- жеңілтек - дарақы;
- әзілқой - қылжың;
- сөзуар - мылжың;
- кәрі мал - кәрі-құртаң;
- сөйлемесе - былшылдамаса;
- әйел - қатын;
- ерімен - байымен;
- аяғынан - бұтынан;
- қиы - боғы.
Санамаланған дисфемизмдердің қай-қайсысы да анық та, дәл, түсінікті белгілі бір мәнді жеткізуге көмектесіп тұр. Б. Адамбаевтың сөзімен айтқанда: “Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез келген уақиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл, оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады” [19, 15 б.].
Халқымыздың ауыз әдебиетінің ежелден бері келе жатқан енді бір көне түрі – аңыздар. “Елдің тарихы, ұлылы-кішілі ел басынан өткен уақиғаларға, тарихи қайраткерлер туралы деректер, ақылды-аталы сөздер мен өнеге-өсиеттер осылардың барлығы қағазда емес халық жанында өлең-жыр, аңыз-әңгіме болып сақталған, ел ауызында өмір сүрген” - дейді Б. Адамбаев пен Т. Жарқынбекова [20, 3 б.].
Аңыздар - асыл қазынамыз, ата мұрамыз. Дисфемизмдер аңыз әңгімелерде де кездеседі. Елдегі байлардың сараңдығы мен қомағайлығын, мыңдаған малы болса да, ішетін тамақ, киер киімге жарымай өткен өмірін мысқылдап, мазақ етуде дисфемизмдердің рөлі ерекше. Мысалы: “Сөз жүйесін тапса” деген аңызда мынадай жолдарды кездестіруге болады. - Он төрт жасар қорғансыз қойшы баланың арызына немқұрайды қарап, қырсыққан қыңыр би: - Жеті жылдан бері жағың қарысып жүрдің бе? Байда бірдеңе білетін шығар, сегіз жасыңнан бергі киген киімің мен ішкен тамағыңды ақыға айналдырған болар, - деп зорлықшыл байды қорғаштап сөйлейді. Немесе, Тазша бала деген аңызда былай дейді: - Мұрнынан ірің ағып, соқыр көзінің сорасы, тұншығып келеді екен. Қақырығы түтеп, тұрасы таусылған шерменде шал жапан түзде шөліркеп, мұрынынан аққан маңқасын сорып сусындайды (Өлген қазан).
Енді бір аңызда мынадай өлең жолдары кездеседі.
Көрпе менен жастықтан,
Сілкіп салар сілем жоқ.
Бұл кедейлікті жеңуге
Бала ынжық, келін шайпау (Өлген қазан).
Төмендегі аңыздарда дисфемизмдер жек көрінушілік сезім тудырып, жаман адамдардан жиіркендіреді.
1. Арамза молда көкорай шалғынның ортасында тігілген алты қанат ақ үйінің қақ төрінде шіреніп отырып, алдыңғы күні өзі ұрлап әкелген семіз бағланның етіне мейлінше тойып алып, басындағы сәлдесіне өте риза болып, мынадай аят айтып отыр екен.
Сен тұрғанда ешкім күмәнданбайды маған,
Ақ сәлдемнің арқасында,
Айында әкелем бір тана
Күнде жеймін сылқылдама.
2. Қажының алдында тізерлеп отырған Құлақай орнынан тұрып:
– Ей, алаяқ, сұм қажы, – дейді оған бір-екі адым жақындап, – қараңғы елдің қанын сорып жүрген сен де барып тұрған ит, доңыз екенсің. Сені де ит дедім, төбеде тұрған ит-аршыны да ит дедім.
Жалғыз жігіт: «Мына екеуің Күшік болсаң, боларсың, ал мына кісі сонда төбет шығар»,– дейді. Омардың қасындағы екі жігіт:
– Ойбай-ау, мына оңбаған неткен бейәдеп еді? Ақсақалымызды «төбет» деп, өзінің ауызын қан жалататын ит екен, – деп, қамшының астына алады.
3. Бір кезде бай жан-жағынан қараса, кең алаңның ортасында көзге шыққан сүйелдей шошайып, бір өзі қалғанын көреді.
4. Бір белден асқанда, жол шетінде «қылжиып» жатқан бір сыңар етікті көреді.
5. Үй иесі қалған қонақтарынан:
– Әлгі жігіт қандай адам? – деп сұрайды. Қонақтар:
– Ол өзі бір есек,– дейді.
Қонақ:
– Бұлар бір жүрген ит, шошқа, – дейді.
Үй иесі:
– Өздеріңіз бір-біріңізді есек, ит, шошқа деп таныстырғаннан кейін әрқайсыңыздың сүйген тамақтарыңызды әзірлетіп едім, – дейді.
6. Бұларды үйінде қарсы алған Ізбасты би құныкерлердің бетін қайтару үшін Тоқсанға:
– Құлағы жоқ шұнақ би, құйрығы жоқ шолақ би, екі рулы елді араздастыруға келдің бе? – дейді.
Жоғарыда аңыз-әңгімелерде ұшырасатын дисфемизмдердің тура мағыналы сыңарларын оп-оңай-ақ қалпына келтіруге болады:
1. үндемей-жағың қарысып;
2. жасы-көзінің сорасы;
3. ішіп-сорып;
4. жуас-ынжық;
5. мінезсіз-шайпау;
6. арамза-залым;
7. сылқылдама-ет;
8. қанын сорып-қанап;
9. қан жалататын-ұратын;
10. қылжиып- сұлап;
11. есек, ит, шошқа-адам;
12. шұнақ-құлағы кесілген;
13. шолақ-кемтар.
Осы мысалдардан көрініп отырғанындай, кейбір аңыз-әңгімелерде қоғам өміріндегі жағымсыз, қолайсыз жайлар мазақталып, келеке етіледі. Осы ретте дисфемизмдердің атқаратын рөлі ерекше. Халық аңыз-әңгімелерде тұрпайы сөздерді пайдалана отырып, бай-шонжарларды күлкі еткен, олардың елге жағымсыз қылықтарын масқаралаған.
Дисфемизмдер тарихи аңыздар желісінде де қолдануға артық емес, шынайы шындығы басым деталь ретінде кейіпкерлердің образын ашу үшін орынды қолданыс тапқан. Мысалы: Қазыбек бидің анасы Тоқмейілдің шешендігі мен ақылдылығының сырт көркінен әлдеқайда асып түскен ерекше жан екендігі жайлы тарихи аңыз халық әдебиетінде сақталған.
– Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанымен ақылы артық.
Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып.
Мысал келтірілген тарихи аңызда Қазыбек бидің анасының көркем образын ашып көрсетіп, оның жеке қасиеттерін суреттеуде қыли дисфемизімін көркемдік тәсіл ретінде қолданған.
Қазыбек бидің шешендік намысшылдық қасиетін көрсететін тағы бір аңызда мынадай жолдар бар: – Сен біз тұрғанда мынау қылқұйрығыңның бір қылы жоғалар деп қам жеме... Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Осылайша, түрлі дисфемизмдерді татулық пен ынтымақ тілеген, ниетін тілге тиек етіп ешбір қарсылық білдіре алмайтындай тек қана айтқанға бас ие бергізетін сөз құдіреті қару ретінде орнымен сермей білген.
Дисфемизмдер қазақ ауыз әдебиетінде шешендік сөздер саласында да мол. Бұл түр көбіне сөзбен қақтығысып, пікір аңдысып отырғанда, даукер боп жүйеге жүгінгенде, немесе үстем тап өкілдерінің кекетіп-мұқатып ұрынуына жауап беру үстінде туады. Сол аңдысуда жеңіп, дауда істі өз пайдасына шешіп, тиіскен шонжарды шоққа отырғызып кету үшін шешендік сөз шенемей, түйремей тұра алмайды.
Халық ауыз әдебиетінде шешендік өнердің алатын орны ерекше. Бұл туралы Б. Адамбаев: “Шешендік өнер көп жағдайда әншілік, күйшілік, ақындық өнер деп танымай, кейбір таңдаулы адамдардың “жақсылар” мен “жайсаңдардың” жеке бастарының қасиеті” - ретінде бағаланған [21, 95 б.].
Дисфемизмдердің шешендік өнерде де алатын өзіндік орны бар. Оның мәнісі бірқатар жағдайда ащы шындықты айтуда бұл тілдік құрал үлкен қызмет атқарады. Мысалы:
Биік қалайқарайды аласаға,
Үйімде көп боқташақ бала-шаға,
Бала-шаға аштығы жаман екен,
Өзіңіз жарамасаң, арашаға (Байзақ би).
Өлең жолдарындағы боқташақ деген дисфемизм белгілі бір мақсатты көздегендіктен арнайы айтылған. Мағынасы ҚТТС-те былайша түсіндіріледі: Боқташақ зат. 1. Ұсақ-түйек. 2. Қызыл қарын, жас бала (ҚТТС, ІІ т., 341). Яғни, бұл сөздің тура мағынасы - кішкентай балалар. Халық шешендері әдеби тілімізді, тілдік қорымызды байытуға, қалыптастыруға қатысқан. Туған елге қатер төнген, ердің ар-намысына тигенде халық адамы тебіренбей, үн қатпай отыра алмаған. Кейде өз ойларын дисфемистік мағынада айтқан. Мысалы:
Өзенді өлке тұрғанда,
Өзге жерге қонған ит,
Өзі болған кісінің
Ата тегін қазған ит.
Достарыңызбен бөлісу: |