Діннің атқаратын негізгі функциялары: 1) әлеуметтік функциясы - дін қай заманда да қоғамдық процестерді басқару
қоғамда тұрақтылық сақтау, ұлттық менталитет қалыптастыру қызметтерін атқарып
отырды.
2) адамгершіліктік функциясы - дін жалпыадамзаттық моральдық қасиеттерді
насихаттап, индивидтің адамгершілік келбетін өзгертуге үлесін қосады.
3) компенсаторлық - адам қиындық-дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде дін көмекке
келіп, қайырымсыз дүниені о дүниедегі мәңгілік бақытқа, үмітпен алмастырады, адамға
сенім-жігер, рухани күш береді.
Мифология дегеніміз – адамдардың өздерін қоршаған орта туралы түсінігін тарихи,
өздігінен болды деп сенетін түрлі бейнелер, кейіпкерлер мен оқиғалар арқылы жеткізу.
Бірақ, бұл бір ғана құбылысқа, жеке бейнеге, бір оқиғаға қатысты болса, ол миф деп
аталады. Ал мифология – адамдардың жалпы дүниетанымынан хабардар ететін немесе
соны тегістей дерлік қамтитын осы мифтердің қатар түзген жүйесі. Ғалымдар
мифологияны ұжымдық сана деп есептейді. Яғни, мифологиядағы бейнелер арқылы
ұжымдық түсініктер қалыптасады. Адамдардың әр тобының өздері мекен қылған жердің
ерекшеліктеріне қарай түйсік-түсініктері әртүрлі болуынан бір таным объектісі немесе бір
қатардағы адамшылық нормалары туралы әңгімелейтін мифологиялық материалдарының
сан алуан болуы ықтимал. Олардың байқағандары, көргендері және түйгендері санасында
екшеліп, көркемөнер үлгілері түріндегі (сурет, ән, би т.б.) көрініс береді. Осыдан
біртіндеп әлемдік мәдениет нұсқалары жинақтала бастайды.
Мифологиялық сананың ерекшелігі – онда адам мен қоршаған орта бөлек нәрселер
деген түсінік жоқ, жеке бір адамның санасы ру немесе тайпа санасы ауқымынан асып
шықпайды, санадағы бар нәрсе объективті бар немесе болған деп саналады.
Ажыратылмаған ұжымдық сана сол күйінде табиғатқа, қауымға көшіріледі, табиғатты
“жандандырып” оған адам бейнесі беріледі. Мифтерге әсірелеу (метафора), бейнелер
арқылы жеткізу (символизм) тағы басқалары тән.
Мифтерөзінің мазмұнына қарай космогониялық (әлемнің жаратылысы туралы),
теогониялық (құдайлардың пайда болуы туралы), астрогониялық (планеталар мен
жұлдыздардың пайда болуы туралы), антропогендік (адамның пайда болуы туралы),
этногендік (рулар мен тайпалардың пайда болуы туралы), эсхатологиялық (ақырзаман,
топан суы туралы), қаһармандық, т.с.с. болып бірнешеге тарайды. Осылай сананың пайда
болып, жетілуінің ең ерте кезінде мифология әлемді танудың, қабылдаудың және әлемдегі
барды түсінудің бір тәсілі, сол кездегі адамдардың білімінің жиынтық көрінісі болды.
Адамның кемелдену барысында біртіндеп табиғатпен ара қатынасын, өзінің болмыс
ерекшелігін түсінуіне қарай мифология дүниетаным нысаны ретінде кері ығысып,
қоғамдық сананың өзге түрлеріне – дін мен мәдениетке орын бере бастады. Әлемдік
тарихта бұл біздің эрамызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орта тұсына сәйкес келеді.
Осы кездері буддизм, даосизм, конфуцийлік тәрізді жаңа діндер дүниеге келді. Дәуірлер
тоғысындағы өтпелі кезеңде, құдай барлық әлемнің жаратушысы әрі иесі деген түсінік
дүниетанымдық негізге айналады, құдай адамдардың өмір сүрген ортасынан бөлініп
алынып, әлемнен тыс құдірет деп танылады. Ендігі жерде мифология көркемөнер, дін,
мораль, философия, ғылымдар болып таралып, жеке өмір сүре бастады.