Бірінші қошарлы-базалы тәсіл кезінде қозыларды 15 тәуліктік жасына дейін қорада ұстап, таңертең енесін емізгеннен соң бөлектеп алып, саулықтарды жайылымға шығарып немесе серуен алаңдарында көректендіреді. Алғашқы кезде үш, кейін екі рет 50-60 минуттан енесін емізуге жамыратады да, түнгі уақытта анасы мен бірге жатқызады.
Екінші сақманды тәсіл бойынша қозыларды алғашқы 2-3 тәулік бойына енесімен бірге, әр сақман (күтуші) жеке шарбақтарда ұстайды да, базаларда азықтандырады. Ал кейіннен қозыларды (10 күннен соң) ауа райына байланысты әр сақман енесімен бірге шығарып жаяды.
Үшінші бөлектеп күту тәсілі кезінде қозыларды 15-20 тәуліктік жасына дейін енесінен бөліп алады да, енесін жеке жайылымдарда жайып тек күніне бір рет жамыратады, ал түңгі уақытта енесімен бірге салады.
Төртінші жасанды өсіру тәсілі бойынша қозыларды 2-3 тәуліктен кейін бөліп алады да, тон шаруашылығында – 40 %, ал биазы және жартылай биязы жүнді қойлардың туған қозыларының – 20 % жасанды тәсілмен асырап өсіреді.
Ірілендірген қой шаруашылықтарында 2-3 тәуліктік жасынан кейін жетім қалған қозыларды (енесі өлген, желінсау боп ауырған, жарытпаған т.б.) жасанды сүт беріп өсіру жиі кездеседі. Жасанды тәсілмен қозыларды асырау кезінде, оларға қой сүтін алмастыратын сүтпен алғашқы күндері (1-2 тәулік) 5-6 рет (125-135 гр әр қозыға) жекелеме еміздіктермен береді де, кейіннен тәулігіне 1-2 рет топты еміздіктерден азықтандырады. Топты еміздіктің әр біреуіне 2-3 қозыдан артық бекітілмейді. Алмастырылған қой сүтінің (АҚС) мөлшерін біртіндеп көбейтеді де, айлық жасында қозыға тәулігіне 400-500 гр 3-4 рет ішкізеді. Сұйық АҚС микроорганизмдер үшін өте қолайлы орта болып саналады да, онда микробтардың тез өсіп-дамуы мүмкін. Сондықтан қозыға сүт беретін ыдыстар санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы үшін мезгілінде жуып, аптасына 2-3 реттен кемітпей дезинфекциялаудан өткізіп отыру қажет.
Биязы және жартылай биязы жүнді тұқымды қойлардың қозыларының екі апталық жасынан бастап, денесінің артқы жағы нәжістер қатып, ластанбау үшін, құйрықтарын кеседі. Еркек қозыларды осы кездерінде пішеді.
10 тәуліктік жасынан бастап, кейіннен әр 5 күннен соң қозылар мен енесі тұрған клеткалардың қосымша бөліктерін алып, екінші секция мен біріктіріп, ауданын кеңейтеді.
Жалқы қозылы саулықтары алғашқы 5 тәулік бойы 7-10 бастан, ал егіз қойларды 4-5 бастан топтап ұстайды. Соңынан әр бес күннен кейін екі есе көбейтіп отырады да, 10 тәуліктік жалқы қозылардың бір сақмандағы саны – 10-20, егіздер – 8-10, 10-15 күндігінде - 30-40 және 15-20, ал 15-20 тәуліктен кейін жалқылардың санын – 60-80, егіздерді 30-40 бастан біріктіріп ұстайды.
Көктемгі – жазғы мезгілдерде қозыларды екі апталығынан бастап жайылымдарға шығара бастайды да, әрбір 2-3 сағаттан соң сақманды тоқтатып, қозылардың енелерін еміп, дем алуына мүмкіндік туғызады. Бірақ, дем алған кездерде жас төлдер ойпаң, сызды жерлерге жатып, суық тиіп, ауруға шалдықпауын қадағалау қажет.
Көктемде туған қозыларды қошарлы-базалы тәсілмен ұстаған кездерде жақсы нәтижелі көрсеткіштерге жеткен шаруашылықтар жетерлік, яғни жас төлдерді 20 тәуліктік жасына дейін жылы, құрғақ қораларда ұстап күтіп, ал енелерін бөліп жайылымда жаю, саулықтардың сүттілігі жоғарлап, қозылардың тез өсіп-жетілуіне тиімді әсерін тигізеді. Онымен қоса бұл тәсілдің кезінде жас төлдер жылы құрғақ көлеңкелі жерлерде жатып, құнарлы азықтармен көректеніп, таза су ішіп, әрбір 2-3 сағатта енесін еміп, тез өсіп-жетіледі және қоралардың микроклиматын қалыптап, қозылардың суық тиіп ауруларына жол берілмейді. Қозыларды енесінен 4 айлығында айырады, кей шаруашылықтарда 1,5-2 айлығында да айырады. Жас төлдер арасында минералдық заттар және витаминдер жетіспегенде, олар бірін-бірі, сорып жүнін жеп, ас жүретін жолдарына жиылып, ауру тудырады да, (пилобезоарлар) көбінесе қозылардың шығын болуына апарып соғады.
Қозыларды мұндай аурулардан сақтандырып, алдын алу үшін рациондарына сапалы қатаң азықтар, минералды заттар (сүйек ұны, микроэлементтер т.б.) жас төлдердің 1-1,5 айлығынан бастап 50 мл суға 7-8 тамшы 5 % йод және 1 % ихтиол ерітінділерін қосып, әр апта сайын екі рет ішкізеді.