Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет53/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Тайсойған, Орал бойы жүрген жерім,
Қызығын дәулетінің білген жерім.
Ат мініп, мырзалардан нар жетелеп,
Қызылын әуестікке киген жерім.
Қиғаш қас, оймақ ауыз бал тамақты,
Күнінде асаулықтың сүйген жерім.
Жиылып жүруші еді қыз бен келін.
Шалқыған тасқын судай көңілін басып,
Біреуге пенде болды кербездерім!
Ақынның “Еліне жазғаны” атты хат өлеңі де осы сарында.
Х. Досмұхамедұлы Мұраттың мұрасы тарих үшін де, әдебиет тарихы үшін де қаншалықты құнды екендігін сонау ерте күнде-ақ бұлтартпай айтты. “Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды. Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметтік ақын.
Қазақ елі елдігінен айрылып, “штатқа” көшіп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы – бостандық үшін “егескен ердің бәрі жер тіреген” заман. Патша үкіметінің қазаққа құрған саясатының гүрлеп тұрған заманы, қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы.
Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын?
Мұрат елдің мұңын айтады, бұрынғыны жоқтайды, заманын айыптайды.


Бұл қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл осылардан қалған қоныс.
Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,
Қайырсыз осы секілді кеткен қоныс?
Кетейін десе жөн таппай,
Адыра қалған үш қиян,
Қол ұстасып жүрген жер, –
деп, елге келген таршылықтың көбіне Мұрат қоныстан көреді.
Мұраттың өлеңдерінде патша хүкметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Үкіметтің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады” [13, 104 б.].
Әдебиет тарихындағы Мұраттың орны жайлы Мұхтар Әуезов: “Мұрат зар заман ішіндегі ірі ақынның бірі. Бұның сөз үлгісі баяғының толғауы сияқтанып, қарсыға шапқан жүйріктей көсіліп, құлашын керіп келеді” – деп жыр дүлділінің өлшеусіз бағын бағасын өсіре айтты [10, 174 б.].
Мұраттағы үздік жыр үлгілерінің бірі – “Үш қиян” толғауы. Шығарма дәстүрлі жыраулық поэзия үлгісімен жырланады. Сонау ежелгі дәуірлердің сарыны аңқып жатыр.
Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян.
Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,
Адыра қалғыр, Үш қиян!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер.
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Көпір салып өткен жер.
Асан қайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап өткен жер!
“Үш қиян” толғауын жариялап отырып Х. Досмұхамедұлы мынадай түсінік береді: “Бұл өлең жаңа низам жүріп, ел “штатқа” көніп, елді оязной, болыс, ауылнайлар билей бастаған заманның түріне айтылған. Айтулы 1873 жылдың шамасында болған” [13, 106 б.].
Шығарма Х. Досмұхамедұлы бастыруында 31 түйдектен тұратын ұзақ жыр. 350 жолдай өлең.
Осы жырмен сарындас “Сарыарқа” толғауы 27 түйдек. 231 жол өлең. Бұл шығармалардағы басты сарын ата мекеннен ажырау, ауа көшу мұңы, жер тарихы, ел тарихы. Сонау Асан, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттерден, Қожаберген, Ақтамберді, Бұхарлардан келе жатқан сарын.
Шығармалардың тарихы, саяси мән жөнінен де, көркемдік сапасы жағынан да құны аса жоғары. Бұл толғаулардың бірде дастан, бірде толғау аталып жүрген жайы тек көлем жағынан емес, атап айтқан уақиғасы болмағанымен, жырда әріден бергіге жеткен ел тарихының үзілмеген желісі бар. Халық қасіретінің қилы кезеңдері бар. Жер тағдыры жатыр. Өзгені былай қойғанда, тарихи жер су, мекен атауларының өзі қазақ елі дейтін халықтың ата қонысы, құт мекені біз едік деп, ақиқатты алға тартып жатыр.
Мұраттың бұл толғаулары саяси мән жағынан, тақырып, мазмұн жағынан аз қарастырылған жоқ. Алайда, әлде де болса белгілі бір дәуір әдебиетіндегі аса айқын өлең есебінде, бар сыры, бар құнымен түгесіліп, таусылып айтылды деуге болмас. Отаршылдықтың тарихындағы қанша айттық, білдік, көрдік дегенмен, бұғып жатқан көп сыр әлде де жетерлік. Сол сырларды сезіне түсуге, Мұрат ақынның осы толғаулары ашар айғақ көп.
Мұрат ілгерідегі ел тарихын, ата баба, мекен еткен Үш қиянның тарихын сай сүйекті сырқырата сыр ғып айтады. Айтып-айтып келіп, ендігі күйге ауысады. Әсіресе сол тұста ақын көзі қырағы, жүрегі секемшіл, сөзі өткір.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет