2.7 Іс-қимыл, қозғалысқа байланысты қалыптасқан дисфемизмдер
Ана тіліміздегі дисфемизмдердің ең көбі - етістіктен жасалған. Яғни сан жағынан басқа дисфемизмдерге қарағанда молырақ. Етістіктің табиғаты туралы сан алуан пікірлер бар. “Қай тілде болмасын ең күрделі сөз табы - етістік. Оның әрбір грамматикалық категорияларына тән көрсеткіші де, орны да, мағынасы да, атқаратын қызметі де күрделі. Сондай-ақ синтетикалық, аналитикалық тәсілмен жасалатын қимыл процестері де алуан түрлі. Етістік істің, қимылдың, әрекеттің, қозғалыстың динамикалық істелу, болу процесін білдіреді де, есім сөздерге мағынасы қарама-қарсы болады” [71, 71 б.]. “Жалпы алғанда семантикалық жағынан етістік табиғат пен жаратылыс шеңберінде, қоғамдық өмірде адамның абстракты ойы мен санасында пайда бола алатын алуан түрлі қимыл, іс-әрекет, қозғалыс, амал, қалып, жай-күй, ойлау-сөйлеу, көру, есту, бағыт-бағдар, бейнелеу т.б. процестерге қатысты ұғымды білдіреді” [59, 121 б.].
Мысалы:
Мынау төрде-ишандар,
Аузы басы қисаңдар,
Селкілдесең, тым пайда,
Тоқты-торым жисаңдар (С. Торайғыров).
Өлең жолдарындағы асты сызылған сөздер қимыл-қозғалысты көруге негізделген дисфемизмдер болып саналады.
Етістіктен жасалған дисфемизмдердің сырт көзге басқа етістіктерден айырмашылығы жоқ сияқты. Өзгешелігі мағынасында. М. Оразов айтты, ескертті, мыжыды етістіктерін өзара салыстырып, айтты сөзінің мағынасында эмоция жоқ, тек бір нәрсені баяндағаны туралы ғана хабарлап тұр, ол ескертті дегенде бір нәрсені айтқанды білдірумен бірге, арнайы тоқталғандығын көрсетеді. Мыжыды етістігінде әрі көп сөйлеу, әрі мезі қылу мағынасы бар. Демек, айтты етістігімен ескертті етістігінің арасында амалдың орындалуы тәсілімен байланысты, ал мыжыды етістігінде болса, алдыңғы екеуінен, әрі эмоциялық, әрі созылыңқы амалды білдірумен бөлшектеніп тұрғандығы анық, - деген болатын [47, 182 б.].
Тілімізде мыжыды етістігімен түбірлес мыжып, мыжылып деген етістіктер бар. Мысалы:
- Айттым ғой, сақалды болса да мыжып бара жатса, қайтер (Қ. Исабаев).
- Әнеу жездесі де бір мыжылып қалған өлез неме білем (З. Жәкенов). Жоғарыдағы өзіміз келтіріп отырған мысалдардағы мыжып, мыжылып формаларының түбірі мыжы. Мыжы сөзінің мағынасы 1. Мыжы ет. Жаныштау, езу; мыжғылау. 2. Ауыс. Адам жалықтыралық сөздерді айтып, көп сөйлеу; мезі ету (ҚТТС, 7 т., 276).
Етістіктен болған дисфемизмдердің мағыналары адамның қимыл-қозғалысы мен іс-әрекеттерін тұрпайы көрсетеді. Мысалы:
- Айтпақшы ол қатын уай, ана жеңгеңді айтып, кейін бірдеңе деп былғақтап былжырап жүрмесін (З. Жәкенов).
- Былшылдама, сен менің әкем емессің! (Б. Нұржекеұлы).
Осы екі мысалдағы былжырап және былшылдама етістігінің түп-тамыры жөнінде белгілі түрколог М. Томанов былай дейді: “Э.В. Севортян талдаған былжыра етістігі қазақ тілінің фактілері негізінде былжыра түрінде жіктелмейді. Өйткені қазақ тілінде былжыр сын есімі бар, сонда есімді етістікке айналдыратын қосымша -ра емес. Әрине, былжыр - негіз болуы мүмкін. Қазақ тілінде мұнымен мәндес (олай болса, түбірлес болуы да ықтимал) былшы етістігі де бар. Соңғы етістік те байырғы түбір емес, негіз екені айқын. Мағыналық жақындығы мынадан көрінеді: былшы процесс, процесстің нәтижесі былжыр. Айырмашылық бірінде ж, бірінде ш дыбысының айтылуы. Ж > Ш ауысуы түркі тілдерінде әр кез кездесіп отыратын құбылыс. Қазақ тілінде ж-ның ш-ға ауысуы говорлық ерекшелік ретінде ұшырасады. Сонымен, қазақ тіліндегі былжыр туынды етістіктің -р арқылы есімге айналуы, былжыра сол есімнің -а арқылы етістікке айналуы болып шығады, - дейді [72, 93 б.].
Етістік негізді дисфемизмдер семантикалық жағынан жағымсыз эмоционалды іс-әрекеттерді білдіреді. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |