НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1.Оғыз тілдерінің жалпы ерекшеліктері
Тіл білімі ғылымында тілдердің туыстық белгілерін анықтау, яғни
лексикалық, фонетикалық, грамматикалық ұқсастықтарын ажырату өте
маңызды. Түркі тілдерін топтастыру жөнінде көптеген ғалымдар өз
жіктемелерін ұсынған. Кейбір зерттеушілер географиялық орнына қарай
(В.А.Богородицкий, И.Бенциг, К.Г.Менгес) жіктесе, түрік ғалымы Т.Текин
көбіне фонетикалық қағидаға сүйенген. Қазіргі уақытта жалпы тіл білімінде
түркі тілдерінің тарихын, этникалық құрамын, қазіргі жағдайын жан-жақты
зерттеп, фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерін салыстыра
жасалған ғалым Н.А.Баскаковтың жіктемесі басшылыққа алынып жүр.
Н.А.Баскаков түркі тілдерін әуелі батыс хун және шығыс хун тілдері деп
үлкен екі топқа жіктеген. Батыс хун тілдерін 4 топқа бөледі:
І. Бұлғар тобы: көне бұлғар, хазар, қазіргі чуваш тілдері;
ІІ. Оғыз тобы: оғыз-түрікмен тобы (Қашқари сөздігіндегі оғыздар,
түрікмен, Кавказдағы түрхмен тілдері); оғыз-бұлғар тобы (көне печенег, үз
(торктер, берендейлер, ковуйлер), қазіргі гагауз, балқан түріктерінің тілдері);
оғыз-селжүк тобы (көне селжүк, көне осман түріктері, қазіргі әзірбайжан
тілдері).
ІІІ. Қыпшақ тобы: қыпшақ-полевец (көне полевец (қыпшақ, құман),
қазіргі қарайым, қарашай-балқар, құмық, қырым татарлары тілдері); қыпшақбұлғар: ортағасырлардағы Алтын Орда әдеби тілі, қазіргі татар, башқұрт
тілдері; қыпшақ-ноғай: қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдері, өзбек тілінің қыпшақ
диалектісі.
ІV. Қарлұқ тобы: қарлұқ-ұйғыр, қарлұқ-хорезм (шағатай, көне өзбек,
қазіргі ұйғыр, өзбек) тілдері.
Шығыс хун тілдерін 2 топқа бөледі:
І. Ұйғыр-оғыз тобы: ұйғыр-түкюй тобы (көне оғыз, көне ұйғыр, қазіргі
тыва, қарағас (тофа) тілдері; саха-якут тобы (якут тілі); хакас тобы: (1)
хакас, шор тілінің иран диалектісі, сары ұйғыр, камасин, Чулым
татарларының тілі; 2) шор тілінің қосуан диалектісі, алтай тілінің сарлұқ
диалектісі).
Достарыңызбен бөлісу: |