Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып тараған күйлер мен әндер жас ұрпақты тәрбиелеудің таптырмас құралы болып отыр. Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Ал, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі фольклорымызда екені даусыз. Музыкалық фольклор халықтың музыкалық мұрасы мен шығармашылығын жинап зерттейтін ғылым саласы, халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі, кәсіби өнердің бұлақ-бастауы. Дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін, қай саласын болса да сол фольклорымыздан тауып, ажырата аламыз. Бізге жеткен фольклор – жанр жағынан бай, көркемдігі жағынан кемелденген, әр алуан қызмет атқаратын рухани мұрамыз және күнделікті тіршілігімізде қолданыста болып, мәдени қажеттігімізді атқарып жүрген ұлттық өнеріміз. Бүгінгі заманға ол көп түрлі, көп сатылы руханият ретінде жетіп отыр. Халқымыздың бірнеше ғасырлар көлемінде жинақталып қалыптасқан бай музыкалық фольклоры бар, ол музыка мәдениетінің тууына себеп болған қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды, халық музыка өнерінің өмірдегі колданысы мен орнын, ауызекі шығармашылығы-авторлық ән-күйлердің табиғатын қарастырадыФольклор-ауыз әдебиеті мен музыка өнерінің бір тұтастығына негізделген ерекше бір сала. Атадан балаға мирас болып келе жатқан музыка өнері,атап айтар болсақ, тарихи әуендер, эпикалық жырлар,тұрмыс салт-жырлары, лирикалық әндер, т.б. міне, осы фольклорымызбен-ақ ұлттық болмысымызды қалыптастыратын тәлім-тәрбие беріп отырғаны тарихи шындық. . Ана құрсағындағы сәбиге дейiн музыка үнi және сөз өнерiнен ерекше әсер алып, оны тындаған ананың тебiренуiне байланысты iштегi бала тәрбиеленген.
Балаларға тәрбие берудегі тиімді құрал
Қазақ халқының балаларға тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі — ертегі. Оларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлықтары өз халқына, туып-өскен жеріне,еліне,табиғатқа, Отанға деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір мазмұнда болатын оқиғаның басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей кеп әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс тауып жатады. Талай-талай іс-әрекеттер өткір сықақ, мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге кенелтеді. Бала жағымсыз кейіпкерлердің жексұрын әрекетінен бой тартып, жақсылыққа құмартады. Ертедегі суреттелген кейіпкерлердің көркемдік поэтикалық бейнелері, сондай-ақ адамдардың сұлулық пен нәзіктікке берген жоғары бағалары баланың әдемілікке деген қызығушылығын арттырады. Олардың шығармашылық мүмкіндіктері артып, ертегінің мазмұнын қайталап есіне түсіргенде немесе сахналап, қойылымдар қойғанда өзіндік тапқырлық көрсетіп, еркін ойын айта, эмоциясын анық білдіре алады. Сол іс-әрекет барысында ерекше әсер алып, сезімдері мен қызығушылығын оятқан заттар, музыкалық шығармалар жөнінде қарапайым тұжырым жасайды.Сонымен қатар баланың ақыл ойына,сезіміне әсер етіп,эстетикалық тағылым береді,олардың шығармашылық қабілетін арттырады.Осының нәтижесінде төменгі сыныптың оқушыларынан бастап олар шағын ертегілерден үзінділер көрсетіп,(«Мақтаншақ құмырсқа» «Асан мен Үсен», «Бір уыс мақта», «Жыл басы кім болады?»)өздерінің ой-өрістерін дамытады.