Емі[өңдеу | қайнарын өңдеу] Әзірге АИВ инфекциясынан толықтай айықтыратын ем де, оған қарсы вакцина да жоқ. Алайда Жоғары белсенді антиретровирусты терапия (ЖБАРТ) жүргізу ауру ағымын баяулатады.[155] 2010 жылғы мәлемет бойынша табысы орташа және төмен елдерде бұл терапияны 6,6 млн адам жүргізген[156] АРТ оппортунис инфекциялардың алдын алуда, сондай-ақ белсенді емдеуде де тиімді. 2020 жылғы наурыз айында белгілі болған мәлімет бойынша әлемде екі адам АИВ жұқпасынан толықтай айыққан.[157] Вирусқа қарсы ем[өңдеу | қайнарын өңдеу] Қазіргі таңда ЖБАРТтың комбинацияланған варианты ("коктейл") қолданылады: оның құрамына кем дегенде антиретровирусты агенттің екі типіне не санатына жататын, екі не одан да көп препарат болады.[158] Бастапқы кезеңде кері транскриптазаның нуклеозид емес ингибиторы (КТНЕИ) және кері транскриптазаның нуклеозид тәрізді ингибиторының (КТНИ) екі препараты тағайындалады. Қазақстанда қолданылатын КТНИ: абакавир (ABC), зидовудин (ZDV не AZT), ламивудин (3TC) немесе тенофовир (TDF).[159] 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге арналған бірінші қатарлы препараттар тізіміне долутегравир / ламивудин / тенофовир, ал балама ретінде тенофовир / ламивудин / эфавиренц комбинациясын қосты.[160] Жоғарыда айтылған тәсім тиімсіз болған кезде, емге протеаза ингибиторлары (ПИ) қосылады.[158] Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасында аурудың ағымы мен клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан (жүктілерге де) антиретровирусты терапия диагноз қойылған сәттен бастап жүргізіледі.[14][127][161] Бір басталған ем үзіліссіз және ешбір "демалыссыз" жүруі ұсынылады.[28] Көптеген адамдарға емдеу басталғаннан кейін ғана диагноз қойылады.[28] Емнен күтілетін нәтиже – ұзақ уақыт бойы АИВ РНҚсының санын 1 мл қанда 50 көшірмеден төмен көрсеткіште ұстап тұру.[28] Әдетте, ем тиімділігін терапия басталғаннан кейін төрт аптадан кейін аталған көрсеткішті анықтау арқылы бағалайды, егер 50 көшірме/мл деңгейіне жетсе, 3-6 ай сайын тексеріліп отырады. Бұл көрсеткіш 400 көшірме/мл болса, емнің тиімсіз екенін дәлелдейді[28] Зерттеулерге сүйенсек, осыған дейін ем қабылдағандардың 95% аталған критерийлер орындалған.[28] Ем артықшылығы — ЖИТС дамуы мен өлім қаупінің төмендеуі.[162] Дамушы елдерде ем физикалық және психикалық денсаулықты жақсартады.[163] Ем жүргізетіндерде туберкулезге шалдығу қаупі 70% төмендейді.[158] Сондай-ақ емнің тағы бір артықшылығы — инфекцияның серкітесіне және анадан балаға берілуінің алдын алады[158][164] Емнің тиімді болуы тікелей қабылдаудың тұрақтылығы мен дұрыс болуына байланысты.[28] Ем режимін сақтамау себептеріне медициналық көмек көрсету төмендігі,[165] әлеуметтік көмектің жоғы, психика бұзылыстар мен нашақорлық жатады.[166] Ем тәсімінің күрделі (таблетка саны мен қабылдау жиілігі) әрі жанама әсердің болуынан адамдар ем жүргізуден бас тартып жатады.[167] Таңдалған препаратқа қатысты арнайы жанама әсер болуы мүмкін.[168] Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: липодистрофия синдромы, дислипедемия, қант диабеті (әсіресе протеаза ингибиторларын қолданғанда).[24] Бұдан бөлек диарея[168][169] және жүрек-тамыр жүйесінің ауруларының жиілеуін жатқызуға болады.[170] Жаңадаң ұсынылған препараттардың жанама әсері аз боп келеді[28] Кей дәрілердің тератогенді әсері болуы мүмкін, сол себепті бала жоспарлайтын әйелдер үшін ұсынылмайды.[28] Балаларға арналған ем ұсыныстары ересектерге қарағанда біршама ерекшеленеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5 жасқа дейінгі барлық балаларды емдеуді ұсынады; 5 жастан асқан балаларға ересектер сияқты қарайды.[171] Қазақстанда АИВ жұқтырған балалардың бәрін клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан емдеу ұсынылады.
Оппортунис инфекциялар[өңдеу | қайнарын өңдеу] АИВ/ЖИТСке шалдыққан адамдардың көбінде оппортунис инфекциялардың алдын алу шараларын жүргізу нәтижелі болады. Антиретровирусты терапия негізгі ауруды емдеумен қатар, қосымша оппортунис инфекциялардың пайда болу қаупін де азайтады.[168] Туберкулезге шалдығу қаупі жоғары аймақта тұратын АИВ бар ересектер мен жасөспірімдер (АРТ қабылдаса да) белсенді туберкулез белгілері болмаса да, профилактика ретінде изониазидті тепария (ПИТ) жүргізгені дұрыс; ПИТ қажеттілігін туберкулинге терілік сынама жасап білуге болады.[172] АИВ жұқтыру қаупі жоғары адамдарға А және В вирусты гепатиттеріне қарсы вакцинаны жұқтырмас бұрын егу ұсынылады; инфекция жұқтырып қойғаннан кейін де берілсе болады.[173] Анасы АИВ–оң болған 4-6 апталық және ана сүтін ембейтін нәрестелерге профилактика ретінде ко-тримоксазол беру ұсынылады.[174] Сондай-ақ пневмоцист қоздыратын пневомнияның алдын алу шараларын ұйымдастыру ұсынылады. Ол CD4 саны 200 жасуша/uL деңгейінен төмен немесе осыған дейін осы ауруға шалдыққан адамдарда жүргізіледі.[175] Айқын иммунтапшылық анықталған адамдарда токсоплазмоздың алдын алу керек.[176] Аталған профилактика шараларын жүргізу – 1992 мен 1997 жылдар аралығында осы инфекциялардың даму қаупін 50% төмендеткен[177] Сонымен қатар АИВ анықталған адамдарға тұмауға қарсы және Пневмо–23 вакциналарын егу ұсынылады.[178][179] Емдем[өңдеу | қайнарын өңдеу] ДДСҰ АИВ/ЖИТС бар адамдардың тамақтануына қойылатын талаптарға қатысты ұсыныстар жариялаған.[180] Салауатты тамақтануға басымдылық беріледі. ДДСҰ АИВ анықталған ересектерге микроэлементттердің барлығына ортақ ұсынылған тәуліктік мөлшерін тұтынуды ұсынады; A витамині, мырыш пен темір АИВ бар ересектерде жанама әсер туғызатындықтан, аталған элементтердің тапшылығы расталмаса, тұтынбаған дұрыс.[180][181][182][183] Дұрыс тамақтанбайтын немесе толыққұнды диета ұстанбайтын АИВ жұқтырған адамдарға нутрициялық саплементация жүргізу иммунды жүйені нығайтуға және инфекциядан оңалуға көмектеседі; алайда жұқтырудың не өлімнің азаюына әсері анықталмаған.[184] АИВ бар жүктілер мен емізуші әйелдердің диетасына мультивитаминдерді қосу анаға да балаға да бірдей оң әсер көрсетеді.[185] Бірақ тағам рационына мультивитаминдерді қосу – антиретровирусты терапия орнын баса алмайды[185] АИВ инфекциясы бар балаларда А дәрумені бар қоспалар өлім-жітімді азайтып, өсуді жақсартады деген бірнеше дәлелдемелер бар.[186] Балама медицина[өңдеу | қайнарын өңдеу] АҚШ-та АИВ бар адамдардың шамамен 60% ем тиімділігі дәленденбеген болса да[187], әртүрлі қосымша немесе балама медицина көмегіне жүгінеді,[188] Ем ретінде шөп дәрілерді қолдануды растайтын дәлелдер жеткіліксіз[189] Тәбет ашу мен саламақ қосуда медициналық каннабистің тиімділігі дәлелденбегендіктен, оны ұсыну және тұтынуды қолдау негізсіз.[190]