Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының басты мақсаты – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көркемдік дамуын нақтылы әдеби жанр, әдебиет үлгілерінің жанрлық, стильдік, даралық, теориялық негізделу тарихы жөнінен қазақ әдебиеттану ғылымының кейінгі кезеңдегі зерттеу нәтижелері аясында арнайы зерттеу болып табылады.
ХІХ ғасыр әдебиетін біртұтас: дәстүрлі айтыс өнерінің, сал-серілік, ән-өлеңнің; тарихи жыр; қисса-дастан; еуропалық үлгідегі жаңа жазба әдебиет үлгілерін ауызша әдебиет пен жазба дәстүр, ауыз әдебиеті сипаттары мен жаңа жазба әдебиеттің өзгешеліктері жөнінен арнайы, тұтас қарастыру – қазақ көркем сөз өнерінің жанрлық жаңғыру, даралану, даму үрдісінің теориялық тарихын жан-жақты, ғылыми негізде орнықтыра түсуде жаңа қисындардың көкжиегін көтереді.
Көп жанрлы, көркемдік сапасы айрықша айшықты, мол үлгілі ХІХ ғасыр әдебиетінің қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы орнын айқындай түсудің жаңа мүмкіндіктерін іздестіре отырып, жекелеген әдебиет өкілдерінің әдебиет тарихындағы, әдеби ағым, бағыттардың қалыптасып, дамуындағы тарихи орнын айқындай аша түсуді көздедік.
Диссертациялық жұмыста ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы танылу, бағалану жөндеріне сүйене отырып жекелеген жанрлардың даралық сипаттарына түпнегіз, бастаулары; қоғамдық-әлеуметтік факторлардың ықпал-әсері; көркемдік даму заңдылықтарының табиғаты жөнінен мүмкіндігінше тұтас қамтып, өзіндік ерекшелігін айқындай түсетін анықтама беру көзделді.
ХІХ ғасыр әдебиетінің даралық сипаттарын айқындай түсетін әйгілі айтыс ақындарының, ежелгі жазба дәстүрді жаңғыртқан кітаби шығармашылықтың, дәуір болмысының айқын бір ағымы – зар заман әдебиеттің қазақ поэзиясының құнын асырып, өзгеше сөйлеген Махамбет өлеңінің, қазақ әдебиетінің жаратылысын өзгертіп, еуропалық үлгімен жаңғыртқан Абай ақындығының, т.б. өзгешеліктерін ғылыми негізделу нәтижелері аясында әрі қарай зерттей түсуде мынадай міндеттерді ұстандық:
Жекелеген әдебиет үлгілерін қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық негізделу жөнін мүмкіндігінше тұтас қамтып, жүйелеп жинақтау. Әдебиет зерттеуші ғалымдардың ХІХ ғасыр әдебиетін танытудағы тарихи еңбегін айқындай түсу.
ХІХ ғасырдағы айтыс, ән өлең, зар заман өлең, қисса өлең, тарихи жыр, жаңа жазба өлеңнің ауыз әдебиетіне, ауызша әдебиетке, жазба әдеби дәстүр, жаңа жазба әдебиетке қатысына қарай арнайы ажырата қарастырып, сол жөндегі өзгешеліктерін айқындай түсу.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі мен қазақ әдебиеті тілінің арақатысына байланысты мәселені нақтылай түсу мақсатында ой қозғау.
ХІХ ғасыр әдебиетінің қазақтың рухани дамуындағы тарихи миссиясының бүгінгі таным, пайым деңгейінен бағалануын зерделеу. Зар замандық діни ағартушылықтың тарихи мәніне кейінгі кезеңдегі таныла түскен дерек, дәйектер негізінде көңіл бөлу.
ХІХ ғасырдағы әдеби жанрлардың қазақ көркем сөз өнері дамуындағы әдеби дәстүр, әдеби үрдіс негізіндегі өзіндік ерекшеліктерін айқындай түсуге жетектейтін жаңа пайымдауларға ұмтылу.
ХІХ ғасырдың әдебиетінде әдеби дамудың стильдік, жанрлық жөннен алуан сипаттағы бірнеше үрдісінің қатар дамығандығын нақтылы әдебиет үлгілері, өлеңнің түрі негізінде ашып айқындай түсу.
ХІХ ғасырдағы аймақтық әдеби мектептердің қалыптасу негіздері көркемдік өзгешеліктерін айқындаудың қисындарын қарастыру.