Дүниежүзілік мұхиттың ластануы – адамдардың әрекеті нәтижесінде мұхит (теңіз) суларындағы табиғи процестердің бұзылуы. Ластаушы заттардың өте көп мөлшерде жиналуы салдарынан жылдан-жылға мұхиттың өзін-өзі тазарту мүмкіншілігінің төмендеуі – онда тіршілік ететін организмдердің құрып кетуіне немесе шектен тыс көбеюіне алып келеді. Мысалы, теңіз жұлдызының (Asteroіdea) тым көбейіп кетуінен Австралия жағалауындағы Үлкен Барьерлі рифтің түбінде “тікенді шеңбер” қалыптасуда. Сондай-ақ Дүниежүзілік мұхиттың, әсіресе мұнай өнімдерімен ластануы әлемдік мұхит пен атмосфера арасындағы газ алмасу процесіне кері ықпал етеді, соның салдарынан Жер атмосферасындағы газ қоспаларының концентрациясы үздіксіз артуда; жағалауға жақын және атыраулық аймақтарды қоса есептегендегі теңіздік ортаға заттардың немесе энергияның тікелей не жанама жолмен түсуі теңіз биотасының дамуына кедергі келтіріп, судың сапасын нашарлатады. Бұл жағдай тірі организмдер мен адамның денсаулығына қауіп төндіреді.