Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014



Pdf көрінісі
бет25/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

ЖУАНДЫҚ

Әңгіме  тұңғыш  рет  «Қазақ  тілі»  (1926  жыл,  10  қазан)  газетінің 

63-,  64-нөмірлерінде  жарияланды.  Жазушы  әңгімесіне  «Айғақ»  де-

ген  бүркеншік  атты  пайдаланды.  Содан  кейін  1935  жылы  Қазақтың 

көркем әдебиет баспасы басып шығарған «Ескілік көлеңкесінде» деп 

аталатын әңгімелер жинағында, 1957 жылы таңдамалы шығармалар 

жинағының  6-томында  (101–112-беттер)  жарық  көрді.  Жиырма-

сыншы  жылдардағы  соңғы  уақытқа  дейін  белгісіз  болып  келген 

әңгіме-повестерінің,  пьесаларының  басын  құраған  «Қараш-Қараш» 

(Қазақтың  Мемлекеттік  көркем  әдебиет  баспасы,  1960,  475  бет) 

атты  жинақ  пен  он  екі  томдық  («Жазушы»,  1967  1-том,  22–23-бет), 

жиырма томдық («Жазушы», 1979, 275–286-беттер) Мұхтар Әуезов. 

Әңгімелер.  («Жалын»,  1987,  72–81-беттер)  деген  басылымдары-

на енді. Он екі томдық, жиырма томдық басылымдарға жазушының 

өзі жөндеп, өңдеп бастырған «Қараш-Қараштағы» нұсқасы алынған 

болатын.  Осы  «Қараш-Қараш»  пен  алты  томдықтағы,  «Ескілік 

көлеңкесіндегі» мен газеттегі алғашқы нұсқалары салыстырылып, елу 

томдық академиялық толық басылымға жіберіліп отыр.

Таңдамалы 

шығармаларының 

алты 

томдығындағы 



«Жуандық»  «Ескілік  көлеңкесіндегі»  «Жуандықтан»  жеңіл-желпі 

айырмашылықтары 

бар. 

«Қараш-Қараштағы» 



«Жуандықта» 

қысқартылған  сөз-сөйлемдер  алты  томдықта  «Ел  мінезі  мұндайда», 

«Тамам  ел»  деп  басталатын  сөйлемдердегі  «Ел»  деген  сөздер  «Жу-

андар», «Жуан» деген сөздермен алмастырылған. Соңғы жөндеуінде 

Жақсылықты  қуғынға  салып,  қысым  көрсетіп  отырған  ел  емес,  жу-

андар екенін көрсеткен. Алты томдықта әңгімеге берілген сілтемеде: 

«Бұл  әңгіме  Совет  үкіметі  алғаш  орнаған  жылдар  болмысынан 

алынған.  Бай  жуандар  (феодалдар)  үстемдігі  әлі  жойыла  қоймаған 

көшпелі  ауылда  болған  уақиға»  –  деген  ескертпе  берілген.  Мұндай 

ескертпе «Караш-Қараш» жинағындағы «Жуандықта» жоқ.

Жалпы  М.  Әуезов  ертедегі  мақалаларында  отырықшылықты, 

егіншілікпен айналысуды ұдайы мәселе етіп көтерген. Бұл әңгімесінің 

негізгі  идеясы  сол  болып  отыр.  Бірақ  көшпенді  тіршілікке  әбден 


370

бойсұнып кеткен Әбіш, Құрмандай жуандар ондай істі өре бастырғысы 

келмейді, себебі, бұрынғы ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы 

Жақсылық  сияқты  кедейлер  егін  егіп,  қора  салып  айтқандарына 

құлақ  аспауға  айналды  және  ел  арасында  оларға  еліктеушілер  де 

көбейді. Мұндай еркінсуді көтере алмаған Әбіш, Құрмандар орғалы 

тұрған егінге қасақана малдарын жайып, таптатып тастайды. Ақыры 

келіп қорасынан бездіріп, ол жерге егін екпейтін етеді. Дәл осындай 

көріністі жазушы кейін «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабында 

Дәркембай  бастаған  жатақтар  мен  Тәкежан,  Әзімбайлар  арасында 

болған кақтығыстар арқылы да көрсетті.

Салыстыру барысында мынадай айырмашылықтар байқалды:

«Жаз ортасы ауғаннан бері солар егін тарпын байқап» – «Жаз ор-

тасы ауғаннан бері солар егін жайын байқап», «сол биылғы егін жайы 

еді»  –  «сол  биылғы  егін  жайы»,  «қаракет  иесі  адам  еді»  –  «қаракет 

иесі адам», «жер емшегін емуден дәндеп еді» – «жер емшегін емуден 

дәндей берді», «Ер ортасы жасқа келгенше» – «Ер орта жасқа келген-

ше», «ойлар ойлай бастап еді» – «ойлар ойлай бастады», «Жақсылық 

жаздан бері Әбіштің бетін көрген жоқ» – «Жаздан бері Әбіштің бетін 

көрген жоқ», «бір қастығын тигізіп кетер ме деп қорқушы еді» – «бір 

қастығын  тигізіп  кетер  ме  деп  қорқатын»,  «Не  істесе  де  –  істейтіні 

биыл» деп Жақсылық күтетін» – «Не істесе де – істейтіні биыл» деп 

күтті Жақсылық», «осы жақпен келеді ғой деп Жақсылық күтуші еді» 

–  «осы  жақпен  келеді  ғой  деп  қауіп  етеді  Жақсылық»,  «атқа  мініп 

еді» – «атқа мінді», «Шығып жіберген жерде» – «Шыға бере», «бір 

күн  ойлап  есіне  алмап  еді»,  «бір  күн  ойлап  есіне  алмаған»,  «әке-

бабасынан бері қарай боқтай бастады» – «әке-бабасынан боқтай ба-

стады», «қоңыз тергізерсіз» – «қоңыз тергізерсін», «Әбіш байдың өзі» 

– «Әбіш байдың өзі болатын», «Ел мінезінде Әбіштің көптен жақтаған 

саясатының бірі» – «Әбіштің ел мінезінде көптен жақтаған тәсілінің 

бірі»,  «Есінен  шатасып»  –  «Есінен  адасып»,  «Қатыны  алдынан  

шығып» – «Әйелі алдынан шығып», «Дертіне жаңа ем қонғандай бол-

ды» – «Дертіне жаңа ем қонғандай», «түс қиып бара жатыр еді» – «түс 

бола бастаған», «Ақырында тағы жылады» – «Ақырында тағы да жы-

лады», «қолымды теңдікке жеткіз, кеңес» – «қолымды теңдікке жеткіз, 

совет»,  «әлденеше  айтқан  соң  еріксіз  сенеді»  –  «әлденеше  айтқан 

соң шын сенді», «Талайдан неше түрлі ыза көрген» – «Талайдан ыза 

көрген», «Ырзамын, кеңесім!» – «ырзамын... Советім!», «өз дегенін 

істеу керек болып отыр» «өз дегенін істеу керек», «сол сергелдең» – 

«сол мәселе», «онымен әбүйір түспейді» – «онымен әбүйір алмайды», 

«ынтымағы  бір  болатын»  –  «ынтымағы  бір»,  «Бір  талайдан  бері  ел 

ішінен айықпай жүрген кикілжіңнің аяғы осымен биыл, жаңада, ғана 



371

тоқтап еді. Сондықтан «ел берекесі үшін бірінің басына күн туғанда 

қалған дары бірігіп іздеп, бой көрсету қарыз сияқты еді. Оның ішінде 

Әбіш жақындағы бір тапқа өздерінің бетке ұстап жүрген жақсысын 

әлде  болса  қалқитып,  нақты  қылып  ұстау  керек.  Ол  сыртқа  айдын 

үшін керек. Мұны ойласа да Әбіш терді барлық ынта-бейілмен іздеу 

керек»  –  «Енді  бірін-бірі  қорғауға  жұмыл ғанда  «ел  берекесі»  деген 

соң бірінің басына төнген қауіпті қалғандары бірігіп жеңілдету қарыз 

санаған. Оның ішінде Әбіш сияқты топ басы жуанын мықты ғылып 

ұстау мақұл. Ол сыртқа айдын үшін керек. Мұны ойласа, Әбіштерді 

әсіресе  барлық  ынта  бейілмен  іздеу  міндет»,  «істелген  нәрсе  еді»  – 

«істелген іс», «Ел мінезі мұндайда біреуді кінәлі қылудан тоқтамайды. 

