Иконалық белгі дегенде “икона” сөзінің этимологиялық мәніне негіздеп айтып отырмыз. Грек тіліндегі “еісоn” қазақшаға “кескін”, “сурет” деп аударылады. Демек, иконалық белгі дегеніміз белгі-кескін, белгі-бейне. Бұл белгілер табиғи белгілерден өзінің жасандылығымен, артефактылығымен ерекшеленеді. Оны қазақ тіліндегі таңба деген ұғыммен алмастырсақ та болғандай. Мысалы, жақында мектеп барын білдіретін арнайы таңба жол үстіне салынады, көпшілік орындарында дәретхана, эскалатор-баспалдақты танытатын таңбалар қойылады. Әлгі кескін-бейнелерге қарап адамдар ненің қайда екенін ажырата алады. Кезінде қазақтар табын-табын сиырлар, үйір-үйір жылқылар, отар-отар қойларын өзгелердікінен ажырату үшін таңба салатын болған. Мысалы, қазақтар малына өз руының не атасының белгісі болып есептелетін рәміздік бейнені таңбалап салған. “Тайға таңба басқандай” деген тұрақты сөз тіркесі де соны аңғартады.