Байланысты: 2.Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі (Баяндама)
Оқушы бейімділігін тани білу – болашаққа жол сілтеу Бердібекова Сәуле Кенжебайқызы - №55 С.Қожанов атындағы орта мектебі директорының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру» деп көрсетілген.Осыған байланысты қазіргі уақытта жоғары дәрежелі кәсіби мамандар дайындау бүгінгі күннің ең маңызды, ең қажетті мәселесі болып отыр.
Жоғары дәрежелі кәсіби маман даярлау қай кезеңнен басталады? Ең алдымен қоғамға қызмет ететін, өзіндік орны бар маман болу үшін оқушы – мамандықты дұрыс таңдай білуі қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы №672 бұйрығына сәйкес мектептің жоғары сатысында бағдарлы оқыту енгізілген болатын.Бағдарлы оқытудың негізгі міндеті – оқушылардың сапалы кәсіби таңдау жасауларына ықпал ету. Бағдарлы оқытудың маңызды құраушысы негізгі мектептің
9- сыныбында ұйымдастырылатын бағдаралды дайындық болып табылады.Ол келесі бөліктерден тұрады:
1.Кәсіби ағарту, оған жататындар: кәсіби ақпарат, кәсіби үгіт, кәсіби насихат;
2.Кәсіби диагностика, тұлғаның белгілі бір мамандыққа деген қызығушылықтары мен қабілеттерін айқындауға бағытталған;
3.Кәсіби кеңес беру, мақсаты – кәсіби кеңес беруші маман тарапынан мамандық таңдауда жеке – дара көмек көрсету;
4.Кәсіби таңдау, мақсаты – белгілі бір мамандықты жоғары ықтималдықпен табысты меңгеріп, онымен байланысты еңбек қызметін орындайтын тұлғаларды айқындау;
Оқушыларға кәсіби бағдар беруде мектеп психологы мен мектеп директорының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасарының орны ерекше. Қазіргі заманда жастардың өзін-өзі таба алмай, өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмай, өзін-өзі тұншықтырып жүргендердің, басқа жолға түсіп адасушылықтың негізгі себебі, ең алдымен, өзінің қабілеті мен бейімін анықтай білмегендігінде және өзінің кәсіби дамуын жобалай алмағандығында, бейіналды дайындықтың жүргізілмегенінде.Мектепте психолог пен кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасар біріге жұмыс жасаса оқушы өзін-өзі таниды, өзінің мүмкіншілігін, бейімділігін байқайды, мамандықты адаспай таңдайды.
Бейіналды даярлық жұмыстары кезінде психолог кәсіби диагностика жасауы тиіс:
1 саты- дұрыс таңдау жасау үшін оқушы қабілеті, қызығушылығы мен бейіні, мінезі мен темпераменті туралы нақты білу керек. Бұл сатыда оқушы жайлы оқушының өз пікірі, ата-анасының пікірі, мұғалімдердің пікірі, сыныптастарының пікірі, психологиялық зерттеулер (темперамент типін анықтау, мотивация диагностикасы, Айзенктің жеке тұлғаны анықтау әдістері, табандылықты зерттеу т.б.) сауалнамалар алынады.Бұл сатыда оқушыны жан-жақты танимыз.
2 саты- оқушыны қызықтыратын мамандықты анықтау.Ол үшін Д.Голландтың «Тұлғаның типтерін анықтау» тестісі, «Мамандық туралы хабарың» сауалнамасы, «Мен және менің өмірлік жоспарым» сауалнамасы, «Қызығушылықтар картасы»(А.Е.Голомшток әдістемесі бойынша), «Кәсіби қызметтегі басым ынтаны зерттеу» сұрақнамасы алынып, қорытындысы бойынша оқушының белгілі бір мамандыққа бейімділігі анықталады.Сондай- ақ мектеп оқушыларынан «Менің мамандығым- менің болашағым» тақырыбындағы шығарма жұмысын алып отыру да оқушының қай мамандыққа бейім екенін анықтауға көмектеседі.
Келесі кезекте мектеп директорының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары
9-11-сынып оқушыларынан оқушыларға кәсіби ақпарат, кәсіби үгіт, кәсіби кеңес беру мақсатында түрлі іс- шаралар ұйымдастырады. Мысалы: «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында пікір алысу, «Мамандығым- болашағым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастыру, «Бүгінгі мектеп түлегі- ертеңгі елдің тірегі» тақырыбында студенттермен кездесу кеші, «Мамандығым - мақтанышым» тақырыбында түрлі мамандық иелерімен кездесу кеші т.б. іс-шараларда оқушыларға мамандықтар әлемі жайлы толық мағлұматтар беріледі. Жекелей кеңес беру мақсатында «Ашық есік күндерін» өткізу де оқушы мамандықты дұрыс таңдауы үшін маңызды шара.
Мамандық таңдау тұлғаның белгілі бір мамандыққа бағыттылығын ғана емес, сонымен бірге тұлғаның қоғамда белгілі бір орын алу және таңдаған мамандық арқылы оған жету жолдарына байланысты болады.Өз мамандығын таңдай алмағанның талабы көміледі, ондай адам өмірге де риза болмайды. Сондықтан, оқушы бейімділігін нақты танып, дұрыс жөн сілтей білу – жарқын болашаққа жол сілтегеніміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Сәбет Бап –Баба «Жалпы психология», Алматы 2009жыл
2. «Бағдарлы мектеп және кәсіптік білім» журналы, 2011жыл, №4,№5,№6
3. «Мектептегі психология» журналы,2011жыл,№7,№8
4. 9- сынып оқушысының кәсіби бағыттылығын диагностикалау бағдарламасы,
Астана 2005 жыл
5.Интернет материалдары