Жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктері «Білімді болу деген сөздің мағынасы-
белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу»
Әл Фараби
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Сапалы орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, тез өзгеріп жатқан әлемнің жағдайында зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыру» деп атап көрсеткендей бүгінгі таңда білім беру парадигмасы «білікті адамға» бағытталған білімнен «мәдениет адамына» бағытталған білімге көшуді талап етеді. Білім беруді жаңаша ұйымдастыру - оның философиялық, психологиялық, педагогикалық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді.
Елбасы Н.Ә Назарбаев жылдар бойы білім және ғылым саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз - білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет»,-деген жолдар - соның дәлелі.
Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», - деген болатын. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті.
Жаңартылған білім бағдарламасының ең бірінші ерекшелігі пән мазмұнының спиральді берілуі.Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:
оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды, мұнда тақырыптар әртүрлі деңгейде қайталанады, кейде бір тоқсан аясында, кейде әр тоқсан сайын;
әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі, мұнда тақырыптар әрбір келесі деңгейде алдыңғыға қарағағанда анағұрлым күрделі әрі тереңдетіліп оқылуы тиіс;
жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады, мұнда деңгей жоғарылаған сайын, тақырыптың күрделілігі артып отыруы керек.