Мұхит әндерінің шығу тарихтары
Фоножазбаларда Батыс аймағына кең тараған, әнші Ғ.Құрманғалиев репертуарынан белгілі «Жылой», «Доссорда шай құяды Гүлжансары», «Ыңғай-ау» мен «Құрбыжан»,7«Шандоз», «Жылқышы», т.б. халық әндерінің авторы Мұхит болып көрсетілген. А.Затаевичтен кейін жарық көрген нотасыз өлеңдері 1955-57 жылдары «Қазақ әндері» антологияларында «Зәуреш», «Айнамкөз», «Көк Айдай» әндері 1960 жылдарға дейін басқа да ауызша кәсіби авторлар шығармалары сияқты халық әндерінің санатында болды. Мысалы, «Адайдың ырғамасы» жинағында Мұхиттың белгілі «Жайма қоңыры» маңғыстаулық қайқы Әділ Кенжеұлының (1870-1932) әні деп [6, 16], «Қолжетпес» шығармасы халық әні «Алқаракөк» деп жарық көрді [6, 93].
Е.Брусиловский
10
Композитордың «Жайма қоңыр» әні Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» операсының (1935) I актісіндегі Хадишаның вокалдық патриясына алынған. Мұңды да ойлы әнмен Хадиша Елемеске өз заманындағы қазақ қызының тағдырында кездесетін қалыңға сатылған әділетсіздікті жеткізеді:
Құрбыжан, сөзің тәтті, тілің майда,
Мендей боп жылаған қор азғантай ма...
А.Жұбанов
А.Жұбанов Хадишаның партиясындағы бұл әуенді Мұхиттың «Алуаш» әні дейді және бұл әннің кей жерлерде «Жайма қоңыр» деп те орындалатындығын жазады[1].
Қазіргі кезеңде бұл шығармалар халыққа Ғ.ұрманғалиев орындауынан таныс болған. Екі әнді музыкалық жағынан салыстырсақ, «Алуаш» еркін, тайсалмай орындалып, дыбыс пен буын сәйкестігі синхронды сипатта және дыбыс диапазоны ғұрыптық әндерге тән шағын болып келеді (екінші қос тармақтың басталатын тұсында секста интервалында Мұхитқа тән жоғары тірек дыбысқа бағыттай айтылатын әй! қаратпа сөзінің интонациясы бар). Ал «Жайма қоңыр» әуенінің қозғалысы секунда-терциялық, сабырмен баяулай қозғалатын, соңында ән кеудесіндегідей секста көлеміндегі вокализациясы бар қоңыр ән. Бүгінгі күні «Жайма қоңыр» мен «Алуаш» әндері әуені мен мазмұны жағынан екі сипатты, тыңдаушы жадында «тұрақталған», арасы алшақ дүниелер.
11
Жоғарыда келтірілген А.Жұбановтың сөзін растайтын мына бір дерек болуы мүмкін. Алғаш рет «Жайма қоңыр» әні А.Затаевич жинағында жарияланып [2, № 960], әнге ескертпеде «Мұхит әндерінің арасындағы кең танымалдарының бірі, көптеген әнсүйерлердің сүйікті әні» және ескертпеге редакциядан қосымшада бұл әннің варианты «Алуаш» деген атпен ұсынылады (1921 жылы Б.Джумабаевтан жазылған)10.
А.Затаевич
«Қара қаншық» әні. Мұхиттың бұл туындысы бүгінге дейін халық әні болып жарияланып келеді. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің вокалдық партиясына алынған «Үлкен Ораз» («Үлкен Айдай») және Жібектің IV пердедегі қоштасуына «Дүние-ай», «Зар» туындылары алынған деп музыкалық әдебиеттерде жазылып жүр. Операның трагедиялық шешілімі, Жібектің Төлеген өлімін естіп ендігі өмірден мән таппай, жарық дүниемен қоштасу сәті, зор қайғыға толы «Зар» әнімен басталады («Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы...»). Ал Мұхит шығармашылығында «Зар» деп аталатын ән кездеспейді.
