Жалпы зерттеуді жүргізу барысын келесі кезеңдерде қарастыруға болады:
1. Ұйымдастырушылық 2. Жоспарлау 3. Сабақты зерттеу 4. Қорытындылау, тәжірибемен бөлісу
1. Ұйымдастырушылық кезең:
Ұйымдастырушылық кезеңде алдымен зерттеу өткізілетін сынып таңдалып алынады. Зерттелетін сыныпты таңдауда белгілі бір мақсат көзделеді. Мысалы, сыныптың білім сапасын көтеру, сыныптың сабаққа қызығушылығын арттыру немесе сабақтың тиімділігін арттыру, оқытуды жақсартуға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алу. Сыныпты таңдау ұжыммен немесе фокус топ мүшелерімен кеңесу, талқылау барысында шешіледі. Білім сапасын көтеруді қажет ететін немесе қандай да бір проблеманы бірігіп шешуді қажет ететін сынып таңдалады. Одан соң сол сыныпқа мектеп психологының көмегімен оқу үдерісінің сапасын арттыру мақсатында енгізілуге тиісті өзгерістерді анықтау үшін сауалнама өткізіледі. Lesson Study -ды жүргізу үшін кем дегенде 3 пән мұғалімінен, ұйымдастырушы модератордан, мектеп психологы, сынып жетекшісінен тұратын Lesson Study тобы құралады. Зерттеуді жүргізу үшін бір бағыттағы (гуманитарлық немесе жаратылыстану) пән иелері, сондай-ақ бір сыныпта сабақ беретін әр түрлі бағыттағы негізгі пән иелері бірлесіп жұмыстана алады. Зерттеуге қатысушы мұғалімдер өзара пікірлесіп, сауалнама қорытындыларын талдай келіп, Lesson Study тақырыбын анықтайды.
2. Жоспарлау кезеңі:
Тақырып анықталған соң, жоспарлау кезеңі басталады. Зерттеуге қатысушы мұғалімдер тобы бірлесе отырып зерттеуді жүргізу жоспарын құрады. Жоспар үш кезеңді қамтиды: ұйымдастыру, зерттеу сабақтарын өткізу, қорытындылау. Ұйымдастыру кезеңі бойынша сауалнаманы өткізу, қорытындылау, тақырыпты анықтау, жоспар құру, оқу үлгерімі әр түрлі деңгейдегі (А,В,С) оқушыларды белгілеу, күтілетін нәтижелерді анықтау, бірлесе отырып сабақты жоспарлау, арнайы бақылау кестесін жасау, талдау, талап критерийлерін белгілеу, жұмыс картасын жасақтау сияқты жұмыстар белгіленіп, өткізілетін уақыты, жауапты адамдар белгіленеді.