АМАНДАСУ. Амандасу сөзі қазіргі әдеби тілімізде «сәлем беру,
сәлемдесу, амандық сұрау» деген мағынада қолданылады. Түсіндірме
сөздік осылай деп көрсетеді (ҚТТС, 1974, I, 250). Ал ертеректе бұл сөз
қазақ тілінде қарама-қарсы мағынада да қолданылған, яғни «қоштасу,
қош айтысу» дегенді де білдірген. Батырлар жырларынан:
Амандасып елменен,
Туып-өскен жерменен.
Қош айтысып Қамбарға
Қалмаққа қарай жөн тартты...
Амандасып жылады, −
деген жолдарды оқысақ, мұндағы амандасу «сәлемдесу, көрісу» емес,
«қоштасу» деген сөз екенін байқаймыз, яғни бұл жердегі амандасу
«амандық сұрау» емес, «амандық тілеу» мәнін береді.
«Айман- Шолпан» жырында еліне қайтарылған Шолпанды шы-
ғарып салған Арыстан туралы: «Шолпанмен амандасып кейін қайт-
ты», – дейді. Мұнда да амандасу − «Амандық тілеп, қош айтысу».
Бұл сөздің соңғы мағынасы ауызекі сөйлеу тілінде де кездеседі.
41
Сонымен қатар ескі әдеби нұсқаларда амандасу сөзі «көрісіп
сәлемдесу» мағынасында да жиі жұмсалған. Қалмақ келіп, қызыңды
бер деп қысқанда, қыз әкесі Әзімбай («Қамбар батыр» жырында);
Жіберді тарту қылып тоғыз адам,
Қамбарға қайтыңдар деп амандасып, –
дегенді оқимыз. Сонымен, бұрын амандасу сөзі қарама-қарсы екі
мағынада жұмсалған және ауызекі сөйлеу тілінде қазірде де осылай
қолданылады деп түсіну керек.
АНТ. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында үш-төрт жерде адамға
қатысты, яғни белгілі бір сипаты бар адамды атайтын ант сөзі
кездеседі:
Елдеп шыққан білімсіз ант екен деп,
Елі-жұрты Қарабайға өкпеледі.
Бұл сөз әрдайым не Қарабайға, не Қодарға қатысты айтылады.
Екеуі де – жырда жағымсыз кейіпкерлер:
Қодар тоқсан дейтұғын бір анты бар...
Қарабай анттың қойы осы болса,
Тура сілте антыңның ауылы қайда.
Демек, ант – жағымсыз адамды сипаттайтын сөз. Түркі тілдерінің
белгілі зерттеушісі – Г.Дерфер мұны парсы тілінің «екі ұдай,
күмәнды» мағынасындағы анд сөзімен салыстырады да мүмкін,
түркі тілдеріндегі ант сөзінің түптөркіні парсы тілі болу керек деген
жорамал айтады және бұл сөз түркі тілдеріне ауысқанда, жағымсыз
мағыналы сөзге айналған болар дейді. Қазақ тілінің материалы осы
пікірді қостайтын сияқты.
Бұл сөздің монғолдың анда «туысқан, бауырласқан адам» де-
ген сөзінен қысқарып алынған болар деген өзге бір ғалымның
(Рамстедтің) пікірі бұл жерде қиыспайды. Сондықтан қазақ
тілінде «қылығы жағымсыз адам» мағынасындағы ант сөзі өте си-
рек қолданылатын тұлғалардың бірі деп санаймыз. Бұл сөз тіпті
антұрған (ол да жағымсыз сипат) деген тіркестен жасалған сынның
қысқартылып жұмсалған түрі болуы да мүмкін. Бұл – екінші жора-
малымыз. Қайткенде де бұл қолданыстың мағынасы мен төркінін
іздестіре түскен абзал.
АРАЙ. «Алпамыс» жырында баласы жоқта Ұлтан құлға пенде бо-
лып, түйе бағып жүрген Алпамыстың әкесі – Байбөрі түйелерге:
Айдасам жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында
42
Иесіз қалған үлегі,
Арай, жаным, арай! –
дейді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бұл жердегі арай сөзін «са-
быр, ұстам, тоқтам» деп түсіндіреді (ҚТТС, 1974, I, 306). «Алпамыс»
жырының ғылыми басылымында бұл сөзді парсының көңіл күйді
білдіретін сөзі деп анықтайды (Алпамыс батыр, Алматы, 1961, 82).
Ал, дұрысында, арай түркі сөзі болуы керек. Ол алтай түркілерінің
тілінде «ақырын-ақырын, бірте-бірте, әрең-әрең» деген мағыналарды
білдіреді. Байбөрінің аузынан шыққан арай да «ақырын, жаным,
ақырын» деген мәнде жұмсалған деуге болады.
Түсіндірме сөздік арай сөзінің бірінші мағынасы «таң атар кездегі
күн шапағы, шұғыласы» дегенді көрсетеді (ҚТТС, 1974, 1, 305). Бұл
мағынаның түптөркіні түркі-монғол тілдеріне немесе монғол тілдеріне
тән арай сөзіне қатысты болу керек. Арай – монғол тілінде «әрең,
ақырын, сәл-пәл, аз ғана» деген үстеулік қызметте қолданылатын сөз.
О баста арайлап таң атты деген тіркес ақырындап, сәл-пәл нұр ша-
шып атып келе жатқан таңды атаған болуы керек. Кейін келе арай
сөзі «таң атар кездегі күн шапағы, нұр, сәуле» деген заттық мағына
беріп кеткенге ұқсайды.
Ал жырдағы арай сөзінің мағынасы түпнұсқа тілдегідей
«ақырын» дегенді беріп тұрған тәрізді, яғни наршалар мен үлектерге
ере алмаған қарт адам оларды «ақырын, ақырын!» деп қайырған деп
түсінуге болады. Арай сөзін «ақырын, ептеп, біртіндеп» мағынасында
Мүхтар Әуезов те қолданған. «Абай» операсының либреттосындағы
Ажардың ариясының:
Өлмек ем сол әнге ұйып арай-арай,
Ол бірге өшпек болды арай-арай,
Көрдім де бекінгенін бірге өлмекке,
Тірлікке мен шақырдым арай-арай, –
деген тексіне зер салсақ, мұнда жазушы арай сөзін қосарлап «ақырын-
ақырын, бірте-бірте» деген ұғымда жұмсап тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |