Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Шерлі сезімнің толқынына ұқсас осынау шалыс шумақ жолдың басынан да, аяғынан да ұйқасады. Тегеурінді серпінмен берік ұйқасады. Екінші жолдың басы “сарғайған соң” болса, соған шалыс жолдың басы “жар тайған соң” боп, үйіріле үйлеседі. Осы сияқты “қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” деп басталатын өлеңде де ішкі ырғақ басым. Он бір буынды жолдар дестеленіп, екпіндеп, төңкеріліп жатады. Бұны орысша “стопа” дейді. Орыс өлеңімен өлшер болсақ, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманда” төрт стопа (ырғақ) бар. “Евгений Онегин” “төрт-бес” стопалы ямбомен жазылған”.
Т. Әлімқұлов Пушкинде де, Лермонтовта да етістік сөздердің тым аз қолданылғанын, сол екеуінен “мейілінше баулынған”. Абай да етістікке бара бермейтінін атап көрсетеді. Оның ұйқастары кейде атау түрінде, кейде бұйрық рай түрінде қиын да күрделі келетінін көрсетеді. Т. Әлімқұловтың өлеңдегі ұйқас үлгісі жайлы мына бір анықтамасының да Абай өлеңінің жаратылыс сырына қатысы аз болмаса керек. …Орыс поэзиясында “еркек ұйқас”, “әйел ұйқас” бар. Әдетте, екеуі айқас түсіп, ырғақ толқынын құлаққа жағымды қондырады. Қазақ поэзиясында ондай ұйқас жоқ. Бірақ айқас нақышқа балама бар. Абайдың шеберлігі осыған саяды. Осының қабатында ол орыс өлеңінің жетім ұйқасына қазақ өлеңінің жетім ұйқасын жымдастырып жібереді.
Абай мұрасын зерттеушілердің ол жаңадан 17 форма жасады дегеніне тоқтала келе Т.Әлімқұлов “асылы бұл өлеңнің сыртқы формасы болса керек. Соған Абай поэзиясының үнділік, оралымдылық, қарапайымдылық жаңалықтарын қоссақ, форма байлықтары шексіз ұлғая түспек” [90, 87 б.].
Абай белгілі бір ережеде орыс әдебиетіндегі өлең жасаудың құрылымдық әдіс, тәсілін де үлгі етті. Сөзжасамда да бағдар жасады. Абай орыс әдебиетінен реалистік әдебиеттің белгілі бір кезеңдегі болмыс жаратылысын, бағыт, ағымын көрді. Эстетикалық талғам, талап, ұстанымын ұштауға да орыс әдебиеті ықпалы болды.
Т. Әлімқұлов Абай шығармаларын поэтикалық тұтастықта қамтып, түйіндеп, оның ақындық болмысына төрелік айту қолынан келген зерттеуші.
Т. Әлімқұлов Абайдың қайсыбір ән өлеңдері орыс романстарының аудармасы деп, нақтылы салыстыруға барған. “Айттым сәлем, қаламқас” – “Кари глазки”, “Сұрғылт тұман дым бүркіп” – Глинка “Не осенний маленький дождичек”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” – А. Рубинштейн, “Разбитое сердце” (“Я видел березку”).
Бұл үрдіс Абайдың Лермонтовтан аудармаларында тіптен кең өріске қанат жайғанын айқындауда абайтанушылардың әуелгі пікірін айтқан – М. Әуезов.
“Лермонтовтан Абай жасаған аудрмаларды тексергенде, аударушы ақынның сол аудару арқылы қазақ поэзиясына кіргізген жаңаша поэзия мәдениетін айрықша ескеріп бағалау қажет. Көп жерлерде Абай Лермонтовты дәл аударғанда, оның өз жырындағы көркемдік өзгешеліктен басқа жаңа бір жарастық қоса тұрғанын көреміз. Сонда Лермонтов ақындығының сұлу сыр, нәзік сезімдерін жеткізу талабымен Абай қазақтың өлеңінде бұрын әсте қолданылмаған тың жаңалық табады. Қазақтың өз сөзімен өлең құрып отырса да, сол сөздердің қатысуы, кейде жеке сөздердің Абайша шебер ізденгіштікпен өзгеруі өзіне бөлек баға, сын тілейді” [90, 158 б.].
Бұл өзгешелікті кейінде Қажым Жұмалиев, Зәки Ахметов нақты үлгілерден көрсетіп отырды.
Т. Әлімқұлов Абай шығармашылығын көбіне орыс, Батыс әдебиетімен байланыста қарастырған зерттеуші еді. Осы уақытқа шейін жанрлық түр өзгешелігі әрқилы ұғындырылып келе жатқан қарар сөздерін “күнделік” дейді (Европалық ұлы ақындардың көбісінде “күнделік” болған). Абайдың “күнделігі” – оның қарасөздері.
Дәл Батыстан енген үрдіс демегенімен, Шығыстық үлгі еместігін айту арқылы да Абай шығармашылығындағы мына бір даралықты Т. Әлімқұлов Батысқа қарай бұрыңқыраған. Ол – Абайдың табиғат көрінісін сезінткен сыршыл лирикасындағы даралық.
“Абай мұрасының әр тарауы дербес еңбектерге татиды. Осы мұраның ең тереңі, ең бағалысы, ең баяндысы – сыршыл лирика. Бұған азаматтық сарын, көңіл сазы, табиғат толғауы, махаббат жыры жатады. Абайдың өмір сырына қанықтығын, қилы пиғылға, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылығын, сүйініш-күйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре, сезе, сезіне білуінде қаншама құдіретті нәзіктік жатыр. Бұл ретте Абайдың:
Достарыңызбен бөлісу: |