Музыка сабағында ән үйретіп,күй тыңдатып,ойын ойнату арқылы халықтық музыкалық фольклорына құрметпен қарауға, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге оқушыларды жас кезінен баулығанда ғана, ол ертеңгі өз Отанының нағыз азаматы болады. Фольклорымыздан нәр алып өскен бала еліміздің елдігіне, егемендігіне еңбек етіп, өркендеуіне үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Тәуелсіздік туын тіккен жас мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білгір,білікті,саналы азаматтар даярлау бүгінгі күннің келелі мақсаттарының бірі. Біздің өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз халық өнерінің шынайы мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен жасай алатын адам ғана ата – бабадан қалған мұраны көбейтіп, байытып келесі ұрпаққа жеткізе алады. Олай болса, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет ғұрпын, әдеби, мәдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, музыкалық-эстетикалық талғамы жоғары азамат тәрбиелеп өсіру баршамызға басты міндет.