе…
Қаншама жақсы сөз айтсаң,
Алмайды оны есепке.
Арманда өтер өмірің,
Артылғандай есекке. [31, 62-б.].
Жақсы қатын жігіттің,
Кесектен соққан кентіндей.
Дүниенің тұйық ментіндей.
Сары майға бұлғаған,
Алуа, шекер жентіндей [31, 63-б.].
Ақынның айтар ойын дәлме-дәл, көркем де келісті етіп жеткізуде теңеудің орыны айрықша. Абай поэзиясының тілін зерттеген ғалым Қ.Жұмалиев теңеудің жасалу жолдарына, тек қазақ тіліндегі ғана емес, орыс тіліндегі де қолданылу ерекшелігіне жан-жақты түсінік береді. «Белгісіз нәрсені, жұртқа мәлім белгілі нәрселерге салыстыру арқылы көзге елестету осы жұрнақтар арқылы орындалады (тай-тей, дай-дей, дайын-дейін, ша-ше, және «дай» журнағымен байланысты келетін «мын»). Қазақ тіліндегі теңеулердің көпшілігі-ақ осы жұрнақтар арқылы жасалады» [60, 204-б.] десе, 3.Ахметов: «Теңеу - құбылысты басқа нәрсемен салыстыру арқылы сипаттау тәсілі. Әр нәрсені салыстыру негізінде жасалатын бейнелі сөздер, туынды мағыналы сөздер, құбылту түрлері аз емес» [76, 323-б.], - деп түсіндіреді.
Қоғам құбылыстарын, адамдардың түрлі іс-әрекеттерін көрсетуде Майлықожа көріктегіш құралдардың бірі - теңеуді өзіне тән ақындық шеберлікпен қолдана білген. Майлықожа қолданған теңеулер бұрыннан-ақ бар, ауыз әдебиетімізде қалыптасқан дәстүрлі формалар арқылы жасалынған. Ақын «Сайлаудың сақтан, жұртым, сарсаңынан» деген әлеуметтік маңызы зор көлемді толғауында болыстыққа таласқан ағайынды Райымқұл мен Ақмолданы татуластыру мақсатында олардың шыққан тектерінің мықтылығын, өздерінің де осал еместіктерін шебер суреттейді:
Бас қосып тұрған шақта арыстандар,
Жығылмай кетпеуші еді алысқандар.
Айбатың Алатаудай екі арыстан
Жолдасың болыпты бүгін сауысқандар…
Дүбірің тұлпар мініп жарысқандай,
Айбатың айға шапқан арыстандай,
Қыран бүркіт секілді тұтымың бар,
Ұстасып жібермейсің қарысқандай [8, 530-б.].
Жоғарыда көрсетілгендей, қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалды суреттейтін, тойымсыз болыс-билердің теріс істерін салыстыра отырып әшкерелейтін суретті теңеулер ақын шығармаларында көптеп кездеседі. Адамның күштілігін, мықтылығын арыстанға теңеу ежелден келе жатқан дәстүрлі тәсіл. Ақын өзіне дейінгі поэзияда қолданылған көркемдегіш құралдарды дәлме-дәл қайталамай, басқа қырынан, жаңғырта пайдаланады.
Майлықожа теңеулері халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, көшпелі өміріне, малшылық, аңшылық кәсібіне де байланысты болып келеді. «Айласы оның түлкідей, түсіре алмай шалып жүр», / «Ағайын жұртты көргенде, боз жорғадай желейін», / «Артықша тудың атадан, ай мүйізді қошқардай», / «Орта жүздің көркі едің, қоңыраулы бура нарындай», / «Жолдасы кеткен жолбарыстай, / Тарта алмай бүйтіп жүдедің» деген сияқты дәстүрлі теңеулер ақын шығармаларында молынан кездеседі.
Қазақ поэзиясында табиғаттың әсем құбылысын, тамаша көріністерін өлеңге арқау етпеген ақын жоқ. Себебі, сезімтал ақын мен тылсым табиғат құбылыстары тығыз байланысты десек қателеспейміз. Қыстың қаһарлы суығы да, жаздың аптап ыстығы да, көгілдір көктем көріністері де, алтын күздің арайлы шапағы да ақын жүрегіне әсер етпей қоймайды. Ақын «Жылдың төрт мезгілі» деген өлеңінде тек жыл мезгілдерін ғана суреттемейді, сонымен қабат адам баласының өмір жолын да төрт кезеңге бөледі. Көктемді қыз жігіттің жастық шағы, яғни, «қыздың - ханша, жігіттің - патша уақыты» деп түйеді. Шілде мен күзді адамның орта жасына, кәрілікті қыстың қатты зымыстанына тенейді. Адам өмірін жыл мезгілдерімен байланыстыра суреттеуден ақынның езіне ғана тән қолтаңбасын көре аламыз. Ақынның аталған өлеңінің ұлы Абайдың «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» атты өлеңімен үндес келетін тустары баршылық. Кезінде бұл турасында Ә.Оспанұлы да тоқталып өткен болатын [11, 58-59 бб.].
«Әдеби тілді ажарлау аз, құбылту керек» дейді академик З.Қабдолов. [65, 218-б.]. Құбылтудың бір түрі болып есептелетін метафора да (ауыстыру) Майлықожа шығармаларының көркемдік кестесін еселей түскен. Ауыстыруды алғаш рет көркемдік тәсіл ретінде қарастырған А.Байтұрсынов бірнеше мысалдарды келтіре отырып: «Осындай ұқсастығымен ауыстырып, өз мағынасынан сөзді өзгелеп айту - ауыстыру деп аталады» [77, 27-б.], - дейді. Ақын «Уа замана» атты толғауында аласапыран заманның бейнесін суреттеуде ауыстыруды ұтымды қолдана білген:
Уа, замана, дауылсың,
Қыдыра көшкен ауылсың.
Тоқым салмай жайдақтап,
Әркім мінген жауырсың.
Уа, замана, бөрісің,
Кедейдің шықпас төрісің.
…Уа, замана сен бір піл,
Айналып келмес өткен жыл [31, 517-б].
Ақынның бұл өлеңінде ауыстыру жіктік жалғаулары арқылы екінші жақтан айтылып тұр. «Мәделі батыр ағамыз» атты арнау өлеңінде де ауыстырудың тамаша үлгілерін молынан кездестіреміз. Арыстан тұлға білегің, Қайтпаған жаудан жүрегің… Орта жүз алаш қайысты «Ортадан ұстын жұлды» деп. «Жолбарысынан ажырап, Қоңыратты құдай ұрды!» деп. Ескі жолбарыс сен едің, Ен қайратқа кең едің [31, 98-101 бб.].
Арнау өлеңде әрі шешен, әрі ержүрек Мәделіқожаның жаудан беті қайтпаған батырлығы, басынан сөз асырмаған ақындығы ауыстырудың түрлі тәсілдері арқылы тартымды суреттелген. Бір шетінен Қоқан хандығының дәуірлеп, бір шетінен Ресей патшалығының тынысты тарылта түскен кезеңдегі Мәделіқожаның ерлік істері, қайсар мінезі «арыстан тұлға», «жайлы тұлпар боп туған», «жомарт туған жолбарысым» деген сияқты метафоралар арқылы ажарлана түскен. Ақын өз ойын бейнелі, әсерлі етіп жеткізу мақсатында тілдің көркемдеуіш кұралдарының бірі метонимияны (алмастыру) да шебер пайдалана білген. «Намұртты бір шыбынға өлтіргізді, / Жұтқызды жерге әмір қып Қарынбайды» немесе, Өзі соқыр кей адам, / Көзі барға жол айтар» деген тәрізді алмастыру арқылы жасалған тіркестер де ақын шығармаларының тілін ажарландыра ускен. Мұсылмандық Шығыс әдебиетінде Намұрт, Қарынбай есімдері символдық мәнге ие.
Майлықожа терме-толғауларының негізгі өзегі тәрбиелік мәндегі ақыл- нақыл, насихат болғандықтан онда мақал-мәтелдердің қолданылу тәсілі ерекше. Ақынның халық әдебиетін, халық даналығын терең меңгергендігінің бір көрінісін осы тұрғыдан байқаймыз. Ол қандай тақырыпты қозғаса да құрғақ ақылға емес, халық даналығына, мақал-мәтелдерге сүйеніп айтады. Майлықожа шығармаларында кездесетін мақал-мәтелдердің бір тобы былайша өрнектелген: «Әркім тайып жығылар, / Біреуге деп қазғанмен, / Өзінің қазған орына», / «Ер тілеуін береді, / Ерте тұрып еңіресе», / «Өз қолыңнан алған соң, / Кісінің малы кіліт-ті», / «Қайғысыз ішкен қара су, / Қарынға қорек ас болар», / «Айуанның сыртта аласы, / Адамзаттың ішінде, / Белгісіз дағы қарасы», / «Сезікті түлкі секірер, / Сенімді сайға бекінер», / «Кәрие кімде - хат сонда, / Айтқан сөзін тыңдаңдар», / «Дәулет болмас тапқан мал, / Есебін тауып құрамай, / Емшек бермес анасы, / Бесікте бала жыламай», / «Басыңа сауда болады, / Жолдас қылсаң жаманды».
Осы орайда бір айта кетерлік мәселе, қазіргі таңда Майлықожа термелеріндегі талай шумақтар мақал-мәтел дәрежесінде қолданысқа ие болған. «Жаманнан жолдас ертсеңіз, / Саясы болмас жаныңа, / Әркім болар ағайын, / Ықпалың мен бағыңа; / «Елемеген аз кесел, / Етіңе сіңіп тырайтар», / «Сыртқа біткен қайыңнан, / Сазға біткен тал жақсы, / Арық шыққан қазыңнан, / Кіршік майлы жал жақсы, / Тоя жеген жасықтан, / Бір асаған май жақсы, / Ақауы шыққан айраннан, / Терлеп ішкен шай жақсы, / Мініс бермес шобырдан, / Жеңіл аяқ тай жақсы, / Қожа менен молдаға, / «Бер» дегеннен, «ал» жақсы», / «Әдепті өскен бозбала, / Ырғалып өскен тал болар», / «Қас сұлуда қал болар». Ақынның толғауларында антонимдік шендестірулер де өзіндік орын алған. Айтулы жүйрік адам мінездерін бағалауда, дүние сырын танытуда жақсы мен жаманды, жүйрік пен шабанды, алыс пен жақынды қатар қойып салыстыру арқылы айтар ойын ұғынықты етіп жеткізеді. Ақын сондай-ақ кейіптеу, әсірелеу, дамыту, қайталау, салыстыру сияқты фигуралық айшық-тәсілдерді өлеңдері мен терме-толғауларында, әсіресе, діни дастандарында молынан қолданған.
Майлықожаның аллегория тәсілімен шығарылған мысал өлеңдерінің де көркемдік кестесі ажарлы. «Жай ұғым қалпында тұрған дерексіз нәрселер кәдімгідей көзге көрінер деректі нәрселерге ауыстырылады» [65, 223- б.).
«Бұлбұл», «Қасқыр», «Тотынама». Есек пен құлан» атты мысал өлеңдерде адамдардың бойындағы жағымсыз мінездерді жария етеді. Арамдық пен жалқаулықтың, сатқындық пен қулықтың, жемқорлық пен тойымсыздықтың түбі жақсылыққа алып бармайтынын ескертеді. Ақынның «Бұлбұл» деген өлеңінен осындай мәселені анық көреміз.
Ілгері ән боп еді сайрағаны,
Жаз өтер деп қыс қамын ойламады.
Ақуалы адамзаттың сол секілді,
Әр адам пікір қылса ойланады. [31, 477-б.].
