Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.08.2022 № 382 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Педагогтер құжаттарды қағаз немесе электрондық (білім беру ұйымы электрондық жүйеге қосылған кезде) форматта толтырады. Электрондық форматта толтыру кезінде қағаз нұсқасы талап етілмейді.
Электрондық цифрлық қолтаңба құжаттарды электрондық форматта жүргізген және электрондық жүйеге қосқан кезде қол мен мөрге теңестіріледі.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының және мектептердің (лицейлердің, гимназиялардың) мектепалды сыныптарының педагогтері:
осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тәрбиеші қазақ тілі мұғалімімен, дене шынықтыру (жүзу) жөніндегі нұсқаушымен, музыкалық жетекшімен (қағаз немесе word word (ворд) немесе pdf (пдф) электрондық форматта) бірлесіп:
1) оқу жылы басталғанға дейін бір рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспары және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14235 болып тіркелген) Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы негізінде оқу жылына арналған ұйымдастырылған қызметтің перспективалық жоспарын әзірлейді;
2) апта сайын тәрбие-білім беру процесінің циклограммасын жасайды;
3) оқу жылының басында бір рет баланың оқу жылына арналған жеке даму картасын әзірлейді және диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды бақылау) нәтижелері бойынша жеке даму картасына өзгерістер енгізеді.