2012 жылы миллионға шаққанда АИВ/ЖИТСтен өлгендер саны
дерексіз 0 1–4 5–12 13–34 35–61 62–134 135–215 216–458 459–1,402 1,403–5,828
Көптеген елдерде АИВ/ЖИТС бұрыңғыдай бірден өлімге әкелмейтін, созылмалы сипатқа ие ауру болды.[191] Ауру болжамы CD4 саны мен вирус титріне қарай әртүрлі болуы мүмкін.[27] Емсіз АИВ жұқтырған адам вирус түріне қарай шамамен 9-дан 11 жылға дейін өмір сүруі мүмкін.[5] ЖИТС диагнозы қойылғаннан кейін де ем жүргізілмесе, адам 6-19 ай ғана жасауы мүмкін.[192][193] ЖБАРТ және оппортунис инфекциялардың алдын алу – өлім-жітімді 80% төмендетеді және диагнозы жаңа қойылған жас адамның өмір сүру ұзақтығын 20-50 жасқа дейін арттырады.[191][194][195] Ем инфекцияның соңғы сатыларында басталса, болжам айтарлықтай жақсы болмайды:[28] мысалы, ем ЖИТС диагнозынан кейін басталса, өмір сүру ұзақтығы ~ 10–40 жыл.[28][191] Ем қабылдамаған нәрестелердің жартысы 2 жасқа толмастан қайтыс болады.[174]
2004 жылы 100 000 адамға шаққанда АИВ пен ЖИТСке қатысты мүгедектік алғандар саны
АИВ/ЖИТСтен өлімнің басты себебі — оппортунис инфекциялар мен қатерлі ісік. Екеуі де иммунды жүйенің әлсіреуінен дамиды.[177][196] Қатерлі ісікке шалдығу қаупі CD4 саны 500/μL–ден төмен болғанда артады.[28] Клиникалық аурудың үдеу жылдамдығы әр адамда әр түрлі болатыны және оған адамның сезімталдығы мен иммунды жүйе қызметі;[197] медициналық көмекке қол жеткізе алуы, бірлескен инфекцияның болуы;[192][198] қоздырған вирустың штамы (не штамдары)[199][200] сияқты бірқатар факторлардың әсер ететіні дәлелденген.
Туберкулезбен бірлесе дамуы (ко-инфекция) АИВ/ЖИТСпен ауыратындар өлімінің негізгі себептерінің бірі, ол АИВ жұқтырған адамдардың үштен бірінде кездеседі және АИВқа қатысты өлімнің 25%-ын құрайды.[201] Сонымен қатар АИВ – туберкулез дамуына әкелетін маңызды қауіп факторларының бірі.[202] C гепатиті де ең жиі кездесетін ко-инфекциялардың бірі, олардың бірі екіншісінің дамуын үдетіп отырады.[203] АИВ/ЖИТСтен болған ең жиі кездесетін екі қатерлі ісік: Капоши саркомасы және Ходжкиндік емес лимфома.[196] Бұдан бөлек тік ішек обыры, Бөркит лимфомасы, орталық жүйке жүйесінің бастапқы лимфомасы мен жатыр мойны обыры да кездеседі.[28][204] Ұзақ уақыт антиретровирусты терапия жүргізгеннің өзінде АИВ жұқтырған адамдарда нейрокогнитив бұзылыстар,[205] остеопороз,[206] нейропатия,[207] ісік,[208][209] нефропатия[210] мен жүрек-тамыр аурулары дамуы мүмкін.[169] Липодистрофия АИВ өзінен де АРТ нәтижесінде де дамуы мүмкін.[169]