Мазмұндама түрлерi және оған қойылатын талаптар
Көркем мәтiндi меңгертуде жиi қолданылатын жазу жұмыстарының бiрi – мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтiндi қабылдап, сол қабылғандарын қайта жаңғыртуға тиiс және естерiнде қалған мәлiметтердi өз сөздерiмен жазып беруге дағдыланады, сөз тiркесiн құру, сөйлем құрау шеберлiгiне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бiрқатар сөз тiркесi мен сөйлемдер, бейнелi сөздер оқушының есiнде қалады, оқылған мәтiндi қайта жаңғырту үшiн сөздер мен сөйлемдердi бiр-бiрiмен байланыстыруға жаттығады.
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тiлдiк материалдарды орынды қолдана бiлуге, жазбаша сөйлеудiң ерекшелiгiн, мәтiннiң синтаксистiк құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игi ықпал етедi. Осындай бiлiм дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынандай түрлерiн жүргiзуге болады:
Дайын мәтiн бойынша мазмұндама.
Сурет бойынша мазмұндама.
Аяқталмаған мәтiн бойынша мазмұндама.
Дайын мәтiн бойынша мазмұндама. Дайын мәтiн бойынша мазмұндаманың өзiн бiрнеше түрге бөлуге болады:
Мәтiнге жуық немесе толық мазмұндау.
Мәтiннiң мазмұнын сақтай отырып, бiрақ баяндалу формасын өзгертiп баяндау.
Қысқарта баяндау.
Толықтырып мазмұндау.
Мәтiнге жуық немесе толық мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрiнде мәтiннiң мазмұны бүтiндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгерiледi. Мәтiндегi сөз тiркесi, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкiн, алайда кейбiр жаңа сөздердiң, сөйлемдердiң, көркемдегiш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкiн. Бұл дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па? Мұны әр түрлi түсiнуге болады. Бiрiнде оқушы мәтiн мазмұнын терең меңгерiп, ондағы кейбiр сюжеттiң, көрiнiстiң, өзiне ұнаған сөз үйiрiмiнiң бастапқы қалпын сақтағысы келсе, кейбiр оқушы мәiн мазмұнын өз сөзiмен беруге сөз қолданыс, сөйлем құрау дағдыларының қалыптаспауынан шығарма авторын сөзбе-сөз қайталауға келiп соғады. Бiрiншi жағдайда сол жазған мазмұндамасындағы жаңадан игерген сөз қолданыстары оқушының актив лексикасына айналса құба-құп. Ал, өткiншi, тек баға алу үшiн бiр-ақ рет пайдаланып, кейiннен жадынан шығарса, онда алға қойған мақсаттың орындалмағаны.
Мазмұндама жазғанда көркем мәтiндi қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшiн белгiлi әдiскер-ғалым С.Тiлешева мұғалiмдердiң мына мәселелердi мазмұны тартымды, оқиға қызғылықты, көркемдiк қуаты жағынан жоғары талапқа сай болуы, мазмұндама жазар алдында мәтiндi оқу, әңгiменi негiзгi бөлiмдерге бөлiп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тiлiн талдау, т.б. жұмыстарды орындатқан жағдайда оқушылар мәтiндегi барды қайталау болмай, нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.
Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтiн ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандай да болмасын әсерлi шығарма ұсынылған, ол нақышына келтiрiп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық сезiмiн тудыра алмас едi. Өйткенi мазмұндама мәтiндерiн оқушыларға оқып беруде мұғалiмнiң дауыс сазының әсерлi болуының маңызы зор. Сондықтан мазмұндама мәтiнiн оқығанда мұғалiм дауыс ырғағын бiрқалыпты сақтап, өзiнiң дикциясына қатты көңiл бөлгенi жөн. Мәнерлеп оқуда екi түрлi талап қойылады. Олар – физикалық және психикалық. Бiрiншiден, оқыған кезде дұрыс тұру, демдi еркiн және терең алу, дауысты бiрқалыпты сақтау болса, ал екiншiсiне оқудың ритмiн сақтау, сөздi анық айту, бiрқалыпты оқу, пауза жасау, дауыс ырғағын тыныс белгiлерiне сәйкестендiру, т.б. жатады.
Мiне, сондықтан мазмұндама мәтiнiн мұғалiмнiң өзi оқып бергенi жөн. Одан кейiн мазмұны айтылып, мәтiндегi мағынасы түсiнiксiз сөздер мен сөз тiркестерi (фразеологизмдер) түсiндiрiледi. Мазмұндау жоспары түзiледi. Алғашқы кезде мұғалiмнiң көмегiмен, кейiннен оқушылар өз беттерiнше жоспар құрады. Жоспар жазылмақшы мәтiннiң мазмұнына байланысты жай және күрделi болып келедi. Мәтiнге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу дегенiмiз – мәтiн мазмұнын бөлiм-бөлiмге бөлiп беру деген сөз. Мәтiндi жоспарлау – оқылған шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы оқиғаның, iс-әрекеттiң орындарын алмастырып алмау үшiн қажет. Жоспарлау мәтiндегi әңгiме болып отырған негiзгi мәселенi тани бiлуге баулиды. Мәтiнге жоспар жасау, әдетте, жай жоспар күрделi жоспар жолымен жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |