Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі Біз Қазақстанның жаһандық экономикалық үрдістерге сәйкес дамып келе жатқан ел болуын қалаймыз. Әлемдегі жасалған жаңа мен озық атаулыны бойына сіңірген, дүниежүзілік шаруашылықтан шағын да болса өзіне лайық “орнын” иемденген, әрі жаңа экономикалық жағдайларға жылдам бейімделуге қабілетті ел болуын қалаймыз.
Біз қатаң бәсекеге әзір тұрып, оны өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиіс те, өйткені олар біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі сол арқылы біздің қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымызға және қолымыздағы ресурстарымызға сүйенеді.
Мемлекет өз тарапынан іскерлік бастамашылықтың жолындағы заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді ысырып тастауға, жеке меншік капиталдың келешегі үлкен кемел бастамаларына тікелей қолдау көрсетуге міндетті.
Қазақстанның экономикалық дамуындағы сапалық “серпілісті” әлемдік экономикаға кірігудің қажетті шарты ретінде пайымдай отырып, мен мынадай бағыттарға баса назар аудару керек деп санаймын.
Халықаралық маңыздағы “серпілістік” жобаларды іске асыру, индустрияны дамыту, әлемдік рыноктың белгілі бір тауашаларында бәсекеге қабілетті бола алатын тауарлар мен қызметтерді өндіру Біз түпкі өнімдерін экспортқа шығаруға бағдарланған өндірістерді, мұнай-газ, көлік саласында және машина жасау мен металлургиядағы, химия мен агроөнеркәсіп кешеніндегі басқа да ішкі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға және дамытуға арқа сүйеуіміз керек. Алдымызда халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен биотехнологиялық орталықтар; өңірлік ІT-орталық ретінде ақпараттық технологиялар паркін дамыту міндеті тұр. Үкімет ұлттық тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар қабылдауы қажет. Жеке меншік бизнесті қолдаудың және оның тауарлары мен қызметін әлемдік рыноктарға жылжытатын мамандандырылған құрылымдар болуы шарт, мұндай ұйымдардың әлемдік тәжірибесін зерделеп, оны еліміздің жағдайына бейімдеуіміз керек.