Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы



Дата06.01.2022
өлшемі31,41 Kb.
#14596
түріӨмірбаяны
Байланысты:
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы

1. Шығармашылық өмірбаяны.

2. Сатиралық үлгідегі өлеңі.

3. Мәшһүр Жүсіптің дастандары туралы мәлімет.



4. Мәшһүр Жүсіптің халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы еңбегі.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 2009 жылғы 3 шілде 09:50Бөлісіңіз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) - көрнекті ақын, публицист, этнограф, ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. «Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» деп ақынның өзі айтқандай, 5 жасынан бастап-ақ молдадан хат таныған ол 1870 жылы Хамеретдин хазіреттің медресесінде дәріс алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйретеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтады. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. «Мәшһүр» арабша белгілі деген мағынаны білдіреді. Медресее оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, 15 жасынан өлең жаза бастаған. Ол туралы ақынның өзі: «Жабысты маған өлең он бес жаста, Жұрт айтты: «Не қыласың» - деді баста. Дегенмен қоя алмадым үйренген соң, Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа. Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша, Он бесте шабыттандым жүйрік атша. Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде, Кеудеме өлең толды сызған хатша» - дейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1875 жылдан бастап біраз уақыт оқытушы болды. «Дала уәлаяты» газетіне өлеңдері мен мақалаларын жіберіп тұрды. 1887-1890 жылдары Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара, т.б. қалаларды аралап, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысты. Осы жылдары түркітанушы ғалым, академик В.Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісімен айналысты. Жар-жар, аужар, бата, ұлағатты сөздер, ертегі, аңыздар, діни қиссаларды жинап, жариялады. Сонымен бірге «Гүлшат - Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы» сияқты Шығыс дастандары үлгісін және бірнеше тарихи жырларды жинап, хаттады. «Көроғлы», «Ер Көкше», «Сайын батыр» жыр-дастандары мен Бұқар жырау, Шортанбай, Орынбай, Шөже, Жанақ, Сақау секілді ақын-жыраулардың әдеби асыл мұраларын хатқа түсірді. Бұқардан қалған сөз маржанын Мәшһүрге дейін хатқа тұтас түсіруші болмаған еді. Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде, яғни 1930 жылы мәңгілік мекенін екі бөлмелі етіп салдырады. Өзі қадағалап, жөн-жоба сілтеп отырады. Төрдегі бөлмесіне өзін жерлеуді және ашық қоюды өсиет етеді. Қырық жылға дейін денесі сол қалпында сақталатындығын және жыл сайын жаз айында ақ дәкемен орап отыруды ескертеді. Сонан соң кіре беріс бөлмеге құранын, кітаптарын, ыдыс-аяқтарын, ер-тоқым, ат әбзелдерін, насыбай үккіші мен шақшасын, басқа да өзі тұтынған заттарын сақтауды аманаттайды. Мұнысы олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын дегені. Сахара қағидасы бойынша нәрселерді ұқыпты, таза, ретімен пайдалану ләзім. Мәшһүр Жүсіп дүниеден озғанға дейін өзінің жылын өткізеді. Ол 1932 жылдың тақсіретке, қасіретке, қырғынға толы екендігін күні бұрын білген. 1946 жылы атақты жазушы Сәбит Мұқанов қабірдің ішіне түскен, тағзым еткен. 1952 жылы Қазақстандағы безбүйрек, құзғын саясаттың зұлымдық әрекет-кесірінен Мәшһүр атаның қабірі, үйі қопарылып тасталған. Ақынның 1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан үш бірдей кітабы жарық көрді. «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты шығармаларында қазақ халқын өнер-білімге баулу, елде мектеп, медреселер ашу, жер тағдыры, т.б. өзекті мәселелерді көтерді. 1990 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдамалы 2 томдығы, 1993 жылы «Қазақ шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. Ақын мұрасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы. Тіршілікте жолы болмағандар, қинат шеңгеліне ілінгендер, болашағынан үміт ететіндер, жақсылық, адамшылық, имандылық жолын ұстаушылар, Алланың жолын мұрат тұтқандар, ақыл-ойы кемел естілер Мәшһүр Жүсіптің мавзолей-зиратына келіп, дұға оқып, құрмет етеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұрасы алдмен аса көлемділігімен, сан түрлі мазмұн алуандығымен назар аудартады. Атап айтқанда ақынның өлең, дастандар, тарихи мәтіндер, шежірелер, публицистика, педагогика, тіл, философия, табиғат сырлары, дін тарихы туралы т.с.с. құнды еңбектер қалдырғаны белгілі.
      Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы, қой жылы, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау деген жерде дүниеге келген. Ақынның 3 жасында «Тауық жұты» деген жұт болып, бар малынан айрылып, бір ат, бір сиырмен ғана қалған әкесі Көпей: «Дүние жолдас емес, ғылым, білім жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқыту үшін Баянауылға көшіп келеді. Сол кезде аға сұлтан болған Мұса Шорманов Баянауылға медресе салдырып, онда сабақ беруге Омбы қаласында тұратын Қамар хазіретті көшіріп әкеледі. Ол кезінде Бұхара қаласында оқып, көп білім алған адам болса керек. Сабаққа зейінді бала Жүсіпке Қамар көп көңіл бөледі. Ақырында 8 жастан 9-ға аяқ басқанда, әдебиет пен тарихтан жатқа айтқан сөздеріне сүйсінген Мұса Шорманов(1818-1884) баланың әкесіне мынадай сөздер айтады: «Сопы, мұнан былай мына баланың бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - дейді. Содан былай қарай бұрынғы «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» - деген ат қосылып айтыла бастайды».
      15 жасынан бастап өлең жаза бастаған ақынның «Мәшһүр» аты шығып, халыққа кең танымал болуына ең алдымен тұңғыш қазақ газеті - «Дала уәлаяты» беттерінде ХIХ ғасырдың соңғы он жылдығында жарияланған өлең, мақалаларымен қатар, 1905 жылғы халық наразылығы өсуінен сескенген Ресей патшасының сөз бостандығына жол ашқан Қазан манифесі әсерімен Қазан қаласында басылған: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарының әсері мол болды. Баспа бетіндегі уақытша берілген кеңшілікті пайдаланып, патшалық Ресейдің отарлау саясатының астарын, жер тартып алуын, сөз, пікір айтуға шектеу қоюын қазақ зиялылары ішінде ең алғашқылардың бірі болып әшкерелей бастаған Мәшһүр Жүсіп екені белгілі. Сол еңбегі үшін 1912 жылдан бастап ақынды қудалау басталғаны, біраз уақыт оның үйінен кетіп, қайда екенін айтпай, ел ішінде жасырын жүргені де мәлім.

“Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ел ішінде аңызға айналуына ақындығы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болғандығы да себеп болса керек. Ол ауыз әдебиетінен еліміздің барлық өткен-кеткен жағдайын, тұрмысын, салт-санасын, бай дәстүрін, қилы-қилы тағдырын байқай білген зерделі жан. Өлең-жырдың, басқа да сөз асылының халық өміріндегі рөлін жете түсінген Мәшһүр оны жасынан құлай сүйген, жаттап өскен, хатқа түсіріп сақтай отырып, кейінгі буынға жеткізген.” Көпті көріп, көп оқыған білгір ақын бұл асыл мұралардың «Үлгілі сөз», «Бата», «Жар-жар», «Беташар», «Сыңсу», «Жоқтау», «Қара өлең», «Қайым өлең», «Айтыс», «Бақсының сөзі», «Өтірік өлең», «Жақсылардың мысал сөзі», «Тақпақ», «Мақал-мәтелдер», «Шешендік сөз», «Лиро-эпос», «Батырлар жыры» сияқты түрлерін хатқа түсіріпті.

Мәшһүр Жүсіптің жинап, топтастырған «Үлгілі сөзі» небәрі қырық сегіз жол екен. Жинаушы қанатты сөзді шартты түрде бес түрге бөліпті. Бірінші түрі –он жол, екінші, үшінші түрі – сегіз жол, төртінші түрі – жеті жол, ал соңғы – бесінші түрі он бес жолдан тұрады. Өлеңнің қалған сегіз жолы он бір буынды қара өлең үлгісімен берілген. Осы қанатты сөздер тізбегі әртүрлі көркемдік жолдардың сатыларымен жасалған. Біріншіден, жеті-сегіз буынды жыр түрімен беріледі. Енді бір саласы ғажап сазға, үндестікке құрылған. Өлеңнің екпін, ырғағын, сөз қолданысын, әдемі сазын, ішкі музыкасын, үндестігін бізге барынша айқын жеткізген.
Мәшһүр Жүсіптің «Қара месіндегі» батаның бір бөлігі қарсы жаққа айтылған қарғыс түрінде келеді. Бата беруші тереңнен тебіреніп үй иесіне бар жақсылықты үйіп төгеді де, енді алғыс алушының дұшпанына өзінің ата жауындай өшіге улы сөзін бұршақтай жаудырады. Қолжазбадағы батаның біраз бөлігі шешендік сөз сипаттас келеді. Мұндай жағдайда жыр жолдары бірде төгіліп ұйқасқан үндес тіркестерге бағынса, енді бірде өлең түрінде келеді. Ақ пейілін білдіруші адам үй иесінің мал-басын, денсаулығын тілей келіп, жақсы ұрпақ өсіріп, үбірлі-шүбірлі болуында айта кетуге міндетті. Батадағы «Ұл берсе оразды берсін» деген жолдағы сөзі береке-бірлікті, тату-ынтымақты болсын деген ұғымды береді.Осы өлеңнің сазы да, өзіндік ерекшелігі де қызық. Ол өсер ұрпақтың жан-жақты жақсы болуын келістіре сипаттауымен дараланады. Сонымен қатар, жас өспірімдердің өмірдегі алатын өз орындарын нәзік те тапқыр айта білген. Ал «адамның жаласынан, бұлтың аласынан, көрінер көрінбес мың да бір пәлесінен, патша құдайым өзі сақтасын» деген тіркесті тек қана ұлы ақындар айтса керек!

Мәшһүр Жүсіптің «Қара месінде» жар-жардың жалғыз ғана түрі берілген. Атап айтсақ, бұл – ұзатылар қыз жағындағы қыз-келіншек пен жігіттердің жиналып хормен айтысуы. Аталған топтың бір жағы өзінің туған әке-шешесін, аға-інісін, жеңгесін қимайтынын айтса, екінші жағы жаңа түсетін келіннің жаңа тумалары болатынын, олардың жас келінді өз туғандарынан кем көрмейтінін толғайды. Осы жар-жарды екі жақтың да айту мәнері, сарыны, сөз саптауы, бір-біріне егіздей ұқсас.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбасынан алынған «қаршығаны мақтау» атты туынды да бас-аяғы тегіс, жұп-жұмыр келген, он бір буынды қара өлең түрімен жазылған әдемі бір дүние. Бұл шығармадан тек қаршығаның қадір-қасиетін түсініп қоймай, сонымен бірге, құсбегінің де ішкі жан-сырын, психологиясын, Ғабит Мүсіреповше айтқанда, «сәл асыға сөйлейтінін, сәл асыра сөйлейтінін » шамалаймыз. Құс салу да, тазы жүгірту де – серіліктің бір түрі. Сондықтан да «Сұлу қыз тұрушы еді, «келсең кел», – деп аңшының аузынан шыққан әзіл-шыны аралас өлең жолында артық ештеңе байқалмайды.

Әдеби үлгіні жинаушының «Қара месінде» оқушыны тебірентер отты сөздер де аз емес. Тақпақтап айтылып жатталып қалатын талай-талай сөз үлгілері жетерлік. Олардың қай-қайысысы болмасын, ойға қуат, сенімге күш жалғайды. Адамды салмақ сақтауға шақырады, «әр нәрсенің де сұрауы бар, тек оған жеткенше төзімділік керек» дегенге үндейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қара месіндегі» ендігі бір айырықша көңіл аударатын материал – Толыбай туралы аңыз. Бұл Толыбайды «Пәлі, Толыбай» деп те атайды екен. Жинаушы «пәлі, Толыбай» атауын былайша түсіндіреді: «Бұрынғы заманда Арғынның қойшысынан өрт кетіп, Ұлы жүз Үйсін Арғыннан даулаған екен. Сонда соның бітіміне Ұлы жүз Үйсіннен Төле би шыққан екен. Арғыннан Толыбай шыққан екен. Үйсін Төле би «Қолыңмен салған өртті етегіңмен қалай сөндіремін – деп келдің, Толыбайым: «Алладан деп білсеңіз, қойыңыз, адамнан деп білсеңіз, алыңыз» – деген екен. «Пәлі, Толыбайым, жарайсың, жарайсың» – деп Төле би тақ тұра қалған екен. Содан «Пәлі, Толыбай» атанған екен деседі. Толыбай мал тауып келмекші болып Орал тауындағы Естекке аттанады.
М.Көпеев біраз айтыстарды қағаз бетіне түсіріпті. Ол айтыстардың қалай, қандай жағдайда болғанын, кімдердің жеңіп, кімдердің не себепті жеңілгенін де айта кетіпті. Қайым өлеңнің, жырдың кімнен басталғанынан да біраз мәлімет беріпті. Ол былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе деуші еді. ...Қайым деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысы. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ. Бұлардан бұрын жырлап сөйлейтін болған. Жырлап сөйлеушінің тұңғышы – Ноғайлыдан шыққан Мөңке би, қазақтан жырлап сөйлеушінің басы – Бұқар жырау», – деп жалпы қайым өлең мен жырдың шығу, қалыптасу жайында біраз сөз етті.

М.Көпеев материалдарынан қазірше бес айтысты алып отырмыз. Олар: «Ұлбике мен күдері қожа», «Жанақ пен Түбек», «Шортанбай мен Орынбай», «Қыз бен жігіт», «Ақбала мен Боздақ». Осы туындыларды талдай отырып, мынандай ой түюге болады – айтыста сол дәуірдің сипаты, адамдардың тірлік - қарекеті әжептәуір көрініс табады екен. Айтыс үшін жалғыз ақындық аздық етеді. Оған қыруар білімдарлықтың қажет екені жұртшылыққа белгілі жай. Ақын дегеніміз, ең алдымен, халықтың сайрап тұрған «тілі, соғып тұрған жүрегі».

Ел арасындағы кейбір қиын жағдайды, жәй адамның айта алмай іштей тынып жүретін ауыр халін ақын тірі жаннан сескенбей батыл толғай береді. Ал өліп қалған адаммен тілдесуі де, ол жөнінде айтып, ішкі шерін тарқату да тек ақындардың қолынан келетін іс. Біз «Ақбала мен Боздақ» айтысындағы осындай шеберлікке қызыға қараймыз. Боздақ өзі үшін де, Ақбала үшін де өлеңді кезек-кезек шығарып, сөз жүйесін қуады. Бұл жағдай халқымыздың тумысында ақын екендігін айтпай танытатын шындық.

Мәшһүрдің «Қара месінің» «Алтынбас – Күмісаяқ ғашық болған», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Асанқайғы», «Еділ – Жайық», «Желкілдек», – деп аталатын бес ертегіні алып отырмыз. Осы ертегілердің ішінде «Алтынбас – Күмісаяқ ғашық болған» және «Желкілдек» өлең түрімен жазылумен ерекшеленеді. Әсіресе, «Алтынбас» бастан-аяқ он бір буынды қара өлең түрімен өрнектелген. Ал «Желкілдек» ертегісі шытырман оқиғалар қақтығысымен ерекше, бас кейіпкер Желкілдек Ертөстік сияқты атса мылтық, шапса қылыш кеспейтін, жақса отқа күймейтін жан. Желкілдектің қарсыластары да осал емес. Бұл туындыдағы айрықша бір кейіпкер – мыстан кемпір. Ол айла-шарғысымен, неше түрлі сұм-сұрқия іс-қимылмен көзге түседі. Бір сөзбен айтқанда халық армандаған алып батыр да, сұлу да ақылды қыз-келіншектер де зерек қариялар да бұл ертегілердің ішінде баршылық.



Жинаққа батырлар жырынан біреуі ғана енгізілген. Ол – Мәшһүр қолжазбасынан алған «Сайын батыр». Бұл жыр – қазақ-ноғай жыры делінеді. Хатқа түскен нұсқасы өзі алдына, ел аузында сыны түспей сақталғанын жырдың айрықша көркемдік қасиеті деп білеміз. Сайын батыр да қалмақпен шайқаста жеңіске жетеді. Оны Киікбай мен Бөгенбай атты ұлдары өзі сияқты ержүрек батыр болады. Халықтың қиялынан туған бұл жыр «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды.» деген даналық сөзді еске салғандай.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет