5. Ғарыш аймағы: Жұмыс баланы қоршаған ортамен байланыстырады. Ғарыш аймағында балалар жер бедері, жер шары, әлем бойынша елдерді, олардың мәдениеті мен дәстүрін, өлі және тірі табиғатты, табиғат құбылыстарын, жануарлар мен өсімдіктерді, биологиялық, географиялық, физикалық, химиялық түсініктерін толық алады. Бұл аймақта балалар тереңдетіле түсінік алады.
Балалар жұмыс істегісі келетін аймақ пен нақты Монтессори – материалды өзі таңдайды. Ол жалғыз өзі немесе басқа баламен жұмыс істегісі келе ме, оны да өзі таңдайды. Бала өзінің қарқынында жұмыс істейді. Монтессори баланың шынайы заттармен айналысуын «жұмыс» деп атайды, ал біз «ойын» деп санағанға үйреніп қалғанбыз.
Монтессори тобындағы шеңбер. Монтессори педагогикасының ең бір қажетті бөлшегінің бірі –шеңбер болып табылады. “Шеңбер дегеніміз не?”- деген сұрақ Монтессори сабағына келген
барша ата- ананы толғандыратыны табиғи құбылыс. Монтессори педагогтарының бірі оны “ атмосфералық құбылыс” деп атаған екен. Монтессори педагогикасынын басты ерекшелігі- ол әлемнің қай мемлекетіне барсаңыз да барлық жерде бірдей жабдық пен дидактикалық материалдың қолданылуы. Әлемнің түкпір - түкпіріндегі кез - келген Монтессори кабинеттен эллипс түрінде сызылған сызықты көруге болады. Бұл Монтессори шеңбері өтетін орны. Монтессори педагогикасының негізгі ұстанымы – баланың еркіндігі мен бар әрекетті өз бетімен орындауы болып табылатынын бәріміз білеміз. Ал шеңберде балалар бір – бірімен қарым – қатынасқа түседі, яғни әлеуметтік жағынан пайдасы мол. Шеңбер 3 жасқа дейінгі және 3жастан 6жасқа дейінгі топтарда екі түрлі жүргізіледі. Бұл топтарда баланың жас ерекшеліктеріне сай жаттығулар, тапсырмалар қолданылады. Мысалы, 3 жастан 6жасқа дейінгі топтағы шеңбер барысында балалар көптеген жаңа ұғымдармен танысады. Бір –бірінің алдында өз ойларымен бөліседі, бірін- бірі тыңдауға дағдыланады.Монтессори тобындағы шеңберді қарастырайық. Бұл топта сабақ барысында 2 шеңбер болады. Біріншісі жұмыс басында, екіншісі жұмыс соңына қарай өтеді. Балалар кабинетке келген соң, музыка қосылып, эллипстің бойымен жүреді. Балалардың арасынан күнде бір бала кезекші болады. Жүру барысында балалар кезекшінің көрсеткен қимылдарын қайталайды. Одан соң бәрі отырып, ауа-райын, апта күнін, айдың нешесі сияқты мәселелерді талқылайды. Бұл жерде сұраққа кімнің жауап беретінін кезекші таңдайды. Барлық сұрақтар талқыланып болғанда тыныштық уақыты өткізіледі, осылайша бірінші шеңбер аяқталып, балалар еркін жұмысқа кіріседі. Ал екінші шеңбер жұмыс соңына қарай өтеді. Екінші шеңберде белгілі бір тақырып қозғалады. Шеңберді әрқашан педагог жүргізеді, бірақ ол жалпы әңгімеге көмек беріп қана отырады. Мұнда бала өз бетімен ойын айтып, сезімдерін басқаларға жеткізу мүмкіндігіне құқылы. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады.