Мaзмұны нормативтік сілтемелер



бет13/19
Дата02.06.2023
өлшемі166,76 Kb.
#98402
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19
Байланысты:
ходжамова н

Кейіптеу әдісі де Йасауи хикметтерінде толық қуатында көрінбегенімен, оның да бірқатар әлементтері жекелеген мысалдардан аңғарылады. Мұндай қолданыстар әдетте тұспалды мәні басым аңыздарды баян еткен хикметтерде кездеседі. Мансұр Халлаж өлімі жайлы оқиға баяндалатын хикметте кейіпкер жазықсыз жазаланып, өртеліп, күлі дарияға тасталғанда, қыстың күні дария тасып, бүкіл патшалықты әбігерге салады (Зымыстанда дарйа ташыб, нағра тартты»). Тау мен дала Мансұрдың сөзін қайталап, «Әнәл-хақ» деп теңселіп тұрады («Тағ-у түзләр «Әнәл-хақ» деб тұрар ерміш»). Шайх Мансұрдың ұстазы Зун-нун Мысридің ақылымен Мансұрдың басқан ізінен бір уыс топырақ апарып салғанда ғана дария тыншып, арнасына қайта түседі. Тікелей табиғат құбылыстарына қатысты болмаса да, жансызға жан бітіре суреттейтін біршама көрнекті мысалдар хикметтердің өн бойында кездесіп жатады: «Дүнйадағы қурту-қушлар қылды сәләм», «Мансұр келгач дар игіліп, өзі алды», «Ибраһимға йаққан оттан гүл ашылған», т.б. Табиғат лирикасының көптеген көркем үлгілері кездесетін Қашқари «Диуанындағы» өлеңдерде кейіптеу өнімді қолданылған әдістердің бірі болып табылады. Ал мазмұны мен мақсаты мүлде бөлек, табиғат лирикасымен қабыса бермейтін Йасауи поэзиясында аталмыш әдістің айтарлықтай белсенді көрінбеуі заңды.
Бернелеу (символ). Сопылық лириканың ең айшықты көркемдік құралдарының бірі – бернелеулер. Тура сөздің – санаға, тұспал сөздің түйсікке тезірек әсер ететінін жақсы таныған сопылар астарлы, бернелі, тұспалды сөзді белсенді қолдана отырып, бернелеуді сопылық поэзияның негізгі стильдік ерекшелігіне айналдырған. Йасауиге дейін бірнеше ғасырлық белесті өткерген сопылық поэзияның бернелеу мәнді қолданыстары да біршама қалыптасып үлгерген болатын. Талғампаз ақын Қожа Ахмет Йасауи қалыпты символдарды да түркілік дүниетаным ерекшелігіне сәйкес саралап пайдаланған.
Сопылық лириканың ең өміршең символы - пәруана мен шам бейнесі XI ғасырдағы парсы сопы ақыны Баба Кухи Ширази өлеңдерінде кездеседі [28, 86]. Шам – ақиқаттың, Хақ нұрының бейнесі болса, пәруана (түнгі көбелек) – сол нұрға ғашық болып, азапты жолға бел буған, күйіп өлеріне қарамай, отқа ұмтылып, ғашық жардың жолында өзін құрбан қылған сопының символы. Баба Кухи шамға күйген көбелек бейнесін сомдаса, Йасауи алдымен «Шамғын ізләб, шәкірт кірдім пәруанаға» деп, өзінің акиқат жолындағы алғашқы мақамынан – дидар-талап шәкірттік кезеңінен бастап, астарлайды. Бұл әрекеттің шарықтау шегі ақын хикметтерінде «Ахкар болыб, күйіб, йаныб, өчтім мән-а» деп тұтас үдеріс ретінде суреттеледі.
Дария мен тамшы парсы сопылық поэзиясында әрі дихотомиялық образдар ретінде көрініс тапса, әрі өзінің астарлы-бернелі мағынасымен де беріліп отырған. Дария – сопылық поэзиядағы ілімнің символы. Тариқат, мағрифат, хақиқат сатыларының әрбірі өзіне тән телегей-теңіз ілімі бар мақамдар болып саналады. Ал тамшы (қатра) – сол дариядан Жаратқан Хақтың рахметімен ақиқат іздеуші сопыға бұйырған үлес. Болмыстың сырын сопы бір тамшы арқылы сезінеді. Қазақтағы «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген мақалдың төркіні түркі әдебиетіне Йасауи хикметтері арқылы енген осы астарлы ұғымда жатса керек. «Махаббат дариясы» түбіндегі көзден таса жатқан гауһар - Йасауи хикметтерінде акиқаттың екінші бір символы ретінде берілген («Ишқ гауһары түбсіз дария ічра пинһан»). Түпсіз дарияға сүңгіп, ақиқат іздеген ғашықтардың «жаннан кешпей ол гауһарды алғаны жоқ».
Сопылық поэзиядағы тұрақты символдардың бірі – шарап. Әрі символ, әрі ұгымдық образ дәрежесіне көтерілген шараптың сопылық поэзияға келу тарихы тым тереңнен басталады. Исламға дейінгі араб (бәдәуи) поэзиясының өзінде шарап лирикасын жырлайтын «хамрийат» атты арнаулы тақырыптық жанр болған. Араб әдебиетінің жаңару дәуіріндегі хамрийат жанрының ең көрнекті өкілі Әбу Нуас (ІХғ.) болып саналады. Сопылық поэзия туындаған әдебиетке етене таныс жанр әлементтері оған алғашқы кезеңнен бастап дарыған. Ал парсы сопылық әдебиетінде «шарап» ұғымы өзінің тұрақты символдық мәніне ие болып, кеңінен қолданылған. Жаратылыстың хикметін, Алла мен адам бірлігін бар болмысымен, рухымен сезінуден туған экстаз хәліндегі күйді сопылардың мастық хәлмен шендестіріп, оны «уахдат (болмыстың бірлігі) шарабынан» мас болу деп сипаттайтынын біз жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Сопылық тәжірибедегі мұндай халге рухани ұстаздың жанқиярлық жолбасшылық еңбегінің арқасында ғана жегу мүмкін болып саналады. Сондықтан «Пірмұған» – шарап құюшының, яғни рухани ұстаздың символы болып табылады. Шығыстанушы ғалым И.Жеменей өз зерттеулерінде Пірмұған бейнесінің Ирандағы көне зороастризм діні дәуірінен сақталып келе жатқан символ екенін, Йасауи хикметтеріндегі «Пірмұған» образы арқылы Мұхаммед пайғамбар бейнесі астарланғанын атап көрсеткен болатын [29,39]. Пірмұған берген махаббат шарабының бір ғана тамшысы сопыны Аллаға-ақиқатқа ұласу халіне – экстаз күйіне жеткізеді. «Пірмұған жургасыдын /шарабынан/ қатра таттым, «һу-һу» тие башым білән түнләр қаттым, Биһамдиллаһ, Хақ уаслігә ахыр йеттім» деп жырлаған Йасауи кәміл шайық пірге айналған шақта өз хикметтерінің де Пірмұған шарабындай құдіретті күшке ие болғанын сол дәстүрлі «шарап» және «тамшы» символдары арқылы бейнелейді:
Йасауи хикмәтні қадрігә йеткіл,
Хум ғишқыдын мәй бір қатра татқыл.
Хум ғишқыдын кіші бір қатра татғай,
Хұданы уәслігә бір йола батқай [2, 64].
«Тариқатның гүлзары», «мұхаббатның бустаны» («бағы») тіркестерімен келетін «гүлзар» және «бустан» ұғымдары Йасауи хикметтерінде ақиқатқа жетелейтін, Аллаға ұластырып, «фәна» мақамына – экстаз халіне жеткізетін алқа зікірдің, сопы-дәруіштер сұхбатының символы ретінде беріледі. «Мұхаббатның бустаныда хазар /мың/ дастан» айтып жүретін бұлбұлдар – Хақ жолындағы дидар-ғашық сопының өз бейнесі. Бұлбұлдың ертелі-кеш жасын төгіп, жырға қосқан сүйген жары - Жаратушы Алланың бейнесі. Дәстүршіл парсы ақындарынан айырмашылығы – Йасауи бұлбұлдың ғашық жары ретінде гүл образын сомдамайды. Түркі тілді қабылдаушының жан дүниесін, құндылықтар жүйесін жақсы білетін автор бұлбұл арқылы өрнектелген махаббат жыршысы бейнесінің ақынжанды ұлтқа үлкен әсері барлығын, бірақ оның аңсарын Иранбақтың парсы тілді ақындары жырлағандай, жансыз гүлге теңеудің көшпенді санасы үшін құндылық болып табылмайтынын жіті ескерген болса керек.
Йасауидегі жар – жалғыз Алла. Оған деген таза да асқақ рухани махаббат сезімін ақын ешқашан пенделік құштарлық деңгейіне түсірмейді, оны жырлауда жеруани ғашыктық детальдарын қоспайды. Осы ерекшеліктер, сондай-ақ жар бейнесіне портреттік детальдар дарытпауы да Йасауи ұстын еткен түркілік менталитеттің жемісі болса керек. Араб-парсы сопылық поэзиясында сопы-дәруіштің Аллаға деген махаббатының адамға деген махаббаттан мүлде дерлік айырмашылығы болмайды, бірдей баламалар, бірдей көркемдік құралдар қолданылады. Сүйген жардың аппақ жүзі Алланың ақ нұрының символы болса, ақ жүзді жасырған толқынды қара шаштары – ақиқат нұрын көлегейлеген жеруани күйкі-күйбеңнің, әзәзіл болмыстың, адасқақ жолдың астарлы бейнесі болып табылады. Аталған ерекшеліктер әсіресе парсы сопылық поэзиясында басым байқалып, оны әдеттегі адамдар арасындағы махаббат машақаттарынан айырып алғысыз еткен. Бірқатар парсы ақындары сопылық поэзияны бетперде етіп, өзінің түпкі ойын, пенделік мақсат-мүдделерін жасыра білген. Сопылық әдебиеттің күрделі өткелдерімен, пендешілік пиғылдарымен жақсы таныс болған Йасауи ақын мақсатты түрде парасатты поэзия талаптарынан ауытқымай, Тәңірлік махаббат дәрежесін өзі таныстырып отырған оқырман-тыңдарман санасында биік ұстап, пенделік сезімдерді таңбаған секілді. Өзі қолданған көркемдік құралдарды ақын осы мақсатқа шебер жеге білген. Йасауи қолданған барлық символдар тұрақты астарлы мәнде қолданылын қана қоймай, жан-жақты бейнеленіп, ұғымдық-кұбылыстық мәні, табиғаты толық ашылғандықтан, дербес образ дәрежесіне көтерілген.
Йасауи хикметтерінде арнайы көркемдік құралдардан тыс экспрессивтік бояуы қалың сөздер мен сөз тіркестері, әсіресе үдемелі іс-қимылды, жалғаспалы сезімдерді суреттеуге икемді етістік сөздер өте жиі қолданылады (жандын кечіб, қанлар йұтыб, шида болыб, рәсуа болыб, жаным күйүб, харлық тартыб, елден чықыб, заққұм ічіб, йүрәк дағлаб). Кейде мұндай қолданыстар тұтас жолдың («Пикан алыб, йурәк-бағрым тештім мән-а», «Хақдын қорқыб, отқа түшмәй, піштім мән-а»), кейде тұтас шумақтардың өн бойында жалғасып жатады:
Астанаға башым қойыб, тәуба қылсам,
Ғайбат қылған тілләрімні йүз мың тілсәм,
Кинаһ қылған ужудларым пәре қылсам,
Достлар, мені хожам бәндәм дегаймукин?! [2, 187 ]
Кемелдікке ұмтылған жанның сопылықта жеті түрлі мақамы (сатысы) болатыны белгілі. Әрбір саты өзіне тән көңіл-күймен, атаумен, түспен сипатталады. Рухани кемелдену үдерісінде дидар талап сопы адам баласына тән сезімдердің бәрін кешіріп, барлық көңіл күйді басынан өткеруге тиіс. Ақынның жер астына түсу себептерін баяндайтын бір ғана 9-хикметінде жер астына түсер сәттегі сан-сала сезім мен көңіл күй хуррам болыб, махрам болыб, закир болыб, шакир болыб, шида болыб, расуа болыб, биғам болыб, марнам болыб, аднам болыб, пирғам болыб, намдам болыб, жандын кечіб, мехнат тартыб, қанлар йұтыб, бидам болыб, шабнам болыб, сармаст болыб, зәмзәм болыб, махкам болыб секілді жиырмаға жуық етістікті тіркеспен суреттеледі. Осы тектес ерекшеліктер себебінен, сонымен қатар «көңіл адамы» саналатын сопы ақынның ең басты мақсаты – жүректі қозғау, жүрек сезіміне әсер ету болып табылатындықтан, хикметте баяндалатын ой мен оқиға аста-төк сезімдермен астасып отырады. Қарапайым тіркестердің өзінде тұнып тұрған эмоция аңғарылады («Көзім – намлік, ділім – ғамлік, жан – аләмлік»). «Бірде жұрттың зары, бірде жеке адамның зары, кейде ақынның өзінің зары ретінде көрінетін, хикметтердің өн бойын жайлап жатқан «зар» ұғымы бар» [30,76] екендігіне әдебиет зерттеушісі Б.Омаров назар аударған болатын. Ал «жан», «көңіл» секілді сопылықтағы тірек ұғымдардың төңірегінде Йасауиде тұтастай теңеулер тобы қалыптасқан: ғарібжан, ғазизжан, арығжан, ажизжан, мұңлұғ жан, көңілі сынық, көңілі бүтін, көңілі қара.
Йасауи ақын белсенді қолданған көркемдік әдістердің бірі – баяндаулар. Бұл хикметтердің ақылгөйлік сарынының басым болуымен тікелей байланыста туындаған. Ақын өзі сомдаған кейіпкерлердің табиғатын мінездеу, суреттеуден гөрі баяндау арқылы ашуға көбірек бейім. Өзінің пірлік-ұстаздық қызметін бір сәт те есінен шығармайтын автор қашанда баяндай отырып сыр түюге, мағына аңдатуға, тағылым айтуға бейім. Екінші жағынан баяндау әдісінің оқиғаны бірте-бірте өрістетуге, сезімді сатылай дамытуға, сол арқылы сопылық тәжірибе үшін маңызды саналатын әсер тұтастығын тудыруға мүмкіндік беретін ерекшелігін де ақын жіті аңғарған. Дегенмен Йасауи баяндау шеңберінде әр алуан көркемдік құралдарды астастырып, орнымен қолданған. «Надан бірлә өткән өмрің нару сақар, Надан бірлә дозах сари қылмаң сафар», «Дидарыны арзу қылсаң, сахар тұрғыл, «һу-һу» тие халқа ичра жаның бергіл, Мағрифатның дариясыдын гауһар тергіл» секілді біркелкі құрылымымен, синтаксистік параллелизмімен ерекшеленетін жолдарда сондай-ақ бейнелі теңеу, ауыспалы-астарлы мағынада қолданылған тіркестер, символдық образдар көрініс тауып үлгерген. Йасауи хикметтерінің қарапайым көркемдігі көп қабатты мазмұнның астарынан аңғарылады, ажыратып алуды қажет етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет