1.3 Зейіннің түрлері және қасиеттері. Адамдардың зейіні ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып үшке бөлінеді.
Сыртқы дүниенің кез келген объектілері кейде ырықсыз–ақ біздің назарамызды өзіне тартады. Мәселен, көшемен кетіп бара жатқан адамның бояулы афишаға көзі түссе, оған мойнын бұрады не милиционердің ысқырығына жалт қарайды т.б. Адам өмірінде ырықсыз зейін елеулі орын алады. Зейіннің бұл түрі әсіресе жас балаларда жиі кездеседі. Өйткені балалық дәуірде адамның күрделі іс - әрекеттері (оқу, еңбек т.б.) белгілі жүйеге келе қоймайды да, осының нәтижесінде оның психикасы өте нәзік, түрлі сыртқы әсерлерге берілгіш келеді. Әрине, бұдан бала есейген соң, оның ырықсыз зейіні маңызын жояды деген қорытынды тумау қажет. Адам өмірінің барлық кезеңдерінде ырықсыз зейін тиісінше орын алып отырады. Қызығу – ырықсыз зейіннің бұлағы. Өйткені қызықты іске көңіліміз тез ауады. Мәселен, қызықты кітап оқуға ырықсыз зейін жеткілікті. Ал қызықсыз кітапты оқу – ырықты зейінді керек етеді. Ырықты зейінде де қызығу орын алуы тиіс. Бірақ ырықты зейін де жанама, дәнекерлі қызығуды керек етеді. Мұнда адам өз ісінен шығатын нәтижеге қызығады, оны орындау үшін кұж жұмсайды, өйтпесе іс өнбейді, күткен нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Ырықсыз зейін физиологиялық тұрғыдан барлау (ориентировочный) рефлексінің жемісі болып табылады. Зейіннің бұл түрі жануарлар мен адамдардың сыртқы ортамен байланысында үлкен роль атқарады. Ырықсыз зейін кез келген тітіркендіргіш арқылы пайда бола бермейді. Ырықсыз зейіннің көрінуіне төмендегі жағдайлар себеп болады:
а) күшті тітіркендіргіштер (көзді аштырмайтын жарық, қанық бояулы заттар, қатты дауыс, мұрын жаратын иіс т.б.); б) заттар мен құбылыстардың жаңалығы мен қозғалысы (мәселен, адамның үстіндегі киімінің өзгеруі, дыбыстың, жарықтың артуы не кемуі т.б.);
ә) адамның сыртқы дүниедегі объектілерге қатынас жасауының дәрежесі (қызығу, қажетсіну, көңіл күйінің хош болуы) ырықсыз зейіннің тууына жақсы әсер етеді.
Адамның ырықты зейіні әрекетті саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсау арқылы орындалуынан көрінеді. Ырықты зейінде белгілі бір мақсат қойып, объектіге ерекше зер салып отыру көзделеді, ол жұмыстың басынан аяғына дейін ерік – жігерді сарқа жұмсауды талап етеді. Ырықты зейін мынандай ерекшеліктерімен сипатталады:
Қандай болмасын бір әрекеттің талабына сай зейінді бағындыра алу үшін іс - әрекетке тікелей кірісу қажет.
Үйреншікті жұмыс жағдайын жасап алып, алаңдататын нәрселерден бойды аулақтатқан жөн.
Орындалатын істің мәнісін, маңызын түсіну үшін білімге шын ықыласпен берілген дұрыс.
Түрлі қолайсыз жағдайларда да жұмыс істеуге машықтану. Мәселен, көңілді алаң қылатын бөгде тітіркендіргіштердің (айқай – шу, тарсыл – гүрсілдерде де) әсеріне берілмей жұмыс істей беру. Бұл зейінді шынықтырудың, оны мықты және шыдамды етіп тәрбиелеудің ең жақсы жолы болып табылады.
Зейінді болуды өзіңе үнемі ескертіп отыру керек. Бір сөзбен айтқанда, ырықты зейін деп іс - әрекетті жоспарлы түрде ұйымдастыруды айтады.
Зейіннің, екі түрі де бір – бірінен ешқашан қалмай ілесіп отырады. Ырықты зейін ырықсызға, ырықсыз зейін ырықтыға қарай жиі алмасады. Шындығында, адамның үнемі ырықты зейін жағдайында болуы мүмкін емес. Оқушы алғашқыда жай қызыққан нәрсесіне тікелей зейінін аударады, ал содан кейін сабақтың мақсатына қарай тікелей қызық емес басқа материалдарға да зейін қояды. Алғашқы уақытта қызықсыз болып көрінген сабақ кейін балаға түсінікті бола бастайды. Бұл кезде оның ырықсыз зейіні сыртқа теуіп, ырықты зейіннің пайда бола бастағаны.
Зейіннің үйреншікті деп аталатын түрі де бар. Үйреншікті зейін – адамға табиғи сіңісіп кеткен, арнайы күш жұмсамай – ақ орындалатын зейін. Мәселен, бала оқуға төселсе, бұл оның тұрақты әдетіне айналса, оның зейіні де үйреншікті бола бастайды. Қандай нәрсеге болса да үйреніп, жаттығып алған соң, адамның іс - әрекеті дағдысына айналады. Үйреншікті зейіннің де табиғаты осыған ұқсас. Өйткені үйреншікті зейін ырықты зейіннен дамып қалыптасады. Зейіннің қай түрі болмасын іс - әрекеттен нәтижеге шығаруға бағытталады. Егер адам жұмысқа өздігінен беріліп істесе, ырықсыз зейіні көрінеді. Бірақ ұзақ жұмысты тікелей қызығып істей беру де оңай емес. Мұндай жағдайда ырықты зейінге орын беріледі. Ылғи ырықты зейінмен жұмыс істеуі де адамды қажытып шаршатады. Сондықтан адам жұмысты зейіннің осы екі түрін қатынастыра отырып, үйреншікті зейінмен істеуді әдетке айналдыруы қажет.
Зейін жөнінде әңгіме болғанда оның мына төмендегі қасиеттерін еске алады:
А. Зейіннің тұрақтылығы және жинақтылығы. Адамның зейіні бір объектіге немесе бір жұмысқа ұзағырақ тұрақтай алса, оның зейіннің тұрақтылығы дейді. Мысалы, өндіріс озатының не хирург дәрігердің жұмыс үстіндегі зейінін осыған жатқызуға болады.
Зейінді бір жерге тұрақтатып, жинақтап алу арқасында адам істеп отырған ісін тереңінен түсініп, оның әртүрлі байланыстарын анықтайды. Зейінді тұрақтата алушылық саналы әрекетке өзінді жеке алудың басты бір белгісі болып табылады.
Зейіннің осы қасиетінің оқу процесінде маңызы зор. Сабақ үстінде баланың назарын көп нәрсеге аудармай, басты бір нәрсеге не белгілі бір әрекетке ғана аударып, оған тұрақтатып әдеттендіру керек. Сонда ғана бала есейген кезде үлкендердің көмегінсіз – ақ зейінін тиісті объектіге жинақтай алатын болады.
Ересек адамдар жұмыс үстінде зейінін 40 минуттай бір объектіге тұрақтата алады. Осындай 10–20 минуттық зейін қоюшылықтан кейінгі бірнеше секундта көңілдің бәр нәрсеге бөлінуі сол жұмыстың одан ыры ұйымдастырылуына ешбір нұсқан келтірмейді. Қайта бұл секілді тынығу, жұмысты бірнеше сағат бойы жақсы, тұрақтап істеуге мүмкіндік береді. Адам соншалық ерік – жігермен зейін салып жұмыс істеген жағдайда да оқтын – оқтын ойы бөлініп, басқа бір затқа ауып отырады. Осылайша зейіннің бірде әлсіздене, бірде күшейтіп тұруын зейіннің толқуы дейді. Толқу – зейіннің табиғи қасиеттерінің бірі. Мәселен, бар ілтипаттан кітап оқыған адам анда – санда бөтен ойға түседі, басын көтеріп жан – жағына қарайды. Зейіннің мұндай толқуы, әрине, адамның көңіл аударған нәрсесіне ойынның бөлінуіне, зейінін тұрақтатуына бөгет алмайды. Кейбір адамдардың зейіні толқымалы келеді. Бұған қатты тітіркендіргіштер, күшті эмоциялық әсерлер, сондай – ақ адамның өз еркін жөндеп билей алмауы себеп болады.
Зейінді ұзақ уақыт бойы іс - әрекетке жеткілікті жұмылдыру үшін, әсіресе, оның бөтен нәрсеге көңілі ауып кетпеуін ойластыру керек. Бұл көп күш жұмсауды қажет етеді. Зейінді алаңдататын әртүрлі тітіркендіргіштерге қарсы күресу – қажетті шаралардың бастысы. Мәселен, ысқырған дауыс, қоңыраудың сылдыры, сырнай – керней т.б. адамның тынышын кетіреді. Зейінін жақсы ұйымдастыра алатын адамдар осындай жағдайда да жұмысты тез және сапалы орындайтыны байқалады. Адамды алаңдататын нәрселер көп болғанмен, олардың барлығы да кесел тигізе бермейді. Мәселен, машинаның дүрілі, музыканың әуені зейінді аударатын тітіркендіргіш болғанмен, оларға шыдап отыра беруге болады. Ал қасындағы адамның айқай – шуы, реніш т.б. адамды күштірек алаңдатып, жұмыс істетпейді. Әрине, бұларды жоюдың мүмкіндігі болмаса, оған көңіл аудармай, сабырлылықпен жұмыс істей беруге болады. Әрине, бұған ерік – жігер қажет. Осындай ыңғайсыз жерлерде жұмыс істей алушылық – адамның жақсы қасиеттерінің бірі. Мәселен, орыстың атақты жазушысы А.П. Чехов жас кезінде көп әңгімелерін ойын – күлкі, той – думан үстінде жазса; ал Мусоргский мен Бородин өздерінің опералық шығармаларын қонақта отырып – ақ жаза беретін болған. Қандай жағдайда да адам зейінге кедергі келтіретін нәрселерді жеңе алатын болуға тиіс. Тіпті тыныш жерде отырып жұмыс істеуді ұнататын адамдар да өзін ыңғайсыз жағдайларға төселттіріп, кез – келген жағдайда жұмыс істей алатындай қабілетке ие болуы тиіс.
Ә. Зейіннің шоғырлануы.