2.1 Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы ізгілікті басқарудың жүйесі мен мазмұны Өркениетті, дамыған қоғамда мемлекет басқару деген ол саяси термин ғана, шын мәнiнде, ол − адамдарды басқару деген ұғым. Адамды қалай басқарасың? Мiне, басқарудың фәлсафасы осы арадан бастап, қиындай түседi. Дәл осы тұстарда әрбiр мемлекет неше түрлi басқару жүйелерiне бөлінетінін айта кету керек, ол: демократиялық, тоталитарлық, т.б. Бұлай бөлінудiң себебi қандай? Бұл сұрақтың жауабын сол мемлекеттiң жүйесiне қарап, бiлуге болады. Егер ол тоталитарлық қалыпта ғұмыр кешiп жатқан мемлекет болса, ондай жерде iзгiлiк бар деп айту ақылға қонымсыз болар едi. Iзгiлiктi басқару идеясы демократиялық бағытты қалап алған мемлекетте көбірек байқалады. Адам құқығы тең, бiреудiң арын таптауға жол берiлмейдi, сөз бостандығы сақталады, адамның еркiн-жүрiп тұруына, емделуi мен дем алуына ешқандай кедергi жасалмайды. Мiне, бұл айтылған сөздер, iзгiлiктi басқару идеясына жалғасады. Әлемге iзгiлiктi насихаттап отырған, оның бейнесiн қағаз жүзiнде емес, iс-жүзiнде көрсетіп, достықты, ұлтаралық татуластық пен келiсiмдi үгiттеп отырған бiздiң мемлекетiмiздiң саясаты iзгiлiк идеясына жақсы мысал бола алады. Ал мемлекеттiң мұндай саясаты бiр күнде пайда бола салған жоқ. Ол заманалар тудырған ойшылдардың, ғалымдар мен хәкiмдердiң еңбектерiнен сұрыпталып келiп, ортақ достыққа, iзгiлiкке ұласқан саясатқа айналды.
Бүгінгі таңда қоғамның дамуындағы басқару процесін ұйымдастыру мен жүзеге асыруда түркі әлемінің ұлы ойшылы, философ, қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – өзінің тарихи мәнін еш уақытта жоймайтын рухани мұра. Әділетті басшы басқарған, ізгілік орнаған қоғамда өмір сүру қай кезеңде болмасын, адам баласының ізгі арман- мұраты болған.
Ел іргесін нығайту ойларынан туындаған ұлы мұрадағы басқару идеясында мынандай төрт ұстаным бар – ежелгі танымдық, тарихилық, аксеологиялық, жүйелілік. Сонымен бірге, 6500- ден астам бәйіттен тұратын «Құтты білік» дастанындағы ізгілікті басқарудың құрылымы төрт принципке негізделген. Олар: - біріншіден, мемлекетті басқаратын әділ заңның болуы; - екіншіден, елдің бақ-дәулеті артып, құт қонсын деген тілек;
- үшіншіден, ақыл- парасат, оның қоғамдағы әлеуметтік рөлі;
-төртіншіден,қанағат-ынсап мәселесі. Жалпы айтқанда, төрт саны Баласағұнның дүниетанымында ерекше орын алады. Мұндай дүниетанымның негізінде ертеден қалыптасқан қөзқарас жатқаны анық. Ежелгі түсінікте әлемді төрт нәрсе ұстайды деп сенген, ол: жер, су, ауа, от. Осы төрт нәрседен әлемнің үйлесімі жасалады. Баласағұнның кейіпкерлері де төртеу. Олар: Әділет(Күнтуды), Дәулет(Айтолды), Ақыл(Өгдүлміш), Қанағат(Одғұрмыш). Яғни, дастандағы елдік түзу, мемлекеттік құрудағы ізгілікті басқарудың негізіне: төрт асыл қасиет: әділет, дәулет, ақыл, қанағат арқау болады. Кейіпкерлердің бұлай аталуы да бекер емес. Дана халқымызда құт-береке, дәулет, ынсап деген қасиетті ұғым бар. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн да өз дастанында Әділет, Дәулет, Ақыл, Қанағатты басты тұлға ретінде алу арқылы құтты ел құруды, әділетті, ізгі қоғам орнатуды басты мақсат етеді.
Ендеше, Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы кейіпкерлер және олардың ізгі қоғам орнатудағы тәрбиелік мәнін ашуда оның ерекше логикасын төмендегідей құрастыруға болады (6-сурет).