Ежелден ой ұшқырлығын, зеректігін бағалаған халқымыздың ғасырлар бойы жиып, көздің қарашығындай сақтап келген асыл мұрасы - сөз өнері ұлтымыздың өрісі, мәртебесі, тұрмыс - салты мен мінез - құлқының көрінісі іспеттес. Жас ұрпақты ұлттық сана - сезім рухында тәрбиелеуде ана әлдиімен даритын ана тілін дамытуда, ауызекі шешен сөйлеуге үйретуде, сөз өнеріне баулуда - сөздің алар орны зор. «Сөз қадірім, өз қадірім» - деп, кеңдігін де, елдігін де бір сөзге сыйғыза білген халқымыздың асыл қазынасының бірі, қадірлі - інжу маржаны - шешендік сөздер.
Ана тілін ардақтау, тілді құрмет тұту, оны талғампаздықпен жұмсау, үздіксіз үйреніп отыру, тілдік амал - тәсілдерді қарым - қатынас мақсатына сай қолдана білу - жалпы мәдениетке қойылатын аса қажетті шаралар. Осы шарттарға жауап беретін сөз – шешендікке ұласады. Тегінде сөз өнерінің шеберлері қоғамдық өмірде болып жататын әр тарапты өзгерістерді, құбылыстарды, адамдардың мінез әрекетіндегі жағымды - жағымсыз көріністерді, елдің тұрмысында ұшырасатын жағдайларды кезінде көрегендікпен байқап шешендік сөзбен жақсылық пен татулыққа меңзеуге, қайырымдылыққа, адамгершілікке еңбекқорлыққа тәрбиелеуге ықпал жасаған. Шешен билер сөз өнері арқылы дарынды, талантты жастарды сөз өнеріне ынталандырып баулып отырған.
Шешендік сөздер адамзат өркениеті тудырған рухани - мәдени құндылықтардың бірегейі.
Шешендік өнерді меңгертудің басты бір әдісі - оқушылар алдында түрлі проблемалық жағдайлар қойып, соның шешімін тапқызу, тіл арқылы білдіру, онда да тілін әсерлі де дұрыс, дәл, орынды болуын қажет ету. Сондықтан да әдістер жүйесін іріктеуде проблема - лық әдістер жүйесін танымдық, ізденімпаздық тұрғыдан қалыптастырып, дамытатын әдістер ретінде қарастырудың маңызы ерекше. Проблемалық жағдайды шешу кезінде оқушылар өзіне сенімді болады, қызығушылығы артады, білімге деген көзқарасы өзгеше сипат алады. Сабақта шешендік сөздердің астарын талдау, дауды шешу, шешендік сөздерді ары қарай жалғастыру, образға ену, мәнерлеп айту, шешендік сөздерді толықтыру, топта талқылау, пікір айту, ой қорыту тағы басқа әдіс - тәсілдерді проблема қоя отырып тиімді қолдану оқушылардың сабаққа деген қызығыушылығын арттырады.
Оқушыларды шешендік өнерге бейімдеуде монолог әдісі, пайымдау әдісі, эвристикалық әдіс, репродуктивті әдіс, диалог әдістері кеңінен қолданылады. Осындай әдіс - тәсілдердің арқасында оқушының бойында белсенді оқу әрекеттері қалыптасады, оқушының жеке ізденіс қабілеті дамиды, оқушының өзінің шешендік тәжірибесін жүргізу мүмкіндігі қалыптасады, нәтижесінде сөздік қоры молаяды, яғни дәстүрлі сабақпен салыстырғанда меңгерілетін жаңа сөздер екі есеге артады. Оқушының жеке дара қабілеті дамиды.
Бүгінгі шәкірттеріміз – ертеңгі маман, ел билейтін, халыққа қызмет ететін, әр алуан-алуан маман иелері. Ол өз тілінде еркін сөйлей алатын, өз ой - пікірін жұртшылыққа ауызша және жазбаша түрде сауатты жеткізе білуі керек. Міне, оқушының ана тілінде сөйлеу мәдениетін, тіл шеберлігін арттыру үшін шешендік сөздерді сабақта қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан олардың алдында сөйлеген сөздері шебер де көркем болуға тиіс.
Тарихтан белгілі билер мен шешендер, ақын - жыраулар шығармашылығы тіл игерудің үлкен мектебі екені сөйлеу тілінің шеберлігіне қарай бағалау, соған байланысты халықтың немесе елдің тағдырын шешу сиқты үрдістің маңыздылығы да бабалар дәстүрінің негізі. Әрине шешендікке қойылатын талап қоғамның дамуына байланысты жаңаша сипат алады. Бұл ұлттық озық дәстүрімізді әлемдік өркениеттілікпен ұштастыра отырып, шәкірт бойына қалыптастыру - біздің парызымыз болмақ.. Ол мақсатты орындауда оқушының бойында танымдық және практикалық бағыттағы бірнеше міндеттер қойылады.
Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Жан жақты жетілген, ақыл - парасаты, өресі биік, өз Отанын сүйетін азаматты тәрбиелеу - әр мұғалімнің алдына қойған мақсаты. Әдебиет сабағы ақыл - өнегеге, ғибратқа, даналыққа, имандылыққа, адамгершілік үлгілерге толы болу керек десек, шешендік сөздерде осының бәрін кездестіруге болады. Мектепте шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты - оқушылардың өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла амалдарын, шешендік өнердің сыр мен сымбатын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру. Бүгінгі қоғам сауатты, білімді, өз ойын еркін де ұтымды жеткізе алатын, рухы таза, ой - өрісі биік, шыдамды да еңбекқор тұлғаны талап етеді. Жалпы, әр баланы жеке тұлға деп қарай отырып, бойларындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуына көңіл бөліп, олардың рухани адамгершілігін дамыта оқытуды басты назарда ұстау қажет. Жан жақты жетілген, қоршаған ортасының қадір - қасиетін бағалай алатын тапқыр, көрген - білгенін бағамдай алатын зерделі, зерек балаларды қалыптастыру үшін қазақ әдебиеті сабағында шешендік сөздерді оқыту өте тиімді.
Сонымен қорытындылай келгенде, әдебиет сабақтарында шешендік өнерді меңгерту оқушыларды өз ойын еркін жеткізуге, оқушының ауызекі сөйлеу нормаларын сақтап, орфоэпия заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, ойын сауатты құрумен қатар әсерлі, әуезді жеткізу дағдылары да қалыптастырылады. Оқушылардың сабаққа деген ынтасын артып, шығармашылықпен жұмыс істеуді, берілген тақырыпты жан-жақты ашуды, бір-бірінің пікірін тыңдай білуді, өз ойын ашық айтып жеткізуді үйренеді.