12
1933 жылдары екі жүзден аса халық шығармашылығындағы әндердің поэтикалық мәтіні қоғам идеологиясына қарсы келіп, айтылуға тыйым салынды. Орталықтың арнайы саяси тапсырмасымен ән сөздері, олардың тақырыптары «жаңа заманға лайықталынып» жаңадан жазылған еді. Сондай әндердің бірі, саяси астары бар деген туындылар қатарында болған Мұхиттың «Қара қаншық» әні музыкалық әдебиеттерде соңғы кезге дейін «Зар» атанып келді. Ән алғаш рет А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында авторы көрсетілмей жарияланды. Бастапқы жеті буын музыкалық фразасы тура қайталанатын АА1 қостармақты ән формасында. Мұхиттың зарлы «Зәуреш», «Дүние-ау», «Азаға салған әні» шығармалары сияқты бұл ән де эолийлік ладында.
Келесі бір ән «Доссорда шай құяды Гүлжансары». Бұл туынды Атырау облысының Мақат ауданы, Доссор деген жерінде өткен ғасырдың 20-жылдары атағы тарапқа белгілі бола бастаған, шай құюды кәсіп еткен Гүлжансары есімді келіншекке арналып шыққан. Ел аузында Гүлжансарыға арналған шумақтар көптеп кездеседі. 1918 жылы өмірден өткен Мұхиттың Гүлжансарыға ән арнағандығы нақты тарихи деректерге жанаспайды, қисынсыз. Осындай тарихи деректерді негізге ала отырып, әннің Мұхитқа телінуі жаңсақ айтылған деп қорытындылаймыз.
«Жылқышы» әніне келсек, әйгілі Көкжар жәрмеңкесінде айтыскер ақын Бала Ораз Өтебайұлымен (1837-1882) кездескен Мұхит оның айтқан жылқышы жігіт туралы әңгімесінен үлкен әсер алып, «Кіші Ораз» немесе «Кіші Айдай» әнін шығарады. Ән көнеде «Жылқышы» деп те аталған. Бұл әңгіме желісіне арналған осы туынды Мұхиттың шоқтығы биік, қайталанбас қолтаңбасы бар күрделі ән болып саналады.
Бүгінде халыққа Ғ.Құрманғалиев орындауынан белгілі:
Жылқысы біздің елдің ала мойын, Су ішіп айдын көлден салады ойын, - деп басталатын халық әні «Жылқышы» да әннің көнедегі бір атауына байланысты болуы керек, Мұхитқа телініпті.
13
Ғ.Құрманғалиев
Децима дыбыс аралығын қамтитын кең тынысты әннің формасы ABA1B. Кварталық, квинталық секірістері бар, халық әндерінде сирек те болса кездесетін екінші жолдың соңындағы I-II-III басқыштар интонациясымен ерекше. Мұхит әндерінде осы мотивтің өзіндік маңызы, ән композициясында алатын орны бар. Туындыны халық жадында асқақ, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен ерекше Мұхитқа телу орынсыз деп қорытындылаймыз.
Сондай-ақ «Ыңғай-ау» мен «Құрбыжан» әндерінің де жөнсіз «авторлары табылып» ғылыми негізден алшақ бұрмаланып жүр. Әр халық әнінің артында бір шығарушысы бар екендігі хақ. Бірақ осындай негізсіз, дәлелсіз деректерді зерттемей қабылдау, яғни халық әнін белгілі бір авторға тели салу ғылыми көзқарасқа жат.
Әншінің өмірбаянынан нақты мәліметтердің жоқтығынан туындыларын оның шығармашылық жолының қай кезеңіне жататындығын дәл айту қиынға соғады. Дегенмен де, отандық музыкатануда бұл бағытта жасалған талпыныстар бар. Мысалы, музыкатанушы М.Құрманғалиева оның өмірі мен шығармашылық жолын шартты түрде үш кезеңге бөліп, шығармаларын соған сәйкес топтайды: бірінші - Мұхит сал мен жігіттік лирикасы, арнау-әндер «Алуаш», «Ақ Иіс», «Қилым», «Қилаш», «Айнамкөз», «Қоқыш», «Дәметкен», «Күлә», «Еркем», «Қолжетпес», «Дидар», «Ілгек», «Келіншек», «Паңкөйлек», «Бала Ораз» («Жылқышы»); екінші - өмір туралы философиялық толғамдар, қызықты кездесулердің әсерінен туған әндер. Автор: «Второй этап творчества, скорее всего, ознаменован песней «Паңкөйлек». «Паңкөйлек» -своеобразный итог, завершение «мушеля» - 25 лет. ...Данный период творчества характерен возникновением песнями цикла «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай» и т.д. «Айдай» - о взаимоотношениях курдас, о нормах поведения молодежи, уходящих своими корнями в институт батырства» - деп, философиялық эссеге «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Әриайдай», «Иіс», «Бейнем-ау», «Кербез қыз», «Жайма қоңыр», «Жантелім», «Жылой», «Көкжар», «Доңасқан», «Ақ сойқан» әндерін топтайды; үшінші - трагедиялық ерлер лирикасы. Бұл кезеңде жоқтау тақырыбы басым келеді деген пікір айтып, жоқтау тақырыбындағы әндерге «Зәуреш», «Дағанау», «Дүние-ау», «Қыпшақ», «Дүние», «Демалыс», «Қара қаншық», «Алпыс төрт», «Мұхит сал» шығармалары топтастырылады [7, 6].
Зерттеушінің мұндай жүйелеуінде ән мазмұнының қарама-қайшы пікір туғызатын тұстары кездеседі. Олардың кейбіріне тоқсалсақ, мысалы, философиялық әнге топтаған «Көк айдай» ғашықтық ән. Ал, қазір халық әні ретінде орындалып жүрген «Әриайдай» сөзінен махаббат сезімі анық көрінеді:
Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң,
Екі құрбы ойнайды тең болған соң.
Саған айтпай сырымды кімге айтамын,
Шын ұнаған көңілге сен болған соң.
15
Қаралы үйге көңіл айтып барған сал шығарған «Иіс» әнінде:
Салыңның алып келген иісі осы,
Жетекке жылқысы жоқ, үйір-үйір -
деген сөздерге, мазмұнына қарап философия емес, арнау- әндерге жүйелеу оның ішкі табиғатын нақты ашатын секілді. Сол сияқты жоқтау әндер қатарына кірген «Демалыс» әні мәтінінен оның нақты оқиғада туғанын, тыңдаушысынан демалуға рұқсат сұраған әншінің сөзін көреміз:
Домбыра екі ішекті қолға аламын,
Құбылта он екі алуан ән саламын
Отырған тең құрбылар болса рұқсат,
Шаршадым, біразырақ демаламын.
Бұл туындыда сал-серілер творчествосында жырланатын жастықты жоқтау немесе досты, сүйген адамын іздеп сағыну, мұңаю, қайғы сезімі жоқ (?). Осы секілді «Кербез қыз» әнінің мазмұнында да философиялық эссеге топтауға негіз жоқ деп ойлаймыз.
Композитор әндерінің шыңы «Айнамкөз». Осындай дауыс кеңдігімен қатар, ой биіктігін қажет ететін, әуендік- интонациясы, стилі жағынан бір автор шығармашылығын жазбай танытатын өзіндік қолтаңбаға ие туындылары «Кіші Айдай», «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние» әндері.
Мұхит шығармашылығында «Айдай» атты циклды әндер бар. Жоғарыда көрсеткендей, зерттеуші М.Құрманғалиева оларды композитор өмірінің екінші кезеңіне жатқызып, Бала Оразбен байланыстырады: «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Айдай».
Мұхиттың Ойыл жеріндегі Көкжар жәрмеңкесінде аты- шулы айтыскер ақын, әнші Бала Ораз Өтебайұлымен кездесіп достық қарым-қатынаста болғаны тарихтан белгілі. Бұл әндер «Кіші Айдай» немесе «Кіші Ораз», «Үлкен Айдай» немесе «Үлкен Ораз» деп қатар аталады. Бала Ораздан естіген әңгімесінің әсерімен Мұхит «Кіші Айдай» (немесе «Жылқышы») әнін шығарған.
Бұлар белгілі ауызша кәсіби халық авторларының аттас әндеріндегідей
16
«Хаулау», «Гәкку», «Хаудыр» сияқты болып алексикалық сөздермен аталады. Ол жөнінде әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, белгілі күйші Қ.Ахмедьяров айдай сөзі Айдай мен Таңдай деген екі қызға байланысты шыққан деген пікір айтады. Ал, ақын Ф.Оңғарсынованың пікірінше, композитордың екі «айдайы» осындай үлкен достықтың құрметіне Оразға арналған әндер болуы мүмкін.
Ұлттық ән мұхитында кең қолданысқа не айдай сөзіне келсек, бұл көбіне әннің қайырмасында айтылатын алексикалық сөздердің бірі. Қайырма сөзі (Припевное слово) деп аударылған «1000 ән» жинағынан бірнеше ұқсас сөздерді мысалға келтіруге болады: №250 «Ай дай-ай», №254 «Харидай-ай», №432 «Әриайдай» №850 «Ой-дай», №893 «О-дай», №938 «Ай-дай», №941 «Уаридай», №944 «Ай дай», №946 «Дай-дай» және т.б.
Авторлық құқық ауызша кәсіби ән мәдениетінде екі түрмен: поэтикалық мәтіндегі авторлыққа нұсқау және әннің шығуымен, оның сюжетінің аңызымен көрінеді. Осы негізге алып Мұхиттың «Айдай» әндерінің поэтикалық мәтінін мәлімет ретінде алсақ, музыкалық табиғатына қарап, оларды адамның өмірінің кезеңдерін - жастық, орта жас және қарттық кезеңде шыққан туынды ретінде қарауға болады. Бұл тұрғыдан цикл «Көк Айдай» әнінен басталады. Мұндағы «көк» сөзін музыка зерттеуші, күйші А.Тоқтағанның: «Ескі қазақы ұғым бойынша адам өмірі бес кезеңнен тұрады. Он үш жасқа дейін көк өрімдей жас кезі, яғни, «көк» кезеңі» деп, ары қарай 13-25 жас аралығын «қызыл», 25-37 жас аралығын «сары...» - деген дәйексөзімен түсіндіруге болады [9,54]. Егер осы көк сөзін жастықпен байланыстырсақ, әннің көк айдай аталу себебін түсінуге болады. Ән сөзі де махаббат, жастық сезімді жырлайды:
Ой қалқам, сен де көркем, мен де көркем,
Қосылса екі көркем болады тең.
Дөңбекшіп төсегімде жата алмаймын,
Есіме сен түскенде сұлу еркем.
Сергек, батыл, ойнақы орындалатын «Көк Айдайдың» сөзі де адамның жас кезеңіне сәйкес суреттеледі. Сондай-ақ Мұхит әндерінің характерін ашуда үлкен
17
рол атқаратын домбыра сүйемеліне назар аударсақ, биік деңгей әндерінен өзгешелігі мұндай күрделі қағыстар комбинациясы жоқ әрі табиғатына сәйкес, халық әндеріндегі домбыра партиясының ролі тәрізді жеңіл, бірыңғай қара қағыспен орындалады.
«Кіші Айдай» әні. Заманның саясатына қарай Ғ.Құрманғалиевтің осы әнді жаңа мәтінмен орындаған варианты бар.
1.Адамның қандай қызық жастық шағы,
Арманы өнер-білім ойлағаны.
Қарыштап алға қарай ұмтылуда,
Сәулеті шақырғандай болашағы.
2.Жас ұрпақ жарастықтың өмір сыры,
Жайқалып жапырағы өскен дәні.
Па шіркін, ойды билеп, бойды алады,
Шарықтап жұрт алдында салсам әнді.
Сол кезеңдегі ән мәтінінің өзгеріске ұшыратылуы жөнінде академик С.Қасқабасов: «Дүниенің бәріне кедей таптың көзімен қарау, адамдардың өмірін, олардың сезімін, ара-қатынасын «пролекульт» көзқарасымен бағалау біраз ән мен күйді, эпостық жырымызды, дастанымызды «халыққа жат» деп есептен шығарып тастауға әкеп соқты. «Ұмыттыру» мүмкін болмаған әндердің сөзін түгелдей, немесе ішінара өзгертуге мәжбүр еткен уақыт 1930-50 жылдар арасы», - дейді [10, 130].
Мұхит әні осы мәтінмен «Жастық шақ» аталып шырқалған кезең өтіп кетті. Әннің өз сөзінің бұлай өзгертілуі оның мазмұны мен эмоциялық күшін әлсіретеді, әннің құдіретін азайтады. «Кіші Айдайдағы» Мен кепіл өткен жастық келмесіне деген жолдардан жастық шағы өтіп кеткен адамның, артта қалған дәуренді еске алу сезімі, яғни, орта жастағы адам сөзіне келіңкірейді. Ал «Үлкен айдай» автордың қолтаңбасы анық көрінетін Мұхитың салады енді Айдайына деген жолдан (авторлық көрінеді) айдай Мұхиттың өз туындысы деп таныстыра басталады. «Үлкен Айдай» композитор шығармашылығындағы диапазоны ең
18
кең ән (дуодецима). Композициялық құрылысы да күрделі. Бұл әншінің өмірдің жақсылығы мен шуағын өнеге етіп айтқан өсиеті сияқты. Мұнда ешқандай махаббаттың, жастық дәуреннің суреттелуі жоқ:
Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Меңзеген асқар таудай есіл көңілім
Дүниеде еш нәрсеге тына алмаған, -
мәтініне қарай философиялық шығармаға топтауға болады.
Осылайша ән мазмұнына сәйкес талдау мен жүйелеу олардың шығармашылық жолы бойында әр кезеңге жататын шығармалар екендігін ашады.
Қорыта айтар болсақ, біріншіден, орындаушылық проблемасына қатысты - Батыс аймағының ауызша кәсіби әншілік дәстүрі ортақ сипатқа ие. Оның негізін салған Мұхит сал, ал, маңғыстаулық қайқылар дәстүрі бірыңғай ортақ сипатқа ие бола отырып қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы бар өңірлік өнер. Және де ауызша кәсіби дәстүр бар жерде әуесқойлық деп бөлінетін шартты категория міндетті түрде өмір сүретіндіктен оларды екі стиль ретінде қарастыруға болмайды; екіншіден, ән табиғатына байланысты - Мұхит әндері опера жанрында қайғылы, мұңды, зарлы кейіпкер бейнесін ашуға қолданылған. «Қыз Жібектегі» вокалдық партияларда қоштасу (екі мағынада: Төлеген ІІ-пердедегі анасы, бауырларымен; Жібек IV-пердедегі өмірмен қоштасуы), зар (Жібек IV-пердедегі Төлегенді жоқтауы), «Жалбырдағы» вокалдық партияда мұңды (Хадиша I-пердедегі тағдырына налуы) көрсетеді; үшіншіден, қолданыс аясына қатысты - бүгінгі музыкалық әдебиетте Мұхит әндерін өз атымен, атап айтқанда, Жібектің IV пердедегі вокалдық партиясындағы «Зарды» - «Қара қаншық»; «Жалбырдағы» Хадишаның партиясындағы «Алуашты» - «Жайма қоңыр» деп атау орынды; төртіншіден, белгілі бір композитор мұрасына қатысты айтылған деректі жан-жақты саралап, орындаушысына мән беріп, ән аңызын зерделеп, әуенін, мәтінін, әннің шығу кезеңін, музыкалық-теориялық талаптарға сәйкес
19
басқа варианттарымен салыстыра отырып белгілі бір тұжырым жасау орынды.
Достарыңызбен бөлісу: |