Балаларды үйде оқытуды ұйымдастыру
«Үйде оқыту» түсінігінің мәні
Әр түрлі елде әр заманда өмір сүрген Я. А. Коменский, Дж. Локк, И. Г. Песталоцци секілді педагогика ғылымының классиктері объективті педагогикалық теорияны құру үшін тәрбиелеу мен оқыту процестерінің табиғилыққа сәйкестігіне жетекші рөлді белгілейді [4].
Оқытуды ұйымдастыру мұғалім мен оқушының өзара әрекеттестігі, оқытудың орны мен уақытының ерекшеліктері, оқушылар саны, оқытудың мақсаттары, құралдары, мазмұны, әдістері мен нәтижелері жағынан тұтас жүйелі сипаттаманы көрсетеді. Қалауына қарамастан денсаулық жағдайына байланысты қалыпты жалпы білім беретін мектепке бара алмайтын балалар болған жағдайда, бұл балаларды жалпы білім беру процесіне қосудың басқа жолдары қарастырылады. Осындай жағдайлардың көбісінде дене жағынан ауыртпашылықсыз және психологиялық жағынан жайлы оқыту ортасы мен әрбір баланы оқыту үшін жеке ыңғай жасау қажет. Осы орайда, балаларды білім беру процесіне қосудың бір жолы ретіндегі «үйде оқыту» зерттеушілердің үнемі назарын аудартатын объект болған.
Ғылыми-әдістемелік және мерзімдік әдебиеттердегі авторлар әр түрлі синонимдік түсініктерді қолданады: «отбасылық білім беру», «үй жағдайында оқыту», «үйде жеке оқыту», «үйде оқыту». Әрқайсысының белгілі бір мағыналық жүктемесі бар. Бірақ барлық аталған түсініктер оқыту процесі үй жағдайында жүретіндігін білдіреді. Осы ұсынымдарда Қазақстан Республикасының нормативті-құқықтық құжаттарына сәйкес «үйде оқыту» ұғымы қолданылады.
Зерттеушілердің пікірі бойынша, үйде оқыту отбасылық тәрбиенің көп ғасырлық тәжірибесінен айқындалған және кезеңдеп даму процесінде қалыптасқан білім беру процесінің маңызды саласы ретінде қарастырылады. Ресейлік ғалым Л. Р. Аркатованың зерттеулерінде үйде оқытудың келесі даму кезеңдері белгіленген:
VI– IX ғ.ғ., тәлімгерлік әрекет элементтерінің туындауы;
Х–ХV ғ.ғ., сарайдағы қалталы адамдардың балаларын үй жағдайында оқыту және «сауаттылық шеберлерімен» отбасылық оқу ;
XVI– XVII ғ.ғ., болашақ тақ мұрагерлеріне сарайда білім беру;
XVIII ғ.ғ., гувернерствоның дамуы, жергілікті ақсүйектер арасында отбасы жағдайында жалпы білім беру;
XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басы, үйде оқыту мен шіркеулік білім берудің және мемлекеттік білім беру мекемелерінде оқытудың қатар дамуы; гувернанткалар мен үй тәлімгерлерінен ұлттық кадрлар даярлау;
XIX ғ. 30 ж. – ХХ ғ. басы, үйде білім беруді оқу мекемелері мен гимназия жанындағы мәртебелі пансиондардағы білімге теңестірілген азаматтық оқытудың бір түрі ретінде ресми мойындау; педагогикалық
әдебиеттер мен басылымдарда үйде оқытудың болашағы мен мәселелерін белсенді талқылау;
1917 жылдан 1962 жылға дейін балаларды үйде оқыту тәжірибесін тоқтату;
1962 жылдан бастап үйде білім беруді науқас балалар мен мүгедек балаларды мемлекеттік оқытудың бір түрі ретінде ресми мойындау [5].
«Үйде оқыту» түсінігінің заманауи ұлттық білім беру жүйелерінің талаптарына сәйкес келетін және инклюзивті білім беру қағидаларына қарсы келмейтін кеңірек ашатын анықтамасы 2002 жылғы ТМД қатысушы-елдердің Парламентаралық Ассамблеясында қабылданған «Денсаулық мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға білім беру (арнайы білім беру) туралы» Үлгілік заңында берілген. Үлгілік заңға сәйкес «... үйде оқыту – денсаулық жағдайына байланысты уақытша немесе тұрақты түрде білім беру мекемесіне бара алмайтын жағдайда сәйкес білім беру ұйымының педагогикалық қызметкерлері, оның ішінде қашықтан оқыту құралдарын қолдану арқылы үйде оқыту іске асырылатын тұлғаның жалпы білім беретін және кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгеруі».
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы бойынша жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу, экстернат және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, түсініктің мәнін анықтауда көптеген зерттеушілер мен практиктер үйде оқыту – бұл білім беру немесе оқыту формасы емес, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқыту процесін ұйымдастыру жағдайлары деген пікірді ұстанады [6].
Достарыңызбен бөлісу: |