Мергенбаева А. Т., Абишова А. У., Уразбаева Г. Ж. «Экожүйе және құқық» пәнінен



бет59/79
Дата28.11.2023
өлшемі0,51 Mb.
#130731
түріБағдарламасы
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   79
Қор рыногын (бағалы қағаздар рыногын) дамыту. Нарықтық сипаттағы қазіргі заманғы экономиканың толыққанды қызмет етуі дамыған қор рыногынсыз (оның барлық компоненттерін – борыштық құралдар рыногын, мемлекеттік те, корпоративтік те акциялар рыногы мен туынды бағалы қағаздар рыногын қамтитын) мүмкін емес. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда жоғарыда аталған үш сегменттің алғашқысын ғана қалыптастырудың сәті түсті, ал солардың ішіндегі ең маңыздысы – акциялар рыногының “көгілдір фишкалар” бағдарламасын жүзеге асыруға әлденеше рет әрекет жасалғанымен, әлі күнге дейін нашар дамып отыр. Акциялар рыногын дамыту жөніндегі негізгі міндет – бағалы қағаздардың ауқымды ұсынымын жасауға және оларға деген төлем қабілетті сұранысты қалыптастыруға бағытталған іс-әрекеттер болуы керек. Бұл орайда негізгі міндет отандық эмитенттердің акциялар ұсынымын қамтамасыз ету болып табылады. Эмитенттер бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты әлі күнге дейін ашық қор рыногына шығуға мүдделілік танытпай келеді. Мыналар рынокты акциялармен толықтыру жөніндегі негізгі бағыттар бола алады:
1) жекешелендірілген кәсіпорындардың мемлекеттік меншікте қалып отырған акциялар пакетін сату;
2) ұлттық және мемлекеттік компанияларды акционерлендіру және олардың акцияларын биржалық айналысқа шығару. Мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету үшін осы компаниялардың жарғылық қоры мөлшерін алдымен олардың активтерінің құнын және рыноктағы жағдайын тура көрсететіндей көлемге дейін ұлғайту қажет, ал бұл қайта бағалауға танымал шетелдік аудиторлық компанияларды тарту керек;
3) еліміздегі орта және шағын компаниялардың қор рыногына шығуын ынталандыратын жағдайлар жасау.
Қазақстандық эмитенттердің акцияларына төлем қабілетті сұранысты қамтамасыз ету жөніндегі негізгі бағыттар мыналар болуы керек: а) институттық инвесторлар топтарын, ең бірінше кезекте – өзара қорлар қалыптастыру үшін жағдайлар жасау; ә) Қазақстан рыногына шетелдік портфельді инвесторлар тарту; б) қор рыногына жеке инвесторлардың қаржысын тарту.
Қазақстандық трансұлттық компанияларды қалыптастыру. Әлемдік ірі компаниялар арасындағы бәсекелестік аса жоғары деңгейімен сипатталатын жаһандану жағдайында Қазақстанда осындай бәсекеге төтеп бере алатын өз компанияларымызды құру мәселесі зор маңызға ие болады. Өз ірі компанияларына арқа сүйеу дамушы елдердің ұлттық экономикаларында дамыған елдердің трансұлттық компаниялары жетекші позицияларда болатын “жаһандану әлеміне” тән жағдайға балама болып табылады. Қазіргі уақыттағы басты міндет республикада шетелдік компаниялардың үстем болуына жол бермеу, ал олар елдің шикізаттық бағдарына және қосылған құн өндірісінің төмен деңгейде сақталуына мүдделі екендігі белгілі. Мұндай жағдай Қазақстан мен жаһандық экономиканың тең емес тауар айналымына алғышарт жасайды, ол ақыр соңында тұрақты дамуға шығуға мүмкіндік бермейді. Өйткені шикізат экспорты неғұрлым көбірек рөл атқарған сайын, республика экономикасы әлемдік тауар рыноктарының конъюнктурасына солғұрлым тәуелді болады. Демек, Қазақстан үшін қазіргі кезеңдегі ең басты міндет – қуатты отандық компанияларды қалыптастыру мен дамыту, олардың негізгі салаларда бірте-бірте шетелдік операторларды ығыстырып шығаруы, одан әрі әлемдік деңгейге көтерілуі және басқа елдерге ұлттық капиталдың экспансиясы болып табылады. Айта кету керек, жаһандық экономика жағдайында тиімді және жедел дамуға ірі мегакорпорацияларға арқа сүйегенде ғана қол жетуі мүмкін, 60-шы жылдардағы Жапония (дзайбацу, согосося) немесе 80-ші жылдардағы Оңтүстік Корея (чеболдар) сияқты неғұрлым ойдағыдай дамып келе жатқан елдер де, қазіргі кезде рыноктың өз сегменттерінде үстемдікке ие болу мақсатымен онсыз да ірі компаниялардың бірігу үрдісі жүріп жатқан дамыған елдердің тәжірибесі де осыны қуаттайды.
Қазақстандық капиталдың экспансиясы. Ұлттық экономиканың жаһандану жағдайында тиімді дамуы неғұрлым ойдағыдай дамып келе жатқан елдер мен дамыған елдер басшылыққа алған қағидаттарды, соның ішінде отандық капиталдың шетелге экспансиясын жүзеге асыруды да пайдалану негізінде мүмкін болмақ. Қазақстанның қазіргі заманғы жағдайларда осы қағидаттарға сүйеніп, постиндустриялық тұрпаттағы экономика, әлемнің түрлі елдеріндегі анағұрлым табысты компанияларға қаржылай қатысуға негізделген экономика құруды бастауға мүмкіндіктері бар. Дамудың мұндай сипатын “инновациялық тұрпаттағы инвестор ел тұжырымдамасы” деп атауға болады. Бұл тұжырымдамада Қазақстан экономикасының дамуы шикізат секторына сүйенеді, бұл оның қазіргі нақты алғандағы жай-күйіне сай келеді. Осымен қатар белгілі бір дәрежеде мемлекеттің бақылауында болуға тиісті шикізат секторы жедел даму үшін базис қана болып табылады. Бұл дамуды тек дәстүрлі әртараптандыру жолымен ғана емес, шикізат салаларынан, шетелдерден алынған қаржыны тиімді және жоғары табысты инвестициялаудың жәрдемімен жүзеге асыру көзделеді. Мұндай инвестициялауды мемлекеттік инвестициялық институттар жүйесі, мейлі бүгінде қызмет істеп тұрған, немесе қызметі жаңғыртылған жаңалары болсын, іске асыруы керек. Яғни, қолайлы баға конъюнктурасынан алынған мемлекеттік қаржыны басқару, осы заманғы үлгідегі корпоративтік институттық инвесторлар қолданып жүргендей, бүкіл әлем бойынша және табысты әрі перспективалы болып табылатын салаларда аталған қағидаттар бойынша жүргізілуі керек. Мұндай көзқарас “жаһандану экономикасының” барлық негізгі сипаты мен артықшылықтарын ескереді – біріншіден, бизнес жүргізу және әлемнің кез келген еліне инвестиция салу мүмкіндігі; екіншіден, бұдан 20-30 жыл бұрын (экономиканы дамытудың дәстүрлі тұжырымдамалары талдап жасалған кездері) болмаған қазіргі заманғы жоғары дамыған қаржы рыноктарын пайдалану мүмкіндігі; және де, үшіншіден, әлемдік деңгейдегі қатаң бәсекелестік жағдайларына барабар жаһандық стратегиялық жоспарлаудың қажеттігі. Мыналар осындай капитал экспансиясының үш негізгі бағыты бола алады: бақылау орнату мақсатымен неғұрлым перспективалы компанияларға тікелей инвестициялар салу, ағымдағы кезеңде неғұрлым пайдалы фирмаларға олардың капиталына қатысу арқылы табыс алу мақсатымен портфельді инвестициялау, және ақыр соңында, тұрақты табыс алу мақсатымен дүние жүзінің қаржы рыноктарындағы операциялар. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет