Қылышпенен өлтірсем,
Қиқаладың дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Миқаладың дерсің сен (Қобыланды батыр).
Осы жолдардағы қиқаладың, миқаладың деген етістіктер қорлау деген мағынада жұмсалып тұр. Жалпы тілімізде әр түрлі жағымсыз мағынаны білдіретін етістік негізді дисфемизмдер көп. Мысалы:
- Өмір, қойсайшы былпылдамай (С. Бердіқұлов).
- Осы сықылды біраз нәрсенің басын шалып балпылдап отырды (З. Жәкенов).
- Әй өзің быдыңдамай аулақ жүрші, ары! - деп, қаламын столға тастай салды (Қ. Жаркенов).
- Болды әйеліңнің сөзін алтын көріп, бастан аяқ бытпырықтатпай отыр. (Б. Нұржекеұлы).
Осы мысалдарымыздағы балпылдамай, балпылдап, быдыңдамай, бытпырықтатпай деген етістіктер сөйлемей деген мағынада жұмсалып тұр. Демек, бұл дисфемизмдердің номинативі - сөйлемей.
Тіліміздегі көптеген дисфемиздер етістіктің көсемше тұлғасының қатысуы арқылы жасалған. Мысалы:
Қалмақ тұрды қақшиып,
Қарайды көкке бақшиып…
-Ақорал хан, таспаңыз,
Баласынып бақырып,
Мысымды менің баспаңыз.
-Жалғыз жүрген саяқ болған соң, әлі келген содырлар ойына келген қастығын істеп, түгіңмен жалмап, кетуге жиренетін емес, - деген (М. Әуезов).
- Әлгінде ғана иіні түсіп сөмпиіп тұрған сабазың баяғы шекелеп қарайтын мінезіне басқан... - Оқып райком болмай-ақ қой,-деп мал соңында сылпытып қояр ма еді (Ә. Кекілбаев).
- Ыбылжып тақта алдына шықты да, әуелі берілген сұрақты қайталап алып, жауап беруге кірісті (Қ. Жаркенов).
- Салғанын қайтейік, итпектеп жүрісі өнбеді (С. Бердіқұлов).
Ет түгел туралып, қонақтар да, үй иесі де қарбытып, біраз жегеннен кейін, көрсеңде әлі де едәуір ет қалған соң, «сен же, сен же» деп отырсыпты.
Балақ жүнің балпиып,
Жалғыз өзің жалпиып,
Батырымсып талтиып,
Құлағынды қақитып,
Екі ұртыңды салпитып (Ел аузынан).
Қартайған әке бала бастайды,
Бала жақсы болса, дана бастайды.
Жаман болса бықсытып,
Шаланы қолына ала бастайды (Қараменде шешен).
Жоғарыдағы мысалдардағы қақшиып, бақшиып, бақырып, сөлпиіп, жалмап, сылпытып, ыбылжып, балпиып, жалпиып, талтиып, қалқитып, салпитып, бықсытып деген сөздерге көсемшенің -п,-ып,-іп жұрнақтары жалғанып тұр. Тілші ғалым Ғ. Мұсабаев етістіктің көсемшесінің -ып,-іп жұрнағы өте жиі қолданылатынын айтып, оның тарихында ой жүгірткен: “Етістің көсемшесінің -ып/-іп өте жиі қолданылады. Мысалы: бар+ып, кел+іп, қара+п, сөйле+п т.б. Осының арғы төркіні көне түркі тіліндегі бан (бән), бен, ман (мән), пен деген формадан қысқартылып, жаңа форма жасалғанға ұқсайды. Мұндай факті сирек болса да, көне түркі ескерткішінде де кездеседі.
Күлтегінге арналған жазба ескерткіштің екінші тарауында сүләпән делінген, яғни әскерімен шабуылдап деген мағынада [73, 126-127 бб.].
Іс-қимыл, қозғалысты білдіретін дисфемистік етістіктердің бір қатары есімше категориясынан жасалған. Мұндай етістіктер іс-қимыл, қозғалыс түрінде жұмсалып, ол сапа мен белгі қасиет мәнінде ұғынылады. Мысалы:
Қасқыр-ау, аузың құрсын ырбаңдаған,
Жол таппай қараңғыда тұрған жаман.
Ер болсаң, тайлақ пенен тайды жеші,
Тоқтының несін жейсің тырбаңдаған? (Айтыс).
Осы айтыста халық әлдінің әлсізге, жуанның жуасқа жасаған озбырлығын, қиянатын шеней түсуде дисфемистік етістіктерді шебер пайдаланғанын айқын көреміз.
Тілімізде адамдардың жағымсыз эмоциялық мінез-құлықтарын табиғаттағы жан-жануарлардың дыбыстарына ұқсатудан пайда болған етістік негізді дисфемизмдер де кездеседі. Мысалы: - Пәтшу, ол найсапқа барқылдап бала қараған болмаса, әншілік қайда? (Ә. Кекілбаев). Барқылдап етістігінің құрамындағы -қыл жұрнағының тарихы М. Томановтың түсіндіруі бойынша мынадай: -ғыл, -ғын аффикстерінің генезисі жайлы бір кезде еске түсіру орынды. Ж. Дени айтқан, кейін Котвич қостаған пікірді де еске түсіру орынды. Ж. Дени -ғыл, -ғын аффикстерінің арғы түбі -қыл етістігі деп қарайды. Егер осы пікірді тарихи тұрғыдан шындыққа жақын десек, негізгі етістіктің грамматикалық мәнерінің көрсеткіші есебінде айтылған көмекші етістік аналитикалық қолданылу салдарынан аффикске айналған. Ондай процестердің схемасын былай деуге болар еді: бар+ғыл → барғыр → барғын (синтаксистік тіркес). Котвич мынадай қосымша дәлел айтады: монғол тілінде қы л етістігі қы түрінде айтылады. Егер монғол тілі осы етістіктің өте архаикалық тұлғасын сақтаған деп қарауға болса, онда түркі тілдеріндегі сипаты тарихи тұрғыдан түбір мен қосымшадан (-л) тұрады деп білу керек [72, 104 б.].
Іс-әрекеттің жағымсыз орындалғанын білдіретін етістік негізді дисфемизмдердің бірі - оттап, арсылдап. Мысалы:
Құмды неге даттайсың,
Арағың мен бозаңды қосып ішіп.
Аузыңа келгенді оттайсың,
Би-болысты неге құдай атпайсың
Жынойнақ, бақсы перінің елі.
Төсегі жатқан ботпайсың,
Бозаңды ішіп, ботқаны жеп алып,
Аузыңа келегнді оттайсың (Қылышбай ақын).
-Не оттап тұрсың, аттылыға көлденең жүгірген иттей арсылдап (Х. Есенжанов).
Бұл мысалдағы өзіміз талдағалы отырған етістік негізді оттап, арсылдап дисфемизмдері ауыс мағынада қолданылып, жағымсыз сипат беріп тұр. Біздіңше, автор бұл етістіктер арқылы адам психологиясының түрлі жағдайларын, сырт-бейнесін дәл, тартымсыз түрде жеткізе білген. Жоғарыдағы етістіктер ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады.
Өз кезінде осы типтес пікірді белгілі тіл маманы Мұхамеджанов та айтқан: “Қазақ тілінде малға тән айтылатын кейбір етістіктердің метафоралық адамға ауыс қолдануы какофемизмге жақын. Малға тән “күйсеу”, “оттау” сөздері адамға “босқа сөйлеу” орнына айтыла береді” [8, 153 б.].
А.Ә. Османова “Синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі” атты еңбегінде етістіктердің метафоралануын көрсетеді. Ғалым: “Автордың қолданған метафоралары сөздің мағынасынан орын тепкені және оқиғаға лайықты, үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде қосымша мағына екені бірден байқала (аңғарыла) бермейді”, - деп айтады [74, 358 б.]. М. Оразов тіліміздегі сөйлеу етістіктерін бұл топтағы етістіктер дыбыс толқындары арқылы белгілі бір информацияны екінші біреуге жеткізу жалпылауыш семасы арқылы топтастырылғанын түсіндіріп және эмоционалды сөйлеу етістіктері (мыңқылда, көкі, отта т.б.) туралы да айтқан болатын [47, 190 б.].
Ғалым атап көрсеткен эмоционалды сөйлеу етістіктері - мыңқылда, көкі, отта дегендер дисфемизмдер. Бұлардың номинативі - сөйле. Әрине, эмоционалды сөйлеу етістіктерінің барлығын да дисфемизм дей алмаймыз. Тура мағыналы сыңары бар болу ана тіліміздегі барлық дисфемизмдерге қойылатын басты “шарт”. Қай тілде де номинативті сыңарынсыз дисфемизмдер болмайды деп ұғамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |