1.1 Зейін туралы жалпы ұғым. Зейін деп – адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты айтады. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған спихикалық әрекетімізді тұрақтата алу. Мысал келтірейік. Оқушы математикалық есептер шығарып отыр. Ол бұған соншама үңілген, мұнысы психикалық кейпінен жақсы көрінеді (бала көзін қадайды, шұқшия үңіледі, демін ішіне тартады т.б.). Оқушы есептің шығару жоспарын ойлайды, оның бірінен кейін екіншісін шығарады. Есеп шығарып болып, азғантай үзілістен кейін тарихты, одан соң географияны оқуға көшеді. Сабағын оқып болғаннан кейін, түрлі нәрселермен айналысады. Осы көріністердің бәрінде де бала әрекеттің әрбір түріне өз зейінін ұйымдастырып, басқа объектілерден ойын бөліп отырады.
Осындай түрлі кезеңдерде бала психикасының белгілі бір объектіге бағыт алып және сонда азды – көпті тұрақтап отырғанын көруге болады.
Адамға тән әрекеттің кез келген түрінде зейін орын алмаса, оның нәтижелі болуы қиын. Орыс педагогикасының атасы К.Д. Ушинский (1824 - 1870) зейіннің маңызын былайша көрсеткен еді. “Зейін адам санасының қорытылып өтетінін барлық ойды аңғартатынын, адам жанының жалғыз ғана есігі болып табылады, демек, бұл есікке ілімнің бірде – бір сөзі соқпай өте алмайды, егер де ол соқпай өтсе, онда баланың санасында ешьеңе де қалмайды”.
Зейінді психикалық процестердің тобына жатқызу дұрыс болмас еді. Өйткені адам өз өмірінің әрбір кезеңдерінде бір нәрсені қабылдайды не есіне түсіреді, бірер нәрсені қиялдайды, бір нәрсе жөнінде ойлайды. Ал зейін болса, өз алдына бұлардай дербес кездеспейтін, қайта солармен бірлесіп келетін психикалық әрекеттің айрықша бір жағы, сананың ерекше сипаты болып табылады. Психикалық құбылыстар зейінге түрліше әсер етеді. Сезім зейінді күшейтое түсуге не оны бөлеп жіберуге себепші болады. Мәселен бір объект жағымды сезім туғызып зейінді күшейтеді де, ал көрші кластан естілген ән – күй сабақ тыңдап отырған баланың зейінін төмендетеді. Ерік, ой, қиял процестері де зейінге түрліше әсер етіп отырады.
Зейіннің физиологиялық негіздерін И.П. Павлов ашқан жүйке процестерінің өзара индукция заңына байланысты түсінуге болады.
И. П. Павлов, егер ми қабығының бір алабында қозу процесі пайда болса, осымен байланысты қалған алаптарында тежелу процестері пайда болатындығын айтқан. Мәселен, адам бар ойымен іске қозу берілсе, басқа нәрселер туралы жөнді ойлай алмайды. Осы кезде мидың бір алабында күшті процесі болып жатады да, айналасындағы адаптарда тежелу болады (теріс индукция заңы).
Зейіннің физиологиялық негіздерін орыс физиологы, академик А. А. Ухтомскийдің (1875 - 1942) доминанта теориясы бойынша да жақсы түсінуге болады.
Cыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға көбірек әсер етеді де, мидың бір алабын қаттырақ, күштірек қоздырады, осындай алапты доминанта деп атаған. Мидың осы күшті қозғыш алабы қалған алаптардағы әлсіз қозу процестерін өзіне тартып алып отырады. Осыдан мидың күшті қозған алабы онан бетер күшейеді. Мәселен, қызық кітапқа беріле оқығанда адамға кейбір бөгде тітіркендіргіштердің бөгет жасамайтыны, қайта олардың біздің ойымыздың күшеюіне жәрдемдесетіні байқалады. Сондықтан адам бар зейінін қойып кітап оқыған кезде қасындағы бөгде тітіркендіргіштерден (мысалы, сағат маятнигінің соғуы секілді) қашпауы керек. Бұл біздің басқа нәрсеге көңіл аудармай, үңіліп отырған әрекетімізге мейлінше беріле түсуге жәрдемдеседі. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, мидағы басыңқы қозу әлсіз тітіркендіргіштерден болған қозуларды өзіне тартып алып, солардың есебінен күшейіп отырады. А. А. Ухтомскийдің доминанта теориясының мәнін И.П. Павловтың “Қозудың оптимальдық алабы” дейтін теориясы онан сайын толықтыра түседі.
И. П. Павловтың оптимальдық қозу алабы теориясы ырықты зейіннің табиғатын физиологиялық тұрғыдан өте жақсы түсіндіреді.
Қозу процесі ешқашан да ми қабығына біркелкі тегіс тарамайды, өйткені онда әр уақытта қозу пайда болатындай жағымды “оптимальдық жағдай” жасалып отырады. Оптимальдық қозуы бар осы алап – ми қабығының творчестволық бөлімі, ырықты зейіннің физиологиялық негізі. Бұл жөнінде И. П. Павлов былай дейді: “Бас сүйегінің сыртынан біз іштегі миды байқай алатын болсақ, онда ми сыңарларының оптимальдық қозу пайда болатын жері жарқылдап көрінсе, біз ойлап отырған саналы адамның ми сыңарларында формасы және шамасы өне бойы өзгеретін тамаша тұрлаусыз жарқылдаған сәуледағын көрер едік, бұлар ми сыңарларының барлық жерлерін алыпжатқан азды – көпті қара көлеңкенің ішінде үздіксіз қозғалып жүрген болар еді”. Ұлы физиолог оптимальдық қозу үнемі қозғалыста болатындығын айта келіп, оның МИДа ауысып отыруының өзі зейін бағытының да өзгеріп отыруы деп түсіндірді. Мидағы тежелулердің бірінен екінші сапқа түсуі, біреулерінің күшейіп, алдыңғы сапқа шығуы осы оптимальдық қозу алабының жұмысы болады. Оптимальдық қозуы бар алап (өзара индукция заңы) мидың басқа бөліктеріндегі тежелуді күшейтеді.
Мұндай жағдайда адам зейіні бір жерге күшті шоғырланады да, ол қалған объектілерді байқайматын болады. Оптимальдық қозу алабын екінші сигнал жүйесінен шыққан сигналдар қуаттап отыратындығын, сөздік сигналдар ми қабығындағы осындай алаптардың бір–біріне ауысуын тездетіп отыратындығын, сайып келгенде, психикалық әрекеттің талғамалы сипатта болатынын жақсы көрсетеді.
Бір нәрсеге зейін аудару адамның сыртқы кейпінен де (дененің, бастың, көздің түрлі қозғалыстары, бет бұру, үңілу, құлақ тігу т.б.) жақсы көрінеді. Бірақ бір қарағанда зейін анық байқала да қоймайды. Өйткені осы айтылғанға біршама ұқсас сыртқы көріністерді өмірде жиі кездестіруге болады. Сондықтан да, кейбір мұғалімдер сыныптағы оқушылардың кескініне қарап, бір дегеннен баланың сабаққа қаншалықты зейінді, не зейінсіз отырғанын ажырата алмайды. Бұл, әсіресе, тәжірибесі аз жас мұғалімдерде жиі кездеседі. Түрлі тәсілдер арқылы оқушы зейінінің қасиеттерін тәрбиелеу отыру – мектептегі барша мұғалімнің ат салысатын негізгі педагогикалық істерінің бірі. Іске шын мәнісінде зейін қойып кіріскенде ғана әрекетті нәтижелі етіп орындауға болатындығы мұғалім үшін аксиомалық қағида болуы қажет.