Майлықожа ақынның мысал өлеңдерінің бәрі де адамдарға ой салатын, ізгілікке, еңбекқорлыққа шақыратын құнды шығармалар.
Майлықожа өлеңдерінде сол уақыттың әлеуметтік ахуалын, бай- манаптардың, болыстардың жағымсыз, майда мінездерін танытатын ирония да кездеседі. Мысал ретінде ақынның Орал деген болысқа шығарған ирониялық жоқтау өлеңін алуымызға әбден болады [11, 70-б.].
Майлықожа ақындық парыз, өлеңнің табиғаты, тыңдаушы қауымның талғампаздығы турасында да тың пікірлер қалдырған. Өзі айтқандай, «әншейінде көргенде көп қазақтың бірі» сияқты көрінгенімен, «сөйлер сөзге келгенде ақындардың дүрі» екендігін таныта білген.
Ақынның анық жүйрігі,
Жөнелсе сөзге құйылып.
Иіріміндей дарияның,
Алдына жұртты иіріп.
Майдай жағып маңызы,
Есіткен тұрса сүйініп. [2, 74-б.].
Ақын қалың жұртшылыққа ғибрат берер әрбір жыр жолдарының «тартқан сымнан тәртіпті болуына» көп көңіл бөледі. «Жыршының көбі жыртақы, қызнақсып тұрар қиылып», - деп ауыл арасын шаң қылып, пәленше не берер екен деп емініп жүретін кейбір ақын-жыршыларды өткір өлеңмен сынап- мінейді. «Шын жүректен шыққан сөз», «Тәтті жырым төгілсін», «Әдемі сөз жайылсын», «Білген шайыр айтады», «Ақынның анық жүйрігі», «Бұрынғылардың жолы деп», «Не жүйрік өтті дүниеден» деп аталатын жыр- толғауларының бәрінде дерлік құдіретті де қасиетті саналатын ақындық өнерге қойылар жоғары талап пен талғамды тізбелеп көрсетеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде жоғарыда аталған шығармалардан бірнеше тіркестер тобын мысалға келтірсек: «Ауыздан шыққан асыл сөз, / Жаһанға жәуһар шашқандай», «Шын жүректен шыққан сөз, / Тайға таңба басқандай», / «Өз өнерім қызыл тіл, / Бағасын артық таңлаймын», / «Мен емеспін сөз кедей, / Сапырмалы езбедей», / «Сөзімді балап сатпаймын, / Бергін деп байға жең ұшын». Бұл келтірілген жыр жолдарының өне бойынан Майлықожаның тіл өнеріне аса үлкен жауапкершілікпен қараған парасаттылығын сезінеміз. Асыл жырдың жәуһарын тере білген талғампаздығына тәнті боламыз.
Профессор Х.Сүйіншәлиев: «Сырты жылтырап, іші бықсып тұрған өлең мес, сырты сұлу болса, іші де мәнді болуы керек», - дей келе, Майлықожаның олеңнің түрі мен мазмұны сай келуі шарт екенін дұрыс түсіне білгендігін баяндайды. Сондықтан да «Майлы шығармалары - өлеңге қойылатын биік талаптарға жауап беретіндей әрі мәнді, әрі сәнді жырлар», - деп жоғары бағалайды [17, 667-б.].
Сіздер де, халқым, түсінгін,
Жақсы сөздің парқына.
Мақсатым болды өзімнің,
Бағасы болса сөзімнің,
Сөз қалдырмақ артыма [31, 29-б.].
Тәңірі өлшеп берген өмірінде «артымда ғибратты сөз қалсын» деп ғұмыр кешкен Майлықожа өзіне де, өзге ақындарға да жоғары талап қойды. Өзі де сол биік деңгейден көрініп, ақындық парызын адал атқарған анық жүйрік.
Ақын туындыларындағы ұйқас түрлеріне келер болсақ, Майлықожа поэзиясында толымсыз ұйқас некен-саяқ. Ақынның «Датқалардың Петірбор барғаны», «Қонысты орыс алғаны», «Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр», «Жылдың төрт мезгілі» деп аталатын өлеңдерінде ара-тұра кездесіп қалады.
Бұл дүние өтер-кетер баяны аз,
Ең алды жыл құсының үйрек пен қаз.
Жігіттей сақал-мұрты жаңа шыққан,
Көркейіп дүние жүзі болады мәз. [2, 175-б.].
Датқалар көп сағынды өскен жерін,
Дабыл түйіп, құс салған айдын көлін.
Қара бұлт ішінен шыққан айдай,
Аман-есен қайтып кеп көрді елін [2, 175-б.].
Келтірілген мысалдардың біріншісінде бір ғана буыннан тұратын «аз», «қаз», «мәз» сөздері арқылы ұйқасып тұр. Ал, екінші келтірілген мысалда «жерін», «көлін», «елін» деген екі буыннан тұратын сөздер арқылы ұйқасады. Майлықожа өлеңдерінің басым көпшілігі негізінен толымды ұйқасқа құрылған.
Тышқанға арыстанды қор қылмаса,
Үкімін тура қылып зор қылмаса,
Төленің әруағы тұлпар еді,
Аса алмай Момынбектен болдырмаса. [2, 162-б.].
Бай едің бағың асқан Алдаберген,
Кораңнан қой мен түйең аңдап өрген.
Кұтты болса байға - құт, тоқалға - сор,
Он бесінде қаусаған шалға келген [2, 197-б.].
Жоғарыда мысалға келтірген шумақтардың бірінші, екінші, төртінші тармақтарының соңғы бунағында төрт буын бар. Бұл бунақтардың бәрі де төрт аяғын тең басқан толымды ұйқастар. Ақынның Алдаберген байға арнап айтқан өлеңінің тілдік ерекшелігі ғана емес, мазмұны да аса маңызды. Сол кездерде алпыс, жетпіс жасында қалың мал беріп, он бестегі қыздарды зорлықпен алған арсыз байлардың ұятсыз істерін ақын уытты тілімен шымшылайды.
Майлықожа өлеңдерінің көпшілігі әдемі ырғақпен, белгілі бір үнмен, әуезбен толықтай тұтас ұйқасады. Бұл ерекшелік те ақын тілінің байлығын, сөздік қорының молдығын, шығармашылық қуатының тереңдігін білдіреді. Ол халқымыздың бай ауыз әдебиетімен, шешендік өнерімен, жыраулар мұрасымен мейлінше мейірі қана сусындаған майталман ақын.
Көрнекті ғалым Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясындағы ұйқастардың көптігін айта келіп, олардың ішіндегі ең негізгі және көп қолданылатындары қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы ұйқас, ерікті ұйқас, кезекті ұйқас, шалыс ұйқас, егіз ұйқас, аралас ұйқас, осы күнгі ерікті ұйқастар [65, 286-287 бб.], - деп сегіз түрлі ұйқастың түріне тоқталады. Енді осы ұйқастардың қайсысы Майлықожа шығармаларында кездеседі:

  1. Қара өлең ұйқасы:

Қазақта озған жұрттың
Майлысы едім,
Бір өлеңім болмаса қай кісі едім?
Бес - алты ауыз өлеңді айтып беріп,
Көңілін қош қылайын бәйбішенің [2, 200-б.].

  1. Кезекті ұйқас:

Іші-тысы тең жаман
Қап-қара батпақ лай-ды.
Оған душар болғандар,
Өкінішпен жылайды.
Тілеу тіле, жігіттер,
Жақсы қылсын жұбайды [8, 64-б.].

  1. Шалыс ұйқас:

Амандықта кез болдым,
Ағайын-туған жалпыңа.
«Сөйле» деп маған сөз бердің,
Түсінгендей парқыма.

  1. Егіз ұйқас:

Опыр - топыр шаң асты,
Қамшыдай ұрып сабасты.
Үш күн, үш түн ұрысты,
Тайсалмай қарсы тұрысты. [8, 323-б.].

  1. Аралас ұйқас:

Мұсылман да жүгірді,
Тулары қарсы тігілді.
Үсті-үстіне ағылып,
Екі ләшкер жұмылды.
Қарғып түсіп дұмалап,
Не ерлер аттан жығылып,
Біреуге біреу ұсынып,
Біреуді біреу түсіріп,
Қызыл қан ағып жосылып,
Сарылдап сайдан қан ақты [31, 322-б.].
Майлықожа өлеңдерінде ең көп кездесетін ұйқас - қара өлең ұйқасы. Ұйқастың бұл түрі ақынның он бір, он екі буынды өлеңдерінде де, жеті, сегіз буынды өлеңдерінде де өте көп қолданылады. Ақын шығармаларында шұбыртпалы ұйқас та аса көп емес. Ол тек ақынның көлемді дастандарында ғана ұшырасады. Кезекті, шалыс және егіз ұйқастар негізінен жеті, сегіз буынды өлеңдерінде қолданылған.
Майлықожа шығармаларында тілдің көркемдегіш құралдары болып есептелетін эпитет, теңеу, метафоралар өзіндік ерекшеліктерімен қолданылады. Ақын өзіне дейінгі поэзия дәстүріне сүйене отырып, жаңаша өріс іздейді, өзіндік стилін айқындайтын көркемдік амалдарды табуға талпынады.
Майлықожа өз әулетінің тәрбиесіне сай діни ортада, имандылық бесігінде өсіп, жетілген дәстүрлі қазақ ақыны. Мұнда ақынның өз әкесі Сұлтанқожа мен туыстарының ғана емес, Оңтүстік өлкеде ежелден қалыптасқан сопылық әдебиеттің көшбасшысы, барша түркі жұртының рухани Пірі - Қожа Ахмет Ясауидің үлкен әсері болғаны сөзсіз. Ақын өз өлеңдерінде Ислам дінін жай ғана ұлықтап қоймай, оның басты дәлелі, қасиетті кітабы - Құран Кәрімдегі ақиқатты, адамға қажетті кісілік мінез құлық пен хақ мұсылманға парыз етілген шынайы мұрат-міндеттерді әсерлі, мағыналы тілмен тамылжыта насихаттайды. Құдайдың Елшісі хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) мен оның серіктері Әбубәкір, Оспан, Омар, Әли халифалар, әулие-әнбиелердің өнегелі өмірі мен ізгі әрекет- амалдарын үлгі ету арқылы ақын халықты тазалыққа, кісілікке үндейді.
Майлықожа - Шығысшыл шайыр. Ол өткен дәуірдегі Фирдоуси, Науаи, Хафиз, Физули сынды парсы-түркі ақындарынан үйреніп қана қоймай, өзі де соларға еліктеп жыр-дастандар тудырған нәзирашыл ақын. Шығыс әдебиетіне тан мінәжат, мадақ, дастан, хикая, мысал жанрлары Майлықожа ақын мұрасынан елеулі орын алады.
Ақын өлеңдері - кестелі суреттерге бай. Онда айшықты теңеулермен қатар ауыстыру, алмастыру, ұлғайту, шендестіру секілді тропп, фигура, халықтық мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің орнымен қолданылғандығын көреміз. Майлықожа он бір, он екі буынды қара өлең ғана емес, жеті-сегіз буынды жыр үлгісін, аралас буынды өлең өлшемдерін шебер қолдана отырып, таңдаулы жыр, толғау, термелер қалдырды.
Ақын қай тақырыпты жырласа да жеріне жеткізе, жан бітіре суреттейді. Оның арнау, жоқтау өлеңдерінде жеке адамның портреті ғана емес, олардың ішкі болмыс-бітімі, психологиялық мінез-құлық қасиеттері жарқырай ашылуымен бағалы.
Майлықожа - XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының тәрінен ойып орын алатын зор таланттарымыздың бірі. Ақын шығармашылығын зерттеп, зерделеп, оның соңындағы асыл мұраларын жинастыруда ересен еңбек еткен бірқатар қазақ ғалымдарының қатарында, әдебиет зерттеушісі, үнгей ақындарының шырақшысы Әсілхан Оспанұлының есімін ерекше атауды жөн санаймыз.

Ал ақынның шығыстық сюжеттерге еліктеп жазылған туындылары да аз емес.Ақындық жолды ұстанған әрбір талант иесі өзіне дейінгі халықтық мұраларымен танысып, бойына сіңіреді, көркемдік қасиетін таразылайды. Солардан үлгі ала отырып жаңаша шығармалар тудыруға ұмтылады. Майлықожа да бала жастан халқымыздың бай әдеби мұрасынан сусындап өсті. Ақынның тәлім алған мектебінің біріншісі халық ауыз әдебиеті дейтін болсақ, екіншісі - Шығыс әдебиетінің жауһарлары. Майлықожа Шығыс әдебиетімен танысып, оны біліп қана қоймай, оларды түрлендіре жырлап, жаңаша ой қорытып, қазақ халқына рухани нәр беруді мақсат етті.


Сарттан өткен Науаи,
Тілдің гәусар гүлі еді.
Парсыда өткен Фердоуси,
Заманында дүр еді.
Нұсқа ғып айтсам кейінге,
Ақынның солар пірі еді.
Қай қазақта ақын боп,
Өткендерден ірі еді?
Майлы ақынның өзіне,
Ыбырат берер сөзіне,
Тірі болса осылар,
Болар еді-ау тірегі.
Не жақсы өтті дүниеден
Қалған жоқ орны бірінің.
Ақылмен әр іс аңдарсыз,
Жақсылар, болса білімің!
Фердоуси өтті дүниеден,
Тілдің деп гәуһар гүлімін.
Онан кейін Науайы
Басқалармен тең емес,
Салыстырсам кем емес,
Ізі қалды жырының.
Аплотон өтті дүниеден,
Әлемнің білген ілімін [39, 37-б], -
деп жырлаған Майлықожа туған әдебиетімізбен қоса, Шығыс әдебиетінің інжу маржандарын жастайынан бойына сіңіріп өседі. Өзінің ақындық жолында Шығыстың әлемге әйгілі Әбілқасым Фердоуси, Әлішер Науаи сияқты шайырларын өнеге тұтады. Зерттеуші Г.Есіркепова қазақ поэзиясының XVIII- XIX ғ.ғ. және ХХ ғ. бас кезіндегі дамуында Шығыстың классикалық әдебиеті эстүрі ықпалының қалыптасуы мен дамуы мынадай ерекшеліктер бойынша байқалады деп көрсетеді: 1. Шығыс классикалық әдебиетінің тақырыптық- идеялық, жанрлық, стильдік, көркемдік үлгілері ізімен лирикалық өлеңдер жазу; 2. Шығыс халықтары фольклорлық шығармаларының ертегілерінің, аңыз- энгімелерінің сюжеттері бойынша қазақ ақындарының қисса-дастандар, мысал- хикаялар жанрларын жырлауы; 3. Шығыс әдебиеттері үлгілерін аударып және нәзиралап жырлау [22, 8-б.].
Майлықожа аттары аталған ақындардың барлығының дерлік шығармашылық мұрасымен таныс деп айта алмаймыз. Алайда ақын өлеңдерінде шығыс шайырлары аттарының аталуы кездейсоқ құбылыс емес. Майлықожаның ақыл-нақыл түрінде келетін толғаулары мен термелері де Шығыстың классикалық әдебиетіндегі шығармалармен мазмұндас, сарындас болып келеді. «Білген шайыр айтады», «Не жүйрік өтті дүниеден», «Жақсы адам қартайса», «Шын жүректен шыққан сөз», «Биікке шықсаң бекінгін» және т.б. шығармалары дидактикалық сарындағы өсиет, нақыл өлең үлгісінде жазылған. Аталған шығармалар Шығыстың классикалық әдебиетіндегі дәстүрлі нақыл өлеңдермен өрілген. Өмірдің өткіншілігі, пәнидің жалғандығы, тіршіліктегі тартыстың тұрлаусыздығы Шығыс әдебиетінде кең көлемде жырланған тақырып. Ақын «Жақсы адам қартайса» деп аталатын термесінде жақсы қария мен жаман қарияның, әдепті бала мен әдепсіз баланың бойындағы қасиеттерді салыстыра суреттейді.
Жақсы адам қартайса,
Көкірегі хат болар.
Жаман адам қартайса,
Пықсып жанған от болар.
Жақсы қария белгісі,
Жанып тұрған шам болар.
Жаман қария белгісі –
Қайраңдап қалған сал болар.
Әдепті өскен бозбала,
Ырғалып өскен тал болар.
Әдепсіз өскен бозбала,
Жүрген жері шар болар [39, 12-б.].
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына шығыстық қисса- дастандар кеңінен таралды. Шығыстың классик ақындары жыр еткен тақырыптары ел арасында нәзирагөйлік дәстүрмен қайта жырланып, әдебиетімізге айрықша әсерін тигізді.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеуші Ә.Диваевтың Майлықожа ақынның аузынан «Шора батыр» жырының қара сөз түріндегі нұсқасы мен бірнеше ертегі үлгілерін жазып алуы да көп нәрсені аңғартса керек. Сонымен қатар орыс ориенталисі Я.Я.Лютштің өзі «Киргизская хрестоматия» атты еңбегіне бірнеше шығармаларын енгізуі де Майлықожаның көзі тірісінде-ақ есімі елге жайылғандығын байқатады. Зерттеуші Ө.Күмісбаев Майлықожа мұрасы жөнінде былай дейді: «Персонажи «Шахнаме» Фирдоуси упоминаются и в произведениях Султанкожаулы Майлыкожи, уроженца Сырдаринской области. Пять его стихотворений включены в книгу ЯЯ.Лютша «Киргизская хрестоматия» (1888г.). В них поэт остро бичует феодальный строй, высмеивает аульных старшин и баев. Он написал несколько самостаятельных сочинений на темы «Тотынаме» и «Тысячи и одной ночи» [125, 64-с.].

М.Сұлтанқожаұлының жастай өнер-білімге, ауыз әдебиеті үлгілерін жаттап жырлауға құштарлығы белгілі болғанымен, нақтылы қандай мектептерден, кімдерден білім алғаны белгісіз. Ақынның біраз уақыттай өзбек жұртында өмір сүргендігі шығармашылығына едәуір әсерін тигізген. Дегенмен, Майлықожаның Шығыс әдебиетінен жан-жақты сусындап өскендігіне оның шығармашылық мұрасы толық дәлел бола алады.


Майлықожа мұрасында Шығыстың ұлы шайырларының шығармаларында үнемі жырланатын тақырып өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың, қайғы мен қуаныштың қатар жүретіндігін еске түсіретін өлеңдер көптеп кездеседі. Мұндай тақырыптарды сөз еткен шығармаларында ақын жалпы жамағатты биік адамгершілікке, имандылыққа, адал еңбекке үндейді. Майлықожаның Шығыс поэзиясынан алған тағылымы айрықша.
Зерттеуші Қ.Жұмалиев те осы дәуірдегі ақындар шығармашылығының басты ерекшелігіне баса назар аударған. Ғалым:«XIX ғасырда дәстүрлі ақындар поэзиясы халық арасында айрықша кең тыныс тапты. Жанақ, Орынбай, Арыстанбай сияқты суырып салма ақындар бүкіл қазақ даласын өлең-жырға толтырды, тек туған жұртына ғана емес, сақараға ат ізін салған орыс және европа ғалымдары мен оқымыстыларына да кеңінен танылып, көшпенділердің ақындық өнерінің жайсаң тұлғалары ретінде мәшһүр болды. Жетісуда Сүйінбай өзінің отты да өткір жырларымен бұқарашыл ақын ретінде көрінсе, түстікте Майлықожа Шығыс үлгісіне бейім назым жырға машығады. Ал Сыр өңірінде көне жыраулық және ақындық поэзияның құрыш қорытпасындай Базар жырлары өріс табады» [126, 255-б.], - деп әр өңір ақындарының өзіне тән қырларын атап өткен.
Жоғарыда келтірілген пікірлерді тұжырымдай келе, Майлықожа ақынның сол уақытта қазақ даласына кеңінен жайылған «Тотынама», «Мың бір түн» сынды Шығыс ертегілерімен толықтай таныс болғандығын, ондағы оқиғаларға терендей ден қойғандығын мысал дастандарынан анық аңғарамыз.
Зерттеуші М.Мырзахметов Абай дамытқан нәзирагөйлік белгілер турасында айта келіп, нәзирагөйлік дәстүр сөзінің мағынасын былайша түсіндіреді: «Нәзирагөйлік сөзінің мағынасы арабша сұрау-жауап, жауап қайтару деген ұғымға келеді. Нәзира, нәзирагөйлік - түркі тілді халықтардың жазба классикалық әдебиетінде орта ғасырларда-ақ көрініс беріп, соңғы дәуірге дейін даму үстінде келе жатқан өміршең дәстүрлердің бірінен саналады. Мұнда ақын өз жанына ұялап, қозғау салған асыл мұраттарын дәуір талаптарына орай беру жолында әдеби тәсіл ретінде пайдалануға икемді, өтімді болуы себепті, шығыс поэзиясы тарихында ерекше орын алған. Абайдың ұлы ұстазы Ә.Науаи өз заманы тудырған өмір шындығына байланысты өз арман-мұратын Низамидің «Хамсасына» жауап ретінде өз «Хамсасында» сюжеттік желіні, образдар жүйесін пайдаланып отырған. Осы арқылы ұлы шайыр өз заманын, өзі ұстанған арман-мұраты тұрғысынан жырлап бере алған. Осы іспеттес құбылысты қазақ әдебиетінде Абай аңыз-әңгіме, дастандарын нәзирагөйлік дәстүрмен жырлап, өзі ұстанған мораль философиясы негізінде творчестволықпен жырлаған ақын өнерін М.Әуезов абайтану саласында тұңғыш рет көтерді» [127, 37-б.].
Мысал жанрына тән ерекшеліктер туралы «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» мынадай түсініктеме берілген: «Мысал-айтылатын ойды тұспалдап жеткізетін, көбінде өлең түрінде келетін, сюжетті, шағын көлемді шығарма. Негізгі сюжетке қоса нақыл түрінде келетін түйіндемесі болады. Жанры жағынан ғибратты. Уағыздық сарындағы дидактикалық әдебиетке жатады, кейде мысал сықақ үлгісіне ауысады. Жазба әдебиетінде өлеңмен жазылған мысал кеңінен орын алды. Түп-төркіні хайуанаттар туралы ертегі, қысқа әңгіме нұсқаларымен жалғасып жатыр» [76, 236-б.].
Тақырып тұрғысынан таразылар болсақ, Майлықожа мысалдары жоғары адамгершілік қасиеттерді насихаттауға, үгіттеуге бағытталған. Мысал кейіпкерлері үнемі жақсылықты немесе жамандықты жақтаушылар болып, әрдайым жамандық әшкереленіп жеңіліп, жақсылық үстемдік құрып отырады. Қайсыбір мысалын алып қарастырсақ та адамдар бойындағы әртүрлі жағымсыз мінез-құлық, нысапсыздық, дүниеқоңыздық, уәде-сертке тұрақсыздық т.б. жағымсыз жайттар сынға алынады.
Біз М.Сұлтанқожаұлының дастандарын мән-мазмұнына, тақырыбы мен көтерген мәселелеріне қарай екі топқа бөліп қарастырғанды жөн көрдік.
1. Мысал дастандар: «Тотынама», «Қасқыр», «Аңқау мен қу», «Момын», «Бұлбұл», «Үш жігіт».
2. Хикаялық дастандар: «Патша мен үш ұры», «Жақсы найып», «Зәйіт ұры».
Майлықожа ақынның мысал өлеңдерінің жалпы саны - жетеу. «Қасқыр», «Аңқау мен ку», «Тотынама», «Момын» деп аталатын мысалдарының сюжеті «Кәлилә мен Димнәдан» алынған. Ал, «Патша мен үш ұры», «Үш жігіт» деп аталатын екі мысалы әлем әдебиетіне мәшһүр «Мың бір түннің» сюжеттеріне құрылған болса, «Папор патша» немесе «Жақсы найып» хикаялары «Тотынама» ертегілер топтамасының оқиғасы негізінде жырланған.
Майлықожа жырлаған «Тотынама» мысал хикаясы «Кәлилә мен Димнә» атты шытырман оқиғалы аңыз әңгімелер жинағының «Арыстан мен бұқа туралы» тарауында баяндалатын сюжеттермен үндеседі. Оқиға мазмұны «Кәлилә мен Димнәда» былайша өрбиді: «Тытава атанатын теңіз құсы өзінің мекиенімен бірге теңіздің жағасында тұрыпты. Жұмыртқалайтын уақыты таяған кезде мекиені қоразына: «Маған жұмыртқа салатын мезгіл жетті, сен біраз қауіпсіз қағаберістен ыңғайлы орын ізде», - депті. Сонда қоразы: «Ол орын дәл осы жер болсын. Бұл жерден бізге керек тамақ та, су да жақын болады және бұл тұс басқа жердің бәрінен де біз үшін қолайлы», - дегенді айтыпты. Мекиені: «Жарайды, сенің дегенің болсын, бірақ менің бұл жерге сенімім жоқ, егер теңіздің суы толқыса, біздің балапандарымыз суға кетуі мүмкін», - депті. Қоразы: «Қажырлы күзетшісінен қорқатын теңіз, бізге қарсы осындай есуастыққа барады деп ойламаймын» [128, 111-б.], - деп бой бермейді. Осылайша ақымақ қораз мекиенінің айтқанына құлақ аспайды. Ашуланған мекиен оған бұрынырақта болған оқиғаны баяндайды:
«Өткен заманда екі үйрек пен бақа бір бұлақтың жиегінде тұрыпты. Осындай көрші болғандықтан олар достасып жүріпті. Бір кезде әлгі бұлақтың суы тартылып, құрдымға айналыпты. Үйректер судың тартылғанын көріп, бұл арадан кетуге бет алыпты. Олар бақаға қоштасқалы келіпті де: «Қош аман бол, кетіп барамыз», - депті. Бақа: «Судың тартылуы, әсіресе, мен бейшараның соры, өйткені сусыз тұра алмаймын ғой. Ал сендер қалаған жерлеріңде өмір сүре аласыңдар, қайда барамын десеңдер де ерік өздеріңде. Мені мына ауыртпалықтан құтқарыңдар, өздеріңмен бірге ала кетіңдер», - деп жалыныпты. Үйректер: «Біз сені мына шартымызды орындасаң ғана өзімізбен бірге алып кете аламыз. Мысалы, жоғарылай ұшып аспанға көтерілгенде, эдамдар көріп дауыстаса, сен оларға үн қатушы болма»,- депті. Көлбақа үн катпауға уәде беріпті. Бірақ сендер мені қалай алып барасыңдар деп сұрапты. Олар: «Сен шыбықтың ортасынан тістеп аласың, сол кезде екеуміз екі ұшынан устап сені жоғары көтереміз», - депті. Көлбақа осыған келісіпті де, үйректер оны жоғарылатып алып ұшыпты. Бұларды жердегі адамдар көріп, бір-біріне айқайлап: «Мына ғажайыпқа қараңыздаршы, көлбақа екі үйректің арасында аспанда ұшып бара жатыр», - деп шулапты. Көлбақа мыналардың таңданған үнін естіп: «Илаһи, Тәңірім сендердің көздеріңді көр етсін», - деп айқайлап жіберіпті. Ауызын осылайша ашуы-ақ мұң екен, көлбақа жерге түсіп, жан тапсырыпты» [128, 112-б.], - дейді мекиен қоразына. Қоразға бұл оқиға да әсер етпейді. Амалсыз мекиені сол жерге жұмыртқа салады. Теңіз күзетшісі Тытава кораздың «теңізден қорықпашы» деген сөзін естіп, теңіздің суын толқыта көтеріп, балапандарын ұясымен қоса ағызып әкетеді. Барлық құстар бір жерге жиналып, ақылдаса келіп, алып құс Анкадан көмек сұрап жалбарынады. Теңіз күзетшісі Анкаға ұлы дәреже берген патшадан қорқып, балапандарды қайтарып беруге асығады [128, 113-114 бб.].
Майлықожа жырлаған «Тотынамада» «Кәлилә мен Димнәдағы» оқиғалармен салыстыра қарағанда біршама өзгерістер баршылық. Ашуланғаннан теңіздің толқынын күшейтіп жіберетін Теңіз күзетшісі ақын мысалында кездеспейді. Майлықожа жырлаған нұсқада еркек тоты Теңіз күзетшісінен емес, дарияның өзінен, ағып жатқан судан қорықпайды, керісінше су бізге жамандық қылса, біз одан өшімізді аламыз деп табиғаттың тылсым күшіне қарсы шығады. Ақын бұл оқиғаны да қазақы түсінігіміз бен ұғымымызға жақындатып алып отыр. Ә.Оспанұлы орынды көрсеткендей, түпнұсқада қос тоты бастаған құстар барып шағынатын, теңіз күзетшісінен де күшті Анка атты бүркіт орнына қазақтың аңыз ертегісіне етене, көпшілік құлағына сіңісті Самұрық құсты алады. Дария тасқынына кез болған балапандардың тірі қалған екеуін сол сол Самұрық құсқа құтқартады. Сондай- ак, түпнұсқадан тағы бір өзгеріс - кітапта Тытава аталған теңіз құсы мұнда жай тоты құс делінеді [11,120-б.]. Зерттеуші Ә.Оспанұлы: «Майлықожа жырлаған «Тотынама» болса көлемінің қомақтылығына қарамастан, мысал қатарында қарастырылатын шығарма. Өйткені, мұнда мысал жанрына тән қасиеттер жеткілікті-ақ. Кейіпкерлерінің құстар екені, шығарманың басталар, аяқталар шеніндегі моральдық қағидалар соның дәлелі» [11,119-б.], - дейді.
Мысал жанрында уағыздап, нақтылап айту тәсілі жағынан халықтың мақалдарымен, нақыл сөздерімен ұштасатыны белгілі. Майлықожа өлеңмен жырлаған «Тотынамада» мақал мәтелдерді орынды пайдалана білген. стамсыз, мақтаншақ бақа туралы айтар кезде «Жақсы тартар басыңды төрге сүйреп, / Жаман тартар төрдегіні көрге сүйреп», дейді. Әйелінің сөзін тыңдағысы келмеген еркек тотының аузына «Әйел бастап қылған іс оңбайды», деген сөзді салады. Ақын тілінің көркемдігін, маңыздылығын оның осы «Тотынама» атты мысалынан да байқай аламыз.
Димнә: «Бұл нақылды айтқан себебім мынау, мысалы, қаншама күшті болғанмен, қауіпті іске ешкім де бармауы керек. Өйткені ол қаза тапса, онда өз обалы өзіне, демек, ал егер жеңе қалса, онда бұл тағдырдың жазуы деседі. Ақылды адам соғысуға асықпайды, қулықты қолдануға оңтайлы тұрады, ең алдымен шамасы келерлік зұлымдықты жіңішкелеп іске асырады» [128, 114-б.]. деп түсіндірсе, Майлықожа бұл мысал арқылы басқаша ой түйеді:
Бала деп баласынба ақылы болса,
Сөзінде қариядай нақылы болса.
Қатын деп қатыннан да қапыл қалма,
Ілгері еркектен де ақылы болса.
Алысты жат көрмесе азаматым,
Шығарса мейман күтіп ердің атын.
Сол секілді әйелдің қадірін білмей,
Кемсіткеннің әйел деп өзі қатын.
Жақсы қатын - жігіттің жан жолдасы,
Десе де бәлкім «жаным» болмайды асы.
Үр болып ақыретте қосылады
Аумаса бір-бірінен ықыласы. [41, 13-б.].
Осылайша ақын екі тоты құстың арасында болған оқиғаны түсінікті етіп баяндау үшін ашықауыз, ұстамсыз, мақтаншақ бақаның басынан өткен жағдайды да кірістіреді. Сол арқылы еркек тотының ақымақтығын кеңінен дәлелдей түседі. Отбасында әйелдің де өзіндік орыны бар екендігін, түсінігі терең әйелдің сөзін жерге тастамау қажеттігін, ақылды әйелдің сөзіне құлақ аспаған ақымақ еркектің бір зауалға тап болатынын тұспалдап жеткізеді. Расында да, атамыз қазақ ақылы асқан әйелдерді ерлермен қатар қоятынын, қажет болған жағдайда елдік мәселелерді шешуге де араластыратынын меңзейді. Жұбайлар арасында осындай түсініспеушіліктер орын алмасын деп сақтандырады. Ақынның «Тотынама» атты мысал-дастаны тәрбиелік тағылымы терең, шағын отбасындағы оқиғаны мысалға келтіргенімен, әлеуметтік мәні зор мәселені көтере білген құнды шығарма.
«Қасқыр» атты мысал өлең «Кәлилә мен Димнә» кітабының «Құзғын мен әккі көгершін, егеуқұйрық пен тасбақа және ақбөкен туралы» деп аталатын тарауынан алынған мысал. Бұл мысал алғаш рет 1883 жылы Я.Лютш әзірлеген «Қырғыз хрестоматиясында» жарияланған. Кейінірек ғалым Ә.Оспанұлы ел аузынан жинап, жазып алып, 1947 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Сарыжай» деген атпен жарыққа шығарған. Екі жарияланымды салыстыра отырып қарастырғанымызда, пәлендей үлкен өзгерістер жоқтың қасы.
Майлықожа ақын жырлаған нұсқаға тоқталып өтсек. Шығарманың кіріспесінде ақын ә дегеннен-ақ оқиғада қандай тақырыптың көтерілетіндігін сездіреді. «Өкінер бұл дүниені жақын көрген» деуінен-ақ, шығармада дүниеқоңыздық, тойымсыздық, ашкөздік мәселесі сөз болатынын байқаймыз.
Бір күні бір сұрмерген киік аулап аңға шығады. Алдына бір топ киік сау етіп келе қалады. Мерген киікті қос өкпеден көздеп тұрып атып түсіреді. Киікті бауыздап болғаннан соң тағы да түлен түртіп қабан аулауға кіріседі. Қабанның касына жақындап барып кезеп тұрған оғын атып жібергенде, сарыжайдың оғы ырлап келіп мергеннің өзін жарады. Мерген де мерт болады. Жайрап жаткан лік пен қабанның, мергеннің иісін сезіп сол маңда жортып жүрген аш бөрі етіп келеді. Бөрі таудай болып үйіліп жатқан үш жемтікке де қанағат қылмай. алдымен сарыжайдың кірісін қажауға кіріседі. Сол сәтте ағаштың бір ұшы берінін тұмсығына сарт етіп қадалады. Дірдектеп қаны сорғалайды. «Күрек тісі түбінен омырылып, қаны шыққан жерінен жаны шығады». Осылайша бөрі де езінің тойымсыз, нысапсыз мінезінен мертігеді. «Кәлилә мен Димнәда» жыртқыш аң аш қасқырдың өзі тапқан олжасын азіне қимайтын сараңдығы, тойымсыздығы жөнінде айтылса, Майлықожа бұл окиғаны біршама өзгертіңкіреп, аш қасқырға қоса аңға шыққан мергенді де канағатсыз адам ретінде көрсетеді. Түпнұсқада мерген ақбөкенді атып алганнан соң үйіне қайтып бара жатқан жолда алдынан қабан шығып, ол аншыға қарай тұра ұмтылса, ақын жырлаған нұсқада аңшының өзі «түлен түртіп» бір қалың жердегі доңыздың жатағына барып қабан аулауға кіріседі. Әрине, ақын оқиғаны қазақы таным-түсінігімізге барынша жақындатып суреттеген. Аш қасқыр сынды тойымсыз адамның бейнесін бедерлі оқиғамен суреттей білген. Шығарма қорытындысы өте әсерлі, оқушыға ой саларлық ақыл-нақылмен аяқталған.
Қызығы бұл дүниенің балдан тәтті,
Көңілге бек сақтағын қанағатты.
Ырызғысын қанағат қылған ерлер
Әр жерде арқаламас жаманатты.
Қанағат бұл дүниеде қылған жақсы,
Мұнда - дәулет. Таңда да - иман жақсы.
Бермек, алмақ Тәңірінің өзінен де,
Әр іске сабыр қылып тұрған жақсы. [31, 479-б].
Оқиға он бір он екі буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Бас аяғы он екі шумақты құрайды.
«Аңқау мен қу» «Кәлилә мен Димнәнің» «Димнә ісінің тексерілуі туралы немесе қара басының қамын көздеп, басқаға қиянат жасамақшы болған адам және оның ісінің немен тынғаны жайында» деп аталатын тараудан алынған мысал. «Кәлилә мен Димнәда» бір ақкөңіл адам мен жауыз адам жолдас болады. Олар бірігіп саудагерлікпен айналысады. Екеуі бір күні жол үстінде жатқан мың қаралы алтыны бар әмиян тауып алады. Екеуі де өз үйлеріне қайтуға жиналады. Ақкөңіл дос тапқан алтынымызды теңдей бөлісіп алайық дейді. Қу адам бұл сөзге келіспей, қалай да олжаның көбісін өзіне алып қалудың амалын ойлайды. Ақыры бір қулық ойлап табады. «Мұны бөлмейік, серік болу, тең болу әрқашан адалдық пен тазалықты сүйеді, сен мұнан жұмсауға керегін ғана ал, мен де сондай алайын, қалғанын жасырып тығып қояйық, керек болған кезде екеуміз келіп керегімізше алып тұрамыз» [128, 118- 6.1, - дейді. Ақкөңіл адам «жарайды» деп бұл ұсынысқа келісе кетеді. Өздеріне қажетті азын-аулақ ақшаны бөлісіп алады да, қалғанын үлкен ағаштың түбіне көміп кетеді. Жауыз жолдас көп ұзамай-ақ жасырынып келіп ағаштың түбіндегі алтынның бәрін алып кетеді. Бірнеше ай өткеннен соң ақ көңіл дос қаражат керек болып әлгі қу жолдасына барады. Жолдасы түк болмағандай баяғы алтынды тыққан жерге барып, ағаштың түбін қазады. Көмген алтың абылмайды. Жауыз жолдас сол жерде шашын жұлып, байбалам салып: «Еш уақытта бөтен адамға сенуге болмайды екен, қай кезде де бауырыңа да, колдасыңа да бейқамдық істеу керек емес екен. Осы динарды жасырын келіп сен алдың», - деп жанындағы досына жала жауып жармаса кетеді. Аңқау дос алмағанын айтып ақталады. Қу жігіт аңқау досын ертіп қазыға барады. Барлық жайды баяндайды. Ақшаны алған осы деп ақкөңіл досын көрсетеді. сенерін білмеген қазы: «Осы айтқандарыңа дәлелің бар ма?» - деп сұрайды. Кімге Залым: «Менің куәм түбіне ақша көмілген ағаш!» - деп айтып салады. Мұндай жауапқа таңырқаған қазы оның сөзіне күдіктене қарайды. Кепілге алатын кісіні тауып ертесіне алтын көмілген ағаштың түбіне баруға келіседі. Осы сәтте залым үйіне шапшаң жүгіріп келіп, әкесінен көмек сұрап жалбарынады. Агаштың ішінде кісі сыятын қуыс бар, мен әуел бастан бәрін ойластырғанмын, сен түнделетіп барып сол ағаштың ішіне кіріп отыр. Қазы келіп ағаштан «ақшаны алған кім?» деп сұрағанда, қуыстан даусыңды шығарып: «Ақшаны алаңғасар алған», - деп жауап берсең болды. Барлық ақшаны біз аламыз, алаңғасардан тағы да ақша өндіреміз, - деп әкесін үгіттейді. Әкесі ашуланып: «Ой, сұм балам-ай! Кейде қулық мына жабайы үйректің басынан өткен уақиға тәрізді сол қулық істеушінің өзін пәлеге кіріптар қылушы еді», - деп осыған ұқсас оқиғаны мысалға келтіреді. Залым бала әкесінің айтқан нақылын құлаққа да ілмей, өз айтқанынан қайтпайды. Әкесі амалсыз баласының айтқанына көніп, әлгі ағаштың қуысына кіріп отырады. Келесі күні қазы мен алаңғасар, және залым үшеуі ағаштың түбіне барады. Айтқандай-ақ қазы: «Сенің берер куәлігің бар ма?», - деп сұрағанда шал ағаштың қуысынан: «Иә, бар. Ақшаны алған ақ көңіл, алаңғасар», - деп қоя береді. Ағаштың сөйлегеніне таңқалған қазы мұнда бір шикіліктің бар екенін байқайды. Ағаштың қуысына көзі түсіп кеткен сәтте, ішінде адамның отырғанын сезіп қояды. Қайта үңіліп қараса, ешнәрсе көрінбей қалады. Ойланып тұрып сол маңнан отын жиғызып, «ағашты өртеңдер», - деп бұйырады. Жауыз жігіттің әкесі ағаштың қуысында бір сағатқа дейін әзер отырады. Әбден шыдамы таусылған соң айқайлап, жұртты көмекке шақырады. Қазының бұйрығы бойынша суырып алса, шал өлуге таянған екен. Сонда қазы залымның кінәсін мойнына қойып ақшаны төлетеді. Залым өлген әкесін арқалап кетсе, ақ көңіл алаңғасар адам барлық ақшаны алып үйіне кайтады» [128, 118-121 бб.].
Майлықожа ақын жыр еткен бұл оқиғаның ерекшелігі «Кәлилә мен Димнәда» әлгі арамза достың әкесі ағаштың ішінде отырамын деп өртеніп, алып шыққаннан соң өліп кетеді. Оқиға соңында залым дос әкесінің өлі денесін арқалап оған қосымша ұрлаған ақшасының орнына айыппұл төлейді. Ал Майлықожа болса бұл оқиғаны оқырманға әрі қызықты, әрі мазмұнды болу үшін біршама өзгертіңкіреп, күлкілі етіп аяқтайды. Майлықожа ақын жырлаған мысал қазақы таным-түсінігімізге етене жақын. «Кәлилә мен Димнәда» екі жігіттің де кәсібі саудагершілік болса, бұл жерде залым жігіттің ғана кәсібі саудагершілік, ал аңқау достың бар тірлігі үйінде бес уақыт намазын оқып, «Ошақтың үш бұтынан бере көр», - деп тәңірден тілеу болады. Екінші бір өзгешелік, баласының ұсынысын қабыл алғысы келмеген шал «Кәлилә мен Димнәда» жабайы үйректің басынан өткен оқиғаны баяндап айтып береді. Бұл оқиғаны Майлықожа ақын кірістірмеген. Үшінші бір өзгешелік, шығарма соңында ағаштың қуысында жалған куәлік беріп тұрған әкесі тірі қалып, әкелі- балалы екеуі де көріп тұрған жұртқа күлкі болады. Залым жігіт өзінің шексіз кулығының кесірінен саудагерлік кәсібімен де айналыса алмай қалады. Оның ақша үшін әкесін өлтіруден де тайынбайтын жауыздығы, залымдығы бүкіл шаһар жұртына жария болады. Ақын шығарма соңында адам баласының бойына жамалған жамандықтың, тағылған жаман аттың ешуақытта кетпей, қара күйе сияқты таңба болып қалатындығын айтады:
Қу ағаштың басына жапырақ қонбас.
Кулықпенен еш адам сірә оңбас.
Ылажсыздан дұшпанға істетпесең,
Мекерліктің ұрығы ексе болмас.
Еш адам байымайды ұрлықпенен,
Момын адам байиды шындықпенен.
Басы жақсы болса да түбі жаман,
Білсең де жолдас болма сұмдықпенен.
Жаман сөз ар ибаны зада қылған,
Суға салсаң кетеді боқ жағылған,
Жамандықтан әл келсе қашық боңыз,
Бұл адамда қалмайды ат тағылған [31, 497-б.].
Аңқаулық - адамды қаншама әбігерге түсіретін, әуре сарсаң ететін қасиеттердің бірі. Бұл мінез ұлтымызға әуел бастан-ақ бейтаныс емес. Ұлтымыздың аңқаулықтан азап шеккен тұстары көп, сондықтан кейде қазақ атына «аңқау қазақ» деген айқындауыштың да қатар айтылатындығы жасырын емес. Майлықожа осы мінезді де шығыстық сюжеттерге сүйене отырып шебер шенеген.
Ақынның келесі бір мысал өлеңі «Момын» деп аталады. Шығарма кіріспесінде бұл дүниенің ешкімге дос болмайтындығы, ханға да, патшаға өлім ортақ екендігі келісті шумақтармен айтылады.
Жаман болсаң табарсың жазығыңды,
Жақсылық - ақыреттік азығың-ды.
Басқа жаққа кете алмас арқандаулы ат,
Ақыры кеп табады қазығыңды.
Кей адам ақылы жас, өзі кәрі,
Арпа еккен тұқымнан бітпес тары.
Жамандық жақсы болып пайда бермес,
Насиқат бұл сөзімнің білсең бәрі. [41, 13-б.].
Шығарманың кіріспесі осындай өнеге өсиет сөздермен басталады. Негізінен бұл мысал басты-басты үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде адам баласына жамандығы жоқ момын адам бір ханнан сыйлыққа тон киеді. Тонды киіп үйіне қайтып бара жатқан жолда бір ұры ездесіп, қасынан қалмай ере береді. «Мен сізге мұрт боламын» деп майда ілімен алдап, бірнеше күн шарқ ұрып қызмет қылады. Ақыры бір күні уапысын тауып тонды да алып, үйін де тонап тайып тұрады. Момын адам: Койшы қылған екенмін бөріні» деп санын соғып өкінеді. Енді ол бір жерден кездесіп қалар деп ұрыны іздеуге шығады. Момын адамның аңқаулығы соншалықты әлгі қасында бір екі күн қызмет етіп жүрген адамның атын да білмейді. Момын өзін тонап кеткен адамды іздеймін деп жүріп жол үстінде бірнеше оқиғаларға тап болады. Ол ең бірінші сүзісіп тұрған екі құлжаның қанын жалап, біреуі өлсе екен деп жамандық ойлап тұрған түлкіні кездестіреді. Түлкі би екі құлжаға жамандық ойлап тұрған кезде бір сүзісте бірінің мүйізі түлкіге қатты тиіп, ойлап тұрған жамандығы өзін табады. Дәл осы оқиға «Кәлилә мен Димнәда» екі үш сөйлеммен ғана қысқаша түрде айтылса, Майлықожа мұны бес шумақпен баяндап, осы оқиғаның өзінен оқырманға бір қорытынды ой айтады.
Момын тап болған екінші оқиға Кент жақтағы бозагер әйелдің үйінде өтеді. Бұзық әйел өзінің қарамағындағы қызметкер кәнизәгін азғырып, теріс жолға салып, одан түскен пайданы өз қалтасына басып жүреді. Кәнизәк күндердің күнінде бір жігітке құлай ғашық болып, өзге ешкімге қарамай қояды. Мұны сезген бұзық әйел кәнизәк ғашық болған жігітті өлтірудің амалын қарастырады. Жігітке арақ пен боза беріп әбден мас қылады. Түтіктің ішіне у салып, жігіттің аузына үрлеймін деп жақындата берген сәтте түтікшедегі у әйелдің өзінің аузына кіріп кетеді. Өзгені өлтіремін деп дайындаған уды байқаусызда өзі жалап өліп кетеді.
Майлықожа аңқаулығынан азап шегіп, жоқ іздеген жолаушыны Момын деп атайды. «Кәлилә мен Димнәда» ол адамның есімі Тақуа деп аталады [128, 87-б.]. Ол бір үйге мейман болып қонады. Қонған үйдің егесінің бірі етікші болса, көршісі күләпәші (бала сүндеттеуші) болады. Ақын бұл жерде де күйеуінің көзіне шөп салып, жеңіл жүрісті кәсіп еткен етікшінің әйелі мен көрші бала сүндеттеушінің әйелінің іс-әрекетін баяндайды. «Кәлилә мен Димнәда» етікшінің көршісінің кәсібі шаштараздық болса, Майлықожа оны қазақы ұғымға лайықтап күләпәші - бала сүндеттеуші деп алған.
Момын куә болған үшінші оқиға етікшінің үйінде өтеді. Үй егесі етікшіні өзінің жақын досы тойға шақырады. Ол әйеліне келген қонақты жақсылап күт деп тапсырып жолға шығады. Күйеуі кете салысымен әйелі көрші күләпәшінің әйелі арқылы өзінің көңілдесіне тез келсін деп хабар айтқызады. Сол уақытта етікшінің өзі де бір нәрседен сезіктеніп үйіне қайтып келеді. Етікші өз әйелімен өзге бір еркектің отырғанын көріп қалады. Әйелінің көңілдесі тұра қашады. Етікші әйелін сабап-сабап үйіндегі ұстынға байлап тастайды да өзі ұйықтап қалады. Осы сәтті аңдып тұрған көрші әйел көңілдесің келіп тұр деп қайтадан шақырады. Етікшінің әйелі ұстында таңулы тұрғанын, үйден ешқайда шыға алмайтынын айтады. Мұны есіткен күләпәшінің әйелі оны босатып орнына өзі таңылып тұрып алады. Етікшінің әйелі өзінің көңілдесіне жолығып ұзақ уақыт келмей қояды. Күләпәшінің әйелі ашуланып қорқа бастайды. Сол уақытта етікші де ұйқысынан оянып, дауыстап әйелінің атын атайды. Бірақ әйел жауап бермейді. Сөйлесем даусымнан танып қояды деп дыбысын шығармай тұра береді. Етікші ашуланып, атып тұрып таңылып тұрған әйелді өз әйелім деп ойлап, шашы мен мұрынын кесіп алады. Күләпәшінің әйелі сонда да корыққанынан үнін шығармайды. Етікші қайта ұйқыға кеткен сәтте әйелі көңілдесімен жолығысып келіп қайтадан өз орнына таңылып тұра қалады. Шашы мен мұрынынан айрылған күләпәшінің әйелі елге не бетімді көрсетемін, еріме не айтамын деп жылай жөнеледі. Етікшінің әйелі де күйеуін алдаудың амалын қарастырады. Сөйтеді де өтірік жазықсыз адамша Құдайға жалынып, «жазықсыз кесілген мұрнымды бітіре көр», - деп дауыстап жылайды. Сонда күйеуі: «Ақымақ, жәлеп, бір кесілген мұрын қайтадан біте ме екен» деп айқайлайды. Ол өз әйелінің мұрнын емес, көрші әйелдің мұрнын кесіп алғанынан мүлде хабарсыз болады. Бір уақытта әйелінің мұрнының өз қалпына келгенін көріп, шынымен мен мұны орынсыз жазғырған екенмін-ау, жазықсыз болғандықтан Құдай мұның мұрнын қайта қалпына келтірген екен ғой деп ойлайды да, әйелінің алдына жығыла кетіп, «жазығымды кешкін» деп жалбарынады. Әйелі: «мұнан былай көңілімді қалдырмасаң, жазығыңды кештім», деп күнәсіз адамдай кеңшілік жасайды. Бұл уақытта шашы мен мұрнынан айрылған көрші күләпәшінің әйелі де өз кінәсін күйеуіне жабудың жолын іздейді. Күйеуі таң сәріден тұрып бала сүндеттеуге жиналады. Әйеліне «аспаптарымның бәрін әперіп жібер» дейді. Әйелі есітпеген адамдай екі-үш қайтара айтқызады да, аспабының біреуін ғана алып береді. Ашуланған күйеуі орнынан ұшып тұрып әйелін қолындағы бәкісімен атып ұрады. Осы сәтті күтіп тұрған әйелі мұрнын ұстап, ойбай салып «мұрнымды кестің» деп күйеуіне жабыса кетеді. Шыңғырған дауысты естіп лезде он, он бес кісі жинала кетеді. Қан болған бәкіні қолына ұстаған күйеуі шынымен де есі кетіп, қорқып қалады. Әйелінің төркіндері де жиналып, «қандай жазығы бар екендігін ел алдында айт» деп жағасынан сүйретіп бектің алдына алып барады. Елдің бәрі күләпәшіні қаһарына алып, шариғат бойынша жазалансын, «қанға - қан» деп дүрлігеді. Бектің шешімі бойынша «мұрнын кесіп ал» деп өкім қылады.
Осының бәріне куә болып, көзімен көріп, бақылап жүрген Момын жол үстінде ең бірінші көрген оқиғасында құлжаға өлім тілеп, өзі өлген түлкінің жайын, кәнизектің сүйген жігітін өлтіремін деп өзі мерт болған бұзық әйелдің мекерлігін айтады. Үшінші қонған үйінің көршісі күләпәшінің де ешқандай кінәсі жоқ екендігін жайып салады. Жұрт өтірік сөз айтуды білмейтін Момынның сөзінің растығына күмән келтірмейді. Ақиқатты айтқан Момынға бірталай мал береді. Өзінің кінәсін жуып шайу үшін күйеуіне қастандық ойлаған әйелдің арам ойы да айналып келіп өзін табады. Момынның куәлігінен соң жала жапқыш әйелді таспен ұрып өлтіртеді.
Майлықожа осы «Момын» деп аталатын бір мысалдың өзінде үш түрлі жағдайды суреттейді. Үшеуінде де өзгеге жамандық ойлаған адамның өзі жазаланатынын, біреуге қазған орға өзінің түсетінін ескертеді.
Жақсылық отқа күймес, суға батпас,
Гауһар тас жарық қылмай жерде жатпас.
Қолдан келсе етіңіз жақсылықты,
Жақсылықты еткендер жаман таппас [41, 21-б.], -
деп шығарма соңында өзіндік ой-тұжырым жасайды. Бұл шығармада нәпсіқұмарлықтың, жеңіл жүріске салынудың соңы жақсылыққа апармайтынын далелдейді. Жарға деген адалдық, ұстамдылық пен қанағат жоқ жерде қайғы- қасірет орын алатынын көрсетеді.
Қазақ поэзиясына Шығыс классикалық әдебиеті дәстүрінің ықпалын зерттеген Г.Есіркепова: «Мысал-хикаялар композициясында авторлық түйіндеулердің жырлануы тұрақты дәстүр. Аллегориялық бейнелеулерді әр түрлі оқиғалар бойынша үйлестіре келе ақындар ылғи шығармасының соңында үнемі қорытынды түйін жасайды. Бұл - қазақ поэзиясындағы азаматтық сыншылдық көзқарастардың халық эстетикасы аясында дамыған игі үрдіс» [22. 22-б.], - дейді.
Майлықожаның «Тотынама», «Қасқыр», «Аңқау мен қу», «Момын» деп аталатын мысалдарының негізгі желісі «Кәлилә мен Димнәдан» алынғанымен, ақын бұл мысалдарды ұлттық ерекшеліктерімізге, дәстүрімізге орайластыра, түрлендіре жырлаған. Әрбір оқиғадан соң авторлық түйіндеулер жасап, оқырманға ой салады. «Тегінде, белгілі сюжет негізінде шығарма жазған ақындардың қайсысы да түпнұсқаны іздеп, не түпнұсқадан ауытқымауды қадағалап жатпаған. Оның себебі, олар шығарманы аудару емес, соның негізінде өз туындыларын жасауды көздеген. Сондықтан түпнұсқада негізгі желіні алып, оны өздерінің идеялық-көркемдік мақсат-міндеттеріне лайық өзгертіп, түрлентіп отырған» [19, 129-б.].
Майлықожа араб ертегісі «Мың бір түннің» сюжеттерімен үндес, «Патша мен үш ұры», «Үш жігіт» атты мысал-хикаяларын жазды.
«Патша мен үш ұры» мысал-хикаясының қысқаша мазмұнына тоқталсақ. Күнде кешкілік ел аралап, халықтың жай-күйін өз көзімен көретін патша бір күні қызықты оқиғаға тап болады. Ол мазарат маңында патшаның қазынасына ұрлыққа түсу туралы кеңес құрып отырған үш ұрының әңгімесін есітіп қалады. Патша оларға мен де шаһарға жаңадан келіп, серік таппай жүрген едім деп мұңын шағып, төртінші адам болып қатарға қосылады. Шаһарға келгендеріне апта болған үш ұрының бойында үш түрлі өнер болады. Бірі иттің тілін білсе, екіншісі жақұт, гауһар тұрған жерлерді сыртынан шертіп-ақ ажыратады. Үшіншісі, түнде көрген адамын күндіз де жазбай таниды. Біздің жайымыз осы, «сенде қандай өнер бар?», - деп патшаға қарайды. Патша: «әрқандай жерлерде адамдарды өлімнен арашалап алып қалатын өнерім бар», дейді.
Патшаға кездескен үш ұрының бойындағы адамгершілік, қанағатшылдық қасиет қазынаға түскен сәтте көрінеді. Патша оларды сынау үшін: «Мұндай байлықты көрген емес едік, қанша алсаңдар да еріктеріңде», - дейді. Үш ұрының бойындағы азға қанағат ететін қасиетті ақын дәл тауып жеткізе білген.
«Көп алып болмас» деді серіктері-ай,
«Қызықпа қазынаны көріп?» - деді-ай.
«Аз алып, көп қанағат қылмақ керек,
Нысаптың жақсы - дейді - беріктері-ай! [41, 70-б.].
Патша сонда да келіспей, жеті сандық қазынаның бәрін алайық деп тұрып алады. Ары тартып, бері тартып жүріп төрт сандық гауһарды көтеріп кетеді. үш ұры ұйқыға кеткенде Патша өз сарайына кетіп қалады. Осы жағдайдан соң датша қазынасын сеніп тапсырған қазынашының қандай адам екенін танып біледі. Қазынашы таң азанымен жылап келіп, «Гауһар тұрған жерге үш ұры келіп, жеті сандық гауһардың бәрін көтеріп кетіпті», - деп шағымданады. Патша қазынашының ұрылардан да өткен ынсапсыз, тойымсыз адам екеніне көз жеткізеді. Патша үш ұры мен жоғалған сандықтарды тауып келу үшін үәзірлерін жұмсап жібереді. Уәзірлері үш ұрыны ұйықтап жатқан жерінен жетектеп алып келеді. Олар Патшаға жалбарынып: «төртеу едік, бір адамымыз кетіп қалды», - деп өз кінәларын мойындайды. Ұрылар: «осының бәрі қанағатсыздықтан болды», - деп өздерін жазғырады. Үш ұрыны дарға асқалы тұрған кезде түнде көргенін күндіз жазбай танитын ұры: «Бас денеден ажырар уақыт болды, / Тақсыр-ай, мойлауды бір бұраңыз-ай», - дейді. Сонда Патша: «Үшеуіне өлім жоқ», - деп үшеуінің де ынсаптылығына, қанағатшылдық қасиетіне тәнті болғанын, түндегі ұрлықта қастарында қатар жүргенін айтып дардан босаттырады. Қанағатсыз қазынашыны дарға асуға бұйырады. Патша қандай сәтте де ынсап пен қанағатты сақтай білген үш ұрының мұндай іске тек жоқшылықтан ғана барғандықтарын ескеріп, үшеуін де өзіне сенімді уәзір етіп алады. Ақын шығарма соңында:
Қанағатты бендеге ынсап жолдас,
Еш іске бейынсаптың көңілі толмас.
Қанағатта пайда көп ойлағанға,
Бейқанағат бенденің қарны тоймас.
Қанағат тойғызады қарыныңды-ай,
Жақсылық халыққа жаяр сарыныңды-ай.
Кейде құшуақ, кей күнде нақұш болып.
Кейде тұрар заманың тарылып-ай.
деп бейқанағаттыққа берілген пенденің ақыры жақсы болмайтындығын айтып сақтандырады.
Ақын араб ертегісі «Мың бір түнді» өзіндік нақышпен түрлендіре жырлаған. «Үш жігіт» [31, 481-482 бб.] мысал-хикаясында күтпеген олжаға кездесіп, бір құмыра алтын тауып алған ағайынды үш жігіттің шайтанның азғыруына еріп, табылған қысапсыз қазынаны бір-бірінен қызғанып жүргенде үшеуінің де өліп кететіні мысалданады. Күні-түні байдың қолында бейнеттеніп жүрген ағайынды үш жігіт егін басында арық шауып жүріп, бір құмыра алтын тауып алады. Оңай табылған олжаны өзара бөліскелі жатқанда шайтан келе қалып, олармен жолдас болады. Аштықтан басы айналған бауырлар: «Ас жемеген кісіде ақыл болмас» деп, бірінші тоя тамақ жеп алу үшін ең кіші інілерін базарға тамақ алып келуге жұмсайды. Осы арада шайтан келіп: «екі ағаңды да өлтіріп, алтынның бәрін өзің ал», - деп кіші баланың көңіліне арам ой салады. Ол шайтанның айтқанын орындап, базардан өзі ғана әбден тойып алып, екі ағасына деп алған тамағына заһар қостырып алады. Дәл осы мезетте шайтан егіс басында қалған екі ағасын да азғырып үлгереді. «Алтынды үшке бөлсең, аз-ақ қалады, екіге бөлсеңдер көптен тиеді» деп кіші інілерін өлтіруге сандіреді. Екеуі де әзәзілдің айтқанына көніп, шайтанның жетегіне еріп, тамақ алып келген інілерінің мойнына бірден тұзақ салады. Енді байлықтың бәрі азімізге қалды ғой деп көңілдері жай тауып, заһар қосылған ет пен нанды жеп, жандарымен әлек болып, інілерінің артынан олар да өліп кетеді. Шығарма соңында жаманшылық қасиеттердің бәрін бойына жинаған шайтан өз дегеніне жетеді. Ақынның айтар ойы - көңілін шайтан азғырған адамның дүниеқоңыздыққа салынып, қызғаныштың қызыл итіне еретіндігі, қанағатсыздықтың түбі - қайғыға ұшырататындығы.
Ақынның «Папор патша» немесе «Жақсы Найып» деп аталатын хикаясы «Тотынама» атты ертегілер топтамасынан алынған. Бұл «Тотынаманың» қырқыншы түнінде айтылатын «Қытай патшасы, сурет салған уәзір, Рум ханымын Қытай патшасының алуы жайындағы әңгіме» сюжеттеріне сәйкес келеді. Аталған туындыда асқан ақыл иесі болмаса да дана уәзірінің көрегенділігінің арқасында ел басқарған патшаның басынан өткен оқиға баяндалады. Шығарманың қысқаша мазмұны төмендегіше:
Ертеде ел басқарған Папор атты Қытай патшасы болады. Оның барлық істерінде ақылына ақыл қосатын дана уәзірі бар екен. Уәзір патша алдына қалаған уақытында еркін кіріп, еркін шығып жүретін дәрежеге ие болады. Бірде Папор патша қатты ұйықтап жатқан кезде уәзірдің кірген дыбысына патша оянып кетеді де, қылышын қолына алып, уәзіріне қарсы ұмтылады. Көмекшілердің бәрі жабылып жүріп дана уәзірді ажалдан арашалап алып қалады. Патша әбден ұйқысынан арылғанда көмекшілердің бірі «не себептен ақылды уәзірді өлтірмек болдыңыз?», - деп сұрайды. Сонда Папор патша түсінде дидары айдан да көрікті сұлу қызды көріп, ес-түссіз ғашық болғандығын, тілдескелі тұрғанда уәзір кіріп келіп оятып жібергенін, сол себептен қатты ашуланғандығын, қызбен сөйлесе алмай қалғандығына қатты өкінгендігін айтады. Дана уәзір асқан ақылман ғана емес, оған қоса теңдесі жоқ ұста, суретші болады. Патшаның жағдайын есіткен уәзір оның айтуы бойынша қыздың сұлу бейнесін, тұрған сарайын сурет қылып салып, үлкен жолдың үстіне көрінетіндей етіп тақтайға жапсырып қояды. Өткен-кеткен адамдардан «Осындай қызды көргендер бар ма?», - деп сұрастыра береді. Күндердің күнінде жаһан кезген жолаушы суретке таңырқап, ұзақ қарап тұрады. Сонда уәзір оның таныс адамды көргендей таңырқағанын тез байқап: «Бұл сурет кімге ұқсайды, бұл өзі кім еді?», - деп сұрастырады. Жолаушы: «Мен жаһан кезген жолаушымын. Ертелі-кеш осындай жүріспен күн өткіземін. Бұл Рум патшасының сұлу қызы, әлемде онан асқан сұлу жоқ», - деп қыздың жағдайынан хабар береді. «Оның ерге шықпай жүрген бір себебі бар. Сұлу қыз бір күні тау ішінде жүрсе, лапылдап жанған отты көреді. Балапандарын ерткен ерлі-зайыпты екі тауысқа көзі түседі. Алаулаған өрт ұяларына түсіп жанған уақытта еркегі тұра қашады да, жалын тиіп өртенген балапандарын қия алмағана ұрғашысы солармен бірге отта қалып, күл болып кетеді. Бұл оқиға сұлу қызға қатты әсер етеді. Патшаның сұлу қызы: «Әйел тайпасы мұндай мейірбан болғанда, еркек жыныстылар бейопа болады екен-ау», - деп еркек атаулыдан көңілі қалып, тұрмысқа шығудан бас тартқандығын баяндап, жаһангер қыз туралы көрген-білгендерін жайып салады. Уәзір барлық кіткендерін, қыздың еркек атаулыдан көңілі қалып, әлі күнге тұрмыска пықпай жүргендігін қуана хабарлайды. Папор патша тез арада жиналып, Румға аттанады. Уәзірі салған суретті қолына ұстаған патша Румдағы патша сарайын көріп, түсінде көрген мекен екендігіне шүбә келтірмейді. Қыз көңілін қалай да патшаға аударуды ойлаған уәзір сарай ішінде керемет суреттер салып, елді таң калдырады. Жұрттың мақтау сөзі қыз құлағына да келіп жетеді. Сұлу қыз экесіне Қытай жақтан керемет ұста келіпті, мен де сарайыма нақыш-сурет салдырсам деймін деп өтініш білдіреді. Уәзір қыз өтінішін мойнына алып, сарайды әр түрлі нақыштармен безендіріп, қызға арнайы жәннат мекенге ұқсас сарай салады. Оған қоса тақта отырған патшаны, алдындағы миуалы бау- бақшасын да сурет қылып салып қояды. Қайран қалған қыз: «суреттегі бояу кімдікі, тақта отырған кім?», - деп сұрайды. Сонда уәзір: «бір күні Папор патша сейіл құрып өзен жағалап келе жатса, лағы бар ерлі-зайыпты екі киікті кереді. Олар үлкен арықтан су ішіп тұрған сәтте, арықтың оң жағынан бір қатты сел келеді. Бүрсеңдеп қаша алмай жатқан лақтарды сел ағызып әкете бастайды да, еркегі оларды құтқару үшін жанұшырып келіп суға түседі, ал ұрғашысы қырға қарай қаша жөнеледі. Еркек киік жалғыз өзі лақтарын құтқара алмай өзі де солармен бірге суға ағып мерт болады. Сол оқиғаны көзбен көрген Папор патша: «Әркімге ғибрат болсын деп осы суретті салдырды» - деп жауап береді.
Бұл оқиғаны есіткен патшаның сұлу қызы: «Ой тоба, әйелдерді пәлен деуші едім, мен еркек халқын ғана бейопа деп жүрсем, әйелдерде де бейопалық болады екен-ау», - деп таң қалып, тұрмысқа шықпаймын деген райынан қайтады. Уәзірге: «Пашаңыздың ісінен қандай жан екендігін болжадым», - деп ризашылығын білдіреді. Әкесіне келіп, «Мені Папор патшаға бер», - деп арыз айтады. Әкесі: «Сенің ұнатқаның болсын», - деп тілегін қабыл алып, ұланасыр той жасап, қызын Папор патшаға ұзатады [31, 217-223 бб.].
Майлықожа жырлаған нұсқаның «Тотынамадағы» оқиғадан айырмашылығы айтарлықтай көп те емес. Екеуінде аздаған ғана айырмашылықтар бар. «Тотынамада» Фағфур патша ұйқыдан оянғаннан соң да өз-өзіне келе алмай, өзінің бармағын өзі тістеп, үстіндегі киімдерін жыртып, айғай салады. Және түсінде көрген теңдесі жоқ сұлу қызды ұзақ уақыт бойы күтеді. Әйтеуір бір табармын деген үмітпен өмір сүреді. Көп жылдар өткеннен соң, «кураған шөптей бозарып, шашына ақ кіргеннен» [129, 246-б.] соң барып, қыз туралы бір дерек есітеді. Ал Майлықожа ақын жырлаған нұсқада дана уәзір патшаның түсінде көрген сұлуын көп уақыт өтпей жатып-ақ тауып береді. Және Майлықожа бұл оқиғаға қыздың әкесін, яғни Рум патшасын да кірістіреді. Сұлу қыз өз әкесінен рұқсат сұрап барып, Қытайдан келген ұстаға нақыш-сурет салдырады. Қыз әкесі - Майлықожа ақынның өз жанынан қосқан кейіпкері. Дастан соңында Рум патшасы, яғни қыздың әкесі ешбір еркек атаулыға илікпейтін жаннан асқан сұлу қызын Қытай патшасы Папорға ұланасыр той жасап ұзатады.
Ә.Оспанұлы атап көрсеткендей, «Жақсы найыпта» ақылы алысты болжай алмайтын, жасанып келген жауға артық қайрат көрсетер күші жоқ, әрі-беріден кейін түсінде жаһаннан асқан сұлу қыз суретін көріп соған ғашық болатын, сол атқанында абайсыз үстіне келіп ұйқысын бұзып жіберген бас уәзіріне эштесетін әумесер патшаның елін билеп, жұртқа жағып отырғаны ақылы зерек, олы өнерлі бас уәзірдің арқасы, қызмет адамының бәрі сондай болғаны жақсы еген пікір айтылады [11, 125-б.]. Майлықожа ақын дастан соңында:
Ұлықтың ақылдасы жақсы найып,
Жақсы найып шығарар даңқын жайып.
Жолдас жақсы болмаса жол болмайды,
Мерт болады аяғы ақыр тайып [31, 223-б.], -
деген ой қорытады. Тек ел билеуші басшының ғана емес, кез-келген аламның жанындағы жолдасы жақсы болса ісіңнің де оңғарылып, жақсы жолға түсетіндігін меңзейді.
Дәл осындай сюжетке негізделген «Данышпан уәзір» атты ертегі және «Сыршы молда», «Мәлік» атты дастандар бар. «Данышпан уәзір» ертегісі 1892 жылы ел аузынан жазылып алынып «Дала уалаяты газетінің» №23 санында жарық көрген [130, 388-390 бб.]. Ал «Уәзір» ертегісін ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Г.Н.Потанин Сырымбетте Қарке деген ертегішіден жазып алып, 1916 жылы «Живая старина» деген жинаққа жариялайды. Бертін келе 1972 жылы бұл ертегі қайта басылып жарыққа шыққан [131, 145-147 бб.]. «Мәлік» дастаны да жыршы Ертай Құлсариевтің жинастыруымен кітап болып басылып шықты [132, 155-172 бб.]. Аталған ертегі мен дастандардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары зерттеуші Ж.Рақышеваның мақаласында жан-жақты талданған [120, 147-152 бб.].
Майлықожа ақынның «Зәйіт ұры» [41, 82-100 бб.], - деп аталатын шығармасының көлемі де қомақты, оқиғасы да өте қызықты, ерекше тартымды. Жоғарыда тоқталып өткен «Жақсы найыпта» тақта отырған патшаның ақымақтығы турасында айтылса, «Зәйіт ұры» шығармасы керісінше ақылды патшаның өнегелі ісін насихаттайды. Ақын мұнда елді де, патшаны да есінен адастырған айлалы да ақылды Зәйіт есімді ұрының басынан кешкен оқиғаларын баяндайды. Өмір бойы ұрлықты кәсіп етіп, мал жанын асырап, жасы жетпістерге жақындаған әке бір күні аһ ұрып қатты өкінеді. Жеті жасар баласына мен өзімнің бойымдағы өнерімді саған үйрете алмай кетіп барамын деп арманда болады. Баласы: «қандай өнеріңіз бар еді?», - деп елең ете қалады. Әкесі: «ұядағы сауысқанның тұқымын тыпыр еткізбей ұрлап алатынмын, «Білінген емес ешкімге, менің қылған «бастаңғым», - деп мақтанады. Шал баласын қалың тоғайға ертіп барып, сауысқанның тұқымын қалай ұрлау керектігін көрсетіп тұрған сәтте, баласы әкесінің шалбарын байқатпай шешіп алады. Баласының ептілігіне риза болған шал «жасың ұзақ болсын», - деп арқасынан қағады. Зәйіт әкесінен де айласы асқан әккі ұры болады. Патша казынасына ұрлыққа түсіп, басқан ізін білдірмей қашып кетеді. Патша ұрысын тыямын деп қандай әрекеттер жасаса да, Зәйіт ұрының айласы патшаның алдын орап кетіп жүреді. Амалын тауып Зәйіттің әкесін қолға түсіргенімен, баласын баса алмайды. Айлалы бала патша қолында қалып қойған әкесінің өлі денесін де арқалап алып кетеді. Ұрыны қолға түсіре алмай амалы таусылған патша: «Ел шінде бір тентек жүре берсін», - деп іздестіруді тоқтатады. Бұл оқиғаны есіткен көрші елдің патшасы: «Қызталақ, қазынасына бір ұры түссе - оны ұстай алмай, қолына басы жоқ кеуде түссе, бұдан тағы айрылып, орнын басқаға беріп, бұқара болып тұрғаны жақсы емес пе еді?» [41, 95-б.], - деп мазақ қылады. Мұны есіткен патша күллі халықты жиып: «осы келген адамның ішінде менің урым бар болсаң, пәлен жерде патша сені де, мені де ғайбат қылыпты, осының шінде болсаң, сол патшаға барып бір мәртебе мендей қылып алып келсең, келген соң тағымды сұрайсың ба, яки уәзірлік сұрайсың ба? Сенің көңіліндегі мақсатыңды орындаймын», - деп уәде береді. Зәйіт ұры осы хабарды есіте салысымен көрші патша мекендеген шаһарға барып, қазынасына қол салады, оған қоса әйел кейпіне еніп әлгі патшаның өзін, патша кейпіне еніп әйелін де есінен тандырып, киімдерін түгелдей шешіп, сандыққа салып өз еліне алып кетеді. Патшаға «жұртыңызды жиыңыз» деп хабар береді. Елін жиып елеңдеп отырған патшаға басын иіп, тағзым етіп: «Сізді сөккен патшаны қатынымен қосып, тырдай жалаңаш етіп сандыққа салып алып келдім», - деп, жұртына алтын қазық болып отырған ақылды патшаның кеңдігіне ризашылығын білдіреді. «Жетім ұл мен жесір қатын сіздің дәулетіңізден ішіп-жедік», - деп езінің жасаған қатесін де мойындайды. Жалаңаш патша мен оның жалаңаш әйелін көрген ақылды патша оларды киіндіріп болғаннан соң: «Е, патша, мені гайбат қылып едің, «бір залымды тия алмады» деп, мен малымды алдырып, ақылымды ұттырып, қандай адам екенін білместен қойып едім. Бұл ғайбат маған келіп жетіп, сенің басыңдағы бағыңды, қазынадағы малыңды, қойныңдағы жарыңды, бәрін қоймастан теп-тегіс етіп ұрлапты. Сен неге тимадың ұрыны?», - деп өзіне сұрақ қояды. Сонда тәкаппарсынып көкірек қаққан патша: «Сен түгілі ұрыңа да құлмын, күнәмді кеш, рақым қыл», - деп жалбарынады. Ақылды патша көрші шаһар патшасының үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп, «Тәкаппар әсті болма» деп ақыл айтады. Зәйіт ұры кінәсін мойындап, тәубесіне түседі. Патша өз уәдесінде тұрып, баланың кінәсін кешіріп, алған ділләларын өзіне қалдыруға рұқсат етеді [41, 100-б.].
«Зәйіт ұры» дастаны алты жүз тоқсан тоғыз жолдан тұрады. Шығарма арасында аздаған қара сөзбен баяндау да ұшырасады. Дастанның жүз отыз қатары қара өлең үлгісімен жазылған да, қалған бес жүз алпыс тоғыз қатары жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде келеді. Майлықожа ақын бұл жерде ұрлық- қарлықты жақтап тұрған жоқ, оның бұл хикаялық дастанды жазудағы басты мақсаты - ел басқарған ақылды патшаның парасатты пайымын, асыл қасиетін насихаттау. Ашуға берілмей-ақ, тентегін тия білген патшаның тектілігін өзгелерге паш ету.
Майлықожа өзінің өлең-толғаулары мен термелерінде ғана емес, мысал дастандарында да халықты маңдай термен, адал еңбекпен мал табуға шақырады. Адам баласының бойында кездесетін жалқаулық, ертеңгі күнін ойламайтын салғырттық сияқты теріс мінездерді жан-жануарлар тіршілігі арқылы танытады. «Бұлбұл» атты мысал өлеңі Крыловтың жаз бойы ән салудан өзгені ойламаған «шырылдауық шегірткесімен» сарындас шығарма. Мұнда да бұлбұл құс жаз бойы сауық сайран құрып жүріп, қыс келіп гүлдердің қазан ұрғанын байқамай қалады. Әнге салатын шамасы жоқ, тамақ табатын амалы жоқ құс аштан өлерлік халге жетеді. Ақын шағын көлемді мысал соңында: «Ақуалы адамзаттың сол секілді, / Әр адам пікір қылса ойланады», - деп оқырманға ой салады.
М.Сұлтанқожаұлы XIX ғасырдың екінші жартысында алғашқылардың бірі болып мысал жанрын дамытып, «Кәлилә мен Димнә», «Мың бір түн» ертегілерінің сюжеттеріне сүйене отырып, қазақ өміріне лайықтап тамаша туындылар туғызды. Ақыл-нақылға толы, тәрбиелік тағылымы терең шығармаға айналдырды. Бұл турасында зерттеуші Ө.Күмісбаев та кеңінен тоқталып өткен болатын: «Вольные переделки сюжетов «Калилы и Димны» встречаются в творчестве Ибрая Алтынсарина, Турмагамбета Изтилеуова, Майлыкожи, Сакена Сейфуллина, Сабита Донентаева и др. Персонажи остались в том же виде, что и в оригинале. Изменился жанр, место действия, время и нравственные сентенции. Для восприятия последних казахский читатель был идейно и эстетически подготовлен. Гуманистические идеи индийской книги близки и понятны поэтам-книжникам, пересказавшим в стихотворной форме отдельные ее пассажи, сблизив их с традициами национальной литературы» [125, 124-с.].
Майлықожа жырлаған хикаялық және мысал-дастандардың тәрбиелік маңызы аса жоғары. Біз жоғарыда тоқталып өткен мысал-дастандардың бәрінде де адамды адалдыққа, ізгілікке, мейірімділікке шақыратын, зұлымдық, опасыздық, тойымсыздық, екіжүзділік сынды жаман қасиеттерден қашыратын құнды ойлар айтылған. Ғалым Р.Бердібай атап өткендей: «Майлының мысал, дастандары мен өлең, термелерінің түпкі нысанасы бір екенін көреміз. Бірде төтелей үгіт-насихат айтса, екінші жерде ишарат түрінде толғанады. Мұның бәрі Майлы жырлары қазақ поэзиясының ең көркем үлгісі қатарында тұратынын дәлелдейді» [1, 192-б.].
Майлықожа шығармаларының кемеліне келіп дамудағы үлкен арнасының бірі - Шығыс әдебиеті десек, оның нақты көрінісін жоғарыда біз тоқталып өткен мысал өлендері мен дастандарынан көреміз. Ақын өзі жырлаған мысалдарының тақырыптары мен сюжеттерін шығыс шығармаларынан алғанымен, сол кезеңдегі қазақ өмірінің шындығына орайластырып, ұлттық таным түсінігімізге лайықтап жеткізе білген, өз жанынан өзгерістер енгізген. Өзге өлеңдері мен терме толғауларындағыдай, ақын мысал дастандары мен хикаяларды жазуда да адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіре түсуді мақсат еткен. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың орын алуын адамдар арасындағы тойымсыздық пен түсініспеушіліктен туындайтынын көрсете білген. Ақын мысалдарының тәрбиелік мән маңызы қазіргі таңда да өз құнын жоймай келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет