ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 Қаулысымен күші жойылды ҚР Үкіметінің 2017.07.04. № 181 Қаулысымен үлгілік қағидалары жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен
бекітілген Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары (2017.07.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) 1. Жалпы ережелер 1. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (бұдан әрi -Қағидалар) «Бiлiм туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - «Білім туралы» Заң) сәйкес әзiрленген. Қағидалар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымдарын қоспағанда, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - мектепке дейінгі ұйымдар) қызметінiң тәртiбiн айқындайды. 2. Мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысаны бойынша мемлекеттік және жекеменшік болып табылады. 3. Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеттері: 1) балалардың өмірін және денсаулығын қорғау; 2) тәрбиеленушілердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі және жеке мүмкіндіктері бар тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау; 3) сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету; 4) баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара іс-қимыл жасау; 5) ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсету болып табылады. 4. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының негізгі құрылымдық бірлігі мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілер тобы болып табылады. Топтар жас ерекшелігі бір немесе жас ерекшелігі әртүрлі қағидаты бойынша жасақталады. Мектепке дейінгі ұйымдар топтарының толымдылығы Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. 5. Топтар тәрбиеленушілердің болу уақыты бойынша бөлінеді және мынадай режимде жұмыс істейді: 1) толық күн болу; 2) жарты күн болу; 3) тәулік бойы болу. 6. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидалар мен мектепке дейінгі ұйымдар жарғысын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады. 7. Мектепке дейiнгi ұйымдар бiр жастан бастап мектеп жасына дейiн жеткенше тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету және әлеуметтік бейімдеу, дамыту және медициналық бақылау, сондай-ақ қарау, бағу және сауықтыру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсету көлемін, оның ішінде балаларға инклюзивті білім беруді іске асыру үшін орындауды қамтамасыз етеді. 8. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы бекіткен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Балаларды тұрақты немесе уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіледі. Елді мекеннің ішінде бір мектепке дейінгі ұйымнан басқасына орын алмастыру жас топтары сәйкес келген жағдайда, ата-аналардың және мектепке дейінгі ұйым басшыларының келісімімен жүзеге асырылады. 9. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін мынадай кезеңдер бойынша ұйымдастырады: 1) 1 маусым мен 31 тамыз аралығында - жазғы сауықтыру кезеңі; 2) мектепалды даярлық сыныптарындағы оқу процесі ағымдағы жылғы 1 қыркүйек пен келесі жылғы 25 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Оқу жылы ішінде каникулдар белгіленеді; 3) 1 қыркүйекте 6 (7) жасқа толған балалар мектепке дейінгі ұйымнан жыл сайын 1 тамызға дейін босатылады; 4) балаларды бір жас тобынан басқасына ауыстыру ағымдағы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. 10. Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың орны мынадай: 1) баланың ауырып, медициналық, санаторийлік-курорттық және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған (көрсетілімі бойынша анықтама ұсынған жағдайда); 2) ата-анасының біреуіне немесе баланың өзге де заңды өкіліне еңбек демалысы берілген және бала жаз маусымында екі айға дейінгі мерзімде сауықтырылған (жазбаша өтінішті ұсынған жағдайда) жағдайларда сақталады. 11. Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай: 1) баланы ұстау үшін ай сайынғы төлемақы уақтылы төленбеген (төлемақыны белгіленген мерзімнен күнтізбелік 15 күннен астам кешіктіру); 2) бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген; 3) дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарады. 12. Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері: 1) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды; 2) мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған санаторийлік балабақшаларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады; 3) мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғандарды қоспағанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді. 13. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары, оның ішінде жаңадан құрылғандары, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары және педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.