Мемлекеттің әлеуметтік саясатының теориялық аспектілері



бет6/10
Дата15.12.2023
өлшемі27,71 Kb.
#138988
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
2.3 Әлеуметтік қорғау

Әлеуметтік қорғау – бұл қолайсыз жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе. 


Қазақстан мүше болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі мынадай шаралар кешенін қамтиды: тұрақты, ақылы еңбекке ынталандыру; негізгі әлеуметтік қатерлердің алдын алу, ал ол туындаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру тәсілдері арқылы сол қатердің салдарынан айрылған табысының бір бөлігін қалпына келтіру; халықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тәсілдері; азаматтардың білім және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтары мен қызметтерге қол жеткізуі. 
Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері экономикалық даму деңгейімен анықталса, ал адамдар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі мен еңбекке ынталандыру деңгейі таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельмен өзара байланысты болады. 
Даму деңгейі бірдей мемлекеттердің өзінде де тарихи, мәдени, саяси және өзге де факторларға байланысты, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі орын алуда. 
Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік қорғаудың неғұрлым тиімді және кешенді жүйелері, әдетте:
1) мемлекеттік жәрдемақылар
2) міндетті әлеуметтік сақтандыру;
3) жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру;
4) әлеуметтік көмек сияқты негізгі элементтерді қамтиды деген қорытынды жасауға болады. 
Мемлекеттік жәрдемақылар әлеуметтік қорғауға жататын жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарды кепілдікті төлемдермен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етуге арналған. 
Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қазіргі жағдайы. 
Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінде толық ынтымақтастық және мемлекеттік институттардың қатысу деңгейі басым да, ынталандыру деңгейі төмен. 
Мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты, жұмыссыздығы мен жасы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі толық ынтымақтастық қағидасына негізделген. Қазақстанның барлық азаматтары өмірдегі қатерлі жағдайлар туындаған кезде еңбек үлесіне және жүйеге қосқан жарнасына қарамастан, бірдей деңгейде мемлекеттік жәрдемақылар алады. Азаматтың еңбек үлесі ынтымақтастықты зейнетақы жүйесінде ішінара ғана ескеріледі. Әлеуметтік төлемдерді есептеудің экономикалық негізделген нормативтері мен еңбекақы жүйесінде өзара байланыс болмауының салдарынан жұмыс істейтін халықтың табыс деңгейі мен әлеуметтік төлемдер арасындағы тиісті байланыс болмай отыр. Нәтижесінде, жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі әлеуметтік еңбек үлесі болмаған азаматтардың да алатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінен де аз жалақы алады. 
Еңбеккерлер, яғни ресми жұмыс істейтін азаматтар қатерлі жағдайға тап болған кезде жүйедегі жарнасына қарай қосымша қорғау деңгейімен қамтамасыз ететін шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйе жоқ. 
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі – қартайған шақтағы қамсыздандырудың қатысушылар арасында ынтымақтасусыз, жинақтау қағидасына негізделген жүйеге қатысуға пәрменді ынталандыратын бірден бір түрі. 
Азаматтардың жекелеген санаттарына заңнамаға сәйкес мемлекеттің қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетіледі. 
Қолданылып жүрген заңнамада әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда ерікті сақтандыруды жүзеге асыру көзделген, ол бірқатар факторларға байланысты тиісті деңгейде дамымай отыр. 
Әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қаржыландыру көзі мен жалпы реттеушісі мемлекет болып табылады. Біздің еліміздегі тәжірибемізде мемлекет басқаратын жүйедегі халықтың қамтылу деңгейі жоғары және әкімшілік шығыстар төмен, ал жеке меншік институттары қатысатын жүйеде халықты қамтудың төмендігі мен әкімшілік шығыстар жоғары болатыны халықаралық тәжірибедегі тұжырыммен дәлелденіп отыр. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоспағанда, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынталандыру деңгейі төмен. 
Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін шектейтін негізгі кемшіліктері мыналар: 
1) жетілдірілмеген заңнама: әлеуметтік саланы реттейтін заңнама, әлеуметтік қатерлер мен төлемдерге негізделмей, көбіне әлеуметтік төлемдер түрлері бойынша қалыптастырылған, сондықтан күрделі және анық емес; 
2) әділдігі жеткіліксіз және ынталандыру деңгейі төмен: әлеуметтік жәрдемақылар алу құқығын іске асыру кезінде салық аудармайтындардың алдында салықты төлеп, азаматтық борышын атқарып жүрген еңбеккерлердің артықшылығының болмауы; 
3) айқындықтың жеткіліксіздігі: дербес сәйкестендіру жүйесі немесе жәрдемақыларды алу мен бөлу процесін қадағалау үшін дерекқордың қалыптасу сатысында болуы. 
Қолданылып жүрген жүйені сақтау қызмет ету параметрлерінің нашарлауына және әлеуметтік қорғау міндеттерін шешу мүмкіндігінің төмендеуіне апарып соғады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет