Ескерткіштер Кейбір ескерткіштер көрнекілігімен, құрылыстарының күрделілігімен ерекшелінеді. Мыстытас, Беғазы ескерткішін тұрғызу үшін салмағы 3 тоннаға жететін алып мәрмәр тастар қолданылған. Батыс Қазақстандағы Тастыбұтақ 1 (Федоров кезеңі) қорымында мәйіттер қабірге немесе жалпақ тастан жасалған жәшіктерге салынып жерленген. Кей жағдайларда мәйітті өртеу рәсімі де кездеседі. Орталық ҚазақстанныңНұра кезеңіне жататын жерлеу рәсімі, негізінен, мүрдені өртеп тас жәшіктерге немесе табытқа салу болды. Атасу кезеңінде мәйіттер бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солтүстіккеке не оңтүстікке бейімделіп жатқызылды. Нұра кезеңінен келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш тас жәшіктер тарады. Жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақта тастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Керамика ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ортаңғы қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелектеніп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Соңғы қола дәуірін иіні дөңгелек, бүйірі аздап шығыңқы құмыралар сипаттайды. Ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Оларға әрбір кезеңнің өзіне тән геометриялық өрнектер (жарты, үш бұрыш, меандр, ирек сызық, қисық ойық, т.б.) түсірілді. Беғазы-Дәндібай мәдени ескерткіштері
Беғазы-Дәндібай мәдениеті - қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. 9-8 ғ.) Орталық Қазақстанды қоныстанған тайпалар мәдениеті, өнер түрлері. Көне заманның жойқын белгілері, әсіресе Беғазы тауының бір тармағында (Беғазыбұлақ, Беғазы өзені) сақталғандықтан «Беғазы» деген атау қойылған. Дәндібай да жер атауы. Осы екі атау біріктіріліп, сол жердегі ежелгі өркениет қонысын «Беғазы - Дәндібай мәдениеті» деп атайды. Бұл тарихи мекенді зерттеп, оның ежелгі тарихымыз үшін маңызын айқындаған ғалым - әйгілі академик, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұлан болды. Осы ғалым бастаған арнаулы археологиялық топ Бегазы - Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеді. Осы зерттеулер негізінде Қазақстан тарихы ғана үшін емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қорытындылар жасалды. Ерте дәуірдегі Қазақстанның тарихынан сыр қозғайтын «Беғазы - Дәндібай мәдениеті» Қарағанды облысындағы аудан орталығы Ақтоғай кентінен 40 шақырымдай жерде орналасқан. Беғазы - Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңтүстігінде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен. Назар аударғандарыңызға рахмет