АЛҚАЛАУ, АЛҚАЛЫ. Махамбет ақында:
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса...
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған...
Алқалы кеңес құрған күн, –
деген өлең жолдары бар. Алқалау сөзі ертеректегі ақын-жыраулар
тілінде де бар. Шалкиізде:
Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға
Арыстанбекұлы Сұлтан бар.
Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқаның қазіргі мағынасы 1) «жиын,
топ», 2) «коллегия» (ҚТТС, 1974, I, 224). Бұл – арабтың хәлқа сөзі,
мағынасы – «дөңгелек», одан барып «адамдар тобы» деген ауыспалы
мәнде қолданылған. Сірә, бұл сөз түркі тілдеріне өте ертеде енген
болу керек. Этнографтардың айтуларына қарағанда, Орта Азияны
және Қазақстанды мекендеген халықтардың ислам дәуіріне дейінгі
әдет-ғұрпында жылына бір рет өлгендердің бейітіне баратын дәстүр
болған. Бейіт басына жиналған әйелдер алқа құрып, қол ұстасып,
ауық-ауық алақан соғып, дұға оқып, ортаны айналып жүретін болған,
соны алқа деп атаған (Снесаров, 155). Түркі тілдеріне парсы тілінен
алқа сөзі осы кездерде кірген болу керек (ал парсы тіліне бұл сөз араб
тілінен енген).
Қазақ тіліндегі алқа-қотан, алқа құру және алқалау сөздері осы
мәндегі алқа сөзімен сабақтас. Кейін келе діни рәсімдерге қатысты
алқа құру дәстүрі жойылғанмен, «дөңгелек құрып айнала отыру»
немесе «бір нәрсені айнала қоршау» деген мәнде алқалау етістігі
қолданылатын болған.
Жоғарыдағы Махамбет өлеңіндегі алқалау сөзі кеңесу, ақылдасу
үшін жиналатын жиынға қатысты тұста айтылған. Ал қазақ
қоғамында (әрине, өзге жұрттарда да) кеңесу, ақылдасу үшін алқа-
қотан отыру, яғни дөңгелек құрып айнала отыру дәстүрі болған.
Бұдан барып алқалау сөзі «кеңесу, топ болып отырып ақылдасу үшін
жиналу, бас қосу» деген ауыспалы мағынаға ие болғаны байқалады.
Мысалы, Махамбетте:
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған.
40
Ал соңғы Шалкиіздегі алқалау сөзі «қоршау» деген мағынада
қолданылған. Алқалау сөзі бұл күнде «айнала қоршау, қамалау» деген
мәнде жұмсалады да оның «жиналу, бас қосу» мағынасы ұмытыла
бастап, ескі нұсқаларда сақталған.
АЛП. Бұл сөз дәл осылай тұлғаланған (жазылған) түрінде Шалкиіз
өлеңдерінде кездеседі:
Алп, алп, алп басқан
Арабы торым озіңсің...
Алп, алп, ал сақын.
Алп сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «ауыр, қауіпті,
қорқынышты және маңызды» деп көрсетіледі (ДС, 37). Шалкиіздің
арабы торыны алп басқан деп суреттеуі «аяғын ауыр басқан»
дегенді білдіретін сияқты, ал аяқты ауыр басу – маңыздылықтың,
салмақтылықтың белгісі. Екінші жердегі (алп, алп, ал сақын дегендегі)
алп сөзінің мағынасын контекске қарап, «қорқыныш (бар), қауіп
(бар), сондықтан сақтан (сақын)» деп отырған тәрізді. Қайткенде де
бұл – көне тұлға, қазақ тілінде сақталған көне сарқыншақтардың бірі.
Мұндай көне жұқанақтар қазақтың XV-XIX ғасыр ақын-жыраулары
мен ауыз әдебиетінің тілінде аз кездеспейді (мысалы, мұндағы сақын
дегеннің өзі де көне, бұл сөздің өте ертедегі бір мағынасы «ойлау,
толғау, болжалдау» болса, екінші мағынасы «сақтану» екендігін
білеміз).
Достарыңызбен бөлісу: |