Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет52/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Жылқышы, сөз сөйледің бала жастан,
Өнерің он жасыңда судай тасқан.
Іздеді жұрт жиылып кешке дейін,
Өзіңе лайық па мұнша қашқан?
Жеріңнен уағдылы табылмадың,
Құп, сенің басыңды алып, қаның шашпай, – деп, төпей жөнеліпті [93, б.].
Айтыста ру шежіресі сұралады, ел қорғаған атақты батырлар дәріптеледі. Мұрат бұл жағынан да басымдылығын байқатады. Суырып салма өлеңмен аяқ асты айтқанына қарамастан тіл кестесі аса келісімді. Жылқышы ақын да, Мұрат та ең әуелі өз руының артықшылығын алға тарта отырып айтысады.
Мұраттың келесі айтысы – Бала Оразбен айтысы. Айтыс 1863 жылы өткен. Ы. Дүйсенбаевтың айтуында: “Бала Оразбен айтысында ешбір жаңалық жоқ, жоғарыда келтірілген Жылқышы ақынмен шайқастың жүдеулеу көшірмесі. Сондықтан да болса керек, кімнің жеңгені де көрсетілмеген. Мұндағы бір жаңалық – айтыс жыр түрінде орындалған” [21, 80 б.].
Б. Омарұлы Мұрат сөздерінің салмағына қарап жас ақын жеңді деп топшылауға болады дейді.
Мұрат сөзі былай келеді:
Төремұрат, Нарынбай,
Өтеп деген ерлердің,
Соларыңның біреуін
Қолыңнан бар ма көмгенің?
Үш арыс таздың баласы,
Соларыңның өлгенін
Көзіңмен бар ма көмгенің?
Мақтау етіп келгенің –
Топ ішінде өлгенің [118].
Мұрат 1868 жылы Жаскілең ақынмен айтысып, жеңеді. Айтыс қысқа, бір-бір қағысумен аяқталған. Мұрат бұрын Байұлының ұрпақтарымен айтысқанда, сол Байұлыдан тарайтын Берішті көтеріп сөйлесе, бұл айтыста Жаскілеңнің шыққан тегін мінейді.


Кете деген еліңіз –
Әлім де емес, Бай да емес.
Асыранды қара қарын баласы
Асыранды болған соң,
Қой бақтырған мен едім
Қойымды баққан сен едің,
Үш қошқардың баласы
Қоңыр қошқар мен сойып,
Майлы таяқ қолға ұстап
Майлыбай деп шақырып
Ұран берген мен едім.
Мұраттың айтыс өнерінде айтулы орны бар, аты қалған, белгілі сөз
қағысуы – Жантолымен айтысы. Жантолы ысық руының ақын қызы екен. Мұратпен жас күннен әзіл-қалжың айтысып сөз қағыстырып жүрген. Сол Жантолы ұзатылып барып, келін болып түскенде Мұрат ақын келіп айтысады. Әрине, қыз бен жігіт арасындағы айтыстың дәстүрлі құралының бірі – атастырған күйеуін, ерін әйтеуір бір мінін айтып бетке салық ету.
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Болғанша тапа-тал түс ұйқың қанбай
Деп едің, хас әулие таз немені? –
деп, Мұрат келіншектің жанды жеріне тиіседі. Айтыс осы әңгіменің төңірегінен аспайды. Әзіл деңгейінде, әрі тереңдемей аяқталады. Жантолы жеңіледі.
Мұрат ақынмен таздың төңірегіндегі жағымсыз әңгімені соза біреуді қаламаса керек, Жантолы күйеуіне ақынды аттан түсір, үйге шақыр деген ишара жасайды. Көркеуде күйеу келіншектің қолын қағып жіберіп, теріс айналыпты. Күйіп кеткен Жантолы:
Бір қақтың ақ естіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Ұрынған өзі келіп берішке тимей,
Мен бе едім, ақ қара құрт басың жеген, –
деп тоқтапты. Мұрат пен Жантолының айтысы – дәстүрлі қайым айтыс.
Мұраттың Тыныштықпен айтысында да ру адамдарына мадақ баса айтылады. Мұраттың ақындық өнері, айтыстары жайлы тереңдете ой қозғаған Сәбит Мұқанов ақынның қайсыбір сөз қағыстырулардағы тілге тиек болған өз жайын былайғы көпке рудың жыртысын жыртып, әңгімесін айтудан әрі бармағандай көрінетін тұстарын жадағай қабылдаудан арашалайды. “Айтыстарында осындай рушыл көрінген, өз руына мінсіз көзбен қарайтын Мұрат, өзінің ақындық өміріне рушылдық көлемнің ақыны боп қана қалмайды. Жас кездегі айтыс өлеңдерінде өз руын көтеріп, өзге руға кеміткен көзбен қарайтын Мұрат есейе келе, өзге руларды да көре, өзін жалпақ қазақ ақыны, халық ақыны санап, бертін байсалды ақын болған шағында, өз руынан ғана емес, жалпы қазақ халқының жоқшысы боп жырлайды” [9, 151 б.]. Мұраттың Ізім шайырмен айтысы дейтін де қысқа өлең. Ақынның Қалнияз, Шолпан ақындармен сөз сайыстары болыпты. Қашағанмен де айтысты деген сөз бар.
Мұраттың өнерпаздық мұрасының аса айтулы арнасы – жыр-дастандары. Ақынның “Үш қиян”, “Сарыарқа” толғау-дастандары. Ел тарихы, елім деп еңіреген ер тарихы түскен үлкен дүниелер.
“Сарыарқа” толғауының атауындағы Арқа сөзі – Атырау жағын білдереді. Маңғыстаулықтар Атырау жақты Арқа дейді екен.
Мұрат қоян жылы жұтта нағашылары жаққа қоныс аударып барады.
Х. осмұхамедұлы “Сарыарқа” толғауының туу тарихын былай баяндайды: “Қояннан соң бір үлкен тойда қазақтың әдетінше той бастау жолы Мұраттікі екен.Адайдың арасында қаңғырған жалғыз үй келімсекке жол бермейміз, өзіміз бастап, той бастарды өзіміз айтамыз деген сөз болыпты. Соған ызаланып, жиылған көптің ішінде тұрып Мұрат осы “Сарыарқаны” қоя беріпті. Айтып болған соң адайдың ақсақалдары сөзіне риза болып, той бастатпай бәйгесін беріпті-мыс. Бұл өлең 1880 жылы айтылған [13, 113 б.].
Өлең әуелгі нағашыларға елден кету себебін көлденең тарта сөйлеуден басталып, баяғы Асан, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттерше ауа көшкен атақонысқа сағыныш, махаббат, қимас сезім күйіне ұласады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет