Байланысты: Шындалиева М.Б. Публ.жанрлары мен пішіндері (копия)
Рецензияның авторлық құрамына келсек, өте кең. Оқыған кітабы жайлы пікірді мектеп оқушысынан бастап, академикке дейін, қарапайым еңбек адамынан министрге дейін айтуы мүмкін. Автордың мамандығына қарай, олардың әдеби білім дәрежесіне орай рецензиялардың алдына қойған мақсаты да, бағытталған адресі де, композициялық құрылымы да, пікір деңгейі де түрліше болады. Түрлі мамандық, ғылым, сала иелері, қоғам қайраткерлері жазған рецензияларда шығарманы әдеби тұрғыдан тұтас күйінде талдаудан гөрі, белгілі бір өзекті мәселенің қалай шешілгендігі көбірек әңгімеленеді. Есесіне, авторлар нақтылы бір мәселені немесе онда суреттелген өмір оқиғалары, өзі жақсы білетін саланың шындыққа сай келетін - келмейтіндігі жайлы әдебиетшіге қарағанда қомақты пікір айта алатыны да рас. Тарихи романдар жайлы тарихшының, мал шаруашылығына арналған кітапқа малшының немесе т.с.с. айтқан ойлары маңызды болары да сондықтан. Бұл ретте мысалға кезінде “Абай жолы” эпопеясына ғалымдардың айтқан сан түрлі пікірлері рецензиядан асып, ғылымилық, проблемалық мақала түрінде көрінгенін атап өтуге болады.
Көркем әдебиетті халыққа насихаттаудың бірден-бір әдісі - әдеби рецензия. Баспасөз бұл іске, тіпті, бүкіл халық бұқарасы болып, кең араласып, ол жөніндегі өз пікірлерін білдіруге ұмтылады. Көркем әдебиеттің жеке шығармалары туралы пікір айту, олар туралы көпшілік пікірін білдіру – баспасөз орындары үшін жауапты да, құрметті міндет. Ал, мақала-рецензияда көркем шығарма жан-жақты терең талданады және шығарманың әдебиеттен алатын орнына баға беріледі. Шығармадағы басты кейіпкерлерге талдау жасалады. Шығарманың жалпы идеясы, тақырыбы, тілі жөнінде де толық пікірлер білдіріледі. Жалпы әдеби сын атаулыға қатысты сипаттардың, принциптердің, қызметтердің бәрі де рецензияның бойынан табылады. Біздің негізге алып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде ел тәуелсіздік алғалы бергі сандарына көз жүгіртсек, рецензия жанрының жаңаша беталысын аңғарамыз. Әсіресе, газеттің 1990 жылдардан бергі сандары қазақ тіліндегі ғылыми маңызы бар оқулықтар мен әдебиеттердің жарық көріп жатқандығын айғақтайтын сын мақалаларды үздіксіз басып отырған. Т.Кәкішев айтқандай, жаңа кітаптың шыққандығы туралы хабарлайтын жарнама-сынды, аннотацияны (қысқаша мазмұн) «Қазақ әдебиеті» газетінен кездестіреміз. Мысалы, Бекқұлы Бердіғожиннің жаңа кітап айдарына жазған «Берекелі бетбұрыс» атты мақаласы Серік Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов» дейтін еңбегіне арналған. Бұл мақаланың құрылымына қарай аннотацияға жақындығын аңғару қиын емес. Көлемі жағынан еңбектің тарауларын жеке-жеке талдауы жағынан алғанда рецензияға жақындайды. Алайда, Б.Бердіғожин ғалым еңбегіне жоғары баға беріп кітапты жарнамалайын деп емес, «алыптар тағдырына деген берекелі бетбұрыстың басы» екенін айтуды мақсат етіп жазғанға ұқсайды. Демек, баспасөз бетінде жарық көретін әдеби сын, пікірлердің қатып қалған ережесі жоқ дейтін қорытындыға келуге болады.
Қарап отырсақ, рецензия жанрын кейде рецензия – мақала, рецензия – хат т.с.с. атаумен қатар рецензия – пікір деп те бөлген дұрыс. “Қазақ әдебиеті” газетінен “Пікір” деп қана немесе “Жаңа кітап” деп, не болмаса “Рецензия орнына” деп айдар тағылып жазылған рецензиялар көп кездеседі.
Әдеби сын жазушы қаламгер кез-келген кітаптан алған әсерін оқырманға толық, әрі дәлме-дәл жеткізе білуі тиіс. Осыған орай, Несіпбек Айтұлының авторлығымен шыққан Оразалы Сұлтан Шәріпұлының “Жүректің көзі ашылса” атты кітабына жазылған “Кітап - ғұмыр” дейтін рецензиясын өз кезегінде сәтті шыққан деуге болады. Себебі, әдебиет саласында еңбек сіңіріп жүрген Несіпбек Айтұлының бұл кітапқа білдірген пікірі толық талдаумен, дәлелдеумен ашылған. Автор өзінің кітап авторының жазу шеберлігіне айтқан әрбір көзқарасын дәлелдеп, мысалдар келтіреді: “Сұлтан Оразалинов теледидарда шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, өзі де қалам қайратын сарқа жұмсаған жазушы, сценарист ретінде кеңінен танылды. Бұған осы кітапқа кірген үш жүзге жуық әдеби сценарий мен ой толғамдары айғақ” немесе “Кітаптың келесі бөлімі «Телепьесалар» өзіндік көркем ерекшеліктерімен С. Оразалиновтың қаламгерлік қырының тағы бір жарқын бетін ашқандай көңіл оятады. Автордың теледрама табиғатын жете білетіндігі осында топтасқан әр шығармадан шырай береді”,-дейді. Біз бұл материалдан рецензияға да, пікірге де лайық талаптарды көрдік. Сондықтан рецензия-пікір деп те айдарлауға болатын еді.
Рецензия жанрын зерттеу барысында рецензентке қойылатын талаптарға тоқталдық және рецензия жазуға кіріспес бұрын жоспар құру, бір кітапты толығымен зерттеп оқу, оны бағалауыштық көзқараспен баяндау ескертілген. Бірақ соңғы кездегі қаламгерлер “мен рецензия жазамын”,- деп емес, “осы кітапқа өз пікірімді білдірсем”,- деген оймен жазатындығын байқадық.
“Қазақ әдебиеті” газетінің 2002 жылы шыққан рецензиясының бірі – Қуандық Шолақтың “Көксеңгір” кітабына Бақытгүл Ешенқұлованың жазған “Кеп тұрмын шумағымды шуаққа орап” атты рецензиясы. Мұндағы үлкен кемшілік – автордың рецензия жазу барысындағы талдаушылық әрекетінің шалалығы ма деп қаласың, дегенмен мақаланың ең соңғы сөйлемі мынадай оймен аяқталады: “Әрине, ақынның кемшін тұстары да бар. Ол кейде өзін - өзі қайталауы ма деп қалдық”. Егер анық рецензия шығарамыз десек, аталмыш сөйлем дәлелдеуді қажет етеді. Ақынның өзін - өзі қайталау кемшілігін қай тұстардан көре аламыз дейтін сұрақ туады. Осындай кемшіліктер Гүлжаһан Орданың авторлығымен жарық көрген Роза Сейілханның “Мендегі бір әлем” атты кітабына арналған “Жырдан маржан теремін” рецезиясында да кездеседі.
Әңгіме Әңгіме, баспасөз конференциясы, дискуссия екеуаралық сипатқа ие болып, сұхбаттан өзгешеленеді. Әдебиетте «әңгіме» деген терминге сан түрлі анықтама беріледі. Біздің жағдайымызда бұл бір-бірімен ой бөлісетін, ортақ мәселе төңірегінде сөз қозғайтын бірнеше адамдар қатысатын бағдарлама туралы болмақ. Сонымен, әңгіме - екеуара хабарламалық пішін, сараптамалық публицистиканың арнайы телевизиялық жанры. Бағдарламаларда жиі кездеседі. Әңгіме қоғамдық қызығушылық туғызып отырған оқиғаларға, өзекті тақырыптарға арналады: саяси, экономикалық, әлеуметтік, адамгершілік-эстетикалық, ғылыми т.б. Көбінесе, әңгіме соңы дискуссияға ұласып отырады. Шиеленістің болуы, әртүрлі көзқарастардың қақтығысып қалуы, ойдың дамуы, алдын-ала жоспарланған сценарий бойынша, соңында бұл шиеленістерді ең сенімді мәліметтер көмегімен шешу шындық сапасының артуына, бағдарламаның танымалдылығына әкеледі. Өзінің сыртқы ерекшелігіне орай, әңгіме ішкі динамикалық қатаңдыққа ие. Мұнда әртүрлі көмекші құралдар қолданылады: кадрлар, фотосуреттер, кескіндер, құжаттар.т.б.
Телеәңгіме. Әңгіме, баспасөз-конференциясы, пікірталас диалогтық сипатта болып, өз шежіресін сұхбаттан бастайды.
Әңгіме – хабарламаның диалогтық пішін ұсынатын сараптамалық публицистиканың спецификалық телевизия жанры. Бұл пішін бағдарламаларда кең тараған және қоғамның қызығушылығын туғызатын тақырыптарға арналады. Телеәңгіме саяси, экономикалық, қоғамдық, этикалық, ғылыми және т.б. пікірталасқа айналып кетеді.
Келіспеушіліктің болуы, әр түрлі көзқарастың соқтығысуы, сценарийлық жоспар бойынша жасалған ойдың дамуы, нәтижесінде – сендіретін дәлелдерді таңдау арқылы келіспеушілікті шешу, мәселенің мағыналылығы, қызықтығы – бұл қасиеттер осындай бағдарламалардың әрекеттілігін және танымалдығын, сонымен қатар олардың жасалуының күрделілігін көрсетеді.
Автор-публицистің осындай әңгімелерді дайындаудағы жұмысы тақырып анықтаудан, қатысушыларды таңдаудан, композициялық шешімді жоспарлаудан басталады. Сценарийлық жоспар болашақ бағдарламаның маңызды кезеңін ғана белгілейді. Мұндай бағдарламаларға тым нақтыланған сценарий келмейді, себебі, ол суырып-салма өнерді, табиғилықты, ой дамуының бейнелігін жоғалтады. Әңгіменің құрылымын анықтайтын негіз – мазмұн, таңдалған тақырыпты ашатын сценарийлық жоспар және студияға шақырылған адамдардың өзара қатынасы. Жоғарыдағы құрылым негізгі түгел болғанда ғана әңгіменің ішкі динамикасы тартымды шығады, онда әртүрлі қосымша құралдар (кадр, фотосурет, схема, құжат) қолданылуы мүмкін.