Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014



Pdf көрінісі
бет23/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

«ҚАРАЛЫ СҰЛУ»

(Бірінші нұсқасы)

«Қаралы  сұлу»  әңгімесінің  бірінші  нұсқасы  Семейде  шығып 

тұрған  «Таң»  журналының  1925  жылғы  2  санында  жарияланды. 

Соңына  «Жаяу  сал»  деп  қол  қойған.  Содан  кейін  қайтып  тура  сол 

мәтінде  жарияланып  көрген  емес.  Жазушы  шығармаларының  елу 

томдық  толық  басылымына  журналдағы  нұсқасы  бойынша  араб 

һәрпінен  кирилл  һәрпіне  көшіріліп,  текстологиялық  салыстырулар 

жүргізіліп барып енгізіліп отыр. Дайындағандар – Б. Байғалиев пен 

С. Жұртбай. Әңгіменің бірінші және екінші нұсқасының арасындағы 

айырмашылықтар  «Қаралы  сұлудың»  кейінгі  өзгертілген  нұсқасына 

берілген түсінікте толық келтірілген.

«Қаралы сұлудың» алғашқы нұсқасы Семей қаласында мұғалімдер 

техникумында  ұстаздық  етіп  жүрген  кезінде  жазылған.  Бұл  кез-

де  жазушы  өзінің  алдына  саясаттан  тыс,  таптық  тұрғыдан  ада,  таза 

көркемдік  мақсатты  көздеген  әдеби  шығармаларды  жазу  туралы 

мақсат қойып, тәуелсіз қаламгер болуға ұмтылып жүрген. Қазақ про-

летар  жазушылары  ассоциациясынан  тыс  «Алқа»  әдеби  үйірмесін 

күру үшін оның бағдарламасын талқылап, Мәскеуде жоғары әдебиет 

институтында оқып жүрген Мағжан Жұмабаевпен хат арқылы пікір 

алысқан. «Қаралы сұлудың» бірінші нұсқасындағы басты көркемдік 

нысана  –  қазақ  әйелінің  рухани  тазалығын  және  еріккүшін  көрсету. 

Сондай-ақ, тағдыр талқысы, өмір азабы, жар сүюге деген табиғи сезім 

адамның шығу тегіне қарамайтындығын көркем сөз арқылы дәлелдеу. 

Бірінші  нұсқада  басты  кейіпкер  нәпсісін  жеңіп,  адал  махаббатының 

тұнығын  лайламай,  таза  сақтап  қалады.  Алайда  1925–1935  жылда-

ры  М.  Әуезовтің  мұндай  көркемдік  талабы  мен  идеялық  нысанасы 

әсіре  солшыл  сыншылардың  тарапынан  жазық сыз  сынға  ұшырап, 

жекебасына  қауіп  төнеді.  Осыған  орай  әңгіменің  әуелгі  шешімінен 

бас тартып, Қаракөзді нәпсінің жетегіне ергізеді. Авторлық идея мен 

көркемдік шешім тұрғысынан алғанда бір-бірінен өте алшақ мағына 

беретіндіктен  де,  бұл  толық  басылымда  «Қаралы  сұлудың»  бірінші 

нұсқасы қоса беріліп отыр. Мұның әдебиеттанушыларға да ой сала-

тыны сөзсіз.



Т. Жұртбай

343

ҚАРАЛЫ СҰЛУ

«Қаралы  сұлу»  әңгімесі  алғаш  рет  «Таң»  журналының  1925 

жылғы  2-санының  79–92-беттерінде  жарияланды.  Бұдан  кейін  1935 

жылы  шыққан  «Ескілік  көлеңкесінде»  деген  жинақтың  құрамына 

кірді.  Сондай-ақ,  1960  жылы  басылған  «Қараш-Қараш»  атты 

кітапқа  енді.  Жазушының  он  екі  томдық  шығармалар  жинағының 

1-томының 214–227-беттерінде (1967), жиырма томдық шығармалар 

жинағының  1-томының  262–275-беттерінде  (1979)  басылды.  Жа-

зушы  шығармаларының  елу  томдық  толық  басылымына  жиырма 

томдықтағы  нұсқа  негіз  етіп  алынды.  Әңгіменің  1925,  1935,  1960 

жылдардағы  нұсқалары  өзара  салыстырылып,  текстологиялық 

сүзгіден  өтті.  Салыстырғандар  –  Сұңқар  Жұртбаев  пен  Мұқаш 

Қожахметұлы.

«Жаяу сал» деген бүркеншік атпен жарияланған алғашқы нұсқасы 

мен 1935 жылғы басылымның арасында түбегейлі айырмашылықтар 

бар. Біріншіден: жазушы әуел бастағы қазақ әйелінің таза жан дүниесін, 

дала  аруының  адал  сезімін  суреттеу  үшін  жазған  романтикалық 

шешімін мүлдем өзгертіп, Қаракөзді нәпсіні жеңе алмаған әйел ретінде 

бейнелеуге  мәжбүр  болды.  Бұған  кеңестік  тапшыл  сыншылардың: 

«М.  Әуезов  феодалдық  өмірді  сүйсіне  суреттеді»  деген  байбалам-

дары  себеп  болды.  Соның  нәтижесінде  жазушы  өзінің  «Қаракөз», 

«Еңлік – Кебек», «Қаралы сұлу», «Хан Кене», т. б. шығармаларынан 

бас тартты. Екіншіден, қалайда шығарманың өмірін ұзарту үшін оны 

өңдеді, қысқартты, арасына таптық көзқарасты білдіретін пікірлерді 

қосты. Әзімханның жағымды бейнесінің орнына қапыда қаза тапқан 

адамның бейнесі пайда болды. «Қажы» деген сөздер де, бай ауылының 

суреттері де сызылып қалды. Мұны түсінікте берілген мысалдардан 

анық байқауға болады.

А.  Пантиелевтің  аудармасымен  әңгіме  орыс  тілінде  бірнеше  рет 

жарияланды.  Мәскеуден  шыққан  М.  Әуезов  шығармаларының  бес 

томдық жинағының (1973) 1-томында (121–134-беттер) жарық көрді.

Жазушының  түзетуі  мен  қысқартуынан,  стильдік  қырнап-

жонуынан  өткен  тұстардың  «Таң»  журналында  жарияланған 

нұсқалары төмендегідей:



344

1.  115-бет.  «Содан  бері  Қаракөз  қаралы  тор  бұлбұлындай  тұл 

төсектің иесі».

2.  115-бет.  «...Қаракөз  де  сондай  мойындап,  көніп  болған... 

Қайғылы  әйелдің  өз  басына  ендігі  өмірден  күтетін  ешбір  жаңалық 

жоқ. Жарқылдап көз тартып, біреу болмаса біреуді қызықтыратын шақ 

бұнда енді болмақшы емес. Қаракөз ондай күннің болуын тілемейді 

де... Сондай халді көксететін әлсіз ой келсе, оны да көңіліне дарытпай 

өшіріп жоқ қылатын».