Тағы талай кісіден көрмей, пәлені ұлғайтпай басылмайды», «Тәмам 

ел  соңына  түсетінін  көз  көрді.  Мына  жуандардың  бос  қолы,  қысы-

жазы осыны ермек қылудан қажымайды, Жақсылықтың жақындары 

да осы боп, содан қорқып-үркіп, қау-қаулаған сөзді көбейте берді. Со-

нымен  Жақсылық  ығып,  жаса  бастады»,  «Күнде  орысқа»  –  «Күнде 

милицияға», «осыған тіреп отырса бір жөн. Әйтпесе көпке топырақ 

шашуға  болмайды.  Бір  куә  болмаса,  бір  күні  жеңілетінін  білді»  – 

«соған тіреп отырса – бір жөн». «Ұзын сөздің қысқасы, шығын алу 

былай тұрсын» – «Шығын алу былай тұрсын», «Қайта барып началь-

никке шаға алған жоқ, Ақөзек уақиғасы ел ортасында жабулы күйінде 

қалды».

Т. Әкімов


372

ЧУСОВОЙДАҒЫ БУРЛАКТАР

(Мамин-Сибиряктан)

Аударма  «Сана»  журналының  1924  жылғы  2-3-сандарында  жа-

рияланды.  Соңына  «Арқалық»  деп  жазылған.  Елу  томдық  толық 

басылымға осы журналдағы жарияланымы алынды.

Д.  Мамин-Сибиряктың  туған  жері  Пермь  губерниясының  Вись-

мо-Шайтан  деп  аталатын  елді  мекен.  Кейін  шығармаларының 

негізгі  тақырыбы  Орал  өңірі  мен  Сібір  аймағы  болды.  «Ақбозат» 

деген  әңгімесінде  қазақ  жігітінің  тіршілігін  арқау  етті,  басқа  да 

шығармаларында,  қазақтар  кездесіп  отырады.  Орал  тауларынан  ба-

стау  алатын  Чусовой  өзені  де  оның  шығармашылығынан  ерекше 

орын алады. Ол осы асау, долы өзенді бойлап, баржамен, (сал) үш рет 

жүзіп өтті. Бірінші рет жазғы демалыстан Пермьдегі діни семинария 

оқуына  қайтқанда  өзендегі  баржаға  мініп  жүрді,  өйткені  үй  ішінің 

Пермьге көлікпен жеткізіп салатын жағдайлары жоқ еді. 1869 жылы 

үйіне жазған хатында қыркүйектін 8-де пристаннан шығып, сол айдың 

16-да сабаққа үлгергенін хабарлайды. Келесі жылғы хатында тағы да 

аман-есен жеткенін білдіреді. Сөйтіп ол осылайша өзенді бойлап үш 

рет  жүзіп  өтеді.  Қатерлі  ағыспен  жүру  өлімге  бас  тіккенмен  бірдей 

екенін біле тұрып, тартынып қалған жоқ. Осылардың әсері және жа-

стайынан біліп, сүйіп өскен Чусовой атырабының табиғаты көптеген 

шығармаларын жаздырды. «В камнях», (Из путешествия по реке Чу-

совой)  деген  әңгімелерден  тұратын  шығармасы,  «Бойцы»  (Очерки 

весеннего  сплава  по  реке  Чусовой)  деп  аталатын  жинағы  жазылды. 

Алғашқысы 1882 жылы «Дело», кейінгісі 1883 жылы «Отечественные 

записки»  журналдарында  жарияланды.  Бұлар  1898  жылы  басылған 

«В  глуши»  атты  кітабына  енді.  «В  камнях»  әңгімесінен  кейін  «От-

ечественные записки», «Дело», «Русская мысль», «Вестник Европы» 

журналдарында әңгіме, повесть, очерктері бірінен соң бірі шыға ба-

стады. Чусовой тақырыбандағы шығармаларын әдебиет зерттеушілері 

мен қаламгерлер жоғары бағалады.

Бұл бағалау өзін қуандырғанын, құлшынысын арттырғанын хатта-

рында жазады.



373

М. Әуезов аударуындағы бұл әнгіменің көрініс суреттері «В кам-

нях»  әңгімесінен  де  және  «Бойцы»  деп  аталатын  очерктерінің  әр 

тұстарынан кездеседі. Дәл аудармадағыдай жинақталған түрін Мамин-

Сибиряктың бұрынды-соңғы жарық көрген шығармалар жинағының 

ешқайсысынан кездестіре алмадық. Әлде осылардан алып аударды ма, 

не  болмаса  ертедегі  газет-журналдарда  басылғанын  пайдаланды  ма, 

ол жағын анықтаудың мүмкіндігі болмады. Мысалға «Мінеки, мына 

жерден бекерге емес, Чусовойдың атын шығарып, даңқын зорайтқан 

тамаша биік құздары басталады. Кейбірінің биіктігі алпыс саржан ша-

масы болып, ұзындығы өзен бойымен жүргенде шақырымға созылып 

жатыр»  деген  аударманың  орысшасы:  «Главную  красоту  чусовских 

берегов составляют скалы, которые с небольшими промежутками тя-

нутся сплошным утесистым гребнем. Некоторые из них совершенно 

отвесно подымаются вверх сажен на шестьдесят» деген сияқты болып 

келеді. (Д. Н. Мамин-Сибиряк. Собрание сочинений. Том второй. М., 

1980. С. 3). Аударма «Арқалық» деген бүркеншік атпен жарияланды. 

«Арқалықты»  Жұмат  Шанин  де  бүркеншік  ат  ретінде  пайдаланған 

екен. Ал М. Әуезов бұл бүркеншік атты қырқыншы жылдардың екінші 

жартысында  жазылған  «Асыл  нәсілдер»,  пьесасына  да  пайдаланып, 

бәйгеге ұсынған. Стиліне, сөз қолдану ерекшеліктеріне қарап, ғылыми 

кеңес мүшелері Әуезов аудармасы дегенге тоқтады.

1.  187-бет.  «Чусовой  бір  тамаша  орын»  –  Бұл  Пермь  облысы 

жеріндегі өзен Каманың солтүстік саласында – ұзындығы 35 шақырым, 

орта Орал беткейлерінен басталады. Оған құятын ірі арналар: Койва, 

Усьва,  Ревда,  Сылва,  тағы  басқалар.  Қарашада  қатып,  сәуірде  мұзы 

ериді. Жағалауында Первоуральск, Чусовой қалалары бар.

2. 187-бет. «Кейбірінің биіктігі алпыс саржан шамасы болып» – 

Саржан 2 метр шамасындағы өлшем.

3.  188-бет.  «Бір  уақыт  қарт  бурлак»  –  Жағамен  жүріп,  кеме 

сүйрейтін  жұмысшыны  бурлак  деген.  Бұл  жерде  баржаны  ескекпен 

(аудармада күрекпен) реттеп отыратын адам болып көрінеді.



Т. Әкімов

374

«ҚАРАКӨЗ»

(Текстологиялық түсінік)

«Қаракөз» трагедиясы 1926 жылы Қазақстан халық комиссариаты 

драма театры ашылу қарсаңында жариялаған бәйгеде бірінші сыйлық 

алып, сол жылы кітап боп басылды, театрда қойылды.

«Советская  степь»  газеті:  «Пьеса  жаман  ойналған  жоқ  және 

көрермендер  арасында  табысқа  жетті»,  –  деп  жазды.  («Советская 

степь»,  27.ІІІ.1927.)  «Еңбекші  қазақ»  газетінде  жарияланған  мақала 

пьесаның театр сахнасында 1927 жылдың 5 желтоқсан күні қойылуын 

сөз  етеді.  «Қаракөз»  пьесасы  сахнада  ойналып  тұрғанда,  қазақтын 

ескі салты, өзінше болған салтанаты, сері жігіт, ерке қызы көз алдыңа 

елестейді.  Тек  бұл  қазақ  халқының  ескі  өмірін  суреттеп,  тарихи 

өмірден ұмытылмас із қалдырған күйін ғана ескертемін», – дейді ав-

тор. («Еңбекші қазақ», 7.ХІІ.1927).

Сыншы  Қаракөз  болып  ойнаған  Зура,  Сырым  болып  ойнаған 

Құрманбек,  Нарша  болып  ойнаған  Иса,  серінің  жолдастары  болып 

ойнаған Қалыбек, Әміре шеберліктеріне аз-кем тоқталады. «Көшенің 

батпағына  қарамай,  халық  көп  жиналды.  Әрдайым  жұрт  осындай 

жиналып отыру керек», – деген жолдар, бір жағынан, езу тарттырса, 

екінші  жағынан,  жиырмасыншы  жылдардағы  қазақ  театр  сынының 

деңгейінен хабар береді.

«Жыл  құсы»  жинағында  басылған  мақаласында  Жұмабай  Ор-

манбаев  «Қаракөз»  трагедиясы  туралы  орынды-орынсыз  көптеген 

пікірлер  айтты.  Автор  өкінішке  орай,  байсалды  түрде  ой  толғап 

баға  беру  есесіне  пышақ  кесті  үкім  айтуды  ұстанатын  әдебиеттегі 

тұрпайы социологизм арнасына түсіп кетті. Сол сияқты Тоғжановтың 

«Сын және әдебиет мәселелері» кітабында да «Қаракөз» трагедиясы 

объективті бағаланған жоқ.

Мұхтар  Әуезов  «Қаракөз»  трагедиясының  бірінші  нұсқасын 

қаламгерлік  сапарда  бірқыдыру  тәжірибе  жиған,  қазақ  әдебиетінің 

тұрақты қорына қосылған әлденеше әңгіме, «Еңлік – Кебек» (бірінші 

нұсқасы), «Бәйбіше – тоқал» пьесаларының авторы болған шағында, 


375

Ленинград  университетінде  оқып,  дүниежүзілік  әдебиеттің  мөлдір 

қайнар, жалпақ айдындарында сусындап жүрген кезінде жазды.

Сол  тұстағы  білікті  сыншы  Ғаббас  Тоғжанов:  «Мұхтардың 

«Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесіндегі», «Қарагөзіндегі» әйелдерін 

алыңыз – бәрі де тұрмыста болмаған, ойдан, қолмен жасалған адам-

дар»,  –деп  жазды.  («Әдебиет  және  сын  мәселелері»,  1929,  159-бет). 

Пікіріне айғақ келтірмей, байлауын дәлелдеуді қажет қылмайтын акси-

ома ретінде ұсынады. Айтылмыш екі әңгіме көркемдік шеберлігімен, 

өмірдің бір кесегін қаз-қалпында реалистікпен бейнелеуімен бүгінгі 

оқушының өзін таңғалдырды. Әлденеше рет қайталап оқысаң да ор-

таймайтын,  қайта  жаңа  сипатпен  құбылып,  үстеле  түсетін  мол  әсер 

аласың.  Ол  әңгімелер  алғаш  жазылған  қалпынан  өзгертілген  жоқ, 

бұрынғы күйі.

Пьесаны  сынаушылар,  ең  алдымен,  тақырыпты  драматургтің 

бетіне мін етіп басты.

«Қаракөз»  трагедиясының  бірінші  нұсқасы  тақырыбымен, 

көркемдік ерекшеліктерімен, идеясымен, бар бітімімен Әуезовтің жи-

ырмасыншы жылдарда жазған сыншыл реалистік әуендегі әңгімелері 

мен пьесаларының ден ортасында тұрады.

«Еңлік – Кебектің» бірінші нұсқасында автордың өзі оқушыға ар-

нап жазған сөз басы, ал «Қаракөздің» бірінші нұсқасында пролог бар. 

Сөз басы да, пролог та пьесалардың мазмұнында органикалық түрде 

кірігіп, біртұтастықпен қиысып тұрған жоқ. Ендеше драматург оларды 

неге берген? Құлақ күйі іспеттес беташар драматургиядан бейхабар 

қауымға сахналық шығарма тосын, жат көрінбеу үшін әуелі қарасөзбен 

түсіндірме, кіріспе тәрізді нәрсе айту қажеттілігінен туған. Рас, «Еңлік 

– Кебектегі» сөз басы. «Қарагөздегі» пролог Әуезов творчествосының 

алғашқы кезеңіндегі дүниетанымын айқын көрсететін материалдар.

Бір  беттен  сәл  асатын  бұл  прологта  не  айтылушы  еді?  Әуелде 

сахнаға ақ сақалды, ескі пішінді, үстінде кестелі тоны бар шал шығып, 

бір қолына қобыз, бір қолына сыбызғы ұстап тұрып қатады. Алдыға: 

«Бұлаң жігіт, ардагер, кер марал, ерке тоты шығатынын», – айтады.

Ол аса бір соққан желдей,

Алыстағы сары белдей.

Арқаның ақ төсінде 

Ақ айналы көлдей,

Толықсып аққан селдей,

Шырқап кеткен келмей,

Алыстағы асқардай.

«Алқынсаң  да  келмейтін  аршындап  өткен  заман  ғой»,  –  деп 


376

бұрынғы  күндерді  қолпаштай,  дәріптей  сөйлеп  шалқиды.  Бұдан  әрі 

тағы сол шал:

«Сол күн сенің есіңде қалды ма екен? Із қалдырмай жоғалды ма 

екен?.. Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен?!. Қайғылы 

сары  өзен  сыбызғы  үнін  ойлай  ма  екен?!!  Бүгінгі  қаралы  жартас 

жарық  түнде  кездес кен  асықтардың  әніне  қосқан  жаңғырығынан 

жаңылды  ма  екен?..  Арқаның  қоңыр  желі  садақ  оғына  жыртылған 

жүрегін жалғады ма екен?.. Үзілген күй жаңғырықты ма екен?.. Сері 

жігіт, ерке қыз бұрынғыдай айтыса ма екен? Ащы дауыс шырқай ма 

екен? Қарауылдың аңқып ұшқан алғыр құсы Сырымдай бұ күнгі жігіт 

қиыннан тоят тілей ме екен? Мұның бәрі ескілік....», – деп зар қағады. 

Шалды тағы тыңдайық.

«Бүгінгі дала жай болып сарылған... Бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, 

қаралы...  Жел  шалқып,  еспей  күрсінеді...  Домбыра  күй  тартпай-

ды...  Жылайды...  Қыз  ән  шырқатпайды,  сыбырлайды...  Сондықтан, 

сондықтан!!!  Көрінде  тоқсан  толқып,  жүз  күңіренген  Сырым  мен 

Қарагөз  заманының  салтанатты  серілігін  сендерге  әкелді.  Тербеуге 

көнсең – тербетпекші.., Сергимін десең – сергітпекші... Сыпайы жігіт, 

үлгілі қыз!..»

Әрине, кейіпкер сөзімен автор мұраты дегендер екі бөлек нәрсе, 

бірақ «Қарагөздің» прологында жиырмасыншы жылдардағы Әуезовтің 

қазақ тарихына деген көзқарасындағы басты сипат анық көрінді.

«Қарагөздің»  1926  жылы  шыққан  бірінші  нұсқасын  автор  драма 

деп көрсеткенмен, ол – трагедия. Қаһармандар тұрпатының айрықша 

кесектігі,  олардың  өмірдің  шытырман  бір  кезеңінде  бой  көрсетуі, 

қоршаған орта мен арадағы; тартыс бітімсіздігі ақыры өліммен тынған 

соқталы күрес – осының бәрі «Қарагөздің» алғашқы нұсқасын траге-

дия деуге толық негіз береді.

«Қорғансыздың  күні»,  «Қаралы  сұлу»,  «Кім  кінәлі?» 

әңгімелеріндегі әйел тағдырларының Қарагөз тағдырына ұқсастығы – 

жазушының шиырды таптауы, өзін-өзі қайталауы емес, бір құбылысты 

жан-жақты алып, тереңдей қопарып әртүрлі көркемдік шешім беруі 

болып табылады.

Кейін  Әуезовтің  есімін  әлемге  мәшһүр  еткен  ұланғайыр 

эпопеядағы үлкен арнаның бірі – өнер адамын, оның тірліктің ұзын 

жолындағы күресін, жеңілісін, жеңісін, күйінішін, сүйінішін суреттеу 

болса, сонын басы осы «Қарагөзде» жатыр. «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше 

–  тоқал»  трагедияларын  жазу  арқылы  сюжет  өрбітуге  шеберленіп, 

композицияның  шығарма  идеясын  ашудағы  рөлін  айрықша  түсініп, 

характердің  конфликтіге,  конфликтінің  характерге  жасайтын  ықпал 

заңдылығының байыбына барған Әуезов «Қарагөзді» драматургияның 



377

қатаң  талаптарының  өзіне  жауап  берерлік  сахналық  шығарма  етіп 

шығаруға көп күш жұмсаған. Өмірлік шындыққа табан тіреп тұрған 

кезде  өнер  табиғаты  сюжет  даралығын,  ситуация  айрықшалығын 

ізденуді мансұқ етпейді. Бірақ типтендіру дегеніміз санға емес, сапаға 

қатысты нәрсе. Кұбылыс заңдылығы шығармаға түсуі шарт, кездейсоқ 

жайттардың бейнеленуі жазушыны табысқа кенелтпейді.

Ағасының  немере  қарындасына  ғашықтық  хикаясы  көкейге 

қонымды болмаса да, драматург осындай ерекше конфликтіні құптап, 

сол орайда туатын тартыс шытырманына қызығып кеткен. Көне грек 

әдебиетінде  аңдаусызда  әкесін  өлтіріп,  өз  анасына  үйленіп  қалған 

Эдип патша басындағы қайғылы хал, Ги де Мопассанның «Портта» 

әңгімесінде  білместіктен  туған  қарындасына  қосылған  жігіттің  жан 

күйзелісі  суреттеледі.  Бұлардан  кейде  кездейсоқтық  қандай  зұламат 

қызмет  атқаратынын  көреміз.  Ал  Әуезов  трагедиясында  Сырым 

мен  Қарагөз  туыстықтарын  біле  тұра  қосылуға,  бірге  тірлік  кешуге 

ұмтылады.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан моральдық дәстүрі, жалпы 

адамшылық дәстүрі тұрғысынан алғанда да туыс адамдар арасындағы 

махаббат жыр ететін, мадақтайтын факті емес. «Қарагөздің» алғашқы 

нұсқасындағы бұл олқылықты сыншылар (Сейфуллин, Тоғжанов, Ор-

манбаев) дұрыс көрсетті.

«Еңлік  –  Кебек»  трагедиясы  тұңғыш  нұсқасының  оқиғасы  аңыз 

ізінен көп алшақтамаса, «Бәйбіше – тоқалда» Мұхтар өзінше сюжет 

құрды.  «Қарагөздің»  алғашқы  нұсқасында  драматургтің  қазақ  ауыз 

әдебиеті  үлгілерінен  алған,  кәдеге  жаратқан  дүниелері  мол.  Айтыс, 

беташар,  жар-жарлардың  трагедия ны  түрлендіріп,  оның  еуропалық 

қалпына жаңаша бір бояу қосып, өзгеше ажар енгізіп, ұлттық нақыш 

бергенін  атап  айтуымыз  ғанибет.  Бір  жағынан,  қазақтың  халықтық 

әдебиетінің озық үлгілеріне қол артқан, екінші жағынан, еуропалық 

классикадан  үйреніп,  биік  қаламгерлік  мәдениетке  жеткен  Әуезов 

жиырмасыншы  жылдардың  өзінде-ақ  қиын  жанр  –  драматургияда 

көркемдік тәсілдердің сан алуанын батыл қолдана білді. «Қарагөздің» 

аруағын  сөйлету  –  кейбір  сыншылар  айтқандай  Құдайды  мадақтап, 

дінге сену емес, символ арқылы негізгі идеяны әсерлі жеткізуге бой 

ұру.


Сырым  мен  Қарагөзді  немерелес  етіп  алумен  драматург 

трагедиядағы қалыңмалды сынау, әйел теңсіздігін айыптау тенденци-

ясын біршама солғын датты. Өйткені, айтылмыш ситуациядан туатын 

объективті  идея  –  немерелес  адамдар  арасындағы  интимдік  қарым-

қатынасқа  қарсы  тұрмау  керек  боп  шықты.  Автор  бір  қаһарманның 

аузымен құранды да бұған куәға тартады. Сөйтіп, негізінен, қазақтың 

25–1247


378

ескі  аулындағы  зиянды  әдеттердің  бірі  –  мал  беріп,  дүние  өткізіп 

жасалатын  сатымсақ  құдандалықты  сынайтын  шығармада  басқа 

сыңайларға да орын берілді.

«Қарагөздің» бірінші нұсқасы – пьеса тілі жөніндегі биік талапқа 

жауап  береді.  Автор  диалогтің  салмағы,  әрекеттілігінен  гөрі,  кей 

ретте  фразаның  сырт  сұлулығы,  жалтырап  тұруы,  шешен  естілуіне 

көбірек  ден  қойды.  Бірінші  нұсқаның  өзінде  Сырым,  Қарагөз,  Нар-

ша, Мөржан, Асан образдары кесек қалыптарымен шыққан болатын. 

«Қарагөз»  трагедиясының  алғашқы  нұсқасы  –  Мұхтар  Әуезовтің 

қуатты талантының шарқ ұрған ізденістерінің бір белгісі, реализмнің 

ашық  аспанды,  кең  алқапты,  берекелі  өлкесіне  келу  сапарындағы 

ескерткіші.

Көп  жылдар  өтті.  Шығармашылық  эволюцияның  қат-қабат, 

шытырманды  жолдарының  қиындығын  жеңген  Әуезов  жиырма-

сыншы  жылдардың  өзінде  қазақ  әдебиетінің  алтын  қазынасына 

қымбат  шығармалар  қосса,  отызыншы  жылдарда  классика,  ре-

ализм  принциптерін  толық  игеріп,  оны  қаламгерлік  тәжірибеде 

жемісті  қолданды.  Қазақ  халқының  бойындағы  тамаша  рухани 

байлығын  айқара  ашқандығының,  көркемдік  ойының  шарықтап 

өскендігінің  белгісіндей  болып,  қырқыншы-елуінші  жылдарда  ұлы 

шығарма  –  «Абай  жолы»  эпопеясы  туды.  Сөйтіп,  Әуезов  өзін  де, 

халқының әдебиетін де мәңгілік даңққа бөледі. Кемеліне келген кез-

де  жазушының  бұрынғы  шығармаларына  қайтып  оралуы  заңды  еді. 

Үлкен жауапкершіліктен туған қадамы еді.

Осындай  тынымсыз  ізденуге  түскен  Әуезов  «Еңлік  –  Кебек» 

трагедиясының  бірнеше  нұсқасын  жазады,  «Айман  –  Шолпан»  ко-

медиясын  қайта  жазды,  «Қараш-Қараш»  оқиғасы  повесіне  сапалы 

өзгерістер  енгізді.  «Қарагөз»  пьесасын  екінші  рет  қолға  алғанда, 

оқушы қауымға арнап, алғы сөз жазып, бұрынғы нұсқадағы олқылықты 

түзету,  шығарма  идеясын  тереңдету,  сөйтіп,  көркемдігін  жетілдіру 

мақсаттарын  көздегенін  ескертті.  «Пьесаның  ендігі  айқындалған 

идеясы  бойынша,  азаптан  туған  ақындық,  қан  қайғыдан  туған  қаза, 

жекебастың ғана күй шерінен басталып барып көп мұңдар, көп жыла-

улар күйіндегі азапты ұғынуға, халықтық қайғы-қамды ұғынуға бетте-

ген шабытты көрсетпек», – деп жазды Әуезов.

Трагедияның екі нұсқасын салыстыру арқылы шығарманың қандай 

редакциялауға ұшырағанын көріп, драматургтің творчестволық лабо-

раториясына еніп, шеберлік сырына қатысты көп ойлар түюге бола-

ды. Ең алдымен, бірінші нұсқадағы пролог алынып тасталды. Бірінші 

нұсқада  эпилог  бар-ды.  Онда  да  прологтағы  шал  сахнаға  шығып, 

өлеңмен Сырымның кейінгі өмірін баяндайды.



379

Моладағы соңғы түн аруақтан соң,

Төгіліп ағыл-тегіл өлең кетті.

Сырымға ұшан-теңіз сөз дарыды,

Ашығы бата беріп қол сермеді...

Аздан соң дәурендеді ақын тілі,

Іркілмей жақ сарнады күні-түні.

Қайғы мен шерден туған ақын болып,

Шерменен аспанға өрлеп жалын шықты...

Біресе бүктетілген селдей болып,

Екпіні тау теңселтіп, тасты жықты.

Құба жол ордай болып, асылып қап,

Шаршы өрде шабынғанды інге тықты.

Қолына сыбызғы мен қобыз ұстап,

Сайқалдап сар даланы шарпып өтті.

Кескекпен шапшып тұрған ашулы жау,

Бетінен шошығандай жасып ықты.

Әуелде ызаланған жауын қуды,

Зарын төгіп көзінің жасыменен

Қаралы қайғы басқан бетін жуды.

Бір кезде ашуменен тас боратты,

Заң болған жауыздыққа қарғыс атты... –

деп келетін, қырық жеті жол өлеңнен тұратын бұл эпилогта ешқандай 

саяси  да, идеялық та қате жоқ екені мына үзіндіден көрініп тұр. Қайта, 

бірінші  нұс қа ның  сыншылдық  бағытын  айтқанда,  ден  қояр  тұстың 

бірі  –  осы  эпилог.  Траге дияның  жанрлық  шарттарына  толық  жауап 

берерлік архитектоникасы шебер шығарма жасауға күш салған Әуезов 

эпилогты тұтас қысқартып тастады.

Оқиғаға араласатын адамдар, негізінен, бұрынғылар. Характерлік 

даралығы шамалы, тартысқа аз персонаж Тұрсын (Наршаның әкесі) 

екінші нұсқада шығып қалды. Қосақ арасында жүрген қызметкер қыз 

Кәмшаттың аты соңғы нұсқада арнайы айтылмайды. Бұлардың есесіне 

шығарманың  идеялық  қазығын  бекітуге  үлкен  рөл  атқаратын  қос 

қаһарман енгізілді: бірі – егінші шал, екіншісі – балықшы шал. Бірінші 

нұсқада  оқиғаның  болған  уақыты  да  дәл  көрсетілсе,  екіншісінде 

ол  жоқ,  өйткені  шығарманың  революциядан  бұрынғы  қазақ  өмірін 

бейнелейтіні  өз-өзінен  түсінікті.  Бұрынғы  Қойсары  деген  персонаж 

аты Тойсары боп өзгертілді. Ақбала әуелгі нұсқада Қарагөзді – Төрем, 

кейінгісінде  –  Көзжақсым,  Сырымды  әуелгі  нұсқада  –  Мырза  жігіт, 

кейінгісінде – Молда жігіт дейді. Қарагөз бен Сырым шыққан орта – 

алғашқы нұсқада Қарауыл, соңғыда Қарауыл ішінде Өсер аулы.

Драматург  алғашқы  нұсқадағы  көп  диалогтерді,  бір  қыдыру 



380

монологтерді,  түрлі  ремаркаларды  ықшамдаған,  батыл  қысқартқан. 

Бұл  трагедия  тіліне  нұқсан  келтіретін  баяндаушылықты,  қажетсіз 

тәптіштеуді жойып, оның орнына фразаның характерді дөп бейнелеп, 

конфликтіні өршітуіне тигізетін екпінін арттырған.

Жеке  сөздердің  бейнелі,  нақтылы  синонимдері  алынды.  Тұтас 

диалогтер  қайта  жазылды,  жеке  сөйлемдер  ауыстырылды.  Соңғы 

нұсқада инверсияға ерекше мән берілген кейіпкер сөздерінің ырғағы, 

құрылысы, сөйлеу тіліне жақындатылады. Бұрынғы нұсқадағы өлең, 

беташар, жар-жар, айтыстар да ықшамдалды.

1926 жылғы нұсқа:

Қ а р а к ө з .  Кім  екенін  айтпаймын.  Бірақ  осы  жерде  бүгін  түсін 

көресің. Бұл істің басталғанына көп болған жоқ. Қара түнді жамылып, 

құдай атын айтып қосылғаныма екі-үш-ақ ай болды. Содан бері аз-ақ 

көрістік  (Тым-тырыс.)  Бізді  қосқан  желік  пен  құмарлық  емес,  бізді 

қайғы  қосты.  Апам  өлгеннен  бері  көңілімде  болған  жетімдік,  күйік 

қосты. Саған айтатын үлкен сырым осы.

1959 жылғы нұсқа:

Қ а р а г ө з . Кім екенін айтпаймын, осы, жерде бүгін түсін көресің. 

Бұл  істің  басталғаны  кеше  ғана.  Қара  түнді  жамылып,  жан  сырын 

ашысқанға  бір-ақ  жұма.  Содан  бері  екі-ақ  көрістік  (Пауза.)  Бізді 

қосқан жай желік пен құмарлық емес! Саған айтар ең үлкен шыным 

осы.

Бірінші сөйлем сол қалпы. Қарсылықты «бірақ» сөзін алып тастау 



екінші  сөйлемнің  ырғағын  күшейтіп  тұр.  Соңғы  нұсқаның  үшінші, 

төртінші,  бесінші  сөйлемдері  ықшам,  ішкі  мағынаға  бай,  екпінді. 

Қарагөз бен Сырымның табысуын жақын арада болған етіп көрсету 

– олардың жалындаған, алау атқан сезімдеріне жақсы авторлық мо-

тивировка.

Екінші  нұсқада  Қарагөздің  салған  жерден  өздерінің  қалайша 

табысқандарын  ашып  тастамауы  да  орынды.  Ол  бірден  айтылып 

қалған  болса,  тартыс  желісі  босаң  тартар  еді.  Қарагөздің  бір  сөзін 

қысқарту, шамалы өзгертумен драматург жаңа мазмұн тудырған.

Екінші нұсқада Сырым мен Қарагөз немерелес болып алынбайды. 

Олар  бір  ауылдың  ұлы  мен  қызы.  Автор  пьесаның  негізгі  сюжеттік 

сорабын  бұзбай-ақ  жаңа  өзгерісті  шеберлікпен  енгізді.  Сырым  мен 

Қарагөздің жолығысуын Ақбала көретін сценаны алайық.

1926 жылғы нұсқа:

А қ б а л а  (шошып жағасын ұстап). Астапыралла, мынау не деген 

сұм дық!  Бір  туысқан  әкелердің  балалары  көздері  тіріде...  Құдай-ай, 



381

қаһарынан сақ та. Төрем! Сені қара басқан екен ғой (Жағасын ұстап, 



жүдеп, кейін шегі неді.)

1959 жылғы нұсқа:

А қ б а л а .  Көзжақсым,  мынау  ойының  ба,  шының  ба?  Алыстан 

тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?

Алғашқы  нұсқада  Ақбаланың  немерелес  адамдардың  жақын 

болуын  көріп  шошынуы  табиғи.  Екінші  нұсқада  да  таңырқау  бар. 

Ақбала ұғымында тентек Сырымның аяулы қайын сіңлісі Қарагөзбен 

көңілдес  болуы  үйлеспейді.  Соңғы  нұсқада  психологиялық  ремарка 

қысқартылған,  себебі  қазақ  театрының  дамып  өскен  шағында  арти-

стер ойынына, режиссураға қатысты нәрсені пьесаға енгізудің қажеті 

жоқ-ты.  Екінші  нұсқада  бұрынғы  нұсқадағы  көп  ремаркалар  осы 

негізде қысқартылған.

1926 жылғы нұсқа:

С ы р ы м   (Қаракөздің  құшағынан  босанып,  Ақбалаға).  Тоқтат 

сөзіңді  кекселенбей,  сен  сынаймысың  бізді?  Ол  –  Қаракөз,  мен  – 

Сырым...  Қаракөздің  Сырымнан  артық  жары  болушы  ма  еді?  Бізді 

Құдайымның өзі қосқан. Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап 

жүріп тілеп алғамын.

1959 жылғы нұсқа:

С ы р ы м .  Ақбала,  айыбыңды  ал,  тек  жазғырма!  Ол  –  Қарагөз, 

мен  –  Сырым!  Қарагөздің  Сырымнан  артық  жары  болушы  ма  еді? 

Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп тілеп алғам.

Екі сөйлем қысқартылып, жаңадан бір сөйлем қосылған. Алғашқы 

нұсқада Сырым ашулы, құдайшыл, соңғыда мінезі майда, жеңге тілін 

білетін сыпайы, сырбаз жігіт.

1926 жылғы нұсқа:

Қ а р а к ө з .  Жеңеше,  мен  саған  бәрін  айтқанда,  атын  неге  айт-

пады  дейсің?  Айтуға  аузым  бармағандықтан,  көзі  көрсін  дегенмін. 

Сүйгенім Сырым болмаса, мен жалғызбын дер ме едім. Сенен көмек 

сұрар ма едім.

1959 жылғы нұсқа:

Қ а р а г ө з .  Жеңеше  Ақбала...  Сырым  болмаса,  мен  жалғызбын 

дер ме едім. Сенен көмек сұрар ма едім.

Тағы  да  драматург  қысқартуды  жақсы  пайдаланған:  екі  сөйлем 

түсіріліп, қалғандары жаңа мазмұнды әдемі беріп тұр. Алғашқы вари-

антты қайта редакциялағанда, қол тимеген бір де бір бет жоқ десе де 

болады. Тағы мысал.


382

1926 жылғы нұсқа:

Н а р ш а  (Сырымға). Сырым, сен жалындаған асыл сөздін иесісің. 

Сенің сөзің ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың 

көзінше пұшпағына ілінген ажалды киік мен болам ба?

Азалы, қайғылы жалғыз Қаракөз емес, сен де арманда көрінесің. 

Қаракөздің  күйігін  жыр  қылушының  басы  сен  болған  соң, 

қарындасыңда да не арман болсын. Жалғыз-ақ керегі жоқ... Бұ да кезі 

келген заман шығар.

С ы р ы м   (салқын).  Қарағым,  мені  жерлеп  қайтесің?  Мен  жол 

мен жөннен адасқан әуре жанмын... Менің елім – жылаған қыз бен 

жырлаған жігіт... Одан басқа елдің бәріне мен жатпын, маған сен де 

жат. Тіл алсаң, мені қажама... Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.

1959 жылғы нұсқа:

Н а р ш а   (Сырымға).  Сырым,  сенің  жалынды  сөзіңді  ажалдыға 

кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағынан 

ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қазалы, қайғылы жалғыз 

Қарагөз емес, сен де арманда дейін бе, мен не дейін?

С ы р ы м   (салқын).  Шырағым,  мені  шенеп  қайтесің?  Жол  мен 

жөннен  адасқан  әуре  жанмын  мен.  Менің  елім  –  жылаған  қыз  бен 

соныи  көз  жасын  жырлаған  жігіт,  тіл  алсаң,  мені  қажама.  Сенімен 

шиеленіспей-ақ қояйын.

«Қарағым» – шырағым боп, «жерлеп» – «шенеп» боп өзгертілген. 

Бұл жерде «шенеу» сөзі айтпақ ойды да дәл береді. Ал, «қарағымның» 

синонимімен  ауыстырылуында  дыбыстық  үндестік  ескерілген 

(шырағым – шенеп). Наршаның Сырымға айтқан сөзінің қысқартылуы 

орынды. Мұрат, мүддесі алшақ, тіпті жауласуға таяу адамдардың бір-

біріне баға жомарттығы сирек болады.

Қарагөз  бен  Сырым  бұрынғыдай  жақын  туыстық  қатыста 

алынбағандық тан, бірнеше сөйлем заңды түрде кысқартылған. Драма-

тург «мен» сөзін сөйлемнің соңына әкелу арқылы инверсия жасаған.

1926 жылғы нұсқа:

М ө р ж а н .  Сенің  қабағыңа  қарап  Нарша  да  жүдеп  отыр  дейді. 

Оның да қабағы сынық сияқты маған. Одан артық сұмдық бола ма? 

Бұл  менің  көрер  күнім  бе  еді?  Осыны  бір  емес,  көп  жұрт  айтты. 

Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.

1959 жылғы нұсқа:

М ө р ж а н .  Сенің  қабағыңа  қарап  Нарша  да  жүдеп  отыр  дейді. 

Оның да көңілі сынық сияқты маған. Осыдан артық сұмдық бола ма? 

Бұл ма еді менің күткен күнім? Осыны тойға жиылған өсекші қатындар 

тобы  сусылдап,  ордалы  жыландай  ысқырып,  өсекке  таңып,  жұртқа 


383

жайып  барады  дейді.  Қарағым,  мен  сенен  мұның  жай-жапсарын 

сұрамаймын.

Қатар  тұрған  екі  сөйлемдегі  бір  сөздің  орынсыз  қайталануынан 

қашып  драматург  «қабағы»  деудің  орнына  «көңілі»  дейді.  Екі 

нұсқадағы  төртінші  сөйлемнің  мағынасы  бір.  Бірақ  инверсия 

жасалғандықтан,  соңғы  нұсқадағы  сөйлемнің  әрекеттілігі,  ырғағы 

күшті. «Осыны бір емес, көп жұрт айтты» деген жуас сөйлемді Әуезов 

тамаша  шеберлікпен  өзгертіп  жіберген.  Жаңа  сөйлемде  суретті 

образдылық,  көз  алдыға  келер  қимыл  бар.  Ситуация  атмосферасын, 

психологиялық сәтті дөп бейнелеген дәлдік бар. Өсекші қатындарды 

ордалы жыланға теңеудеі ұлттық бояуы қанық колорит жатыр.

Драматург  пьесаның  алғашқы  нұсқасындағы  қыруар  өлеңді  ба-

тыл түрде ықшамдап, аз сөзге көп мағына сыйдырды. Бірінші көрініс 

басталғанда шырқалатын «Баянауыл» әнінен 4 жол қысқартылды. Бета-

шар әуелгіде 97 жол болса, соңғыда 54 жол; Асан айтатын жар-жардан 

11 жол, Сырым айтатын жар-жардан 17 жол қысқартылды. Көрімдік 

сұрай айтылатын 25 жол өлең мүл де түсіп қалды. Сырымның Қарагөз 

қабірі  басында  айтатын  өлеңінен  4  жол  қысқартылды.  Қарасөзбен 

толғайтын монологынан 25 сөйлем қысқартылды.

Жеке  сөздерді,  фразаларды,  тіркестерді,  сөйлемдерді,  тұтас 

беттерді  қыс қар ту,  не  оларды  ауыстыру,  бұрынғы  материалдарды 

өзгертіп,  өңдеп,  қайта  жаңғыр ту,  инверсия,  аллитерация,  ассонанс, 

градацияға айрықша мән беру сияқты редакциялармен қабат, екінші 

нұсқада автор мүлде жаңадан қосқан жерлер де көп.

Олар  мыналар:  Нарша  –  Асан,  Нарша  –Матай  араларындағы 

диалог  («Қараш-Қараш»,  А.,  1960,  242-243-б.),  Сырым  –  Қарагөз 

арасындағы, диалог (сонда, 245–248-б.), Мөржан – Сырым, Жарылғап 

–  Сырым  –  Жабай  араларындағы  диалог  (сонда,  258–  260-б.),  Нар-

ша  –  Қарагөз  арасындағы  диалог  (сонда,  265-б.),  Қарагөз  –  Сырым 

арасындағы  диалог  (сонда,  268-б.),  Қарагөздің  есінен  айырылғанын 

естігендегі  Сырым  монологы  (сонда,  275–276-б.).  Бірінші  нұсқада 

керіністер номерленіп отырылса, кейінгіде ол жоқ.

Сырым  Қарагөзден  айырылған  соң,  екінші  нұсқада  балықшы, 

егінші  қауым  ортасына  барады.  Бұл  бір  сурет  болып  қосылған. 

Алғашқы  нұсқаның  бірінші,  екінші  суреттері  жалғыз  перде  құраса, 

кейінгі нұсқада олар жеке-жеке акт. Екінші нұсқа осы реттен төрт акт, 

жаңадан жазылған бір сурет есесінен жеті суретті болып тұр.

Зор көлемді, сан салалы, мол мағыналы редакцияның арқасында 

«Қарагөз» трагедиясындағы драмалық ситуациялар өзгеріп, бұрынғы 

қаһармандар жаңаша кейіп тауып, конфликті тереңдеп; шығармадан ту-

атын объективті идея сараланып, аршылып, байып, соны күйге көшті. 



384

Осындай  көп  ізденіс,  көп  еңбектен  соң  «Қарагөз»  трагедиясының 

екінші нұсқасы дүниеге келді.

Араға  отыз  жеті  жыл  салып,  «Қарагөз»  трагедиясы  қазақ 

театрларының  сахнасына  қайта  шықты.  Үлкен  драматургтің  шебер 

қолымен жаңғырып шыққан трагедияны Қазақтың академиялық дра-

ма театры Алматы жұртшылығына 1963 жылдың 7 сәуірінде көрсетіп, 

сәтті спектакльмен қуантты.

Әдебиетші  Е.  Лизунова  «спектакльдің  тұрмыстық  драма  емес, 

шын мағы на сындағы трагедия» екендігін көрсетіп, пьеса өткен өмірді 

суреттеге німен, актуальдығын жоймағандығын дұрыс айтты. Қарагөз 

рөлінде ойнаған Зәмзәгүл Шәріпованың, Сырым рөлінде ойнаған Ша-

хан Мусиннің, Мөржан рөлінде ойнаған Сәбира Майқанованың табы-

стары жақсы лебізге ие болды («Казахстанская правда», 14. V. 1963)

Театр сыншысы Қ. Қуандықов «Қарагөздің» қойылуына екі мақала 

арнап,  спек такль  жайындағы  толғамдарын  ортаға  салды.  Трагедия-

ны  Алматы  теа т рын да  қойған  А.  Мадиевскийдің,  Семей  театрында 

қойған Б. Омаровтың, Қы зылорда театрында қойған Мен Дон Уктың 

режиссуралық шешімдері салыстырылды. Филология ғылымдарының 

кандидаты  С.  Ордалиев  «Қазақ  дра матургиясының  очеркі»  (1964) 

кітабында Әуезовтің басқа пьесаларымен қоса, «Қарагөз» трагедия-

сына арнайы тоқталды. Жұртшылық алған әсер, сахнаға қайта шыққан 

спектакльге деген көрермендер ықыласы да айтылып жатты («Қазақ 

әдебиеті»,  23.VI.1963,  «Қазақ  әдебиеті»,  І  т.  VІ.  1964,  «Жетісу», 

31.VІ.1963).

«Қарагөз»  трагедиясындағы  негізгі  тартыс  шымылдық  ашылмай 

тұрып  бас талып,  өсіп-өрбіп  бірталай  жерге  барып  қалған.  Байқап 

қараңыз: Қарагөздің қалыңмалы алынған; Нарша ұрын келген; бірақ 

дәл осы тұста жалын жүрек, ыстық сүйіспеншілікпен өртене табысқан 

Сырым; Қарагөздің әлі жұрт көзіне түсіп, дабыра болмаған үркек ма-

хаббаты бар. Қарагөз – қалыңдық. Нарша – күйеу. Бұлардың тойының 

мәз-мереке,  сән-салтанат  шуына  бөленуі  –  ауыл-ай мақтың,  ағайын-

туыстың  күтіп,  тілеп  отырған  қызығы.  Сырт  көз,  бөгде  біреулер 

тұрғай, Наршаның жанына ерген жақын достары Асан, Матайлар да 

басқа ойға жол бермейді.

Қызды біржолата алып кетуге келе жатып, Нарша өзі серіктеріне 

сыр аша ды. Аналар мүлде күтпеген тосын сыр, суық сыр. Асан мен 

Матай  Нарша  аузы нан  шыққан  сөзді  әуелде  жатырқай  қарсы  алады 

да, соңынан қоршаған орта, ескен өңір мораліне лайық тіл қатады. «Е, 

салмайсың ба тыйымды, тарт қызбайсың ба ондай қырсық мінез сазай-

ын?!» – деген Асан сөзі Матайдың да тіл ұшында тұр.

Нарша образының негізгі трактовкасында схема жоқ, қайта белгілі 



385

қалыптан бойды әдейі алып қашу бар. Қазақ әдебиетіндегі тақырыбы 

әйел теңдігіне қатысты шығармалардың көбінде қалың беріп қыз алу-

шылар, не қаусап отырған шал, не елден шыққан дөрекі топас бола-

тын.

Әрине, көркемдік жинақтау жасау үшін мұндай типтендіру әдісін 



қолдану дан безу жарамас, бірақ өмірлік жағдайлар тым әртүрлі, тым 

күрделі емес пе? Әуезовтің «Қарагөздің» бірінші нұсқасының өзінде-

ақ Наршаны көкірегі ашық, сезімі мол  жан  етіп алуы оның  өмірлік 

фактілерді сұрыптауда реализмге ден қойғандығын көрсетеді.

Нарша, Асан, Матайларға жұмбақ сырдың шешуі екінші көріністе 

ашылады.  Қарагөзбен,  Сырыммен  танысамыз.  Жақсы  жеңге,  сырға 

бай, ақылды келіншек Ақбала, көмейлерінен өлең төгілген, бірі атып, 

бірі қуған сал-серілер, ақын, әншілер Дулат, Қоскелді, Дәулеткелділер 

құр  нөкер  емес,  драмалық  тартысқа  белсене  қатысып  жүрген 

қаһармандар.

Бұлар шырқап салған әндерімен, сирек болса да тап басып айта-

тын қанжардай өткір сөздерімен сахналық әрекетке жан беріп, ширата 

түседі.

Жаңа ғана басталған ақ, адал махаббаттың нұрлы таңының арай-



лы  сәулесі  еріксіздіктің  сұмдығымен  шарпысып,  Сырымның  өр 

асқақ  ақын  жүрегінде  ыза-кек  отын  лаулатады.  Сүйіспеншіліктің 

ыстық  ләззатына  мас  болып,  діріл ді  толқынға  шомылған  жайы  бар 

Қарагөздің де. Алды-артын аңдар, ертеңді болжап, қазіргісін шамалар 

күйден айырылып, ғашық көкірегімен, алаулы сезі мімен тағы да тау-

ып тұрғаны – Сырым құшағы. Аңсап қауышқан қос ғашық тың бірігіп 

көрген  рақат,  сүрген  дәурендері  жалғыз-ақ  жұма.  Сонымен  бітпек, 

үзілмек бәрі. Қарагөз Досан аулының келіні болмақ, Сырым қалмақ 

жайына.

Өрт махаббат пен қара қапас әділетсіздіктің қарама-қарсы бетпе-



бет келген жері осы. Адам сезімдерінің ішіндегі ең шұғылалысы, ең 

ыстығы – махаббат. Оған жасалған зорлық – қиянаттың ең үлкені, ең 

сұмдығы. Әсемдікке, нәзіктікке құштар ақын жүрек тамсануды таңдай 

қағуды ғана білсе, оның қуаты қанша! Жоқ, күреседі, алысады ақын 

жүрегі. Қарагөздей аруы жатқа жем боп бара жатқанда, Сырым қалай 

өртенбесін, күймесін, күреске шықпасын.

Ішкі  әрекет  шиыршық  атқан  осындай  шытырман  әрі  терең 

психологиялық  ситуацияда  Қарагөз  бен  Сырымның  характерлері 

өте  тамаша  бой  көрсетеді.  Өмірдің  кілт  бұрылысында,  тағдырдың 

талқысына түсіп тұрған ерекше бір жағдайда, қаһармандарды сынау 

үстінде  бейнелеуді  –  драматургияның  ежелден  келе  жатқан  өнікті, 

өрелі әдістерінің бірін Әуезов үлкен суреткерлік шеберлікпен пайда-



386

лана білген. Сырым мен Қарагөздің алғаш қалай табысқанын бейне-

леп жатпай, нағыз қиракезік кезеңді таңдап алу пьесадағы тартысты 

салған жерден соқталы көрсетеді.

Драматург  басты  қаһармандары  Наршаны  да,  Қарагөзді  де,  Сы-

рымды  да  ішкі  толғаныс,  зор  тебіреніс  үстіндегі  ситуацияда  алып, 

конфликтінің одан әрі шиеленісуін қаузайды.

Тартыстың  бұдан  арғы  өрбуі  талайға  дейін  қыз  ұзату  сюжетінің 

арнасында  отырады.  Бұл  жерде  Әуезов  халық  салтын  драмалық 

шығарма фабуласына органикалы түрде кірістіріп, шашау шығармай 

шеберлікпен  пайдаланған.  Алғашқы  пердедегі  жағдайлар  негізгі 

тартыстың экспозициясы іспетті болып, оның қалай пайда болғанын, 

көлемін, күшін аңғартса, бұдан кейінгі әрекет басты қаһармандардың 

– Қарагөздің, Сырымның, Наршаның жанына тиер, тағдырын шешер 

кемерге келіп тіреледі.

Ол  –  той.  Қарауылдың  кер  маралы,  аялаған  аруы  Қарагөздің 

ұзатылу  тойы.  Сыртқа  дабырлап,  қызыл-жасылмен  жарқыратып  ай-

тып жатса да, Қарагөздің риза еместігі алты алашқа белгілі. Қыз отау-

ын көруге келген үш әйел сөздерінде қорғасындай ауыр салмақ, ащы 

сықақ, үлкен сын жатыр.

Тегінде Әуезов әйел образдарын ақ не қара бояуда ғана алмайды. 

Олардың өзара араласуын, құбылуын, жан-жақты болуын құнттайды. 

Әуезов  трагедияларындағы  әйелдер  әрқалыпта:  Еңлік  –  ер,  асқақ; 

Дәмеш  –  әлі  жөн-жосықты  тани  қоймаса  да,  азаттықты  көксейді; 

Қарагөз – тебіренген терең сезім иесі. Бұларға қарсы типтер: Қайша – 

зұлымдықты еркектерден асыра істемесе кем істемейтін жан; Мөржан 

– тұрпаты кесек; Жүзтайлақ – аяр, қу.

Надан ескіліктің қияңқы дүлейлігі Қарагөз бен Сырымды бақытсыз 

етті. Сол күштің үлкен тұтқасы бір ауылды аузына қаратып отырған 

Мөржан бәйбішенің қолында.

Тартыс үдеп келеді. Тойдың тұрмыс-салттық жағы құнтталмай, ол 

фон ретінде ғана алынып отыр. Басты қаһармандардың бәрі бұл күнге 

іштерін жегідей жеген, енді сыртқа шықпай қоймас көп түйін, мол ши-

емен келіп отыр. Нарша сырын достарына айтты. Мөржан Қарагөзбен 

беттесті. Енді не болар деген сұрақтың жауабы ұзақ күттірмейді.

Осы кезде Қарагөздің қайғысы, көкірек жарған зары, арман-тілегі 

Сырым  аузынан  өлең  болып  сорғалайды.  Ескіліктің,  әділетсіздіктің 

шашбауын  көтерген,  соның  жоғын  жоқтаушы  кұл  өлең,  маймөңке 

өлең,  қызметші  өлең  емес,  жігерді  қайнатып,  ыза-кекті  тасытатын 

сыншыл  өлең,  шыншыл  өлең,  тентек  өлең  төгіледі.  Бұл  жерде  екі 

түрлі жыршы тұр алдымызда: бірі – қараңғылыққа аяғын шырматқан, 

соның үні, соның тынысын сөзіне тиек, жырына азық еткен жер бауыр 



387

ақын, екіншісі – дауылға қарсы өршіл кеудесін тосып, қанатын кеңге 

сілтеген күрескер ақын.

Сөйтіп, Қарагөздің Қарауылдан ұзатылу тойы талай жараның бетін 

тырнап, қанатты. Рухани жағынан Сырым жеңгенмен, тізелі қара күш 

өз дегенін істеді. Қарагөз Наршаға кетті, Пьесадағы драмалық тартыс, 

бір қарағанда, осымен байсал тапқандай көрінуі де мүмкін.

Аяусыз жаншыған сұмдық қыспақ Сырым мен Қарагөз бойындағы 

бұ рын  жете  ашылмаған  күресшілдік  рухын  бірте-бірте  айқынырақ 

жарыққа шы ға рады. Ұзатылар алдында Сырым тіліне көніп, қашып 

кетуден  қорыққан  Қарагөз  енді  батыл  ойға  бел  буған.  Ақбала, 

Дулаттардың  сөздері  арқылы  драма тург  қос  қаһарманды  сырттай 

мінездейді.  Қарагөз  бен  Сырымның  соңғы  кездесудегі  диа логтары 

көкіректі  сыздатқан  қайғы-мұңды,  жүректі  баураған  жалын  отты 

дәл  бейнелейтіндей  ырғақты,  үнді,  әуезді.  Тағатсыз  үздіккен  махаб-

бат  иелерінің  романтикалы  поэзияға  толы  сөздері  ақ  өлең  болып 

ақтарылады.

Кешегі  оң  жақтағы  қыз,  біреудің  бүгінгі  келіні  қараңғыны  жа-

мылып, бөтен еркекпен құшақтасып тұр! Бөтен еркек алыс та емес, 

алты  атадан  қосылатын  ауылдасы!  Сол  уақыт  ұғымымен,  сол  кезең 

моралі көзімен қарағанда, бұл барып тұрған сұмдық, көз көріп, құлақ 

естімеген сұмдық.

Шынында да, пьеса қаһармандары – Нарша, Мөржан, Жарылғап, 

Жабай,  Асандар  Қарагөз  бен  Сырымның  үстінен  түскенде,  керемет 

ашуға мініп, теріге сыймас ызаға булығады. Бәрі де өз характерлеріне 

лайық мінез танытып жатыр. Дымы құрып Нарша жылайды. Жабай 

жүр байбалам салып. «Жүзіқара, жерге кір! Жүзің неге күймей тұр, 

арсыз. Өлтір, өлтір екеуін де!» Бұл – Мөржан үні.

Екеуімен  жүзбе-жүз  кездескенде  әлденеше  рет  сүрінген,  соны 

көкірегіне  кек  қылып  жиған,  жұрт  өсегі  намысын  пышақтаған 

Мөржан мынадай қылық үстінен түскен соң нені аяп қалсын, сабата-

ды Қарагөзді, соққыға жығады. Осыған дейін созылып келген тарты-

сты жауыздықтың қанды шоқпары шешеді.

«Мен...  мен...  өлтір  мені...  Тірі  қойма!  Мен...  Бәрібір  елім.  Ал... 

Құдай! Ал мені ақ өліміңмен!»

Бұл Қарагөздің тұщы етіне ащы соққы тиген кездегі жан даусы. 

Керемет жан күйзелісі, кесілген өріс, тарылған тағдыр, аяқ астынан 

айдай  әлемге  жария  болған  сыр,  орындалмай  қалған  арман,  «тапта-

урын  болған  намыс,  күйген  ар,  дөрекі  қолдың  сорақы  таяғы  –  бәрі 

жиылып кеп қара бұлттай қаптап, зіл батпан салмақ болып, Қарагөз 

басына құлады.

«Мен  өлдім...  Өзім  де  өлдім.  Шуламаса  да  өлдім...  Ә...  Ә,  не 



388

боп қалды осы?.. Дулат неге ән салмай қойды? Сырым неге қанжар 

ұстады?.. Мені өлтірді... Өлім... Өлім...»

Бұл да Қарагөздің үні. Бірақ бұрынғы ару, сұлу Қарагөздің үні емес 

бұл.

Ғаламат  азаптың  алай-түлей  дауылы  есін  тандырып  жіберді. 



Қарагөздің жынданып кетуі сахналық эффект үшін Шекспирдің Офе-

лиясына  еліктеуден  шыққан  нәрсе  емес.  Қарагөздің  есінен  айыры-

луы – оның характерінің сұм заманның әдет-салтымен бітімсіздігінен 

туған  трагедиялық  шешім.  Қарагөз  сезімдерінің  жалыны  мен  дүлей 

орта моралі арасындағы қайшылық қалай болғанда да күйреумен ты-

нары сөзсіз еді.

Әуезовтің  адам  психологиясының  қат-қабат  бұрылысты,  иірім 

ағынын ғажап терең білетініне осы көріністе тағы бір көзіңіз жетеді. 

Қарагөз жүйке сінің әлсіреуі, ұйқысының ашылуы, жүрегінің әлсіреуі, 

секем  алғыш  болуы  өз  аузынан  да,  басқа  қаһармандар  аузынан  да 

бұрын бірнеше рет айтылады. «Ә!.. Ә!» деген кезде естен ауысқаны 

психиатрлық  дәлдікпен  берілген.  Бұдан  кейін  келетін  сөйлемдерде 

көз алдында тұрған нәрселерді санамалап айту болғанмен, логикалық 

байланыс жоқ, ақыл ауысудың әсері анық байқалады.

Үшінші  акт  соңындағы  Сырым  монологында  асылынан  айыры-

лып, жер сабалап қалған жанның қайнаған кегінің сыртқа бұрқырап 

төгілуі  бар,  жауын   әбден  танып,  күреске  бекінген  азаматтың  жігері 

бар. Бұл монологты қазақ драматургиясындағы трагедиялық қаһарман 

сөздерінің ішіндегі классикалық үлгінің бірі деп танимыз.

Қарагөзді  тағы  сахнаға  шығару  арқылы  драматург  трагизмді 

тереңдеткен. Аяулы, ардақты жанның бұрынғы күйі мен қазіргі күйі 

арасындағы контраст көзге жас алдырады. Қарагөзді пұшайман хал-

ге жеткізген зұлымдыққа деген қарсылық сезімі әркімнің жүрегінде 

атой  береді.  Төртінші  актінің  алтыншы  суретіндегі  ең  басты  бояу 

–  Қарагөздің  өте  аянышты  жағдайы.  Нарша,  Асан,  Тойсары,  Текті 

сөздері сол бояуды айқындап, ашып тұрған фон іспетті.

«Тоғайға бардым... Тағы барам ба? Тоғайды қуалап кете-кете ба-

рып...  Азынаған  көрге  барам  ба?  (Күліп.)  Тоғайда  ән  салады  екен. 

Жібек шапаны бар... Біресе жел боп кетеді, Тоғай болып кетеді... Жоқ-

жоқ... Шөп боп кете ме? Әлдене боп кетеді? Ұйқым кеп кетеді... Тоғай... 

Жапырақ... Тоғай... (Шошып.) Ойбай... Пышақ...Кісен... Әже..>.

Есінен  айырылған  Қарагөздің  сөзі.  Зер  сала  қараған  адам  осы 

шатасқан  кез дегі  сөздің  өзінен  бұрынғы  Қарагөз  мінезінің  кейбір 

қырын аңғарар еді. Үзік-үзік сурет. Үзік-үзік естелік. Ең жақсы сәттер 

мен ең қорқынышты сәт тер. Ауысқандық сөздердің байланыспауынан, 

сөйлемнің қиыспауынан, ұйқас қуып, сөз қуып кетуден, бірді айтып, 



389

екіншіге  көшуден  білініп  тұр.  Қара гөз дің  бұл  сөзі  де  көкіректі  сыз-

датып, жүректі шымырлатқандай ауыр әсер қал дырады. Аяушылық, 

гуманизм сезімі жан сарайын күңірентеді. Қоса қайғырасың.

Қарагөздің соңғы демі Сырымды көріп, Сырым атын аузына алу-

мен үзіледі. Жауапсыз сүйіспеншілік отына күйген Нарша да көшеді 

дүниеден. Зар илеп, жалғыз қалған Сырым.

Ақырғы суретте Әуезов Қарагөз аруағын сөйлетіп, символикалық 

әдіс қолданды. Шығарманың негізгі идеясын, жалпы мұратын ашуда 

бұл  сурет  атқарып  тұрған  қызмет  үлкен.  Қарагөз  дүние  салғанмен, 

әділетсіздік жеңгенмен, қанаты енді беки бастаған Сырым күреседі. 

Ол – жалынды сөз, өткір тіл, лапылдаған ақындық қуат иесі.

«Қарагөз»  трагедиясы  сан  ырғақты  ғаламат  мол  үн  жа-

мырай  табысып,  дауыл дап  барып,  аяқталатын  қаһармандық 

симфонияның финалындағыдай әсер мен бітеді. Бұл шығарма – қазақ 

драматургиясының інжу-маржанының бірі.

Режиссер  Әзірбайжан  Мәмбетов  қойған  «Қарагөз»  спектаклінде 

Шахан  Мусин  (Сырым),  Зәмзәгул  Шәріпова  (Қарагөз),  Сәбира 

Майқанова (Мөржан) ғажайып бейнелер жасады.

«Қарагөз» трагедиясы тұңғыш рет 1926 жылы жеке кітап болып 

басылды. Кейін «Қараш-Қараш» жинағына (1960), он екі томдыққа, 

жиырма томдыққа енді. Бірнеше тілге (орыс, корей) аударылды. Ұзақ 

жылдар бойы ұлттық театр лар сахнасының тұрақты репертуарына ен-

ген бұл классикалық пьеса актер, режиссерлердің бірнеше буынының 

шеберлік шыңдау мектебіне айналды.

Р. Нұрғали,  

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының 

корреспондент мүшесі



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет