Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері қазақ әдебиеті тарихының көкейкесті мәселелерін зерттеуді әрі қарай дамытуға үлес қосады. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін арнайы, жекелеген әдебиет үлгілері жөнінен оның зерттелу тарихын, теориялық негіздемесін ғылыми айналымға қосып отырып, бүгінгі ғылым талабы деңгейінде жан-жақты көркемдік жөннен жүйеленген бұл зерттеу еңбектің теориялық та, практикалық та мәні бар.
ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелу тарихының ғылыми негіздеме, нәтижелерін мейлінше тұтас қамтыған бұл еңбек осы саладағы маман, ізденушілерге көп жеңілдік жасайды. Диссертацияда қозғалған ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің ауызша әдебиет пен жазбашаға байланысты аражігін ажыратудың теориялық негізделу мәселелері, жаңа жазба әдебиет тілі мен ұлттық әдеби тіл мәселелеріне байланысты байламдар, т.б. ізденушінің тақырып бағытындағы өз ұсыным-ұстанымдары – ғылым өрісін өсірер негізді қисындар. Диссертациялық жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиеті тарихы пәнінен өткізілетін жалпы курстар мен арнаулы курстарда, семинар сабақтарда пайдалануға болады.
Зерттеушінің жұмыс нәтижелерін қазақ әдебиеті тарихын таза көркемдік жөннен жүйелеуді жаңа методологиялық ұстанымдар бағытында негіздей түсуде пайдалануға болады.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері. Зерттеу жұмысы теориялық және методологиялық негізде қазіргі әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне, қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің ғылыми нәтижелеріне сүйенді. Ғылыми жұмысқа арқау болған әдебиет нұсқаларын зерттеу барысында тарихнамалық, тарихи негіздер басшылыққа алынып, жүйелі-кешенді, салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Әдебиет теориясы, қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихын жасау, зерттеу тәжірибесі негізгі тірек болды. Қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасаудағы жеке тұлғалар шығармашылығының тарихи орны ескерілді.
Еңбекте әдебиеттану ғылымымен бірге тарих, философия, педагогика, т.б. ғылымдарының жетістіктері де басшылыққа алынды.