3.  115-бет.  «...жаңа  қызарып  шығып  келе  жатқанда  ескі  жұрттан 

жөнелген».

4.  115-бет.  «Көш  алдында  айдап  келе  жатқан,  төрт-бес  жүздей 

жылқысы бар, басқа ірі қарасы да мол бай ауылдың қалың көші бір 

жылдай иесіз тұрған таудың ішінде тусып кеткен қалың шөпті жапы-

рып, қызулы тіршілікті көшіріп келе жатқандай болады».

5.  116-бет.  «...айғырларды  құтыртып,  ойнақшытып  келіп,  қалың 

жылқыны дүрілдетіп, желдіріп айдайды...

Көрікті  дүние,  қызықты  мастық  тойындай  болып,  буы  аспанға 

шығып, құтырынып желігеді».

6. 116-бет. «...өзекті де оятып сергіткендей. Бұл көшке табиғат та 

жылдық ұйқысынан оянып, көңілденіп қошемет білдіргендей...

Көшке  қарсы  өзек,  шалғынның  таңертеңгі  көлеңкеден  шыққан 

салқын самалы да соғады...

Қаралы  жылдай  тұл  болып  тұрған  жайлау  бүгінгі  күн  жыл 

құсындай еркін елін жаңа көріп, көтеріліп сергігендей.

Қазіргі барлық сурет, барлық дүние, баршалық қызулы жанды өмір 

адамды қызыққа, думанға, сағымды түс пен зор тілекке қолын бұлғап 

шақырып тұрғандай. Бұл қызуға желікпеген жан жоқ...»

7. 116-бет. «...қыз-келіншектің арасынан».

8.  116-бет.  «...ойнағанына  мастанып,  мәз  болып  жігітімсіп 

шіренеді...».

9. 116-бет. «Болат қарқылдап, шіреніп күліп...».

10. 116-бет. «...Қаракөз, Осы көп мал бай ауылдың иесі болған, сал-

танатты көштің басшысы болған жалғыз жесір қатын Қаракөз...

Қаракөз  қазір  отыз  екі-ақ  жаста.  Қаралы  жаулық  салып,  қызулы 

базар  есігін  жапқанына  алты  жыл  болды...  Одан  бұрын  Қаракөз  де 

тіршіліктің қызығында жүріп жүрген ерке еді. Бұның өмірінің үстінде 

тұнжырап, күлімсіреп тұрған күншуақты ашық көк аспан бар еді. Сол 

бақыт күнінің ортасында бір-ақ сағат ішінде түсі суық шоқ қара бұлт 

ойнап шыққан. Асатыннан келген қаза бір-ақ күннің ішінде Қаракөзді 

қаралы қылып, қаңғыртып кеткен...».

11. 117-бет. «Қаракөздің күйеуі Әзімқан ол кезде жиырма сегіз жа-

ста еді. Әзімхан бір атадан жалғыз жігіт болатын».


345

12. 117-бет. «Әзімқанның туысқаны, жалғыз сүйеніші – 70 жасқа 

келген  кәрі  әкесі  Үсен  қажы  еді.  Бірақ  Әзімқан  жалғыз  жігіт  болса 

да, өз ортасының басты кісісі болған. Екі ауылнай Жоламанның бас 

көтерген ретті адамы болып, бір болыс Ырғайлыға белгілі еді».

13.  117-бет.  «...Үсен  қажының  ауылы  көшіп  келіп,  Қайыңдыға 

қонып  еді.  Қайыңды  –  тау  ішіндегі  шалғынды,  тоғайлы  өзен  бола-

тын... Жыпырлап қонған ақ ауыл маңайындағы шұбартқан көп малмен 

Қаракөздің бақытты күндерінің көркі сияқты еді».

14. 117-бет. «... намысын».

15. 117-бет. «... Басында».

16. 117-бет. «Бері келгенде Қаракөздің күйеуі аяғы ақсақ, бір қолы 

шолақ  кем  бала  болған.  Оның  үстіне,  өзге  балаларының  ішіндей 

кәдірсізі болатын. Сондықтан бой жетуге...».

17. 118-бет. «... қатыны».

18. 118-бет. «... сөздерін елеусіз көріп,..».

19. 118-бет. «... ойлана бастап еді».

20. 118-бет. «... белгісіздікте жүрген».

21. 118-бет. «...жиені».

22. 118-бет. «... шамасы өтіп еді. Әзімқан алғашқы келген жерде-ақ 

жүрегі белгісіз лүпілдеп соғып...».

23.  118-бет.  «...Қаракөздің  жүзінде  әлдеқандай  ыстық  қан 

ойнағандай болып еді».

24. 118-бет. «...күнәлі болып көрмеген».

25. 118-6. «...қысылғандай болып еді.

Екі жас тілсіз сөзбен сөйлесіп қалғандай болды... Екі жүрек бір-

біріне ұялып, бұғып тұрып ым қақты. Басы осы еді».

26. 118-бет. «... керекті, қызықты сияқтанды. Сондықтан аз күннің 

ішінде астыртын құдалық сөзін байлап қойды... 

...  Бірақ  бұл  алыстағы  тілеу,  қиын  асу  мен  биік  асқардың  ар 

жағында жатқан асыл ниет еді».

27. 119-бет. «... жатқанда, енді жаман аттары шығар деген мезгілде 

бірін-бірі  сүйіп,  табысып  қойған  екі  жастың  тілеуін  тағдырдың  өзі 

қостағандай  болып,  Сыбанбайдың  немересі  өліп  қалып  еді.  Бұдан 

кейінгі араларындағы сөз ұзаққа бара алған жоқ. Сыбанбайдың өзге 

балаларының  барлығында  не  айттырған,  не  алып  отырған  қатын 

бар.  Бұрынғы  ұстанған  сөз  бойынша  Сыбанбай  басында:  «Кейінгі 

балаларға қаратамын... Құдамнан қол үзбеймін.., – деген болып еді».

28. 119-бет. «... жақсыларымен».

29. 119-бет. «... қозданған соң Жоламан да».

30. 119-бет. «... бір қызуға тартқандай болды».

31. 120-бет. «... бұл кезде азан-қазан болып атсыз қалған жаяулар 

босқа дырду жасап, айғайласып, әрі-бері жүгірісіп жүрді...».

23–1247


346

32. 120-бет, «... дескен».

33. 120-бет. «...Әзімқанға дене тауып меңдеп тиіпті».

34. 120-бет. «...екпіндеп қулауға».

35. 120-бет. «... басты айырып кеткен».

36.  121-бет.  «Бақытты,  қызық  дәуренге,  сұлу  жарға  ақырғы  рет 

«Қош!» деуге де тілі келмеді...

Әзімқандар ат қойып жөнелген...».

37. 121-бет. «... еді».

38.  121-бет.  «...  келе  жатып,  алғашқы  қаза  түнін  есіне  алғанда, 

көзінен ыстық жас ағып-ағып кетті...».

39. 121-бет. «... қажы да».

40. 121-бет. «... жалғыздық, сорлы болған жас сұлудың бір өзінің 

басында  ғана  қалды...  Күнде  таңертең  тіршілігіне  риза  болған  жұрт 

ұйқыда жатқан құлқын сәріде, онан соң мұңайып кеш батқан уақытта 

Қаракөз  қаралы  жаулығымен  бетін  жауып  отырып,  зарланып  дауыс 

айтатын».

41. 122-бет. «... талақ қылып, ұмытқанын анық білдірді... Қаралы 

тор  тұт қы ны  сүйген  жарын  жоқтай  білді.  Қаракөздің  жоқтауымен 

айтқан  дауысын  барлық  Ырғайлы  жаттап  алып...  Зарланған  жасқа 

жаны  ашып,  әнге  салып  айтып  та  жүрді.  Барлық  басалқа  айтарлық 

үлкендер  тоқтау  айтамын  деп  келгенде,  Қаракөздің  ыстық  зарына 

шыдай  алмай  қоса  жылап  кететін  болды...  «Бір  болыс  ел  түгелімен 

Қаракөзді  аузынан  тастамай  мақтап,  байының  артын  мұндай  жақсы 

қылып күткен әйел болған емес», – деп аңыз қылды.

Бірақ  Қаракөз  мақтан  іздеген  жоқ  еді.  Оныкі  шын  зар,  шын 

жетімдіктің қайғысы еді. Жылау мен жоқтау...».

42. 122-бет. «... Мұқаш болды. Сүйеуі мен ермегі...».

43. 122-бет. «Жоламан ортасы».

44. 122-бет. «... қаралы сұлудың жайы осы еді... Әлі күнге Қаракөзді 

тіршілік аздырып, нық ұстанған жолынан тайғыза алған жоқ...».

45. 122-бет. «...қазіргі тіршілікке мас болған. Айғайлап қуанады... 

Арбаның  ішінде  іші  пысып,  секіріп,  дауыстап  күліп,  маңайласқан 

кісілермен  ойнайды...  Бұ  да  буыны  бекіп,  дені  сау  болып,  ер  жету-

ге  (ержетті)  Қаракөздің  қаралы  алты  жылы  өтті.  Бұл  жылдардың 

ішінде сырттан қараған көз қаншалық қадалса да Қаракөздің сыртына 

шыққан не әлсіздік, не қобалжуды көре алған жоқ».

46. 122-бет. «... Дүниеде жастай қалған қаралылар аз емес шығар, 

ежелден  қайғылы  қара  мезгіл  таңдап  көрген  емес.  Өмір  қызығына 

түсіп  болдым,  қызулы  базар(ды)  жаптым  деген  күндегі  не  қайғы 

келетін болса, дүниеде бақытсыздар болмас та еді.

Көп жас қыршынынан қиылады. Тіршілігін қарғат етеді».



347

47.  123-бет.  «...  ел  санына  қайта  қосылады...  Бірақ  солардың 

бәрінің ішінде Қаракөз қайғысы бір алуан ұзақ мұңлы жыр еді... Бұл 

ерекше сұлу...».

48. 123-бет. «... аппақ, толық, сау, бірақ барлық ойы...».

49. 123-бет. «Ақ денесі сау, таза. Қызу қанды, қайратты, тіршілік 

үшін  жаралған  жас  денемен  тілек  үшін  қайнаған  қан,  шойын  есікті 

тұтқын орнына қанағаттану қиын еді».

50.  123-бет.  «...қинау  түні  болатын.  Үй  іші  қараңғыланып,  тұл 

төсекке  жатқанда  әлдеқандай  қара  жыланша  иірілген  қараңғы  сезім 

ойлары өне бойын билеп кететін...».

51. 123-бет. «... құшақтаушы еді. Шоқтай ыстық мастық ойы таң 

ағарып  атқанша  бір  минут  те  босатпай,  жанын  жеп,  тозаққа  салып 

шығатын».

52. 123-бет. «Қаракөзді бұл қинауға салып жүрген өз байлауының 

әлсірегені емес. Қызықты тілеген қанағатсыздық емес... Ол – ішінде 

тіршілікті  тілеген  жаңа  өмір  ұрығының  жарық  дүниеге  шыққысы 

келіп, қозғалып тіленгені еді.

Бұл  көп  заман  Қаракөзді  қинап  жүрді...  Әлі  күнге  шейін  мезгіл-

мезгіл жын буғандай болып, асау соқыр сезім құтырынып келіп, бір 

тоңдырып, бір ысытып, қаралы Қаракөзді отқа салатын...».

53.  124-бет.  «...  өткір  сезімділік  пайда  болды...  Қайғылы  қабағы 

қазір шытынып, түйіліп, болымсыз нәрсеге қиналып кететін, өкініп, 

қайғырып кететін шыдамсыз қылды...».

54.  124-бет.  «Бүгінгі  көш  келе  жатқан  уақытта  бір  талайдан 

ұмытылып кеткен азап Қаракөзді қайта қинап, толқытып келе жатыр 

еді...

Ораза күнде өткерме ұстап, аштыққа шыдаған тақуадай Қаракөз 



өз көңіліне сенімді болса да, дене қинауын бар ауырлығымен көтеріп 

келе жатты.

Жас Қаракөздің сопылығы дүниеде сирек кез келетін сопылық еді. 

Өзге жұртта өмірден суынған, түңілген адам болса, өзін-өзі тоқтатып, 

нәпсі  тілегін  басу  үшін  өзге  қызулы  топтың  ішінен  аулақ  кетеді... 

Тіршіліктен  күдер  үзбеген  елдің  ортасында  олар  өмір  сүрмейді. 

Жүдеу көңілдің  күйіне күй  қосатын  сопылық үйіне кетеді. Өмірден 

түңілгендердің тобына кіреді...

Маңында ескі қызық күнін, сезім күйін ескертетін белгісі болмай-

ды... Денені өлтіретін ауыр еңбек пен сезімді жоғалтатын сұр дүниеге 

кіреді...

Ондағы сопылық, ол жүдеулік – іздесең де көңілді алаң қылатын 

суретті  көрсетпейді.  Әйел  сопының  көретіні  –  ылғи  әйел,  еркек 

сопының  көретіні  –  ылғи  еркек...  Қаракөз  сопылығы  ол  емес... 



348

Бұл  бұрынғы  молшылык,  бұрынғы  қызықты  дүние  ортасында, 

бұрынғыдай  қуанып  елітуші  еді...  Бұрынғыдай  қуаныш  күні  туып, 

сезім  күндері  өтеді...  Жазғытұрымғы  жасарған  табиғат  та  желігіп, 

еліреді... Жан кіргендей қызулы тіршілікті көксегендей масаттанады... 

Жүз бұралады...».

55. 124-бет. «... Қаракөздің есіне қара жыландай ойларды салғандай 

болып, құтырынып масаттанады...».

56.  124-бет.  «Іште  ыстық  сезім,  сыртта,  қарсы  соққан  леп... 

Қаракөз  пәуес кесі  иесіз  жұртқа  келіп  тоқтағанда,  өз  үйін  жылдағы 

қонып жүрген жұртына тіккізбекші болып, арбадан түсіп, сол жерді 

іздемекші  болғанда,  төменгі  жақта,  өзен  бойында,  бір  тоғайдың 

көлеңкесінде доғарулы тұрған трашпеңкені көрді».

57. 125-бет. «... аяңдап жұрт қарады... Аяғы әлсіз... Денесін ауыр 

өмір басқандай зорға алып жүреді. Бірақ белгісіз тілек қинаған көңіл 

тоқталмай  жіңішкелеп  шаншады.  Ескі  жұртты  көріп,  енді  арбаға 

қарай  жүруге  айналғанда,  Қаракөз  арт  жағындағы  тоғай  арасында 

сақылдап күлген жас дауысты есітті. Бұрылып біраз тұрып, тоғайға 

қарай жүрді...

Көлеңкелі  биік  тоғайдың  іші  ертегінің  күмбезіндей  рахатты... 

Сұлу...».

58. 125-бет. «... есітті. Елсіз таудың ішінде...».

59. 125-бет. «Кейде жарық айлы түн ішінде...».

60. 125-бет. «... қылғандай болады...

Қаралы  сұлудың  сұлулығын  қошеметтеп,  беріктігін  мақтағандай 

болады.


Бірақ бұ да сезім күйін шертеді...».

61. 125-бет. «Жағасында...».

62. 126-бет. «... Бірақ өмірінде бұл күнге шейін болмаған асаулық 

пен іштегі қара жылан жүз толғанып иіріледі...».

63. 126-бет. «... сенделтін».

64. 126-бет. «...жаңа қонысқа қонған ел».

65. 126-бет. «... Жарық айлы түн болды...».

66. 126-бет. «... ішінде шын бекініп еді».

67. 126-бет. «... қараңғылық тағы ойнады».

68. 126-бет. «... мініп, күліп мазақтап...».

69. 126-бет. «... үзіліп».

70. 126-бет. «... асығып шығып кетті...».

71. 127-бет. «... демалады. Ішіндегі жанды жеген азаппен қиналып 

шыққан Қаракөзді білген жоқ».

72.  127-бет.  «Қаракөз  ерекше  сұлу  еді.  Қаракөз  жалғыз  ғана 

жүзінің келістігімен сұлу емес, қазіргі сағатта көңіліндегі тазалық пен 



349

құмарлыққа бойұрғысы келмеген ниетпен ерекше сұлуланғандай еді... 

Бул уақытта қаралы әйелдің шын жүрегін өзіне қаратқан жан болса, 

жарық түнде бақыт құсын ұстағандай мұратына жетер еді. Қаракөзді 

қинаған дерт әлі де басылмай қайнап келеді. Жүректен шыққан жау-

ыз дұшпаннан құтылу үшін жас әйел белгісіз ем іздейді... Бүгінгі түн 

салқыны ыстықтап күйген денесіне азғантай да сезілмейді. Қаракөз 

күрсініп жылап келіп, екі аяғын тізесіне шейін жалаңаштап, суық суға 

матырып, жиекте жылап отырды...

Қаралы сұлу шын қайғымен жыласа да, жүректе белгісіз құмарлық 

қарауытып шығып, жүз толқытып кетеді.

Әлдеқайдан  шығып  жатқан  ыстық  қан  бойын  сабырсыздықпен 

дірілдеткен  сайын,  соның  уытын  баспақ  болып,  судағы  екі  аяғын 

өзеннің  екі  ернеуіне  қатты-қатты  соғады...  Екі  аяғы  шаншып, 

солқылдап ауырғанға шейін өткір тасқа соққанда, іштің белгісіз дерті 

бәсеңдеп басылғандай болады.

Қаракөз  талай  жылдан  таппаған  емін  жаңа  тапты.  Іштегі  дертті 

басу  үшін,  сол  қара  жыланды  туғызып  тұрған  денені  қинау,  жан-

шу керек екен. Қаракөз бүгін ғана білді... Таң атқанша аяғын алмай 

отырғанда, тілім-тілім болып қалған дененің ауырғанын сезді... Аяғын 

суырып  алып  қарағанда,  әлденеше  жара  түскенін  көрді...  Бұлардан 

тоқталмай қан ағып тұр еді.

Ақ етті құмарлық қаны былғап ағып жатты...

Қаракөз биттей де өкінген жоқ: «Кеселді арам қан... кете бер», – 

деп күліп отырып еді...

Осымен таң ағарып атқанда денесі әбден салқындап, барлық асау 

қан басылды. Бұл заманға шейін қысып келген мастық тілегі біржолата 

өшті.  Баяғы  қайғыға  бекінген  таза  көңілі,  –  өмірінше  алысқан  қара 

жыланды жеңіп шықты. Қараңғы қайғы күнінің іші болса да бұл ми-

нуттар Қаракөздің бақытты болған уақыты сияқтанып еді. Ол әбден 

ағарып тыныштық алған жүрекпен ауыр күрсініп үйіне қайтты...

Бұның арт жағынан тоғай ішінде таң бұлбұлы қаралы жалғыздық 

күйін қошеметтеп, дұғадай сезімді тазалық жырын жырлап тұрды... 

Қаракөз  үйіне  кіріп,  Мұқашты  сүйіп-сүйіп  жатып,  қатты  ұйықтап 

қалды.»

Т. Жұртбай


350

КІНӘМШІЛ БОЙЖЕТКЕН

«Кінәмшіл бойжеткен» әңгімесі тұңғыш рет «Қазақ қызы» деген 

атпен  «Таң»  журналының  1925  жылғы  2-санының  100–109  және  3 

санының  90–100-бет терінде  жарияланды.  Соңына  «Мұтар»  деп  қол 

қойған.  Әңгіменің  өң де ліп,  қысқартылған  нұсқасы  «Кінәмшіл  бой-

жеткен» деген атпен жазушының 1936 жылы жарық көрген «Қараш-

Қараш»  атты  жинақта  басылды.  Содан  кейін  1960  жылы  жарық 

көрген  «Қараш-Қараш»  атты  таңдамалы  әңгімелері  мен  повестері 

басылған кітапқа кіргізілген. Жазушының он екі томдық шығармалар 

жинағының  1-томында  (1967,  187–209-беттер),  жиырма  томдық 

шығармалар жинағының 1-томында (1979, 235–258-беттер) сол 1960 

жылғы нұсқа бойынша басылды. Шығармалар жинағының елу том дық 

толық басылымына жиырма томдықтағы басылым негіз етіп алынды. 

«Таң» журналындағы араб һарпінде жарияланған нұсқасымен салы-

стырып, тексто логиялық салыстыруларды жүргізгендер – С. Жұртбай 

мен С. Майлыбаева.

Әңгіменің  көркемдік  шешімі  мен  психологиялық  желісінен 

еуропалық,  оның  ішінде,  жазушының  өзі  «ерекше  дендеп  оқып, 

үйренген әдебиетім – француз әдебиеті солардың арасынан Бальзак 

пен Анатоль Франс болды» деп мойындаған француз классиктерінің 

шығармаларының  ықпалы  аңғарылады.  Мопассанның  «Пышка», 

Бальзактың  «Дала  гүлі»,  Тургеневтің  «Ася»,  Толстойдың  «Крейцер 

сонатасы» іспетті өмірдегі ләззат азабы мен әзәзіл сезімдердің шар-

пысуы  суреттеледі.  Сол  тұстарда  М.  Әуезов  өзінің  шығармаларын 

астарлы  суреттеуге  ден  қойып,  «Оқыған  азамат»,  «Заман  еркесі» 

деп  кекесінмен  ат  қойған.  «Қазақ  қызы»  деп  аталған  «Кінәмшіл 

бойжеткеннің»  алғашқы  нұсқасының  тақырыбының  астарында  да 

осындай жасырын мысқыл бар. Әйтпесе, мұндай мінездер ол кездегі 

қазақ әйелдерінің өмірінің типтік бейнесіне сай келмейтін көркемдік 

шешім еді. Жазушы жеке адамның басындағы оқиғаны ала отырып, 

осы да қазақ қызымын дейді-ау деген әжуа айтады. Мұндағы оқиға 

туралы  деректер  Ә.  Марғұланның,  Қ.  Мұхамедхановтың  таспаға 

жазылып  қалған  естеліктерінде  және  М.  Дулатованың  «Шындық 


351

шырағы»  (1995),  Т.  Жұртбаевтың  «Бесігіңді  түзе!..»  (1997)  атты 

кітаптарында  нақты  келтірілген.  Мұнда  көркемдік  шындыққа  негіз 

болған,  түпкілікті  авторлық  идеяға  қозғау  салған  тағдыр  иесінің 

өмірлік деректерінен хабардар етеді. Алайда, 1936 жылғы басылым-

да  жазушы  Ғайшаның  бейнесі  типтік  образ  еместігіне  және  оның 

көркемдік  шындық  негізде  жазылғанын  ескере  отырып,  әңгіменің 

атын  өзгертуі  шығарманың  мазмұнын  аша  түседі.  Негізінен,  бұл 

әңгімеге жасалған түзетулер мен қысқартулар жазушының өз еркімен 

жүзеге асырылған. Ішінара ұлттық рухты бейнелейтін не сол жиырма-

сыншы  жылдардың  басындағы  қазақ  зиялыларының  саяси  өмірінен 

хабардар  ететін  жайлардың  қысқартылуы  идеологиялық  қысымның 

әрекетінен  сескенгендіктен  де  түзетуге  ұшырағаны  анық.  Алайда, 

олардың шығарма көркемдігіне пәлендей тигізер зияны мен пайдасы 

шамалы,  бұл  қосымша  көркемдік,  стильдік  қырнаулардың  қатарына 

жатады. Сондықтан да «Қазақ қызы» мен «Кінәмшіл бойжеткенді» бір 

шығарманың екі нұсқасы деп емес, жазушының өз еркімен өзгерткен 

бір  әңгімесі  деп  қараған  лазым.  Әңгіменің  алғашқы  нұсқасы  мен 

кейінгі нұсқасының арасындағы негізгі текстологиялық түзетулер мен 

қысқартулар төмендегідей.

1.  128-бет.  Әңгіменің  басындағы  қала  суреттерінің  біраз  тұсын 

қысқартқан. Зады оқиғаны жылдам дамытуды мақсат тұтса керек. Ол 

сөздер мынандай:

«Қаланың дағдылы шаңы мен ерте басталған ыстығы көп жұртты 

қажытқан. Сондықтан қазір қызарып күн батып бара жатқанда, жаңада 

жасарған бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана 

тербете соққандай еді. Жеңіл жібек киімді денелер бақшадағы кешкі 

қоңыр  салқынның  құшағына  кіргенде,  жазғы  ыстық  күнде  мөлдір 

көлдің  бетінде  дыбыссыз  жүзіп  келіп,  көлеңкелі  қамыстың  ішіне 

кірген  аққудай  сыланып,  көтеріліп  сергігендей  болушы  еді.  Бақша 

рақатына сүйсінген сезімді нәзік әйелдер үлкен аллеяда майысқан на-

зды күлкімен маңынан салқын леп соққызғандай».

2. 128-бет. «Жайраңдаған» – «көңілді».

3. 128-бет. «... ішіне» – «ішінде».

4. 128-бет. Бұл арада мынандай абзац қысқарған:

«Бүгінгі  күн  бақшаның  ерекше  сәнімен  жиналып,  қызықты 

суреттер  көрсетпек  болған  күні  болады.  Сондықтан  бақшаның 

үлкен  аллейелерінде  көлденеңнен  тартылған  қызылды,  жасылды 

сәнді  әлеміштер  байланған.  Аспанның  сансыз  жұлдызындай  бо-

лып  шашыраған  от-көздер  болатын.  Бұл  оттар  кей  жерде  ашық 

жарық, кейде ой түсіргендей әлсіз жүдеу, кейде қызыл, кейде жасыл. 


352

Әрқайсысының түсінен өткендегі көңілдің әртүрлі кезін есіңе түсіріп, 

сөзсіз тілмен ым қаққандай болушы еді».

Жазушының  осы  көріністен  бас  тартуының  себебі:  «Мұхтардың 

кейіпкерлері француздардың бикештері сияқты көшеде қолтықтасып 

жүреді, бұл кедей табының өміріне жат, түсіне де кірмейді.., – деген 

Ж. Орманбайұлы «Жыл құсы», 1927 жыл, № 1) сияқты әсіре солшыл 

сыншылардың байбаламында жатса керек.

5. 128-бет. Бұл арадағы: «Кей жері – терең сыр ұясындай қалың 

көлеңке  басқан  қараңғы,  кей  жері  –  күн  шуақты  күлкі,  қалжың 

ұясындай  жарық,  көңілді  болған  бақша,  ырғағы  көп  өмірдің,  әрбір 

кезін еске түсіргендей еді» деген сөйлем қысқарып қалған.

6. 129-бет. Бұрынғы мәтін мынадай: «аспанда топталған жарық...».

7. 129-бет. Бұл арадағы: «Оркестр күйінің толқынының ішінде да-

мылсыз күліп, дамылсыз қалжыңдасып, сөйлесіп өтіп жатқан қалың 

топтың легі өрлеп, күшейіп отырғандай қызу береді. Солардың ара-

сында екіден-үштен жүріп келе жатқан қазақтың бойдақ жігіттері де 

көрінеді» деген сөйлемдер де кейіннен қысқарған.

8.  129-бет.  Бұл  арадағы  адам  портреттері  біраз  өңдеуге  түсіп, 

қысқартуға ұшыраған. Алғашқы нұсқада былай:

«Бұлардың ортадағысы аласа бойлы болса да, жұғымды, кішілеу 

денелі, қызыл шырайлы қараша жігіт еді. Тұңғиықтанып, сұлу ажар-

мен қарайтын пенсіне киген қара көзі бар, имектеу қырлы мұрынды, 

қысқалау қара бұйра шашы бар, қысқартып қиған қою қара мұртты, 

сүйкімді,  сұлу  пішінді  жігіт  еді.  Бұл  губернелік  қалаға  шет  жерден 

жаңада  келген  Ғаббас  болатын.  Жанындағы  екі  жігіт  –  соның  бұл 

қаладағы бұрын бірге оқыған жолдастары еді.

Ғаббас бұл губернеге бір рет келіп кеткен еді. Және келуден басқа 

алыста жүрсе де бұл губернеде Ғаббастың аты көпшілікке белгілі бо-

латын.  Өйткені  Ғаббас  қазақтың  газет,  журнал  шығарушыларының 

ішінде белгілі жігіттің бірі болатын. Сондықтан бұл қалаға келгеніне 

көп  болмаса  да,  Ғаббастың  танысы  көбейіп  қалып  еді.  Сол  көп  та-

ныстын ішінде Ғаббасқа әсіресе әсер берген бұл губернедегі оқыған 

қазақ қызы Ғайшамен таныс болуы еді».

Кейіпкердің  өмірінен  дерек  беретін  бұл  сыпаттаманың 

қысқартылуы екі жағдайға байланысты сияқты. Біріншіден, мұндағы 

Ғаббастың портреті шығарманың прототипі есебінде алынып отырған 

белгілі адамның нақты түр-түсін суреттеп беретін. Ал мұның өзі үлкен 

дау-дамай  туғызуы  мүмкін  еді.  Екіншіден,  солшыл  сыншылар:  «М. 

Әуезов  алаштың  мүшесін  әдеби  кейіпкер  етіп  суреттеді,  оған  жаны 

аши қарайды», – деп байбалам салуы мүмкін еді. Сондай-ақ, әңгіменің 


353

екінші  басылымы  баспаға  дайындалғанда,  әлгі  адам  атылып  кеткен 

болатын. Ғаббастың бейнесі – көркем бейне. Дегенмен де оның аста-

рында құрдастардың арасындағы әзіл-оспақтың, емеуірінді күлкінің 

желісі барлығы да байқалып қалады.

9. 129-бет. Бұл арада аздаған қырнау жасалған. Негізгі мәтін мына-

дай: «Ғайша губерниялық қаладағы қазақтың оқыған тәуір қызы бола-

ды. Ғаббас – қазақтың басқа елден келген тәуір жігіті».

10.  129-бет.  Аздап  өңдеуге  ұшыраған  және  қысқарған  тұстағы 

алғашқы  нұсқаның  мәтіні  төмендегідей:  «...  екеуі  де  балалық, 

бұйығылық,  ұяңқылық  шақтан  өткен.  Қазақ  оқығандарының  өз 

қауымының  ішінде  бірталай  жылдан  бері  араласып,  сөз  сөйлеп,  іс 

істеген болып жүрген соң ашылысып, әңгімешіл де болып қалған».

11. 130-бет. «Таң» журналындағы нұсқаға осы арада біраз түзету 

жасалған.  Бірінші  басылым  мынадай:  «...түнде  татар  театрында  бо-

лып еді. Театр ішінде сөйлесетін әңгімеге теманың молдығы бұларды 

қалжыңдасып,  күлдіріп,  бір-біріне  көп  жақындастырып  тастаған 

еді.  Сол  кеште  Ғаббас  көп  төселген  дағды  бойынша  ептеп  тартқан 

шырғаға Ғайша қарындастың аса сыр білдіретіндей созалаңдап, иіліп 

келе жатқанын сезгендей болып еді».

12. 131-бет. «Таң» журналындағы нұсқада: «Әбден үйір болмаған 

адамдарда бұндай кездескен уақытта ең болмаса бас кезінде кішкентай 

тосаңдық болушы еді. Ғаббас пен Ғайша ол халді оңай жазып жіберді».

13. 131-бет. «Қазақ қызында»: «– Рас, бақшаның қызық кезінің өзі 

де осы уақытта басталады. Оның үстіне, қазақ табиғатының өзі осы 

сияқты үнемі шу мен дырдуды сүйе де бермейді».

14.  132-бет.  «Қазақ  қызында»:  «Екеуі  де  ауыздарына  дым 

тәттілігімен  жайсыз  тиетін  сақары  түскендей  болып,  езу  тартып 

күлісіп: «Мұның аты – «шырға!» – десті. Тегінде, Ғайшаны гүбернедегі 

оқығандар шешесі ноғай болса керек, толық қазақ емес дейтін...».

15. 132-бет. Бірінші нұсқада: «әртүрлі күйде сөйлеп...».

16. 132-бет. Бірінші нұсқада: «... қарап дауыстап күлді».

17.  132-бет.  Бірінші  нұсқада:  «...  көзін  тартқандай  еді.  Әйелді 

сыртқы  көрінісі  мен  жарастық  жағынан  бағалайтын  Ғаббасқа 

Ғайшаның келе жатқан пішіні тез әсер еткендей болды».

18.  133-бет.  Бірінші  нұсқада:  «Екеуіне  де  жеңіл  әйелмен  оңай 

үйлесетін,  әсіресе,  бақша  ішінде  үйлесетін  мінез  жоқ  еді.  Бұлар 

қазақтың ауыр табиғаты бар адамдары еді».

19. 133-бет. Бірінші нұсқада: «Мыналар сын тақпай-ақ қала бер-

ген».


20.  133-бет.  Бірінші  нұсқада:  «...  зорға  сыйып,  жыпырлап, 

жазғытұрымғы сеңдей болып, сіресіп-тұтасып...».



354

21. 134-бет. «Қазақ қызындағы» біраз сөздер бұл арада қысқарып 

кеткен. Ол төмендегідей:

«Екеуі де өмірдің суықтығын, жүдеулігін, баянсыздығын айтысты. 

Бұл уақытта қызықты, желікті бақша жастар көңілінде жаңа құралып 

келе жатқан сұлу қоңыр күйге үйлесетін сияқты еді. Шынында, өмір 

жүдеу, көңілсіз болса – мына күзді тұнжырататын қызықты желікті топ 

неге керек, бұл бояу болса осындай халықтың бәрінің де көңілінде. 

Қазіргі екі жастай шыны жүдеу пішін жасырынып, уақытша желектің 

астында жатқан болса, ол сияқты өзін-өзі алдаған топтың тіршілігінде 

не қызық бар? Бұл мағынасыз жүріс, сенделу өмірдің қай қайғысын 

басып, қай жүдеу пішінін жасыртады?»

22.  134-бет.  «Қазақ  қызында»:  «...қостаған  салқын  түспен 

мақұлдап, қостап әңгіме ғылып...».

23. 134-бет. «Қазақ қызында»: «Адам бір кезде бойды билеп, сал 

болып басып тұрған ауыртпалықты жеңіп, көнертіп, сергімесе – жүдеу, 

қартаю да оп-оңай болып қалар еді. Сондықтан анда-санда сұлу сезім 

отына  берілгендей  бір  өзін-өзі  ұмыту  болмаса,  үнемі  қайғы-уайым 

тіршілік емес. Сұр өмірдің ішінде күншуаққа шыққандай сезім күніне 

жылыну да керек емес пе? – деген. Бұл сөз Ғайшаны қайта күлдіріп, 

бұрынғы көтеріңкі көңілге қайта әкелді».

24.  134-бет.  Бұл  арадағы:  «Басында  Ғаббастың  сөзіне  бөтен  сөз 

айтатын  сияқтанса  да  артынан:  «Рас,  адамның  өмірі  жылынатын 

күншуақ іздейтіні рас, – деді. Ғаббастың көптен күтіп, нысанаға алған 

жеріне Ғайша күлкі, қалжың, күрсіну арасында созылып келіп, жаңа 

ғана  жеткендей  болып  еді.  Сондықтан  жас  жігіт...»  –  деген  сөздер 

түзетілген.

25. 135-бет. «Қазақ қызындағы» сөздерге бұл арада недәуір түзету 

мен қысқартулар жасаған. 1-нұсқада мынадай:

«Жазушы жігіт өз сөзіне бір минутке де болса да шындығына сен-

ген  жүрекпен  сөйлеп  еді.  Сондықтан  дауысына  діріл  кіріп,  көңілін 

ақырын қозғағандай болып еді. Ол өз сөзін: «сүйемін... құмармын... 

тілегім...  үмітім...»  –  деген  сияқты  ыстық  сезім  тілімен  бітіріп  еді. 

Сол  сөздер  Ғайшаны  өзгертер,  толқынтар  деген  сеніммен  айтылып 

еді.  Бірақ  Ғайша  бірталай  сөзді  естісе  де  бұрынғы  қалпынан  көп 

өзгермеген сияқтанды».

26.  136-бет.  Бұл  арадағы  сөздер  де  ішінара  түзеуге  ұшыраған. 

1-нұсқада мынадай: «Олай болса маған да сонша жауап берудің парыз-

қарызы жоқ деп: «Аламын» – деген сөзді де айтып салып, бірталай 

жерге шейін әйел де, өзі де сүйретіліп барып қалушы еді».

27.  136-бет.  Әуелгі  нұсқада  былай:  «Кейде  біріне-бірін  тартқан 

сезім  әңгімесін  үзгенде,  құмар  жігіт  қызды  аллея  орындығына 



355

отырғызып,  көзі  мен  бет-аузынан  сүйгенді  қанағат  қылмай,  барлық 

толық сұлу денесін нәзік құшақпен сипап, ашық мойны, кеудесінен, 

білегінен де жабысып, күйдіре сүюші еді».

28. 136-бет. «... сұлу, тығыз, етті сандарын жіктендіріп»...

29. 137-бет. Алғашқы нұсқада: «... алдыңғы күндердей ақ кеудесінде 

сүйген жігіттің салмағын сезіп, тал бойы игендей болып жатып, тәтті 

түс көргендей көзін жұмып қалғыр еді».

30.  137-бет.  Бұл  арада  біраз  түзету  жасалған.  «Қазақ  қызы» 

нұсқасында мынадай: «Осының бәрі неге жас жігітті кешіктіреді. Та-

ныс болғаны жаңа ғана... Неге ол тынымсыз келіп, мазасын кетірмейді? 

Әлде  бұ  да  суынған  жансыз  ба?  Әлде  бұл  да  қызыл  гүлді  жұлып 

алғанша  ғана  қызығып,  алған  соң  бір-ақ  иіскеп  тастай  ма?  Әттең, 

қазақтың салқын қанды суық жігіті-ай! Жүрегіңде соғарлық қан жоқ».

31.  138-бет.  Бірінші  нұсқада  мынадай:  «Басында  Ғайшаға  сон-

дай екеу-үшеудің суреті таласа келді. Өткен күннің түсі әбден жеңіп 

болмаған жас әйел қайсысына тоқтарын білмей...».

32.  139-бет.  Алғашқы  нұсқа  біраз  түзетілген,  кей  сөздер  мен 

сөйлемдер қысқартылған. Әуелгі мәтіні былай:

«Ғазиз сұлу қызды қатты қысып, ыстық бетінен сүйіп алған. Мастық 

жеңіп сүйіп алса да, бұл іс қазіргі өлім халімен бірдей боларлық ауыр 

уақыт еді. Ол секөнт сайын белгісіз қалтыраған жүрекпен келешекті 

күтіп еді. Ыстық бетіне сұлу жігіттің дірілдеген ерні тиген уақытта 

ғана  барлық  ойынның  мағынасын  ұққан  Ғайша  басында  үні  өшіп 

тына қалып, ешбір қарсылық көрсетпеп еді. Келесі секөнтте екі бірдей 

жүректі тулатып, Ғазизді мойнынан қатты құшақтап қысып, бұл күнге 

шейін күнәлі болып көрмеген екі таза ерінді асығып келіп табыстар-

ды».


33. 140-бет. Бұл жерге де жазушының қолы тиген. Түпкі мәтін мы-

надай:


«Өзгерістің  алғашқы  қызулы  күндері  болып  жатқанда,  Ғайша 

да  қазақ  жиындарында  болып  жүрді.  Алғашқы  кезінде  жауырды 

жаба тоқығандай орысша исі оқыған қазақтың бәрін бірдей керегіне 

жаратпақ болған өзгеріс Ғайшаны да бірталай аспандатып көтергендей 

болды. Ғайша облыс жиналысында әйел атынан құрметті өкіл болды. 

Әрбір жерден келген делегаттары болса да...».

34. 141-бет. Бұл ара да кейіннен түзетілген. Алғашқы нұсқасы мы-

надай:


«Кейбірі  пішінді,  көрнекті  сұлу  киінген,  тағы  біреулері  ертеден 

шыққан атағы бар, көптің мақтап көтерген адамы. Басында Ғайшаның 

өз көңлімен ұнатқандай болып қадірлегені осы съезде көзге көрініп, 

ерекше  шешен,  білімді  деп  аталған  бір  студент  еді.  Бұл  –  өзге 



356

оқығандардың  ішінде,  нағыз  өзгеріс  күннің  ішінде  толып,  ержет-

кендей, әдейі әлеумет қызметкерлігіне арналып туғандай суырылған 

жалынды  жігіт  Қасым  еді.  Қасым  трибунаға  шығып  сөйлегендегі 

көріктіліктен  басқа  жай  өмірде  де  қызықты,  күлдіргі,  қалжыңшыл, 

сүйкімді бозбала еді».

35. 142-бет. «Қазақ қызында»: «Сондықтан Мұқаннан айырылып 

кетсе де, оған тимей қойса да алдыңғы бағына ешбір кесір шықпайтын 

сияқтанып еді» делінген.

36.  142-бет.  Алғашқы  нұсқада:  «Кейбір  жерлерде  Мұқаңнан  өз 

ықтиярымен айырылысса да, оның сырын білген соң, оқыған жігіттің 

өзі тастап кетті деген де сөздер болды».

37. 143-бет. Алғашқы сөйлем нұсқасы: «Ғайша шынында жылдан-

жыл  өткен  сайып  жылжып  төмендеп  бара  жатқандай  болды.  Соңғы 

жылдар ішінде тағы да төрт-бес жақсы танысы болып өтті».

38. 143-бет. Алғашқы нұсқада: «Бір кезде тәтті болған жақындары 

қайта  оралып:  ыстық,  қызу,  қуанышты  жүрекпен  қайта  айналып 

тапқан емес».

39. 143-бет. Әуелгі нұсқада: «Сонымен бірге жалаңаш құмарлықтың 

да бетін ашып, бар денесін көріп шыққандай болды».

40.  144-бет.  Алғашқы  нұсқада:  «Бұл  қызығы  үшін  Ғайша  өзгені 

қойып,  өзінше  жүретін  татар  қыздарынан  да  көп  ренжітерлік  сөз 

естіді».

41. 144-бет. Бұл арада бір сейлем қысқарған. Бірінші нұсқада: «Көк 

етікті  кез  келмей,  көн  етіктіні  менсінбейтін»  хал  Ғайшаның  басына 

бұдан көп бұрын туып еді. Қазір да сол хал Ғайша өмірінің барлық 

мағынасы, барлық ауыр, қиын түйіні болып еді. Қайда барса бір ба-

сын  өткізе  алмағандай,  барлық  адам  баласының  қауымында  сыртқа 

қағылып, керексіз, басы артық болып қалған адамдай еді».

42.  144-бет.  Алғашқы  нұсқадағы:  «...табу  керек.  Мүмкін  бол-

са  қайтадан  қазақ  қауымының  көзқарасын  түзеу  керек»  деген  сөз 

қысқарған.

43. 145-бет. Бұл арадағы сөйлем бірінші нұсқада былай құрылған: 

«Ғайшаға енді гүбернелік қалаға келген әркімге сездіріп, түзелгенін 

білдіруі керек еді. Сондықтан ол қазақ сахнасына екі-үш рет шығып 

көрді. Ғайша ойыншы жастарға бастық бола жүріп, қазақтың ағарту 

жолына қызмет ете жүріп...» деп келіп, әрі қарай жалғаса береді.

44. 145-бет. Алғашқы кұсқада: «жарқылдап, ешбір жанмен де...».

45.  145-бет.  Алғашқы  нұсқада:  «Ғайшаның  ақырғы  тауының 

шағылғаны».

46. 146-бет. Алғашқы нұсқада: «Бұл сөздерге келгенде...».

47. 146-бет. Алғашқы нұсқада: «бауырына басып құшақтай қысып 



357

қояды. Бұл уақытта үйдің ішінен ала көлеңке кетіп, қараңғы болып еді. 

Түн болып қалған екен. Ғайша күрсініп, енді түрегеліп, от жағайын 

деген уақытта бұның үйіне...».

48.  149-бет.  Алғашқы  нұсқада  бұл  сөйлем:  «Ғайшаның  бүгінгі 

мінездері Ғаббасты әбден торықтырды» делініп жазылған.

49. 149-бет. Алғашқы нұсқада бұл сөйлемдер: «Бірақ апиын ауы-

зына тиген жоқ. Иегінің үстінен жерге сырылдап ағып жатты... Ғайша 

сауыттың түбі ағарғанша иегіне төгіп тұрып...» деп жазылған.

50. 150-бет. Жазушы «Таң» журналындағы әңгіменің соңғы түйінін 

мүлдем қысқартып тастаған. Бұл әңгіменің көркемдік шешімін шира-

та түскен және ол түйіннің шығарма әсеріне тікелей әсері де жоқ. Тек 

Ғайшаның  іс-әрекетін  әшкерелей  түсу  үшін  және  әңгіменің  «Қазақ 

қызы» деп аталуын ақтау үшін жасалған тиек қана болатын. Алайда, 

бұдан жазушының сол кездегі өмірге көзқарасып байқататын пікірлер 

де нышан танытады. Қысқарған түйіннің толық мәтіні мынандай:

«Бұның артынан бірталай заман өтті... Ғаббас осы қалада бір-екі 

айдай  жүріп  келіп,  ақырғы  бір  күні  гүбернелік  қалаға  ол  бір  орыс 

қызын  қатындыққа  алыпты  деген  хабар  шықты.  Ол  қырдағы  қазақ 

қызы  –  қатынын  «губернелік  қалаға  келген  соң  екі-үш  күннен  соң 

біржолата тастадым» деп хат жазып еді. Соның артынан бұл қаладағы 

бір оқымысты орыс қызын қатындыққа алып та қойды.

«Ғаббас қазақ қатынын тастап, орыс қызын алып қойыпты» деген 

хабар қала халқына үлкен бір сөгісті жаман істей боп тез тарап еді. 

Неше  жерде  әлденеше  түрде  қазақ  жігіттерінің  азғындығын,  баян-

сыз  негізсіздігін,  әсіресе  қартаң  оқығандар  мен  өсекші  бәйбішелер, 

оқыған қазақ қыздары қатты намыстанып, Ғаббасты барлық қолында 

бар кірмен былғап жатты. Бұл жайды газетке жазбақ болған өсекшіі 

тілшілер де дамыл алмай сөйлеп жүрді. Сол көп өсекші әуездің ішінде 

өзгенікі  өзге  болса  да,  бізге  белгілі  Ғайша  да  Ғаббас  мінезін  қатты 

сөгіп сөз қылды... Бұл қырдағы қазақ қызына жаны ашып, Ғаббастың 

сол момын, сорлы адал қызға істеген княнаты үшін жанып-күйгендей 

болып, Ғаббасты негізсіз, өтірікші, ұятсыз деп көп былғап еді.

Сорлы  Ғаббас!  Нең  бар  еді  Ғайшада.  Ол  екеш  ол  да  саған 

адамшылық пен әрқайсысын үгіттеген соң сенің момын басыңа кім 

ойнақтамасын!»

Бұдан  өзге  ішінара  қырнап,  жөндеген,  сөйлем  құрылымын 

өзгерткен тұстарының әңгіменің ұзын сүйегіне пәлендей мағыналық 

не көркемдік ықпалы байқалмағандықтан оны тізбелеп жатуды ретті 

деп санамадық.



Т. Жұртбай

358


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет