§ 5. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің лексикалық
сипаты
Бұл кезеңдегі сөздік құрам екі қабаттан тұрады: қазақтың
төл сөздері және кірме сөздер. Кірме қабаттың дені – араб,
парсы сөздері. Орыс сөздері немесе орыс тілі арқылы енген
шет тіл сөздері XVIII ғасырдағы қазақ көркем әдебиеті тілінде
жоққа тән. Тіпті ауыз әдебиеті нұсқаларында жиі кездесетін
шай, самаурын, пәуеске, тарантас сөздері мен орыс саудасы-
мен бірге келген киім-кешек, үй мүлкі, әртүрлі бұйым атаула-
ры, мүмкін сөйлеу тіліне енгенмен, сол тұстағы поэзия тілінен
орын алмаған. Бұған, бір жағынан, тұрмыс-салт лексикасын
сараң пайдаланатын поэзия жанры себепкер болса, екінші
жағынан бұл бұйым-заттардың қазақ тіршілігінде әлі молынан
орын ала қоймағандығы есер еткен болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |