Мәдібаева қанипаш қайсақызы


Махамбет және зар заман әдебиеті



бет32/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   85
2.1 Махамбет және зар заман әдебиеті
Махамбет Өтемісұлының шығармашылық мұрасының қазақ әдебиеті тарихындағы орны өзгеше бөлек. Махамбеттің ақындығы дәстүрлі поэзия мен жаңа үлгідегі әдебиеттің бөлек бір арнасы. Махамбет шығармашылығы
ХХ ғасырдың басынан басылым көріп, зерттеушілер назарында болды. Ақынның ұлт-азаттық көтеріліс тарихына қатысын, өмірбаян деректерін, шығармашылық мұрасын өлең үлгісі, өрнегі жөнінен өзіндік тұрғыда ғылыми негізделген іргелі ілім – махамбеттану қалыптасып дамыды.
Махамбет Өтемісұлының, орыс отаршылдығына қарсы қару алып азаттық күреске шыққан, ұлт бостандығын іздеген жауынгер ақынның шығарма–шылық мұрасы – ұлтымыздың рухани игілігі.
Қазақ сөз өнерінің белгілі бір кезеңдегі беласқан биігі, “алынбас” көркемдік қамалы Махамбет Өтемісұлының аты әдебиет тарихында әріден аталып келе жатыр.
ХІХ ғасырдағы Исатай Тайманұлы – Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихы, көтеріліс тағдыры – Махамбет поэзиясының негізгі арқауы.
Махамбет поэзиясын зерттеушілердің көтеріліс жайын үнемі қозғап, оның тарихи мәнін ашуға ұмтылыс жасап отыруы да сол негізде болып келе жатқаны белгілі жай.
Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихы орыс тарихшылары тарапынан ХІХ ғасырдың орта тұсынан бері зерттеліп келді. Біздіңше, ең әуелгі жан-жақты тарихи әділ баға – Халел Досмұхамедұлының көтеріліс сабақтарына қатысты тұжырымдары.
Халел Досмұхамедұлының қазақ тарихындағы Исатай-Махамбет көтерілісіне байланысты тұжырымының аса құндылығын Мұхтар Әуезов атап айтады. “Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының “Исатай-Махамбет” жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының “Қазақ тарихынан” деген еңбектерін қарап өтсін дейміз” [10, 143 б.].
Х. Досмұхамедұлы көтерілісті “ұлы қимыл” дейді.
“Он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлардағы қазақтың қозғалысының ең күштілері – Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі. Үш қозғалыстың да мақсаты – қазақты орыстың жәңгірлік құшағынан құтқару” [13, 69 б.].
Х. Досмұхамедұлы көтерілістің саяси мәнін ұғындырып, ғылыми түсінік берді. “…Патшалар заманында өлгенінше көпті соңына ертіп кеткен жалғыз Исатай. Исатайдың көпті ертетін ұраны болған. Исатайдың көпке шашқан ұраны Махамбет батырдың Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінен ап-анық көрініп тұр… Махамбеттің Байекеге айтқан сөзіндей қазақ арасында еш уақытта ханға сөз айтылған емес” [13, 71 б.].
Тарихтың ел әдебиетіне ықпалын да ажыратып айту, атап айту үрдісі
А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезовтен басталды.
“Исатайдың қимылы он тоғызыншы ғасырдағы ел әдебиетіне көп әсер берді. Исатайдың ісін дұрыстап ең әділ сөз шығарған беріш Қуан жырау. Алаша Сарыбопа бидің Қуан жыраудың сөзіне тоқталып, ұстаудың орнына Исатайға көмектес болғанын жоғарыда айтқанбыз. Екінші, Исатай туралы көп сөйлеген Исатайдың жолдасы Махамбет жырау. Махамбеттің сөзі өте көп болған. Орал, Торғай, Бөкейлік, Маңғыстау елдерінің арасында Махамбеттің сөздерін айтатын жыршылар күні кешеге шейін көп еді” [13, 74 б.].
Х. Досмұхамедұлы Исатайдың көтерілісі қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды деп баға берді.
Х. Досмұхамедұлы Исатайдың жаққан оты бір өшіп, бір сөніп қырық жылдай тұтанды, Исатай көтерілісінің соңы 60-70 жылдағы ауа болды дейді. “Полферов деген орыстың сынында 1860-1870 жылғы ауа” бұғауларына үйренген құлдардың көтерілісі еді. Х. Досмұхамедұлы көтеріліс сабақтарын саралауынан тарихи жағдайды тәптіштей ұғындыру үрдісінің негізін көреміз. Махамбеттанудағы белгілі бір дәуірдегі қазақ тарихын айқындау үлгісі осылай туып, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов еңбектерінде жалғасын тауып, әдебиеттанудағы өміршең үрдіске айналды. Х. Досмұхамедұлы Ресей патша үкіметінің қазақ еліндегі хандық билікті жою процедурасын алғаш дұрыс бағалап, ұғындырған зерттеуші.
Халел Досмұхамедұлының айқындауында: Патша өкіметіне Исатайдың көтерілісі көп тәжірибе берді.
1. Төрелер арқылы қазақты ұстап тұра алмайтындығына көзі жетті.
2. Қазақтың о заманғы әлеуметшілігінің бір түрі ру еді, рулықтан туған батырлар, билер еді.
…Ру сезімін бәсеңдету үшін қазақты руға бөледі, әуелі бөлімге (частке), сардарлыққа (дистанцияға), местілікке бөлді. Кейінірек уезге, округке, болысқа бөлді. …Қазақтың билікке өш сезімін қоздырып, елдің ішін қым-қиғаш талас қылды. …Қазақтың ұлт сезімі, бірлік сезімі бірден-бірге кеміп, бара-бара далада қалды. Бұрынғы билердің орнына атқамінерлер мінді, бұрынғы батырлардың орнына барымташы ұрылар пайда болды.
3. Әбден езу үшін өкімет қазақтың шаруасын күйзелтіп, …құртуға ойлады. Қазақтың жерін тартып ала бастады. Қазақтың арасына жемқор саудагерлерді айдады. Жұт көбейді. Ел жарлы бола бастады, экономика жағынан қазақ нашарланды, орысқа қол бола бастады.
4. Жайық бойындағы қазақтың көтерілісіне өнемейін сүйеу болып, тап беріп отыратын Сыр менен Маңғыстаудың елдерін шынымен бағындыруға кірісті.
…1830 жылы Маңғыстауға салған қорғанды қайта күшейтті. 1845 жылы Ырғыз бен Торғайға ескі қорған салды, 1846 жылы Орал теңізінің жағасына Райым деген қорған салды. 1848 жылы Қарабұтақ деген жерге қорған салды. Биленттеп қазақ жерін қағазға түсіруге ел ішіне бірнеше рет әскерлі комиссиялар жіберілді. …Сөздің қысқасы, Исатайдан соңғы он жылдың ішінде Жайық пен Сырдың арасын орыстың әскері шар қылды. Ел ішіне орнаған, ел қыдырған өкімет әскері қазақтың арасындағы қатынасты кемітіп, қазақтың бірлігін жоюға себеп болды. Әскерден сескеніп оза көшіп, кең жайыла алмай, жайлы қыстаулықты емін-еркін қоныстай алмай, жазы-қысы үркумен болып, қазақтың малы жұтқа шалынғыш болды [13].
“Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер” (1942) еңбегінде Сәбит Мұқанов Махамбет шығармашылығын “Бостандық күресі” бөлімінде қарастырады. Еңбекте көтеріліс тарихына байланысты кең, мол мәлімет бар. Тарихи жағдайдың тікелей әдебиетке әсері жағынан зерттелуі – еңбектің құнды бір қыры.
С. Мұқанов көтеріліс тарихына қатысты зердеулеріне мынадай мәлімдеме берген: “Бұл очеркте біз, Исатай-Махамбет көтерілісінің кейбір негізгі справкаларына болмаса, жалпы жағдайына аз тоқтадық. Себебі ол туралы жазылған тарихи еңбектер көп. Біздің бұл очеркте көбірек көңіл бөлетініміз – бұл көтерілістің көркем әдебиетке әсері” [9, 3 б.].
М. Әуезов Махамбет поэзиясының қазақ әдебиеті тарихындағы орны жайлы аса кең айтқан зерттеуші. Соның ішінде Исатай-Махамбет, Кенесары көтерілісінің тарихи себептерін айқын айтты. Назар аударар бір жай М. Әуезов көтеріліске қатысты іс, қимыл, оқиға, соғыс сөздерін басым қолданады. “Исатай өз заманында зор іс істеп өтті”, “Исатайдың жорығын жырлаған Ығылман ақын”, “Ығылман анығында Исатай қолында болса да, сол оқиғаның артынан ел есінде қалған жанды әңгіменің қызуын өз басынан аңғарған ақын”, “Бұл жорықтың алдында он жыл бойы созылған ұлы оқиғалар мына жырда көрінбейді. Сол себепті Кененің орысқа қарсы шыққан соғысы, өзбекпен жасаған соғысы болсын, яки кейбір қазақ руларымен кездескен ұрыстары болсын – барлығының жайын айтып, солар турасындағы соғысқа айдаған себеппен мақсатты жыр шеңберінен шығып алып баяндауды қисынсыз
көрдік” – деп М. Әуезов көтерілістің отыршылдыққа қарсы бағытына баса назар аударады [10, 155 б.].
Қазақ тарихына, қазақ даласының тарихына енді кеңестік саясат бағасы бел алған тұста Мұхтар Әуезов 1933 жылғы – әдебиет оқулығында көтеріліске енді таптық мән қосып “Ханға қарсы шыққан би көтерілісі” деп те бағалайды.
“Тартыс жаман әкімшілік жүргізген ханмен, сол әкімшіліктің өзге жолы үшін алысқан би тартысы болды”. “Жалғыз-ақ осы тартыс басталу, аяқталуында жаңағыдай бір тап ішінің (қанаушы үстем тап ішінің) бүлігі сияқтанса да орта кезінде өз көлеміне көпті, бұқараны тартып, бір жағынан патша өкіметіне қарсы арналған отар қозғалысы, ұлт бостандығының тартысы да боп кетеді” [99].
Көтеріліс тарихы, оның әдебиетке әсері Қажым Жұмалиевтің Махамбет Өтемісұлының өмірін, шығармашылық мұрасын тұтас қамтып зерттеген. махамбеттану ілімінің іргесін бекітіп, өрісін кеңейткен еңбектерінде де жан-жақты бағаланды. Атап айтар бір жай Қ. Жұмалиевтің көтеріліс мәртебесін екіұшты, екіұдай пікірлерден Махамбет поэзиясындағы күрес үнімен, ұлы рухпен сабақтастықта қарау арқылы арашалауы, қапысыз ақтап көрсетуі.
Бүгінде өрісті ғылым арнасына айналған махамбеттану тарихы – Махамбет поэзиясының құндылығын ашып-айқындау, ғылыми негіздеудің тарихы. Махамбеттің көркемдік әлемін тану – Махамбеттің ақындық алымын көрумен бірге белгілі бір дәрежеде қазақ өлеңінің табиғатын тану. ХІХ ғасырдағы поэзияның дәстүрлі үлгілерін өзгешелік сипаттарын шолу. Сол орайда қазақ әдебиеттану ғылымы Махамбет поэзиясын жанрлық, сөз айшықтау тәсілдері, сөз қолданыс, өлең үлгісі, өлеңдік құрылым жөнінен қарастыру арқылы қазақ өлеңінің теориясын байытты, негіздеді.
Махамбеттің ақындығына алғаш көркемдік негіздер жөнінен баға берген Халел Досмұхамедұлы. 1925 жылғы Ташкенде шығарған “Исатай-Махамбет” жинағының алғы сөзінде көтеріліс тарихын Исатайдың, Махамбеттің ата-тек өмір баян дерегін, мінез-құлық қырларын баяндай келіп, Х. Досмұхамедұлы былай дейді: “Махамбеттің Байекеге айтқан сөзіндей қазақ арасында еш уақытта ханға сөз айтылған емес. Махамбет Исатайдың жолдасы, шәкірті” [13, 72 б.].
Х. Досмұхамедұлы Махамбет жайлы әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған. Жыраулығы күшті болған Махамбеттің сөзі өте көп болған. Көбі жойылған. Орал, Торғай, Бөкейлік, Маңғыстау елдерінің арасында Махамбет сөздерін айтатын жыршылар болды. Қолымызда Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқанының ел ішінен жиналған бірнеше нұсқасы бар. Бұл өлең Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың арасында кең жайылған. Айтушылардың көбі Махамбеттің түрлі сөзін қосып шатастырып айтқан. Жетірудың ішінен жиылған нұсқаларда қателер өте көп, кейбір жерде сөз негізгі өзгерген деген мәліметтер береді. Бастырушылары Мұрат-Ығылман деп атайды.
Халел Досмұхамедұлы шығармаларының туу себептерін “ХІХ ғасырдағы ел әдебиетіне көп әсер берген” (Х. Досмұхамедұлы) Исатайдың қимылымен байланысты қарайды. Махамбет мұрасының сақталу, жиналу, басылым жөнін, текстологиялық мәселелерін алғаш мәселе етіп қойды. Исатайдың тарихи тұлғасы, Махамбет өлеңдеріндегі Исатай батыр бейнесі жайлы айтты. Сол тоқталған жайлар арқылы Халел Досмұхамедұлы Махамбет ақындығын зерттеудің өзекті мәселелерін қозғап кетті. Махамбет өлеңдерінің сол кездегі бар шығармасының толық жинағын шығарды. Махамбеттанудың негізін салды.
“Қанды көйлек жолдасты сары алтындай сақтаған Исатай еді. Жолдасы Махамбет батырдың сөздерінен, ел ішіндегі әңгімелерден Исатайдың көпті бастауға ылайық мінездері анық көрінеді. Исатай нағыз батыр. Орынсыз мақтанның батыры емес, керек орында батыр” [13, 72 б.].
Мұхтар Әуезов Махамбеттің қазақ әдебиеті тарихындағы орнын, Махамбет поэзиясының биігін теориялық жақтан алғаш толық негіздеген зерттеуші. Мұхтар Әуезовтің махамбеттанудың өрісін ұзартқан зерттеулері әуелде “Әдебиет тарихындағы” (1927), “Тарихи жырлар”, “Зар заман ақындары” тарауларында берілді. М. Әуезов Махамбеттің әдебиет тарихындағы орнын “Бұхарадан соңғы Зар заман ақындарының басы Махамбет” деп “Зар заман дәуірінің екінші, ісшілдік кезеңі Махамбеттің тұсы”, т.б. көрсетті. М. Әуезов 1933 жылғы “Қазақ әдебиеті” оқулығында (7-кл. арналған. Ә. Қоңыратбаев,
М. Жолдасбековпен бірігіп жазылған). Махамбет Өтемісұлының өмірбаян, шығармашылық мұрасынан толымды мәлімет бере отырып, Махамбет поэзиясының көркемдік сипатын алғаш рет теориялық негізде кең қамтып қарастырады. “Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Бұның сөзі деген сөздің кесектік ірілігінен басқа молдығы да жеткілікті екен” [99].
Осында Махамбеттің ақындық жөнін М. Әуезов ұлы поэзияның бар асылын ғажайып сезімталдықпен, сұңғыла таныммен сұқтана, суырыла баяндайды. “Осымен Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз боп, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман-талабы сияқтанып та жүрген”.
“Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған ерекше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты”.
М. Әуезов Махамбеттің күрес жырын шығарылу себебіне қарай үш кезеңге бөліп қарастырды.
“Бұл ретте алдын ала айтып өтетін нәрсе: тақырыбы біреу ғана болғанымен, ақын сол тақырыбын әр кезде әртүрлі баян етеді. Сонда бір кезінен, екінші кезінің айырмасы: әр уақыттағы істің халіне орай. Содан туған ақын халінің айырмашылықтарына орай кеп отырады.
Мысалы, алғашқы кезде бұлар соғысып жүреді. Ол кездегі көңіл екпіні, сөз тасқыны да бір алуан, өзгеше. Одан кейін жеңіледі. Бұдан туатын көңіл күй екінші түрде. Ең аяғында қашқын-пысқын болып, жүдеп-жадап жүріп хан-төреге жай-күйін айтып, жәрдем дәмететін халге келеді. Ондағы күй-қалып тағы бір басқа. Міне, Махамбет шығармаларының осындай үш кезең, үш дәуірі бар. Тексеруді де осы ізбен беттету керек” [99, б.].
М. Әуезов Махамбеттің өлең үлгісіндегі өзгешелікті анық көрсетіп айту арқылы Махамбет поэзиясының теориялық негізделу мәселеріне қарай бұрылыс жасады. Кейінде әдебиеттану ғылымында, өлең сөздің теориясында құрылым жөнінен үнемі назарда болған Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінің өзгешелігін көрсеткен М. Әуезов пікірі ХХ ғасыр басында айтылған. Қазақтың өлең өзгешелігін танудағы тың түйін. Өлең құрылымындағы дәстүрлі желілерді қарастыра отырып, М. Әуезов нақтылы теориялық негіздеме жасайды. Өміршең қисындарын ұсынады.
“Ереуіл атқа ер салмай” Махамбеттің барлық өлеңдері сияқты ауызша айтылған, тыңдаушыға қолма-қол суырылып беріліп отырған өлең. Сол ретіне қарай, сапылдатып бір-ақ желдіртіп өткен бір шумақ өлең. Мағына жағынан ұзақ бір сөйлем есепті. Қатар жарысқан неше алуан ойдың байлауы “ерлердің ісі бітер ме?” деген аяққы жол. Ауызша айтылған желдірме болғандықтан ұйқасы кейде келіп, кейде келмейді.
М. Әуезов Махамбеттің осы өлеңіне түсініктеме беруінде қазақ жырының оның ішінде ауызша жырдың арғы-бергідегі өзіндік сипаттарын саралайды. Қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда М. Әуезовтің осы теориялық негіздемелері кейінгі қазақ өлең құрылысын зерттеушілер аса назар аударып зерттеген қисындарға айналды.
Махамбет өлеңдеріне тоқталғанда М. Әуезов ауызша жырдың бірнеше ерекшелігін атап-атап айтты.
Ол бір жерінде қат-қабаттап кетіп, өзге бір жерінде шанжау-шанжау түсіп, тырағайлап отыратын ұйқас; сөз қыздырмаға айналған сайын аяқтағы ұйқас айнығыш; қазақтың ертеректегі ауызша жырында екпін-тасқын аяқтағы ұйқастан шықпайды; сөз-сөздің басында келетін дыбыстар күйімен, үндесетін орайынан шығады.
Махамбет өлеңінде жатқан ілгерідегі ауызша жырдың, Бұхар үлгісінің өрнегін аша отырып, М. Әуезов Махамбет сөзіндегі қазақ жырының ендігі өзгелешік, ендігі алымын да тап басып табады, танытады.
Махамбетте жалтартпа, тұспал сөз, ой көмбесі жоқ, нақты, тура сөз. Оның “Ереуіл атқа ер салмай” жыры екпінді, келте, кесек бір қимыл жыры. От шашқан, іші-тысы бірдей тұтас жыр. Бұл жыр – көтеріліске үндеген жыр.
“Толарсақтан саз кешіп” тұсында уақиғаның беті өзгерген. Ақынның халі өзгерген. Сыртқы халі жеңілушінің халі. Енді жырда ашу серпіні жатыр.
М. Әуезов Махамбеттің “Арғымақтан туған қазанат”, “Баймағамбетке айтқаны” өлеңдеріндегі ақын халін анық жеткізеді. Оның жеңілмейтін рухын өлеңінен таниды, танытады. “Жеңілдім деп бас ұру жоқ, кішіреймек емес” дейді. Сыртқы халі ғана жеңілушінің халі, осы бірнеше өлең төңірегінде М. Әуезов Махамбеттің ақындық рухын ақындық алымын, өлең жасаудағы әдіс-тәсіл, шеберлік сырларын тұтас таниды, тұтас көреді. Тұтас түйінмен тұжырымдайды.
“…Бұрынғыша тізбек суреттерді (қоспақтың баласы, шабақ, қылқан, деген сияқтыларды) іштей байланыстырып, не қарсы қоюмен, не үйлестірумен байланыстырып отырып, алғашқы бірбеткей ереуіл-қарсылық шабуыл сарынымен бітіреді” [99, б.].
Қазақтың жыр семсері Махамбетті ХІХ ғасыр әдебиетінің ғана шеңберінде қарастыру, жалпы біздің әдеби мұрамыздың құлақтап, құрсаулауға көнбейтін дәстүрлі, сабақтас, желілі құбылыс екендігі сияқты – мүмкін емес нәрсе.
Махамбет ақын шығармаларының текстологиясына байланысты бір пікірталасты тұжырымдай келіп, академик Зейнолла Қабдолов былай дейді: “Махамбеттің әр сөзі құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Оны өңдеп-жөндеймін деп жасытпау керек. Махамбет пен Абайға редакция жүрмейді”.
Абаймен иықтас асылымыздың бірі – Махамбет поэзиясы күні-бүгін әр қырынан зерттеліп-зерделенді.
Қазақ өмірінің аласапыран заманалар тоғысында туған ұлы поэзияның әлі де ішке бүккен сыры көп. Сол сырлар, әсіресе, ХХ ғасыр басында “барымызды түгендеп, жоғымызды табамыз“ деген тарихи миссияның кесек тұлғаларының зерттеу, зерделеулерінде жатқаны даусыз. Сол тұста қазақ тарихының, қазақ тағдырының ақиқат беттері жазыла бастаған…
Махамбет шығармашылығына ғылыми тұрғыда көркемдік, саяси баға берген-әуелде Халел Досмұхамедұлы. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің саяси себеп-салдарын саралай келіп Х. Досмұхамедұлы Махамбет өмірбаяны, шығармалары туралы сөз қозғайды.
“Махамбеттің жыраулығы күшті болған”.
Сол тұста әдебиет тарихын жасау, дәуірлеу мәселесін 20-жылдары ғылыми негізде қолға алған М. Әуезов Махамбет шығармашылығына айрықша тоқталып, қадала зерттеп, қадау-қадау тұжырым жасады.
“Әдебиет тарихы” оқу құралының “Тарихи жырлар”, “Зар заман ақындары” бөлімінде Махамбеттің әдебиет тарихындағы, қазақ тарихындағы орны айрықша айтылып отырады. Әдебиет тарихындағы зар заман дәуірі туралы әріден қозғап, тереңнен толғап тұжырым жасауында Махамбетке айналып соғып отырғанын көреміз. Ақынды зар заман әдебиетінің ісшілдік дәуірі туғызды дейді М. Әуезов.
“Бұхар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы – Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар”. Абылай тұсынан кейін зар заман ақындарының саны көбейіп, сарыны күшейген тұс Кенесары, Исатай дәуірі деп, М. Әуезов Махамбет шығармаларын саяси мән жағынан талдайды. Әсіресе көтеріліс алдында туған жырларға баса көңіл аударған. Ығылман ақынның “Исатай-Махамбет” жырына тоқталып ұғындырған тұста да Махамбет тұлғасы әр қырынан барланды.
Кейінде махамбеттануда жалғасын тапқан, бүгінде де қарастыра түсуге зәру бір мәнді мәселенің – Махамбет поэзиясының дәстүрлі жыраулық өнермен туыстығы дейтін жайдың Х. Досмұхамедұлы жасаған жалпы тұжырымнан соң алғаш М. Әуезов зерттеуінде ғылыми негізі бекіді.
М. Әуезовтің “Махамбет” зерттеу мақаласы 1933 жылы жазылды. Алғаш рет М. Жолдыбайұлы, Ә. Қоңыратбайұлымен бірігіп жазған 7 класқа арналған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында” жарияланды. Зерттеу 1. “Махамбеттің өмірі”, 2. “Махамбеттің ақындығы” деген тарауларға бөлінді. Махамбет өмірін, ата-тегі, көтерілістің жайын баяндаған зерттеуші Исатай-Махамбет көтерілісін ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ өлкесінің тарихында отар шабуылына қарсы шыққан ірі қозғалыстың бірі деп бағалады. Махамбет ақындығына тоқталған тұста махамбеттанудың көркемдік негіздерін тұжырымдаған. “Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетіне қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты”.
Көтеріліс, күрес жыршысы Махамбет өлеңдерін М. Әуезовтің үш кезеңге бөліп қарастыру қажет, көтеріліс алдында, барысында, жеңілгеннен кейінгі деп қарастыруы, ”былайғы тексеруді де осы ізбен беттеу керек“ деуі бүгінде де жалғасын табатын қисыңдар.
”Ереуіл атқа ер салмайдың“ сырын М. Әуезов былай ұқтырады. ”Бұл өлеңнің тұсында Махамбетте үміт бар. Алдынан күткен тілегіне жетем деген екпін, талап бар”. Махамбет ақындығының алабөтен өзгешелігін, өз бетін ақынның өзгеше мінез-құлқымен, көтеріліс мүддесі, күрес мұратымен сабақтастыра зерделейді. “Махамбет ірі, алғыр ақын болғандықтан, үнемі өз тұрғысынан қозғап, өз тобына ғана сезімін айтып қоймайды. Көп атынан сөйлеп кететін, көптің сөзін білдіріп кететін де жері бар”.
“Сөз сөйлесе жалпы қазақтың қанын қыздырып, желпіндіріп, осы жолға ертпекші болады. Өлеңіне қарасаң өздері істеген істің алғашқы кезіндегі Махамбет осы пішінімен айқын көрінеді”.
М. Әуезов Махамбет ақындығын дәстүр жалғастығы аясында танып, талдады. Бұхар жырау толғауларымен байланыста қарастыра, салыстыра отырып мынадай түйін жасайды:
Махамбет өзінен өзі шыққан жоқ, әдебиетте де, тарихта да атағы бар Бұқар – салт-сана жүзіндегі төркіні. Оның өлең түрінде Бұқармен жақындық бар. М.Әуезов ауызша жырдың ерекшелігі табыстырып жатқан туыстық-тұтастықты көлденең тартады. Мұның өзі тек Бұқар емес, жалпы жыраулар поэзиясының үздік үлгісімен Махамбет жырының тұтастығы, туыстығын өзіндік нұрын айқындау еді.
Махамбет поэзиясының, ақынның асыл сөзінің жарқ-жұрқ еткен бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Арнау сөз, ханға қасқайып мін, сын айту, жауынгерлік рух, батырлар бейнесі…
Махамбет толғауларында жыраулар поэзиясының дәстүрлі шартының, ерекшелігінің бірі дәстүрлі қолданыстар мол.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет