7.3.1. Микробтардың патогенділік факторлары Патогенділік факторлар – ол микробтардың инфекциялық процесс қоздыру қабілеттілігін қамтамасыз ететін материалдық заттектер. Патогенділік факторларды зерделеу патогенді микробтардың патогенсіздерден және қабылдағыш макроорганизмнің қабылдамайтыннан қандай айырмашылықтары бар екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сапрофиттерге қарағанда патогенді микробтар макроорганизмнің табиғи тосқауылдарын жеңуі және сол организмде тіршілік етуі үшін адгезиялық , колонизациялық және инвазиялық қасиетке ие болуы керек, яғни макроорганизмнің қорғаныс тосқауылдарын бұзып өту, инфекцияның кіру есігінен тысқары жерде макроорганизмнің ішкі ортасына ену және тіндерде таралу, макроорганизмнің жасушасы ішіне ену (пенетрация) қабілеттілігі болу керек. Сонымен қатар агрессивтік, яғни макроорганизмнің қорғаныс факторларымен интерференцияланатын агрессиндердің көмегімен организмнің бейспецификалық және спецификалық реактивтілігін басып тастайтын, соның ішінде фагоцитозға қарсы тұру, қабілеттілігі болу керек.
Макроорганизмде сақталу және өсіп-өніп көбею мағынасын қамтитын «инвазивтік» терминді қазіргі кезде стафилококтар, стрептококтар, псевдомонадалар т.б. жасушадан тыстық паразиттер үшін қолданады. Патогенді микробтар макроорганизмге улық әсер етуі керек. Патогенді микробтар осы функциялардың әр қайсысын, макромолекулалардан тұратын, инфекциялық процестің спецификалығын қамтамасыз ететін патогенділік факторларды сақтаушы арнайы құрылымдардың көмегімен іске асырады. Спецификалық қасиет әсер етуші құрылымдардың өзара комплементарлық принципі бойынша биологиялық тану механизміне негізделген. Адгезиялануды, колонизациялануды және фагоцитоздан қорғануды негізінде микробтардың беткейлік морфологиялық құрылымының құрамына кіретін макромолекулалар іске асырады. Инвазиялық және агрессиялық қасиет негізінде экзоферменттердің, ал улық әсер ету – жұқпалы аурулар кезіндегі спецификалық симптомдардың дамуында жетекші рөл атқаратын, токсиндердің әсер етуімен байланысты. Инфекциялық процестің тиісті сатыларының дамуында бірден бірнеше патогенділік факторлары қатысады.
Адгезиялануды және колонизациялануды қамтамасыз ететін патогенділік факторлар.Патогенді микробтар тері және шырышты қабықтардың бетінде орнығып қалуы үшін макроорганизмнің табиғи қорғаныс тосқауылдарын белсенді түрде жеңіп алуға тырысады. Сондықтан адгезия және колонизациялану – ол инфекциялық процестің алғашқы іске қосылу механизмі. Осындай тосқауылдан (барьерден) өте алмайтын микробтар макроорганизмге парэнтеральды жолмен ену қабілеттігіне ие болған, ол үшін зақымданған эпидермисті немесе қансорғыш бунақаяқты жәндіктердің көмегін пайдаланады. Адгезия спецификалығымен сипатталады, ол микробтардың белгілі ие түрлерінің және макроорганизмнің белгілі жүйелері мен органдарының (органтроптылық) эпителиялық жасушыларына таңдап жабысу қабілеттігімен көрінеді. Тіптен бір органның немесе жүйенің (тыныс алу, ас қорыту, жүйке т.б.) шегінде зақымданудың әр түрлігі (мозаикалығы) байқалады. Адгезияның спецификалығын микробтарда комплементарлық құрылым және макроорганизмде оған сезімтал эукариоттық жасушалардың болуымен байланысты. Жабысуға жауапты микроб құрылымы адгезиндер, немесе лигандтар, ал иенің эукариоттық жасушалардағы құрылымдары – рецепторлар деп аталады. Олардың арасында комплементарлық принцип бойынша лиганд - рецепторлық өзара әсерлесу жүреді. Грам-теріс бактериялардың әр түрлі органеллалары – түктер, қылқыштар, кірпікшелер(фимбриялар) немесе I-типті пилилер адгезиндер түзеді, және де адгезиндер рөлін олардың сыртқы мембранасының негізгі ақуыздары мен полисахаридтері атқарады. Грам-оң бактериялардың кірпікшелері(фимбриялары) жоқ, адгезиндер рөлін олардың беткейлік ақуыздары мен тейхой қышқылдары атқарады. Капсулалы бактерияларда адгезияларға капсулалық полисахаридтер мен полипептидтер қатысады. Микоплазмаларда адгезиндер цитоплазмалық мембрананың бүртікшелерінің құрамына кіреді. (М. Pрneumowiae-ның Р1 белогы), ал вирустарда капсид ақуыздары мен суперкапсид гликопротеиндерінің есебінен іске асады. Шырышты қабықтардың бактериялармен колонизациялануы кезінде адгезиндермен қатар V.cholerae-ның холерогенінің А1 фрагменті, C.diphtheriae-ның дифтериялық токсині, B.pertussis-тің пертуссин токсині және т.б. белгілі рөл атқарады. Терідегі және шырышты қабықтардағы бірігіп әсер ететін әр түрлі биоцидтық және биостатикалық факторларға микробтар қарсы тұра алатын жағдайда ғана адгезиялану және колонизациялану тұрақты болуы мүмкін. Сондықтан шырышты қабықтардың колонизациялану процесінде IgA-протеазалар және бактериялардың антилимфоцитты факторы, бактериоциндер өндірілуі, антиоксиданттар, темір иондары үшін бәсекелестін сидерофорлар маңызды рөл атқарады. Инфекция кіру есігі айналасындағы тері жабындылары мен шырышты қабықтардың колонизациялануы микробтардың дозасымен ғана емес, эпителиялық жасушалар бетіндегі рецепторлардың санымен де байланысты болады. Эпителиялық жасушаларда рецепторлардың саны және құрылысы бір түрдің шегінде де ауытқып отырады, ал кейбір түрлердің өкілдерінде тіптен болмауы мүмкін. Популяциялық деңгейде де, жасушалық-тіндік және ағзалық деңгейлерде де зақымданудың санқилығы (мозаичность) осымен түсіндіріледі. Макроорганизм жасушаларының беткейлік табиғи құрылымдарынан басқа вирустармен индуцирленген антигендер мен жүре пайда пайда болатын рецепторлар-көпіршелер де (альбуминдер, иммундыглобулиндер, фибронектин, комплементтің бірқатар компоненттері және басқа молекулалар) рецептор рөлін атқаруы мүмкін. Олар макроорганизм жасушаларының табиғи рецепторларымен және микробтардың адгезиндерімен өзара әсерлесе алады. Егерде бір жағынан рецепторлар жоқ болса, инфекциялық процесс дамымайды. Бұл қабылдаушы макроорганизмнің қабылдамаушы макроорганизмнен макромолекулалық деңгейде айрықша болатынын көрсетеді. Генетикалық детерминделген рецепторлардың жоқ болуы кейбір микробтарға қарсы табиғи, түрлік (конституционалдық) туа біткен иммунитеттің болуымен байланысты. Екінші жағынан, патогенді микробтардың да патогенсіздерден макромолекулалық деңгейде ерекше болатынын көрсетеді, өйткені рецепторлар бар болғанымен адгезиндері жоқ мутант-микробтар инфекциялық процесс қоздыру қабілеттілігінен айырылады.
Макроорганизмнің жасушаларымен адгезиялану (1-сурет) – таза механикалық өзара әсерлесу емес. Жасуша рецепторларымен адгезиндердің және де секреторлық ақуыздардың тікелей өзара әсерлесуі жасушаның сигналдық жүйесінің белсенділігін арттырады және қабыну цитокиндерінің пайда болуына әкеледі, олар макроорганизмнің жасушасы ішіне сигнал өткізетін интегриндердің жасуша беткейлерінде синтезделуін күшейтеді. Сөйтіп, жасуша ішіне микробтардың енуін қамтамасыз ететін механизм қосылады. Грам-теріс бактериялардың сыртқы мембраналық молекулалары және жасуша ішіне енуге пайдаланылатын басқа адгезиялық молекулалар инвазиндер деп аталады. Фагоциттеуші және де фагоциттемеуші жасушаларға бактериялардың белсенді түрде ену механизмдері бірдей. Олар дәстурлі фагоцитозға шалдыққан микробтарға фагосомалардың антибактериялық белсенділігінен құтылуға мүмкіндік береді.
Микробтардың адгезиялық және колонизациялық факторлары жұқпалы аурулар патогенезінің ең алғашқы басталу сатыларында шешуші рөл атқарады, оны осы ауруларға қарсы профилактикалық препараттар жасау кезінде ескеру қажет.